Сонау сексенінші жылдары әйгілі Бауыржан батыр жайлы “Шуақты күндер” атты кітап жарыққа шықты. Пышақтың қырындай ғана кітапты қолдан-қолға жүгіртіп, ел таласып оқыды. Оқығанның көзі ашылып, жан-дүниесі қайта оянғандай болды. Қыздарын ұзатқандар жасауына берді. Келіні барлар сыйлыққа берді. Қыз өсіріп отырғандар үйінде құрметтеп ұстап, тәрбие құралына айналдырды. Жұртты дүр сілкіндірген ол кітапты кім жазды дегенге келсек, оны Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметова жазған болатын.
Содан отыз жыл өткенде ел елеңдеген тағы бір кітап дүниеге келді. Оны да жұрт таласып оқып, қыздарын ұзатқандар жасауына беріп, үйлерінде бала тәрбиесіне көрнекті құрал етіп ұстап жатыр. Бұл кітапты да көпті көрген азамат жазды. Бұл әке өсиетін хат үлгісінде жазып, “Ұрпағыма хат” депті. Авторы – Талас өңірінің ұланы, отыз бес жыл адам жанының арашашысы болған хирург, Жамбыл облысының құрметті азаматы Амантай Біртанов.
Ол заманында Мәскеуден шыққан Честерфилдің “Ұлыма хат” (Письмо к сыну) Араб патшасы Кейқауыс 63 жасында ұлы Гиланшахқа 1082-1083 жылдары жаздырып, тарту еткен “Қабуснама” кітаптарын қызыға оқығанын айтып, өзі де “болмасаң да ұқсап бақ” дегендей өмірден көргендері мен түйгенін хат түрінде ұрпағына арнапты.
Ең ғажабы, Амантай Біртанов отызға ілінгенінен бастап, өмірдің әр күніне мән беріп, әр сәтінен өнеге алып, өз толғанысын хатқа түсіріп отырған. Көпті көрген деген осы болар. Өмір ұзақтығымен емес, мазмұндылығымен өлшенеді. Сол маңызды да мазмұнды өмір жолынан жолданған бас аяғы он екі хат!
Бірінші-екінші хаттарда арғы-бергі ата тегін ұрпақтарына таныстыра келіп, Абайдың, Ахмет Байтұрсыновтың, Тұрар Рысқұловтан және басқа да өмірі өнегелі азаматтардың сөздерін келтіреді. “Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай, күшті болуымыз керек. Білімді болуға – оқу керек. Бай болуға – кәсіп керек. Күшті болуға – бірлік керек. Сол керектердің жолында жұмыс істеу керек”, – деген Ахмет Байтұрсыновтың өсиетінен бастау алатын бұл ойлар күллі қазақ балаларына арналған десек те болады.
Автордың өз байламдары да жан толқытатындай. “Анасы қызын адал жар, мейірімді ана, ақылды келін болуға дайындасын. Бала әкеге қарап өседі. Қыз шешеге қарап бой түзейді. Отбастарыңда түтіндерің түзу болсын. Естеріңде болсын, қартайғанда өмірлерің, керек десең өлімдерің де жақсы, жаман болуы балаларыңа байланысты. Сондықтан өмірдегі ең басты тірліктерің – бала өсіру, бала тәрбиелеу”, – дейді ол.
Үшінші хатында әкенің бірінші парызы – перзентіне жақсы ат қою да, екіншісі – оны ақылды, мейірімді етіп тәрбиелеу деген ата “Жақсы әке болмаса, балаға еш мектеп, институт жақсы тәрбие бере алмайды. Тәрбиешісі, мұғалімі балаға бұзақылығы үшін ұрысса – ренжіме, қайта өте орынды де. Бала жастайынан өзінің қателігін білгені дұрыс. Оны қайталамауға әдеттенсін. Сен де өзіңді қатал етіп көрсет. Именіп жүрсін. Әкенің сөзі үйде – заң, тыңдалуы әрі орындалуы тиіс. Үйдің иесі де, басшысы да әке екенін балалар кішкентайынан біліп, түсініп өссе, қатарының алды болады”,– дейді.
