Үкімет • 05 Наурыз, 2025

Өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріледі

30 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында экономиканың нақты секторын қаржыландыру мәселесі қаралды. Онда экономикалық өсудің қарқынын барынша арттыру мақсатымен Үкімет нақты секторды қаржыландыруды едәуір ұлғайтып жатқаны айтылды.

Өңдеу өнеркәсібіне басымдық беріледі

Инфографиканы жасаған – Амангелді Қияс, «ЕQ»

Кепілдік беру қоры құрылады

Биыл Үкімет «Бәйтерек» хол­дингі­нің капиталын 1 трлн теңгеге ұлғай­тады. Бұл шара холдингке 8 трлн теңгеге тең жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік береді. Бұл инвестиция елдегі жаңа жобаларды жасауға бағытталады. Нәтижесін­де, өңдеу өнеркәсібінің өндіріс қуаты ұлғайып, өнімділігі жоғары жаңа жұмыс орындары құрылады. Бизнес­ті қолдауға «Бәйтерек» тарапы­нан қаржыландыру көлемін ұлғайтумен қатар, қаржыландырудың жаңа құралдары енгізіледі.

«Бизнес үшін несиеге кепілдік беру елде де, басқа елдерде де тиім­ді тәжірибе ретінде танылды. Сон­дықтан 2 кепілдік беру қоры құры­лады. Бірі шағын және орта бизнес­ке кепілдік береді. Сондай-ақ несие­ге кепілдік беру мен пайыздық мөл­шерді субсидиялау көлемі ұлғая­­ды. Биылдың өзінде 1,7 трлн теңгеге

30 мыңға жуық ШОБ жобасына қол­дау көрсетіледі. Сонымен қатар ірі биз­нестің кредитіне кепілдік беруге де жаңа қор құрылады», деді Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Оның айтуынша, ірі бизнеске арналған кепілдік беру қоры ірі және стратегиялық маңызды жобаларды қамтамасыз ету мәселесін шешеді. Бұл ірі бизнес санының көбеюіне әсер етеді.  Оған қоса Үкімет елдің кө­лік инф­­рақұрылымын жақсарту үшін қа­рыз алуға да мемлекет­тік кепілдік береді. Бұл отандық та­уар мен қызметке сұранысты арттырып, экономиканың өсу қарқынын жеделдетеді.

 

«Бәйтерекке» жыл сайын 1 трлн теңге қажет

Үкімет биыл ішкі жалпы өнімді 7%-ға дейін ұлғайту міндетін іске асыруға «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ 2027 жылға қарай қаржыландыру көлемін 10 трлн теңгеге дейін арттырып, кәсіпкерлікті қолдауға, негізгі ұлттық және инвестициялық жобаларды іске асыруға шамамен 8 трлн теңге бағыттауды жоспарлаған. Осы мақсат үшін холдингті жыл сайын 1 трлн теңгеге капиталдандыру қажет. Түпкі қарыз алушыларға сыйақы мөлшерін 12,6% деңгейінде теңестіру жолымен бизнесті ынталандыру жүзеге асырылмақ.

Бүгінде холдингтің келешегі зор, жобаларының құны 25 трлн теңге­ден асып отыр. Сұралған қаржы­лан­дыру сомасы – 10 трлн теңге. Жоба­лар пайплайнының инвестициялық құрылымындағы көлік пен логистика жобалардың үлесі – 25,5%, металлургия – 22,9%, химия өнеркәсібі – 14,1%, энергетика – 11%, мұнай өңдеу – 9,3%, АӨК – 8,1%.

Экспорттық стратегия шеңберін­де отандық өндірушілерге сақтан­дыру, қайта сақтандыру мен кепілдік құралдары кеңейеді. Жаңа нарыққа шығу мен отандық экспортқа ұтымды ұсыныс жасалады. Осыған байланысты, холдинг нысаналы көлемі 200–500 млн доллар болатын сауда қорын іске қосады және экспортқа бағдар­ланған жобалар пулын қалып­тастырады. Оның қатарында құс шаруашылығы кәсіпорындары мен өсімдік шаруашылығын дамыту бар.

 

Жол саласындағы жобалар қаржыландырылады

Биыл 13 мың км жол жөндеуден өтеді. Оның қатарында 9 мың 500 км-ге арналған жобаларға қаржы бар. Қалған 3 мың 600 км-ді қаржыландыру мәселесі халықаралық қаржы институттарымен пысықталып жатыр. Бұл  – «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» жаңа жобалары, Сарыағаш, Рудный және Қызылорда қалаларының айналма жолдары, оған қоса жалпы ұзындығы 3 мың 600 шақырымды қамтитын жөндеу жұмыстары.

«Қазір Халықаралық қаржы инс­ти­туттарымен осы жобаларды қаржыландыру туралы келісімге қол жетті. Әрбір жобаға Координациялық кеңес шешімімен қаржыландыру көздері анықталды. Техникалық-эконо­микалық негіздемелер әзірлен­ді. Халықаралық қаржы институт­тарының шарттарына сәйкес мерді­гер ұйымдарды анықтауға бай­қау рәсімдері» жүргізілуде. Құрылыс жұмысына отандық мердігер компанияларды тарту мақсатын­да Халықаралық қаржы институттары тендерлік талаптарды қайта қарап, біздің компанияларға қатысу барысында преференциялар беруді қарастырды», деді Көлік министрі Марат Қарабаев.

