26 Маусым, 2010

БІРЛІК – ТІРЛІК ТІРЕГІ

1125 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Еліміздегі “Бірлігіміз жарас­қан!” науқаны аясында Сыр ай­ма­ғында айтулы шаралар жос­парлы жүргізілуде. Оған жергілікті билік пен жас­тар тобы, үкіметтік емес қо­ғамдық ұйымдар өкіл­дері, жал­пы, сырбойылықтардың бәрі дер­лік бел шеше, білек түре кірісіп-ақ кеткен. Мамыра­жай мамыр айынан бастау алған бұл игілікті істерді саусақпен санамалап айту да мүмкін емес. Десе де, “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деген атам қазақтың айтулы ұлағатын ту етіп ұстанған игілікті шаралардың бірлі-жа­рымы­на назар аудара кеткен жөн.Атап айтқанда, осы акция ая­сындағы іс-ша­ра­лар мүмкіндігі шек­теулі және патронаттық тәр­биедегі мүгедек балалар арасын­дағы “Мар­лам­қаш” білім сайы­сы­нан бастау алды. Сайысқа әр эт­нос­тан 30 мүгедек бала қатысып, жеңімпаз жас­өспірімдер қомақты сыйлықтармен мара­пат­талды. Сондай-ақ Түркия президенті Аб­дулла Гүлдің Қазақстанға келген сапарына орай Қы­зылорда мем­ле­кеттік университетінде білім алып жүрген түрік азаматтарымен кез­десу өткізіліп, екі ел арасындағы достық жайлы әңгіме өрбіді. Айта кету керек, Қызылорда қаласының ор­та­лық алаңында 3 мыңға жуық адамның қаты­суы­мен “Бірлігіміз жарасқан!” атты өңір­лік пат­риот­тар форумы ел бірлігін нығайту, тәуелсіз Қазақстанның келбеті мен құндылықтарын әлемге әйгілеу үдерістерінен керемет қойылым көр­сетілді. Шеруге “Жас Отан” жастар қанаты, “Жас ұрпақ” облыстық студент­тер альян­сы, жастардың қоғам­дық бірлестіктері өкілдері қаты­сып, Отанға деген сүйіспенші­ліктері мен мақтаныштарын паш етті. Сыр бойындағы “Бірлігіміз жарасқан” ак­ция­сы аясында қайы­рымдылық шаралары ерек­ше қарқын алуда. Атап айтар болсақ, аз қамта­ма­сыз етілген, болмаса же­тім, ата-аналарынсыз қалған, патронаттық тәрбиедегі 150 бала­ның Астана қаласына саяхатқа баруына, 435 баланың жазғы тынығу лагерінде демалуларына жергілікті биліктің қамқор қол­дары созылды. Сондай-ақ облыс әкімдігінің бастамасымен аз қам­тылған мұқтаж жандарға әлеу­мет­тік қолдау көрсету мақ­сатында жыл бойы жүргізілетін “Сыр мейірімі” жобасының тұсауы кесілді. Бұл жоба бойынша 109 адамға дәм­ха­наларда, ал жүре алмайтын 65 адам­ның үйіне ыстық тамақты күнделікті жет­кі­зіп беру қолға алынды. Жобаға жыл соңына дейін жалпы саны 2 мыңнан астам адам қам­тыл­мақ. Мұндай игілікті істер аймақтың барлық аудандары мен ауылдарында жоспарлы жүргізілуде. Күні кеше Қызылорда қала­сын­дағы Оқушы­лар паркінде осы науқан аясында “Жастардың таза­лық акциясы” ұтымды ұйым­дас­тырылды. Тазалық акциясына облыстық ішкі саясат бас­қар­масы, облыстық “Жастар одағы” қауым­дас­ты­ғы, “Жас Отан” жастар қанаты, “Ауыл жас­та­ры одағы”, “Болашақ жастар”, “Жасыл ел” студенттік еңбек жасақтары, “Қазақстан студенттер Альянсы”, тағы басқа жастардың қоғамдық бірлестіктері мұрындық болды. Осы шара барысында жалынды да жігерлі жастар “Бірлігі бекем елдің берекесі мол болмақ” деген татулық сөзді ту етіп, жарыса көтер­іп, қала тазалығын сақтау­дағы мақсаттарын паш етті. Акция со­ңын­да жастар “Бірлігіміз жарас­қан!” ұранын флеш-моб фор­ма­тына орналастырып, бірлік ны­ша­нын айшықтады. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА. НАЗАРДА – САЛАМАТТЫ ӨМІР САЛТЫ Ғ.