Жалпы Амантай ағамыз осы кітабында ер-азаматтың қоғамда ғана емес, отбасында да басы сыйлы болуы қажеттігін өз оқырманына түсіндіріп бағады.
“Отансүйгіштік от басынан басталады. Есейгенде еліңе апар, аралат, көрсет, ағайындарыңмен таныстыр. Атаңның-апаңның бейітіне құран бағышта. Бір жеңілдеп, сергіп қаласың. Сол жердің жусанынан жұлып алып, үйлеріңе ала кетуді ұмытпаңдар. Сол жерде адыраспан деген шөп бар, онымен үйлеріңді ыстап, түтіндеткендерің де өте пайдалы, оны ұмытпай, ала қайтыңдар. Балаларыңа ата-тегін үйрет, қазақтың тарихын, жақсы әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін білсін. Сонда ғана жақсы азамат, жақсы келін болады. Өмірдің шындықтарының бәрін білмейтінін түсінген адам ғана білуге ұмтылады. Есті адам өмір бойы өзін-өзі тәрбиелеп, білмегенін өмір бойы үйренеді.”,– дейді. Осы жолдарды оқып отырып өзімнің туған жерімді, жусаны мен адыраспанын сағынып, көзіме жас келді. Биылғы еңбек демалысымда қалайда елге баруым керек деп бар жан дүниеммен тебірендім.
Осы хаттарда қыз балаға арналған “Қызыңа мейірім-шапағат жасағын, не нәрсе қолыңа түссе, алдымен қызыңа бер. Күйеуінің жүзі де, сөзі де таза, намысты, іс білетін болсын. Күйеуден көп нәрсе талап етпе. Қызыңның қәдір, құрметін көтере бер”, деген әкенің, ағаның көрсете жүрер ұлағаты бар. Қызғалдақтай ғана қыз ғұмыры тез аяқталып, жат босағадан аттаған соң-ақ оның ендігі өмірі барған жеріне байланысты. Оң жақтан кеткен аяулы қызына бүгінде кез келген әке мен аға қамқорлық жасай бермейді. Тіпті, күйеу балаға қамқорлық жасамақ түгілі солардан дәметіп отыратынына мақтанатын ата-аналар пайда болды. Тіпті, үш ұлы болса да қызының шаңырағына барып тұратындар шықты. Сондағы сылтаулары “келін сыйғызбады”. Қызды қадірлеген осы екен деп, бүкіл шаңырақты соларға билетіп қоятын ата-ана да бар екенін қалай жасырамыз. Әкесінің үйіне келіп, жеңгелері мен аналарының арасына от жағып жүретіндер, соның кесірінен ағаларының, інілерінің шаңырағы шайқалатындар қаншама. Әр шаңырақта ене, келін, қайынсіңлі, қайынбике дегендер өз орнын білгені дұрыс екенін, осы кітаптан еркектің жазғанын оқып, сондай әйел қауымы болса ұялатын шығар. Кітап тәрбиенің үлкен құралы деген осы болар.
Осы ұлағатты хаттардың ішінен автордың “Мен өзімді осы өмірдегі бақытты жандардың бірімін деп санаймын. Бақытты адам қандай болады десе, мені еске алыңдар. Оған мен қалай жеттім?”, – дегенге жауабын жұртқа айтпай кетпесем болмас. “Жақсыға теңесіп жақсы боласың”, – дейтін үлкендер. Осындай бақытты адам жайлы біле отырып, сіз де бақытты болыңыз, оқырман. Сонымен Амантай Біртанұлы сол бақытқа жеткенін: “Ол – сендердің аналарыңның арқасы”, дейді. “Оның еңбегі өлшеусіз. 40 жылдан астам біргеміз. Өмірде не болмады?! Баспанасыз күндеріміз де, қарнымыз аштау, киіміміз жұқалау кезеңдер де, мен орынсыз оны ренжітіп, жылатқан сәттеріміз де болды. Бейсеш бәріне шыдады, бәріне төзді. Қиындықты жеңіп осы бақытты күндерімізге жеттік”, – деп ағынан жарылыпты.
