АҚЖАЙЫҚТЫҢ АХУАЛЫ АЛАҢДАТАДЫ
Өзен – Жер-ананың тұла бойына нәр тарататын тіршілік тамыры. Сол себепті ол мемлекеттің стратегиялық ресурстарының біріне жатады. Өзендер басқа да табиғат байлықтары секілді өзіне назар аударуды және “жаңғыру” үдерісі үшін қорғай білуді қажет етеді.
Трансшекаралық сулар мәселелері бойынша қазақстандық-ресейлік бірлескен жұмыстарды атқаруды реттейтін құқықтық-келісімдік база сонау 1990-жылдары қабылданған құжаттармен бекітілген болатын. Ол құжаттар бүгінгі заман талабына жауап бере алмайды. Өйткені, соңғы он жылда көптеген кешенді экологиялық мәселелер жинақталып қалды. Соның ішінде Жайық өзені аясы бойынша толғандырып отырған мәселелер өте көп. Орал тауынан бастау алатын әйгілі асау өзеніміз суы аз Қазақстан ғана үшін емес, Ресей үшін де ерекше мемлекеттік маңызы бар күретамыр болып табылады. Өзеннің ұзындығы 2 мың 428 шақырым болғандықтан, акваториясы мен қойнауы шекаралас отырған екі елдің аймақтарының тұрмыс-тіршілігінің негізі болып келеді. Сондай-ақ ол – Каспий бассейні бекіре тұқымдас балықтарының жалғыз табиғи түрде уылдырық шашатын мекені.
Соңғы жылдары Жайық өзені маңайындағы экологиялық жағдай күрделене түсті. Жайықтың бір сағасы – Елек өзеніндегі алтываленттік хромның мөлшері кейбір кездерде мөлшерден бірнеше есе асып түседі. Ресей Федерациясы мен Қазақстанның көптеген зауыттары өздерінің өзенге ағызатын өндірістік суларының көлемін азайтпай отыр. Өзен арнасының батпақтану үрдісі тоқтар емес. Осыған байланысты бүгін жүйелі түрдегі өзен түбін тазарту мен жағасын бекіту, арнасын тосқауылдардан тазарту, соңғы он жылдықта 30 есе азайған Жайық-Каспий бекіре тұқымдас балықтарының көбеюін қалпына келтіру секілді жұмыстарды атқару қажет. Екі елдің ғалымдары да осындай ұстанымға келіп отыр.
Қазақстан үшін тағы бір өзекті мәселе – өзен ағысын Жайық бассейнінің жоғары ағысындағы ірі су қоймаларымен жасанды түрде реттеу. Осының өзі өзен ағысының төменгі жа-ғында су ре-сурстарының азаюына әке-ліп соғуда және өзен ағысын әрі қарай реттеу жоспары Жайыққа экологиялық қауіп төндіріп отыр.
Қазақстан мен Ресей трансшекаралық суларды қорғау туралы Хельсинки келісімін заң-дастырды. Алайда, оның ережелерінің жалпы сипаты басқа құжаттарда нақтылауды қажет етеді. Өйткені, бұл арадағы тәжірибе өзеннің барлық аясы үшін су-шаруашылық мақсаттарына жетуге бағытталған кешенді бағдарламаның жоқтығын, әр облыспен жекелеген суды қорғау міндеттерін шешу талпыныстары ешқандай да нәтиже бермей отырғанын көрсетеді.
Бәріміз де Сырдария мен Әмудария өзендерінің су ресурстарын есепсіз пайдаланудың соңы Арал теңізінің қасіретіне душар еткенін білеміз. Енді Жайықтың осындай жағдайға тап болмауы үшін бірлесе отырып қимылдауымыз қажет.
Осы жылдың соңына дейін Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзеннің экожүйесін сақтау бойынша қазақстандық-ресейлік үкіметаралық комиссия құруды тапсырған болатын. Сарапшылар Жайықты құтқарудың арнайы қорымен толықтыруды ұсынып отыр. Бұл біркелкі бассейндік басқаруды ұйымдастыру мүмкіндігі мен әлемдік қоғамдастыққа трансшекаралық өзендерді өзара пайдала-нуда инновациялық үлгі көрсетуге мүмкіндік беретіні анық.