Мүсірепов ауданы облыс ор­талығынан шалғай орналасқанына қарамастан түрлі мәдени-спорт­тық шаралар жүйелі ұйымдас­ты­рылып тұрады. Соңғы жылдары аудан әкімі Марат Тасмағам­бе­тов­тің бас болуымен елді мекен­дер­дегі спорт стадиондары мен алаң­дары жөндеуден өтіп, спорттың бұқаралығын арттырып, саламат­ты өмір салтын нығайтуда бірша­ма жұмыстар тындырылды. Ал облыстық “Ақбидай-2010” спорт ойындары спартакиадасы аясында аудан спортшыларының Нежинка ауылында бас қосуы кездейсоқ­тық­қа жатпайды. Жастайынан спортты серік еткен “Нежинка-Ерке” ЖШС бас директоры Мұрат Жұмабеков ауылдастары мен жастардың шынығып, шы­мыр болып өсуін назардан тыс қалдырған емес. Ол былтыр ескі мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешеніне айнал­дыр­ды. Бұл мақсат үшін 10 миллион теңге жұмсады. Онда түрлі ойын, тренажер, бильярд, бокс залдары орналасқан. Биыл волейбол, бас­кетбол, жеңіл атлетика алаңдарын қалпына келтіруге 2,7 миллион теңге бөлді. Спартакиадаға 19 ауыл­дық аймақтардан сайдың тасындай іріктелген 670-ке жуық спортшы қатысып, екі күн бойы жарыс көрігін қыздырды. Бағдар­ламаға 11 спорт түрі енді. Аудандық спартакиада салта­нат­ты түрде ашылып, үлкен мере­кеге айналды. Онда сөз алған аудан әкімі М. Тасмағамбетов 30 пайызға дейінгі қазақстан­дық­тар­ды бұқаралық спортқа тарту, өмір сүрудің ұзақтығын 70 жасқа дейін ұлғайту, қатерлі аурулардың алдын алу мәселелері мемлекеттік сая­саттың ең басты көрінісіне ай­нал­ғанын, бұл талаптардың Жолдауда жан-жақты көрініс тапқанын, алда бұқаралық дене шынықтыру-спорт қозғалысын жандандыру басты міндет болып қала беретінін атап көрсетті. Командалар жұрт­шылық алдынан сап түзеп өткен бойы бірден жаттығуға кірісті. Жарыстың басталғанын паш ет­кен­дей төреші ысқырығы естілуі мұң екен, волейбол алаңына бой­лары сырықтай спортшылар шыға берді. Нежиндіктер қарсылас шы­датпай ақтық сында бірліктіктерді тізе бүктірді. Әйелдер арасында да алаң иелерінің мерейі үстем бол­ды. Червонный ауылдық аймағы­ның спортшылары футбол мен баскетболдан намысты қолдан бермесе, еркін күрестен, шахмат пен дойбыдан новоишимдіктердің бағы жанды. Осылайша команда­лар алма-кезек жеңіске жетіп, жалпы есеп бойынша алаң иелері бәрінен озды. Одан Новосел және Новоишим ауылдық аймағының спортшылары сәл кейіндеу қалды. Спартакиаданың салтанатты жабылуы таяған сәтте серіктес­тік­тің иелігіндегі “АН-2” ұшағы ас­пан­ға шарықтай көтерілді. Көп­шілік оған қызықтай көз салып тұрғанда Сергей Менгилев, Сер­гей Кобелев, Геннадий Васильев, Олег Таргунаков, Сергей Солнцев секілді жергілікті әуе қырандары заңғар биіктіктен төмен қарай құлдилай жөнелді. Сөйтсек, ша­руа­шылықта жүрекжұтқан жас сайыпқырандарды баулу мақса­ты­мен арнайы парашютистер клубы жұмыс істейді екен. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне қомақты сыйлықтар тапсырылды. Байрақты бәсеке отшашуға, көңілді ойын-сауыққа ұласты. Келесі жазғы спартакиада Ру­заев ауылдық аймағында өткізіле­тін болып белгіленді. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы, Ғ.Мүсірепов ауданы. ОТАН ОТБАСЫНАН БАСТАЛАДЫ ДЕСЕК... Қалалық мәдениет және тіл­дерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақса­ты­мен түрлі шараларды жиі өткі­зіп келеді. Жуырдағы бір шара “Мемлекеттік тіл және отбасы” деген тақырыппен өткізілді. Аталған конкурсқа Мешковтар отбасы үш баласымен қатысса, ал Кливенко мен Шиль – сәбилері енді ғана ширап келе жатқан жас отбасы. Бірақ бір қызығы, бұлар­дың соңғы екеуі тілдерді дамыту бөлімі ішінен ашылған қазақ тілі курсына жазылып, тіл үйренген­де­ріне небәрі төрт-ақ ай болған екен. Солай бола тұрғанмен, бұл жол­ғы тіл конкурсы да