
Фото: Ашық дереккөз
Ирина Смирнованың айтуынша, біздің азаматтарға ол ұйымдардың бөтен құндылықтарды таңуы, қоғамымызды есеңгіретіп, жастарымызды азғындатуы ұнамайды. Яғни, депутат ел азаматтарының бөтен ойынның тұтқыны болғысы келмейтінін тілге тиек етті.
Шетелдік ҮЕҰ тақырыбына деген қызығушылық АҚШ президенті Дональд Трамптың арнайы өкілі «Азаттық радиосы» мен «Америка дауысы» медиаресурстарын жабуды ұсынғаннан кейін одан әрі күшейді. Бұл бастаманы кәсіпкер Илон Маск қолдап, аталған бұқаралық ақпарат құралдарын «ешкімге қажет емес» және «радикалды солшыл топтарға толы» деп сипаттады.
Ресми деректерге сәйкес, қазіргі уақытта Қазақстанда 200-ге жуық ҮЕҰ шетелдік қаржыландыру алады, олардың шамамен 70%-ы АҚШ-тың әртүрлі көздерінен қаражат алған. Елде 165 донор ұйым жұмыс істейді, олардың қатарында халықаралық ұйымдар, шетелдік мемлекеттік құрылымдар және шетелдік қорлар бар. Қаржылық қолдау негізінен БАҚ-ты дамыту, құқықтар мен бостандықтарды қорғау, либералды реформаларды ілгерілету және азаматтық қоғамды нығайту бағыттарына бағытталған.
«Қазіргі таңда Қазақстанда шетелдік қаржыландыру алатын көптеген ұйымдар жұмыс істейді. Олардың кейбірі өздерін бейтарап деп көрсеткенімен, шын мәнінде елімізде бөтен саяси күн тәртібін ілгерілетіп жатыр. Біз мұны ашық айтуымыз керек», деді депутат.
Ирина Смирнова кейбір ұйымдардың қызметі «сұр аймақта» қалып отырғанын және олардың шынайы мақсаттарын тіпті мамандардың да ажыратуы қиын екенін атап өтті.
«Дүние жүзінде осыған ұқсас мәселелерге тап болған елдер шетелдік агенттер туралы заңдарды қабылдау арқылы оларға қарсылық көрсеткен көптеген мысалдар бар. Мысалы, мұндай заңдар Израильде 2016 жылдан, Қытайда 2017 жылдан, Австралияда 2018 жылдан, Ұлыбританияда 2023 жылдан, Францияда 2024 жылдан бері күшінде. Шетелдік ұйымдардың мүдделері үшін әрекет ететін тұлғаларға қатысты заңдардың бірі 1938 жылы қабылданған АҚШ-тың Шетелдік агенттерді тіркеу туралы заңы болып саналады. Көптеген елдер шетелдік ықпалмен күресу үшін нақты заңнамалық тетіктерді енгізді. Біз де осы тәжірибені зерттеп, ұлттық қауіпсіздігімізді қорғау үшін тиісті шаралар қабылдауымыз қажет», деді Ирина Смирнова.
Депутат бұл ретте Қазақстан ұлттық мүдделерін қорғауы тиіс екенін, бірақ бұл азаматтық қоғамның дамуын шектемеуі қажет екенін баса айтты.
«Біздің мақсатымыз – Қазақстанның егемендігін нығайту. Шетелдік күштердің қоғамымызға бөтен құндылықтарды таңуын толеранттылық деп көрсетуге болмайды. Біз өз мүддемізді қорғауға тиіспіз», деді депутат.