Министрдің айтуынша, қалған 2 мың 600 шақырым Мемлекет басшысының   Трансқазақстандық теміржол дәлізін дамыту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жоспарланған. Осыған байланыс­ты, «Қызылжар – Мойынты» жаңа теміржол желісі, Екіжолақты «вставка» мен қабылдау-жөнелту жолдарын салу арқылы «Алтынкөл – Жетіген» мен «Бейнеу – Маңғыстау» телімдерін модернизациялау, «Қызылжар – Сексеуіл», «Шалқар – Бейнеу», «Қан­дыағаш – Тобыл», «Әлімбет – Никель­тау» және «Ақсу – Дегелең – Жаңа-семей» учаскелерінде заманауи рет­теу жүйелерін енгізу жұмыстары жү­зе­ге асады. Сонымен қатар 53 темір­жол вокзалы реконструкцияланады.

 

Өңдеу өнеркәсібіне – 1,1 трлн теңге

Мемлекет басшысы өңдеу өнер­кәсібінің өсу үрдісін «бекітуді» тапсырды. Өңдеу өнеркәсібін дамыту­ға осы жылы 1,5  трлн теңгеге  190 жоба енгізіледі. Соны­мен қатар жалпы құны 15,3 трлн  теңге болатын 417  жобада жұмыс басталды. Оны қаржыландыру жеке инвестиция, екінші деңгейлі банк және даму инс­титуттары есебінен көзделіп отыр.

«Қазір 1,1 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібі жобаларын қаржыландыру пысықталуда. Қазақ­стан Даму банкінде ірі жобаларды іске асыруға қажеттілік 183 млрд тең­ге­ден астам соманы құрайды. «Өнер­кәсіпті дамыту қорына» – орта және шағын жобаларды іске асыруға 800 млрд теңге қажет. Соның ішінде биыл шағын бизнес тарапынан ерекше сұ­ранысқа ие шағын өнеркәсіптік ай­мақ­тарды қаржыландыруға шамамен 100 млрд теңгеге қажеттілік қалып­тасты», деді Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағасбаев.

Аталған шаралар өнеркәсіптің өсуіне, жаңа жұмыс орындарын құруға және экономика салаларының дамуына мүмкіндік береді.

 

Жеңіл несиенің мүмкіндігі мол

Былтыр жылдық 5%-бен жеңіл кредиттің енгізілуі – шаруаларға ал­ғаш рет қажетті тауарлық-материал­дық құндылықтарды толық көлемде са­тып алуға, сондай-ақ ауыл шаруа­шы­лы­ғы техникасын лизингке алуға мүмкіндік берді. Нәтижесінде, 5,8 млн га неме­се жалпы егіс алқабының 25%-ы қам­тылды, 4300 бірлік отандық ауыл ша­руа­шылығы техникасы сатып алынды. Жеңіл лизинг бағдарламасын жү­­з­е­ге асырудың арқасында өткен жылы ауыл шаруашылығы техни­ка­сы паркін жаңарту 5,5%-ды құра­ды. Көк­темгі егіс жұмысына арнал­ған қа­рыз сомасының 85%-ын кепілден­діру бағ­дарламасын енгізу есебінен – кепіл­дік базасы жеткіліксіз фермерлерге жеңіл кредит алуға қолжетімдік кеңейді.

«Жалпы сомасы 35 млрд теңгеге айналым қаражатын толықтыру­ға өңдеу зауыттарына жеңіл кредит беру бағдарламасы іске қосылды. Биыл барлық аталған бағыттарда жұмыс күшейеді. Көктемгі егіс жұмы­сына жеңіл несие көлемі 700 млрд теңгені құрайды. Егіс науқанын ерте қаржыландыру өткен жылы қара­шада басталды. Фермерлер субси­дия­сыз таза 5%-бен жеңіл кредиттер алуда. Бүгінде 206 млрд теңгеге 1,8 мың­нан астам шаруашылық қаржы­лан­дырылды», деді Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров.

Экономиканың нақты секторын қаржыландыру – серпінді эко­номикалық өсудің аса маңызды фак­торы екенін айтқан Премьер-министр, өндіріс, инфрақұрылым, агроөнеркәсіп кешені, көлік және энергетика салаларына ауқымды инвестициялар салынған жағдайда ғана өсімді қамтамасыз ету мүмкін болатынын жеткізді.

«Қазір шешімін табуға тиіс бірқатар өзекті мәселе бар. Бірінші – инвестициялық жобаларды пысықтау кезінде мемлекеттік органдардың сылбыр қимылы. Белсенді жұмыс байқалмайды. Біз ұзақ келісу рәсімі мен бюрократиялық кедергі кесірі­нен немесе ведомствоаралық өзара байланыстың жоқтығынан болашағы зор бастаманың баяулағанын көріп жүрміз. Жақында инвестициялық ахуалға арналған кеңес өткіздім. Көп уақыт бойы созылып келген мәселелер сол арада бірден шешімін тапты», деді О.Бектенов.

Үкімет биыл экономиканың нақ­ты секторындағы жобаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз етуге барлық қажетті шараны қабылдайды. Президент қойған міндеттерді шешу үшін мемлекеттік органдар мен банк секторы үйлесімді әрі нәтижелі жұмыс істеуі керек. Премьер-министр осыған байланысты бірқатар тапсырма жүктеді.  

Соңғы жаңалықтар