Бүгінде Амантай Біртановтың сүйген жары, Ержан, Елжан, Есжандай ел таныған азаматтардың анасы Бейсекүл Кершайызқызына осы бақыттың оңайлықпен келмегенін айтып отыр. Иә, жақсы жардың жақсылығын айтып отыр! Сол жақсылықты көре білген, жарының асылдығын тани білген азаматтан айналмаймыз ба. Қай әйелдің бақытты болғысы келмейді, қай әйел отбасының ұйытқысы болғысы келмейді? Соған жол бастаған азаматты айтсаңызшы! Шынымен өзін мықтымын деген еркек бір қазақтың қызын бақытты етсін. Қырық жыл бірге тұрмақ түгілі, қырқынан шықпаған баласымен тастап кетіп жатқандар қаншама. Екеуі отбасын құрып, өмірдің біраз қиындығын көріп, енді аққа ауыздары тигенде сырттан қызық іздеп кеткендер қаншама. Жасынан қосылған жарын жол ортасына келгенде жолбикелерге айырбастап, тоқал алып, топ жарып жүргендер де баршылық. Сол қылықтарымен өсіп келе жатқан ұлдарын жасытып, қыздарын жылатып, өмірлерін өксітіп кеткендерін сол шіркіндер біле ме?!
“Үлгілі, өнегелі, тәрбиелі отбасында әйел үй иесі – ерін пір тұтады, айтқанын екі етпей орындайды. Үлкенді-кішілерінің бәрі бағынады, соны тыңдайды, ақылдасады. Ақылды, есті әйел барынша соған ықпал етеді. Өзін де, балаларын да солай тәрбиелейді. Ол ерінің көмекшісі, ақылшысы, тірегі. Өмірдегі ең жанашыр жақыны. Арман ойлары, қуаныштары мен қайғы-қасіреттері бір, бірін-бірі адал, шынайы сүйетін, сыйлайтын, құрметтейтін кісілер.
...Сондықтан ерлі-зайыптылар алғашқы, тұңғыш құрған ұясын, отбасын сақтауы қажет. Сол үшін барлық қиындықтарға, ауыртпалықтарға көніп, төзуі керек. Адамның мықтылығы осында!”, – дейді хатта. Атасынан мұндай жол көрсеткен хат алған келін қандай бақытты. Осындай хатты оқығаннан кейін-ақ өз шаңырағыңды қорғауға көшіп, жарыңды түсінуге тырысатын боласың.
“Ержан туылған соң әкем қайтыс болды. Ауру шешем мен бес қыз мойынымызда қалды”, – деген азамат осы хатында ене мен келін арасындағы қатынасқа “ене мен келін арасындағы қарым-қатынас, сыйластық – үлкен философия” екеніне тоқталып, өзінің үш ұлынан көрген келіндеріне “Сендер осы аналарың-енелерің Бейсешті толық білесіңдер ме? Жақсы түсінесіңдер ме? Мен осыны әдейі жазып отырмын”,– дейді. “Ұрпақтың басты тәрбиесі – әйел бақыты”. Аталары осы хатта келіндеріне міндет жүктейді. Оны тәспідей тізіп береді. Есті келін ойға түйсін деген ниетпен осы ойларды айта кетуді де жөн көрдік.
