“Алдыңғы толқын ағалар, кейінгі толқын інілер” демекші, аға ұрпаққа деген құрмет пен ізет ата-бабалардан қалған ұлағат, туған халқымыздың бойына сіңген асыл қасиет. Ал енді әр кезеңнің, әр заманның өз үні, өз талабы болатындығы да айдай ақиқат. Мемлекет басшысының “Менің тағдырым сол кездегі менімен замандас туған балалардың тағдырынан ешқандай айырмашылығы жоқ деп санаймын” деп атап айтуының да мәні бар. Ұлы Отан соғысы басталардан тура бір жыл бұрын жарық дүниеге келген, соңынан ел басына түскен ауыр жылдарды бастан кешкен ұрпақ өкілдері шын мәнісінде де ерте есейді. Туған елге, туған жерге деген сүйіспеншілік сезімі оларды биік мақсаттарға жетеледі. Қасиетті Отанның кемелденуіне, ел игілігін арттыруға деген ұмтылыс оларды туған халқына адал қызмет етуге үйретті. Соның нәтижесінде олар өз еңбегінің жемісін көріп, кейінгі жастармен өмірлік тәжірибесімен бөлісіп, үлгі-өнеге көрсете білді.
Алматыда өткен “Елбасының жетпіс құрдасы” атты мәдени-танымдық кеште сөз алғандар міне, осы мәселелер төңірегінде сөз қозғады. Басқосуға Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бір мектепте бірге оқыған достары, замандастары, яғни биылғы жылы жетпістің шыңына шығып отырған еңбек ардагерлері, қадірлі қарттар қатысты. Олар ата-баба армандаған тәуелсіздікке қол жеткізген еліміздің бүгінгі және кемел келешегі туралы ой бөлісті. “Нұр Отан” ХДП Алматы қаласындағы Медеу аудандық филиалы, “Жас Отан” жастар қанаты, “Ақ орда” республикалық қозғалысының ұйымдастыруымен өткізілген кештің мақсаты – ұрпақтар арасындағы сабақтастықты одан әрі жетілдіру, “кең-байтақ Қазақстандағы ынтымақтастық пен бірлік және бақытты өмір үшін және сол бағыттағы қажырлы еңбегі үшін Елбасына жас ұрпақ алғысын жеткізу”, дейді “Нұр Отан” ХДП Медеу аудандық филиалы төрағасының орынбасары Алмасбек Нұғыманов.
Сонау тым алыста қалған балалық балдәуренді бірге өткізген Сәдуақас Есімбай, Едіге Исатайұлы және олардың ұстаздары да өз ауылдарының ғана емес, ел мақтанышына айналып, әлем таныған қайраткер туралы жүректен шыққан жылы лебіздерін білдірді. Нұрсұлтан Әбішұлының бір мектепте он жыл бірге оқыған сыныптас досы Сәдуақас Есімбай құрдасының балалық шағы туралы “Үшқоңыр – алтын бесігім” атты кітабын жарыққа шығарғанына қуанышты. Сонау бір кездерді мектеп табалдырығын бірге аттаған досының бүгінде әлем таныған қайраткер атанып, туған халқының игілігін арттыруға сүбелі үлес қосып отырғандығын ол атап айтады.
– Нұрсұлтанның әкесі – Әбіштің отбасы әдеттегідей қарапайым тұрмысты, таусылмайтын тіршілік жұмысымен қоса, балаларына тәлімді тәрбие беріп өсірген отбасының бірі еді. Сөз реті келгенде атап айтарлығы, үлкен ұлы Нұрсұлтанды әкесі жас кезінен еңбекке баулып, оны ұқыптылыққа, төзімділікке тәрбиеледі. Нұрсұлтан сондықтан да қаршадайынан малды қалай күтуді үйреніп, ең бастысы нанның қадір-қасиетін сезініп өсті. Көкірегі ояу, көзі көреген ақсақал ұлының бойында табиғат дарытқан талантын сезініп, аңғарды, – дейді Сәдуақас Есімбай өткен күндерге көз жүгіртіп.
“Елбасының жетпіс құрдасы” атты мәдени-танымдық кешке қатысушылар сонымен қатар Елбасының ұстаздары – Сейітхан Исаев, Үсенбай Тастанбеков, “Алтын алқа” иегері, батыр ана Тұрсынхан Сыдықбекова, белгілі өнер қайраткерлері Ескендір Хасанғалиев, Алтынбек Қоразбаевтың және басқалардың да пікірлерін үлкен ынтамен тыңдады. Көп балалы ана, белгілі ұстаз Мәрзия Тұрлыханова: “Мемлекет басшысымен бір ауылда тумасақ та, заманымыз бір, бір жылдың төліміз. Мемлекеттік “Болашақ” бағдарламасы үшін, жас ұрпаққа арналған үлкен қамқорлығы үшін Елбасына айтар алғысымыз мол”, дейді. Сонымен, еңбек ардагерлері тұжырымының түйіні кең-байтақ еліміздегі тату-тәтті тіршілік пен ынтымақ Мемлекет басшысының сарабдал саясатының нәтижесі екендігі сөзсіз.
Бақыт БАЛҒАРИНА, АЛМАТЫ.