
Фото: Қазақстандағы БҰҰДБ/Роман Либерчук
Жоба Тұран жолбарысын қайта жерсіндіруге жағдай жасауға, сондай-ақ Ұлытау таулы аймағының табиғи, тарихи-мәдени мұраларын сақтауға бағытталған. Заманауи көліктердің өтімділігі жоғары, қорғалатын табиғи аумақтарда санитарлық жұмыстар жүргізу сияқты биотехникалық шараларды тиімді іске асыруға мүмкіндік береді.
«Қорғалатын табиғи аумақтарға материалдық-техникалық қолдау көрсету – БҰҰ ДБ-ның биоалуантүрлілікті сақтау, экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі кең ауқымды күш-жігерінің бір бөлігі. Бұл бастамалар елдегі қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамытуға, табиғатты қорғау саласы қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға, ормандарды – ғаламдық маңызы бар экожүйелердің бір бөлігін қалпына келтіруге, сондай-ақ шалғайдағы жергілікті қауымдастықтарға қолдау көрсетуге бағытталған. Осы шараларды жүзеге асыру елімізге биоалуантүрлілік пен климаттың өзгеруі жөніндегі халықаралық міндеттемелерін орындауға мүмкіндік береді», деп атап өтті еліміздегі БҰҰ ДБ-ның тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев Үкімет пен БҰҰ ДБ-ның жануарлар мен өсімдіктердің негізгі түрлерін, сондай-ақ экожүйелерді сақтау мақсатында қорғалатын табиғи аумақтар желісін дамыту, олардың техникалық әлеуетін арттыру жөніндегі ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын айтты.
«Бүгінде 470,000 гектардан астам аумақты қамтитын екі қанатқақты қорғалатын табиғи аумақта биоалуантүрлілік пен экожүйелерді сақтауға бағытталған ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Үш жыл ішінде жоба аясында «Ұлытау» ұлттық паркінің басқару жоспары әзірленіп, экотуризмді дамыту арқылы ауылдық жерлерде жұмыс орындарын құрудың негізі қаланды. «Іле-Балқаш» табиғи резерваты аумағында Тұран жолбарысын қайта жерсіндіруге қажетті жағдайлар жасалады, өзен жайылмасының ормандары қалпына келтіріліп, жабайы тұяқты жануарлар популяциясы көбейтіледі. Қорғалатын табиғи аумақтарды заманауи көліктермен қамтамасыз ету – өңірлік даму бастамаларын жүзеге асыруға қосылған маңызды үлес», деді Д.Тұрғамбаев.
БҰҰ ДБ мен ел Үкіметінің Алматы, Ұлытау облыстарын қамтитын жобасы 2021 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Қазірде аумақтарда туристік соқпақтар жасалып, ауыл кәсіпкерлеріне арналған экотуризм негіздері жөнінде тренингтер өткізіліп жатыр. Сонымен қатар Іле өзені бойындағы, Оңтүстік Балқаш өңірі мен Ұлытау тау бөктеріндегі тоғайларды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Өрт, басқа да табиғи апаттарға қарсы күресу үшін жоба аясында өртке қарсы жабдықтар беріліп, SMART-патрульдеу жүйесі енгізілді. БҰҰ ДБ қолдауымен «Іле-Балқаш» табиғи резерваты аумағына 100 құлан қайта жерсіндірілді.