“Келіндердің міндеті:
– барған үйінің ұрпақтарын көбейтіп, 3-4 сәбилі болып, жылы, ыстық адами қарым-қатынас, сыйластық, қазақтың салтын, әдет-ғұрпын сақтап, мәдениеттілігін көрсетеді, ұрпақтарына ана тілін жетік меңгертуге тырысады;
– жас келін өз үйінде үйренген дәмді астарын дайындайды;
– әдепті келін үйде тар шалбар кимей, ұзын көйлек-халат киіп, қолтығының жүнін, көкірегін, жалбыраған шашын жауып жүреді:
– аз сөйлеп, көп тыңдайды;
– тырнағын өсірмейді;
– үйде, көшеде ерлерге жол беріп, алдынан өтпейді;
– үйде, қонақта тағамды ер адамнан кейін барып ішеді;
– көршілермен тату тұрады, кешірімді болады, ерсі сөйлемейді;
– өзі жоқ адамның сыртынан сөз айтпайды;
– туыстардың, жолдастар мен көршілердің той-жиынына жәрдемдесіп, қонақ күтуіне көмектеседі;
– мамандығы бойынша абыройлы еңбек етіп, отбасының қаражат қорына өз үлесін қосады;
– күйеуінің қызметіне араласпайды;
– күйеуіне айтар сөзін, ақылын, ашу-өкпесін ерімен оңаша қалғанда айтуға әдеттенеді;
– барлық уақытта, шаршаса да, үйде, қонақта, жұмыста қабағы ашық, көңілді жүреді;
– өзі сүйіп қосылған жарының ата-анасын, барлық бірге туған бауырларын өз ата-анам, бауырларым деп қабылдап, солай қарым-қатынас жасауды үйренеді; енесімен, қайын апа, қайын сіңлілерімен сырласып, ақылдасып жүрсе бәрі орынында болады. Күйеуі бұрынғыдан да жақсы көріп, қадірлейді”,– дейді.
“Сендер осылай өмір сүрсеңдер, сендерден туған қыз да әдепті, ақылды болады, үйлеріңе түскен келін де осы дәстүрді жалғастырады”,– деп осы міндеттерін келін атаулы дұрыс атқарса аяулы жар, ардақты ана болатынын айтады.
“Жетінші хат” немере қыздары Жәмила мен Мәдинаға арналыпты. “Қазақ ұлтындай ешбір ұлт өз қыздарын қадірлемеген. Қазақ қызын төрге отырғызған. Бетіне паранжа жаппаған. Еркелетіп өсірген. Барлық ұрпақтарын “Ананың ақ сүтін ақта!”,– деп тәрбиелеген. Анадан қасиетті жер бетінде тіршілік, тірлік жоқ. Ол – қасиетті, құдіретті жан. Әжелер, аналар басынан ақ жаулығын алып көтергенде, сұрапыл соғыс та тоқтаған”,– деп тебіренеді. Өзінің қызы болмағанын айтып, қыз баланың тәрбиесіне жөн айтқаным қандай болар екен деп толқығанымен, мамандығы дәрігер болған соң ба, кейбір он қыз өсіріп отырған ана тәріздес ақыл береді.
Ол әлемге әйгілі актер Чаплиннің қызына жазған хаттарынан үзінді келтіре отырып, оған өз пайымын да қосады. “Көшеде кіндігі ашық, омырауы төмен, етегі қысқа киіммен жүрген қыздарды көргенде аяймын. “Осылардың ата-анасы бар ма екен?”,– деген ойда боламын. Бірақ ата-әжелері жоқ екені анық. Ауыздарында сағыз бен шемішке, қатты сөйлеп, жан-жағына түкіріп, қағаздарын лақтырып бара жатады”, – дейді. “Көп жорытқан пәлеге жолығады, көп ойнаған от басады”, “Қыздың жолы жіңішке”, “Қызға қырық үйден тыю”, – деген халық даналығын да немере қыздарының құлағына құюды ұмытпайды. Бүгінгі бойжеткендердің жақсы болуына барлық жағдай бар. Үлгілі оқуға, жемісті еңбек етуге де, барақатты отбасын құруға да мүмкіншілік мол екенін еске салған ол “Сендер бақыттысыңдар! Сәулетті заманда тудыңдар. Бақыттарыңды бағалай біліңдер, бүгінгі – қыз, ертеңгі – жұбай, ана деген ардақты аттарыңды қасиеттеп, қадірлей біліңдер”, – дейді .
