26 Маусым, 2010

ДОНОР ҚАНЫ АДАМҒА ӨМІР СЫЙЛАЙДЫ

781 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Алматыда Республикалық қан орталығы мен Қазақстан Донорлар қауымдастығының ұйымдастыруымен Дүниежүзілік донор күніне орай “Адамзатқа жаңа қан керек” девизімен үлкен шара өтті. Бүкіл ағзадағы зат алмасу жүйе­сін реттеп отыратын қанның ат­қара­тын рөлі орасан зор. Өйткені, онсыз адамның өмір сүруі мүмкін емес. Сондықтан да, әлемде ақы­сыз қан өткізетін донорлар қашан­да үлкен құрметке ие. Олардың қаны ең таза, әрі қауіпсіз деп есеп­те­леді. Алайда, дүние жүзі халқы­ның басым бөлігі осындай қауіпсіз қанға қол жеткізуге мүмкіндіктері болмай отыр. Мәсе­лен, жыл сайын 81 мил­лонға жуық донор қан тап­сырса, оның 39 пайызы жаңадан өркендеп, дамып келе жатқан мемлекеттер көрінеді. ДДҰ-ның Еуропалық аймақтық бюросының мәліметі бойынша, жыл сайын жүктілік және босану кезінде 500 мыңға жуық әйел өмір­мен қоштасады екен. Ал егер 2 са­ғаттың ішінде көмек көрсетілмесе, көп мөлшерде қан жоғалтқан ден­саулығы жақсы әйелден де айы­ры­лып қалу да оп-оңай. Демек, қау­іп­сіз қанға толық қол жеткізер бол­сақ, қаншама ананың өмірін сақ­тауға мүмкіндік туар еді. Міне, осы мәселені әріден ойлаған Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы, халықаралық Қызыл крест және Қызыл ай қоғамы федерациясы, халықаралық қан донорлығы мен халықаралық қан құю ұйымдары бірігіп, қанның АВО топ жүйесін алғаш ашқан ғалым, Нобель сый­лы­ғының иегері Карл Ландштей­нер­дің туған күніне орай 14 мау­сымды Дүниежүзілік донор күні деп белгілеп, шешім қабылдаған. Содан бері жыл сайын әртүрлі де­визде аталып өтілетін шараға ерікті донорлар өз үлестерін қосуды дәстүрге айналдырған. Бүгінгі жағдайға келсек, Қазақ­станда 1990 жылдан бері донор саны 2,5 есе төмендеп кеткен. 2008 жылғы көрсеткіш бойынша 1000 адамға шаққанда 17 донордан, 2009 жылы 18-ден келген. Ал ДДҰ-ның көрсеткіші 45 пайыз болса, АҚШ-та – 109,9, Данияда – 67,2, Гер­ма­нияда – 52,6, Ресейде – 25, Ұлы­британияда – 42,5, Францияда – 38, Иранда – 21,2. Қазақстанда до­норлықтың азайып, құры­лымы­ның өзгеруі – еліміздегі әлеуметтік экономикалық жағдайдың төмен­де­уі және донорлықты ұйымдасты­ру­ды алдын ала жүйелі түрде жос­пар­ламауға байланысты. Сондықтан да донорлықтың төмен көрсеткіші қанның түрлі компоненттерінің жетіспеушілігіне әкеліп соқты. Қан орталықтарын толық компьютер­лен­діру мәселелері жеткілікті ше­шіл­меді. Ал бұл трансфузиялық те­рапияда адамдарды қауіпсіз, сапалы қанмен қамсыздандыруда маңызы зор. Қан қызметіндегі біріккен информация­лық жүйенің республи­­ка көлемінде болмауы да өз салдарын тигізуде. Қан өткізудің ағзаға да пайдасы зор. Алматыдағы республикалық қан орталығына күніне 50-60 адам қан тапсыруға келеді. Донор күні мұнда келушілердің саны 200-ге жетіп жығылды. Олар өткізетін қан науқастарға жеткілікті. Дегенмен, ақ қан, гемофилия сияқты дерт­терге қарсы қымбат дәрі-дәрмек жасауға әзірше қанның қоры жеткі­ліксіз болып тұр. Қан түйіршіктері бізге жет­кілікті. Бірақ, қан препараттарын шы­ғару үшін еліміз бойынша донорлардың санын көбейту қажет болып отыр, – дейді Қазақстан До­норлар қауымдастығының пре­зиденті Г.Сәрсенбина. – Республи­када мың адамға шаққанда 18 адам донор, ал дүниежүзілік стандарттар бойынша, мың адамның елуі донор болуы тиіс. Сонда ғана қан және қан препараттарына деген мұқтаж­ды толығымен өтей аламыз. Бізде қан тапсырғандардың еңбек дема­лысына бір күн қосылады. Және түскі ас ішуге есепті көрсеткіштің шегі төленеді. Ол шамамен 350 теңге. Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ.