26 Маусым, 2010

“АРАЙ” АУЫЛДЫ АЖАРЛАНДЫРА ТҮСЕДІ

567 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Қазақстандағы ірі инвестор “Лукойл” мұнай компаниясы биыл төртінші рет Маңғыстау облы­сы­ның ауыл еңбеккерлеріне қайта­рымсыз гранттар бөлді. Маңғыстау облысы бойынша соңғы төрт жылда жүзеге аса бас­таған бұл игі шара негізінен ауыл адамдарының орта және шағын бизнесін дамытуға бағыт­талған. Және де бір қуаныштысы ол өз же­місін беріп те келеді. Соны бағ­дарлаған “Лукойл” мұнай компа­ниясы жыл сайынғы грант­тар са­нын көбейтіп отыр. Бұл рет­те төрт жыл ішінде 142 кәсіпкер грантқа ие болып, 211 жаңа жұмыс орны ашылғандығын атап айтқан жөн. “Арай” гранттарының дені орал­мандарға, көп балалы отбасы­ларына және мүгедек жандарға ұсынылып, жобалары жан-жақты сараланып отырады. Олардың жыл сайынғы ұсыныс-жобаларының сан алуандығы да көңіл қуантады. Осы орайда соңғы тапсырыстарда ауылдың әлеуметтік әлеуетін кө­теруге бағытталған жобалар көп кез­десті. Бұл сайып келгенде ай­мақ­тағы алтын бесік ауылдың ір­гесін бекіте түсуге игі ықпал етуде. Нәтижесінде Маңғыстау өңірінің тұрғындары ауылдан қалаға қоныс аудару бойынша еліміздегі ең соң­ғы орынға шығуы дәлел. Бұл игі­лікті бастама облыс әкімдігінің жә­не облыстағы азаматтық альянс­тың ұйымдастыруымен жү­зеге асқанды­ғы да құптарлық, Аль­янс прези­денті Ж. Махамбетова мен “Лу­койл” компаниясының облыстағы өкілі Е. Күмісқалидың айтуынша, ауылдағы әлеуметтік қызметке, са­ламатты өмір салтын қалыптас­тыруға, денсаулық пен спортты дамыту салаларына кө­бірек көңіл бөлінбекші. Кезекті гранттар тапсыруға арналған сал­та­натта өткен жылдарда берілген қаражат бойынша атқарылған жұмыстың жемісін көрсететін көрменің ұйымдастырылуы да соның айғағы. Ондағы бұйымдар, өнімдер, құрал-жабдықтар бірден назар аудартты. Мысалы, Таушық ауылынан келген жеке кәсіпкер Н. Орынбасарқызы “Арай” әлеумет­тік бағдарлама­сының нәтижесінде қазақтың киіз үй жабдықтары: ір­ге­лік, уық бау, дөдеге жүзік, түн­дікпен қатар шым ораулы ши, ешкінің қылынан иі­рілген түрлі жіпті жайып салыпты. Осы қадірлі мамандыққа екі ұл мен келіндерін де тартып отырғандығын кәсіпкер мақтанышпен айтты. Ал, ақшұ­қыр­лық Е. Әлиевтің “Мәдени мұ­ра” бағдарламасына орай облыс­тық тарихи мұражайдан ұмытыла бастаған ұлттық ыдыс-аяқ, құрал-жабдықтарды, яғни сирек кезде­сетін жәдігерлерді алып оның кө­шірмелерін жас ұрпаққа жария етуі құптарлық іс екен. Өнегелі істің айғағындай осы жерде ме­саяқ, тұзбаспақ, шай сандық пен ақбас ер тәрізді көз жауын алар жәді­герлер менмұндалайды. Ауы­лында шағын кәсіп ашып, түрлі бұйымдар жасайтын түпқараған­дық Б.Рама­занованы, шебер шаш­тараз А.Сүйе­генованы, сондай-ақ спорт залда­рының, газбен дәне­керлеу це­хының, ұлттық киімдер шеберхана­сының жұмысын жолға қойған іскер жандардың қыз­меттері көп көңілінен шықты. Бұл көрмеден “Арай” әлеумет­тік жобасы арқылы өңірде ұмы­тыла бастаған кейбір мамандық­тардың да жандана бастауының куәсі болдық. Көрме залында Түпқараған ауданының Таушық ауылында өз ісін дөңгелетіп отыр­ған кәсіпкер М.Адыров өзінің ба­лық аулау ша­руашылығын құрған еді. Бұдан екі-үш жыл бұрын қа­рапайым ғана құ­рал-жабдықтар­мен кәсібін бас­та­ғанда шаруасы онша шалқи қойған жоқ болатын. Уақыт өте келе аталмыш жоба арқасында моторлы қайық, қуатты тоңазытқыш, басқа да заманауи құрал-жабдықтарға қол жеткізіп, енді жемісін көріп отыр. Ба­лық­шының су түбінен сүзген өнім­дері үлкен сұранысқа ие. Соны­мен бірге табиғаты қатал, суы тапшы бұл өңірде көкөніс, бау-бақша өсірушілер саны да көбейе түскені аңғарылады. Сөйтіп биыл “Арай-2010 әл­еуметтік серіктестік” жобасының жеңімпаздарына гранттар, серти­фикаттар табыстау рәсімі де сал­танатты жағдайда басталды. Биыл байқауға 300-ге жуық үміткер қатысыпты. Олардың ішінен ең үз­діктер деп танылған 62 адам грант­қа ие болды. Аталған грант­тарды облыс әкімі Қ.Көшербаев, “Лу­койл” мұнай компаниясының Қа­зақстан Республикасындағы өкіл­ді­гінің басшысы А.Кирилов салта­нат­ты жағдайда табыс етті. Ауылды одан әрі көркейтіп, гүл­дендіре түсулеріне сәттілік тіледі. Сөйтіп, осы жылы аталмыш әлеу­меттік жоба бойынша барлық аудандағы ауылдарда дерлік 13 тігін цехы, 5 шеберхана, 7 нау­байхана, кондитер цехы, автокөлік жөндейтін орта­лық­тар, газбен дә­некерлеу шебер­ханалары, көптеген жылыжайлар ашылатын болды. Яғни “Лукойл” мұнай компания­сының “Арай” әлеуметтік жобасы ауылды бұдан да ажарландыра түсіп, көркейтпек. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.