Бабаларымыз “Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер” деген ғой. Өйткені, қазақтың қызы кәмелетке толғанға дейін отбасы өмірінің басты міндеттерінен сабақ алған. Ол ерінің адал жары, ана болу, отбасы беріктігін сақтаушы қызметіне, шаруашылықтың барлық жақтарын игеріп жүргізуге, қонақты лайықты қарсы алуға, туыстарын сыйлап қадірлеуге дайындалатын. Көргенді отбасылары қыз баланы “қонақ” деп мәпелеп, қадірлеп өсірген. Қыз баланың тәрбиесіне ең алдымен анасы жауапты болған. Сондықтан қазақ “Шешесіне қарап қызын ал”, – деп қыз баланың тәрбиесіне аса үлкен назар аударғанын бәріміз отбасымыздан көріп өстік.
“Ұзатылған қыз барған жері “мені бақытты етсін демей, қайтсем сол отбасын бақытты етем” – деп ұмтылғаны дұрыс”,– деген аталы сөзді айтқан да осы Амантай Біртанұлы болатын. Оны мен “Өмір туралы ойлар” атты кітабынан оқыған едім.
Сегізінші хат қазақтың қанымен келе жатқан сөз өнеріне арналыпты, барлық өнерден сөз өнерін жоғары қояды. “Сөзді орнымен сөйле. Орынсыз айтқан сөз жақсы болса да жаман көрінеді. Сөйлегенде ойланып, асықпай, алдыңдағы кісінің көзіне қарап, жақсы сөйлеуге тырыс. Сыпайы, анық сөйлеуге әдеттен. Біреу бір нәрсені сұрамаса, жауап бермегейсің, ал сұрай қалса – турасын айтқын. Ықылассыз тыңдаушыға сөз айтқаннан гөрі, тыныш отырған мақұл. Дөрекі сөйлемей, сыпайы, жақсы сөз айтсаң, сен де жақсы сөз естисің”,– деп кеңес береді ұрпақтарына.
“Қайғылы жанға қуанышыңды айтпа. Егер өзіңе сырттай төнген қауіп-қатерді сезсең, одан жедел құтылудың қамына кіріс. Айналаңа күмәндана көз тікпе. Басқалардан ақылды бол, бірақ оны сездірме”, – деген ата сөзі кімге болса да керек сөз. “Жақсы кісі сөз өнерін білетін, шешен болуға тиіс. Халық адамның қандай дәрежеде екенін сөйлеген сөзі арқылы біледі”, – дейді. Есіме, Абайдың “Кісіге қарап сөз алма, сөзіне қарап кісіні ал”, – дегені түседі, ертеде грек елінде “Шешендік” деген сабақ жүрген. Әлі де батыс елдерінде сол дәстүр сақталған. Шешен де шебер сөйлей білген адамға жұрт құлақ түріп, сөзіне тоқтаған. Қазақ сөзге тоқтаған халық. Сондықтан Амантай Біртанұлының ұрпақтарымызды жастайынан сөз сөйлей білуге үйреткеніміз жөн дегені алдағы уақытта қоғам болып қолға алатын іс екен. “Шешендік сабағын” мектеп бағдарламасына енгізсе де артық болмас еді. Орынды да, ойлы сөйлей білу үшін балаларға көп кітап оқу керектігін де құлақтарына құя берейік. Бүгінде жастар “кітапты компьютерден оқып аламыз”,– дейді. Керегімізді интернеттен табамыз дейді. Ал, шындығында керегіңді кітаптан, көзіңмен көріп, оқып алғанға жетпейді. Көзбен оқығаннан кейін ол есіңде де жақсы сақталады. Кейбіреулердің көру жады мықты болады. Сол қасиетіңді кітап дамытады. Оны бала кішкентайында білмеуі мүмкін. Сондықтан оған оны ата-анасы тәрбиелеп, үйреткені жөн. Кітапты көп оқыған азаматтың көркем де ойлы сөйлемеуі мүмкін емес.
