26 Маусым, 2010

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ — ИТАЛИЯ ФРАНЦИЯНЫҢ СОҢЫНАН ІЛЕСТІ

508 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
...Бұл күні бұл елде жыламаған адам жоқ шы­ғар-ау. Өйткені, италиялықтар өте қызу­қанды халық. Қуанышына теріс келсе, мем­лекеттің саясатына қарай бермейді. 1980 жыл­ғы Мәскеу олимпиадасына капиталистік елдер­дің бойкот жариялағанына қарамастан, Пат­рица Олива қашып келіп, біздің Серік Қонақ­баевқа тиесілі тәжді еліне алып кеткенде әуе­жай басына адам сыймай қалыпты дейді. Пат­ри­ца қасқаны бүкіл қалаларында кортежбен алып жүріп, ұлан-асыр той жасағанын баспасөз ар­қылы білген едік. Оливаның жеңісін бүкіл­халықтық тойға айналдырған еді италиялықтар. Сөйткен халық сүйікті құра­ма­сының, әлем чемпионы ата­ғы­н­ың ыстық-суығы басыла қой­маған құрамасының алғашқы сын­да жер қапқанын кешірер ме екен?! Дзамбротта жыласа да. Кәрі көкжал Канноваро екі етегі жасқа толып еңіресе де. Гаттузо мен Де Росси қолын жүрегіне қойып кешірім сұраса да. Әй, қайдам... Италия құрамасы Словакия құрамасынан 2:3 есебімен же­ңіл­ді. Витек – 25 және 73, Ди На­та­ле – 81, Копунек – 89, Ква­льярелла 90+2минуттарда гол соқты. 2006 жылы әлем чемпионы атағын жеңіп алған Италия құрамасында 1974 жылдан бері плей-офф сынынан өтпей қалу деген болмаған. Сондықтан, италиялықтардың жеңетініне ешкімнің шүбәсі жоқ еді. Құр аттай сыдыртып келесі кезеңде Голландияға қарсы ойнайды, оны да жолда қалдырады дескендер болған. Өйткені, әдетте италиялық футбол­шылар чемпионатты сүреңсіздеу бастап, уақыт өте келе қызатын. Бұл жолы Италия білгенінен жаңылды. Ал, словактардың жағдайы сол мезгілде қатар ойнаған Парагвай – Жаңа Зеландия ойынына байланысты еді. Топтан бұзып-жарып шығу италиялықтар қақпасына көбірек гол соғуға міндеттейтін. Бірінші таймның алғашқы минуттарының бірінде Словакия қақпашысы Муканың тұсынан ысқырып өткен доптан кейін жанкүйерлер италиялықтар қарсыластарын тақымға басып әкетердей көрген. Бірақ, бірінші таймда олар бұдан өзге қауіпті сәт туғыза алған жоқ. Есесіне Маркетти қақпасы­ның алдында ала шаң көтеріліп жатты. Сондай қауіпті кезеңдер­дің бірінде Гаттузо орны толмас­тай қателік жіберді. Ол сыртқа тепкен доп Витектің аяғына тиді. Құдай қай тұстан несібе береді деп қақпа ма­ңын торуылдап жүрген оғлан айып алаңынан қақ­паның сол жақ бұрышын шоршытып түсірді... Журналистерге берген сұхбатында Италия құ­рамасының енді бұрынғы бас бапкері Мар­челло Липпи өзін кінәлады: “Мен бар жауап­кершілікті өз мойныма аламын. Егер ойын­шы­лар осындай жауапты кездесуге жүректері су­ыл­дап, тізелері дірілдеп шығатын болса, бап­кер­дің оларды дұрыс дайындай алмағаны ғой. Яғни, бәріне мен кінәлімін”, деді М.Липпи. Бұлайша ағынан жарылудың өзі үздік құраманың қан сорғалаған жарасын жалап жаза алмайтындығы анық. Сөйтіп, елдеріне басы салбырап қайтқан француздардың соңынан италиялықтар ілесті. Ал, Парагвайға Жаңа Зеландиямен жан қинамай тең ойнаса да келесі кезеңге өтуге жет­кілікті еді. Солай болды. “Ғ” тобында плей-оф­фқа Парагвай мен Словакия құрамалары өтті. “Е” тобында голландиялықтар келесі ке­зең­ге билетті күні бұрын алып қойғандықтан Ка­­мерунмен ойын аса маңызды емес еді. Солай бо­ла тұра кездесу 2:1 есебімен голла­н­дия­лық­тардың пайдасына шешілді. Ван Персидің 36-минутта соққан голына құрлықтағы үздік ша­бу­­ыл­шылардың бірі Это’О 65 минутта жауап берген. Бейбіт тарқайды деп күтілген ойынды Хюн­телер голландиялықтардың пайдасына шешті. Жапондар мен даниялықтардың жеңгені ке­лесі кезеңге өтуі тиіс болатын. Жапондардың айы оңынан туып тұр екен. Еуропаның құрамасы оң-солын бажайлап, олпы-солпы тұстарын жөн­деймін деп жүргенде, алмас қылыштай жар­қыл­даған жапондар олардың қорғанысын сетінетіп жіберді. Хонда, Эндо және Окадзаки соққан голға Томассон бір голмен ғана жауап бере алды. Осылайша жапондар да кетіп бара жатқан пой­ыз­дың соңғы вагонының үзеңгілігіне аяқ салды. Бақтияр ТАЙЖАН.