қызықты өтті. Конкурсқа қатысушылардың әрқайсысы отбасында мемлекеттік тілді қалай меңгеріп жатқандары туралы бейнесюжет түсіріп алып келіпті. Ал мұның әсері ерекше болды. Айтты-айтпады, отан отба­сынан басталады демекші, мем­лекеттік тілді меңгеру де отбасы­нан басталғанда ғана өз жемісін бермек. Соның бір айғағындай, ерлі-зайыпты Шиль: “Барлық­тары­ңыз қолдарыңызды жүрек тұсына қойыңыздар”, деп елі­міз­дің Әнұранын шырқай жөнел­генде тебіренбеген жан қалмады. Жүйріктен жүйрік озар жарыс­қанда демекші, сайыс соңында қазылар алқасы бас жүлдені Кливенконың отбасына беру туралы бірауызды шешімге келді. Басқа отбасылары да сый-сия­паттан құр қалған жоқ. Осындай мағыналы конкурстардан соң әлі де өз үйірін таба алмай жүрген көгенкөздеріміз ойға түсіп, толғанатын шығар дейміз! Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ, СЕМЕЙ. БӘРІНЕН ДЕ АЛДАМЫЗ Медицина қызметкерлерінің кәсіптік ме­ре­ке­сі “Жастар” стадионында жылдағыға ұқса­май­тын өзгеше дәстүрде аталып өтті. Оған аудан­дар­дан келген денсаулық сақтау және емдеу мекемелерінің жетекшілері, өз саласының үздік мамандары қатысты. Салтанатты шараны облыс әкімі Серік Біләлов ашып, денсаулық сақтау саласында атқарылып жатқан игі істерді айтып берді. Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған “100 мектеп, 100 аурухана” бағ­дар­ламасы бойынша 6 денсаулық сақтау ныса­нын салу жоспарланса, биыл жылына 10 мың литр плазма дайындайтын қан орталығы іске қосылды. Ол әлемдік стандарт бойынша жұмыс істейді. Жыл аяғына дейін Петропавл қаласында бір ауысымда 500 науқас қабылдайтын емхана мен Преснов және Новоишим кенттерінде 90 науқас қабылдауға арналған 100 төсектік аудан­ара­лық тубдиспансерді пайдалануға беру көзделген. Үстіміздегі жылдан бастап Бірыңғай ұлттық ден­саулық сақтау жүйесі енгізілгелі медицина­лық қызмет көрсету талаптары күшейе түсті. Бас­ты мәселелердің бірі— жоғары білімді дәрі­гер­лердің жетіспеуі. Бұл орайда жас мамандарды әлеуметтік жағдай жасау арқылы ғана тұрақ­тандырып, проблеманы шешуге болатынын тә­жі­рибе көрсетіп отыр. Осы тұрғыдан алғанда, облыс орталығында 80 пәтерлік коммуналдық жатақхананың бой көтеруі—құптарлық қадам. Бұдан тысқары Солтүстік Қазақстан медици­на­лық колледжінің жүз түлегіне еліміздің медици­на­лық жоғары оқу орындарында білімдерін жал­ғастыру үшін облыс әкімінің гранты тағайындалып отыр. Бұдан кейін өз саласының үздік мамандары түрлі марапаттарға ие болды. Тайынша аудандық СЭС басқармасының бастығы Молдағали Кен­же­ғара, облыстық аурухананың хирургия бөлім­ше­сінің меңгерушісі Қабдырахман Сақтағанов, облыстық медициналық қызметтер көрсетуге ақы төлеу департаментінің бөлім бастығы Мең­сұлу Көшекова, Петропавл қалалық №3 ауру­ха­на­ның бас дәрігері Анатолий Ко “Қазақстан Рес­публикасының денсаулық сақтау ісінің үз­дігі” төсбелгісін алса, бір топ дәрігерге Ден­сау­лық сақтау министрлігінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттары тапсырылды. Денсаулық сақ­тау саласының ардагері Валентина Павлухина жер­гілікті медициналық арнаулы оқу орнын бітір­ген түлектерге ақ жол айтып, сәт сапар тіледі. Кәсіптік біліктіліктерімен ел құрметіне бө­ле­ніп жүрген ақ халатты абзал жандар спорттың бірнеше түрінен сайысқа түсіп, табанды қа­сиет­терімен таныла білді. Арқан тартуда Ғ.Мүсірепов аудандық ауруханасы мен Петропавл қалалық емханасының командалары үздік деп танылса, ерлер арасындағы қол күресінде В.Голубиниц­кий мен А.