“Жөнсіз мақтау мазақтаумен тең”,– дейді өнегелі ата сөзі. Шындығында бүгінгі қоғамда бірін-бірі орынсыз мақтаушылар көбейді. Тіпті кейбіреулер мені мақтаса екен деп іштей тілеп тұрады. “Ер жігіттің мақтанғаны өліммен тең”,– деп тәрбиелеп еді біздің ұрпақты. Амантай Біртанұлы “Өзіңнен дұшпаның басым болмасын десең, төрт шартты берік ұста:
Әрдайым жалған сөйлеме; Басшының алдында бірде-бір адамды жамандама; Жарлығына сай қызмет істе; Оның сырын жан адамға айтпа”, – дейді.
Осы төрт шартты орындағандар өз мақсатына жете алады деген ол “Екі нәрсені ойыңнан шығарма, бірі – басшының қаһары, екіншісі – бабалардың насихаты. Әрбір адам бұл екі нәрсені есінен шығарса, өзі қор болады. Біреуді орынсыз мақтама, сол сияқты біреуді қатты жамандама, уақыты келгенде басқаша айта алмайсың”,– деп соңына қарай Ескендір Зұлқарнайынның “Барлық достарымнан пайда көрем, дұшпандарымды одан да көбірек пайдаланамын, өйткені жаман істерімді достарым жасырады, жақсылығымды асырады. Сондықтан да өз кемшілігімді білмей қаламын. Ал, мен дұшпаным айтқан кемшілігімді тез жою үшін әрекет жасаймын”,– депті деген ұлағатты сөздерін еске салады.
Оныншы, он бірінші хаттар бала кезден сырлас досы Балтабай Бекежанов пен студенттік шақтан қимас досы Сайлаубек Таукейұлына арналыпты. Бұл хаттарды оқығанға кімге болса да адам өмірінде ұзақ жылдар бойы жаны жалғасып тұратын асыл достарының болуы қажеттігін ұқтырады десек, он екінші хат құрбы-құрдастарына, апа-жеңгелеріне арналған. “Бүгінгі апа, әже кім? Қазақ ұлты, қазақ елінің болашағын бір сәт ойлайсыңдар ма?,-деп толғанған азамат сол бүгінгі әжелердің міндеттері мен парыздарын да жіктеп, жіліктеп берумен қатар, олар туралы да орнықты ой айтады, жақсысына сүйініп, жаманына күйінеді.
Амантай Біртанұлының бұл хаттары тек оның ғана ұрпағына емес, өзін мұсылманмын деген адамның бәріне арналып жазылған деп қабыл алсақ артық болмас. Өзі де хаттарын “Ей, Құдайдың құлы! Кімнің үмбетісің? Жан-жағыңа қарашы. Сен де өмірден өтетін күн туар. Жасаған жақсылықтарың мен жамандықтарың таразы басына салынар. Сенің рухыңа Алладан рақым, пайғамбарымыздан шапағат сұрап жалбарынатын жан бар ма? Қай балаң, қай немерең Құдайдың разылығы үшін сенің рухыңа құран бағыштап, қол жайып отырады? Бар ма? Үйреттің бе? Артыңа қандай ұрпақ қалдырып бара жатырсың? Жеті атасын білетін, жүрегінде имандылық бар ұрпақ па? Жоқ әлде, бір күн қарны тоя тамақ ішкеніне, арақ ішіп, бөтелке босатқанына мәз болып жүрген ұрпақ па?” – деп кімді болса да ойға шақырады.
Қорыта айтқанда Амантай Біртанұлының “Ұрпағыма хаты” өз әулетіне ғана емес, күллі қазақтың ұрпағына жолдаған аманаты десек те болады.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.