Швецов жеңімпаз атанды. Бір жастағы сәбилер екі метр қашықтыққа еңбектеп жарысып, мәре сызығын А.Шамиғанов бірінші болып қиды. Оған плазмалық теледидар сыйға тартылды. 3-5 жас аралығында балақандардың велосипедпен жарысы да қызықты болды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге облыстық кәсіподақ медицина қызметкерлері комитетінің тарту-таралғылары тапсырылып, оның соңы әсем ән кешіне жалғасты. Өмір ЕСҚАЛИ, Солтүстік Қазақстан облысы. ЖАС ЖУРНАЛИСТЕР СЛЕТІ Қоғам дамуына қалам қарымымен үлес қо­сып жүрген жастар слетін облыстық ішкі саясат басқармасы “Бірлігіміз жарасқан!” ұранымен жалғастырды. “Жігерлі, ұшқыр, жас қалам” V облыстық слетке өңірдегі аудандық және қа­лалық, облыстық бұқаралық ақпарат құрал­да­рында қалам тербеп жүрген жас журналистер қатысып, егемен еліміздегі мемлекеттік саясатты жүргізумен қатар қоғамдық пікірді қалыптас­тыру­дағы тәжірибелерін ортаға салды. Сондай-ақ, олар мемлекеттік тілді насихаттау, баспа­сөздің мәртебесін көтеру, шығармашылықты шыңдау жайлы тың пікірлерін ортаға салып, жасқа тән жалындарын таныта білді. Бүгінгі өркениетке беттеген тұста саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады деген сөз бар. Демек, өмір көшінен қалмай халыққа оны түсіндіру, жақсы мен жаманның аражігін ашу парыз екені анық. Өңір өміріндегі бүгінгі игілікті істерді оқырманға жеткізуде журна­лис­ти­ка саласының майталманы аталған аға буын­ның ақыл-кеңесі мен кәсіби тәжірибесі де жас­тар­ға аса қажеттігі белгілі. Сондықтан да “Дос­тық үйіндегі” жас журналистер слетінде олар да шақырылып, ұрпақ үндестігі орныға түсті. Жиналғандар алдында облыстық ішкі саясат басқармасының бастығы Гүлжиан Сүлейменова сөйлеп, өмір болған соң жақсы мен келеңсіздік қатар жүретіні де бар. Жақсысын жарқыратса, келеңсіздікті назарға ұсынуда  бұқаралық ақ­па­рат құралдарына жүктелетін міндет ауқымды еке­ні даусыз. Өңірдің тыныс-тіршілігін талдап, жеткізе білу, мойындату да құрметке лайық екеніне тоқталды. Қазіргі кезде біздің өңірде барлығы 62 бұқаралық ақпарат құралы бар болса, олардың сапында 1200-ден астам журналист қызмет етеді екен. Бұлардың арасында жастығына қарамастан қаламының ұшқырлығымен көзге түсіп, оқыр­ман жазғанын іздеп жүріп оқитын жас жур­на­листер бар. Олардың бүгін басын қосып, өзара тәжірибе алмасуларына, шығармашылықтарын шыңдауға жағдай жасалғаны қуанарлық. Жастар алдында облыстық “Жетісу” теле­ком­паниясының бас директоры Бейсен Құран­бек сөйлеп, жас журналистерге аталған маман­дық­тың жүгі тележурналистиканың қыр-сыры жай­ында әңгімеледі. Жалпы журналистика сала­сында табысты жұмыс істеудің күрделілігі мен журналистерге қойылатын талап пен міндеттің маңыздылығына тоқталды. Алматы облыстық тіл­дерді дамыту жөніндегі басқарма бастығы Тәңірберген Қасымберкебаев қалам ұстаған қауымның мемлекеттік тілдің қолданыс аясын барынша кеңейтуге және беделін арттыруға қатысты атқарып отырған міндеттердің аса мәртебелі екендігін атап көрсетті. Жас жур­на­листер де сөзден құр қалмады. Көңілдерін маза­ла­ған сауалдарға жауап алуға тырысқан олар жа­һандануға  беттеген бүгінгі таңдағы  мемлекеттік тіл, қоғамдық пікірді қалыптастырудағы жауап­кер­шілік жайлы ой қозғап, пікір айтты. Облыс­тық ішкі саясат басқармасы мен бұқаралық ақпарат құралдарындағы кәсіби маман аға ұрпақ өкілдері олардың әр сұрағына жауап қайтарып, жол сілтеді. Жас журналистерге ақ жол тілеген слетте олар сыйлықтан да құр қалмады. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.