Бірлескен және келісілген әрекеттер жасау қажеттілігі Орынбор, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары жұртшылығы тарапынан оң қабылданып отыр. Осы өңірлердің белсенділері бірлесіп, 8 рет Жайық өзені бойына экспедиция ұйымдастырды. Оның соңы тегеурінді халықтық қозғалысқа айналды. Экспедиция жұмыстарының қорытындысы бойын-ша Қазақстан мен Ресей мемлекеттерінің және үкіметтері басшыларының атына осыған байланысты ұсыныстар жолданды. Өзіміздің осы ниеттерімізді іс жүзіне асыру үшін бірқатар мәселелерді шешу маңызды деп есептеймін.
Атап айтқанда, екі мемлекеттің трансшекаралық су ресурстарын қорғау мен үнемді пайдалану аясында нормативтік-құқықтық базасын үйлестіру үшін шаралар қабылдау қажет. Екі мемлекеттің сумен қамтамасыз етілуін есептей отырып, суды таратудың негізгі қағидаларын жасау және қабылдау керек. Бірлескен су шаруашылығы шараларын, әсіресе, өзен арнасын тосқауылдардан тазарту бойынша қаржыландыру мәселесін шешу де өте маңызды.
Қазақстан мен Ресей арасында өзеннің экожүйесін сақтап қалу жөніндегі қор құру арқылы және Жайық өзені трансшекаралық суларын үнеммен пайдалану және бірлесіп қорғау туралы келісімге қол қою мәселесі де күн тәртібінде тұр. Сонымен қатар, Қазақстанда да, Ресейде де Жайық өзені мәселелерін шешу бойынша мақсатты және үйлесімді мемлекеттік бағдарламаларды жасау және енгізу қажет.
Ерекше қорғалатын табиғи аймақтар жеке желілерін дамыту үшін Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасы аймағындағы Жайық өзені жағалауларының бойына ерекше қорғалатын табиғи аймақтарын анықтау туралы нормативтік-құқықтық актілер қабылдау мәселесі де шешімін тапқаны жөн. Сондай-ақ бассейндік жүйелерге негізделген су ресурстарын басқарудың жаңаша жүйесін қалыптастыру қажет.
Осы позициялардың негізінде Жайық өзені бассейні айналасында қалыптасқан жағдайға алаңдаушылық білдіріп отырған Парламент Мәжілісінің бір топ депутаты Премьер-Миинистр Кәрім Мәсімов мырзаға ұсыныс жолдады. Онда депутаттардың, барлық мүд-делі министрліктер мен ұйымдардың, Батыс Қазақстан, Атырау және Ақтөбе облыстары әкімдіктерінің қатысуымен Жайық өзені бассейні экожүйесінің ахуалы, оны қорғау және Ресеймен бірлесіп суды пайдаланудың кешенді мәселелерін реттеу үшін Үкімет деңгейінде арнайы кеңес отырысын өткізу қажеттігі айтылды. Алдағы уақытта Ақжайықты қорғауға байланысты кешенді мәселелер жоғары деңгейдегі келелі бас-қосулардың талқысына түсіп, нақты шешімдерге келуге ықпал етеді деп ойлаймын.
Тек осындай бірлескен нақты қадамдар жасау арқылы ғана мақсатымызға жете аламыз.
Елена ТАРАСЕНКО,
Мәжіліс депутаты.
ДЕПУТАТТЫҚ ТОПТЫҢ АЛҚАЛЫ ЖИЫНЫ
Парламент Мәжілісінде “Жаңа Қазақстан” депутаттық тобының кезекті отырысы өтті. Отырыста Қазақстанда бүгінгі таңдағы компьютерлік бағдарламаларға және тұрмыста қолданылатын жоғары технологиялық өнімдерге қазақ тілін енгізу мәселесі қаралды. Сонымен бірге, қазақ тілін үйретудегі компьютерлік бағдарламаларды жетілдіру, қазақ тілді ІT-мамандарды дайындау, ұялы байланыс қызметіндегі қазақ тілін қолданудың жай-күйі талқыланды.
Аталған отырысқа депутаттық топтың мүшелері, министрліктер мен БАҚ өкілдері қатысты. Көтерілген мәселелер бойынша Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің, Мәдениет министрлігі тіл комитетінің, Байланыс және ақпарат министрлігі байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағалары баяндама жасады.
Отырыста ақпараттық технологияларға қазақ тілін енгізу мәселесі бойынша жүйелі жұмыс жүргізу қажеттігі айтылды. Мемлекеттік тілді дамытуға арналған бағдарламада осы мәселелерді шешу жолдары жоғары мемлекеттік деңгейде қаралуы тиістігі ұсынылды. Депутаттық топтың отырысында қабылданған ұсыныстар Үкіметке жолданды.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.
Сізді не толғандырады?
БҰЛ МӘСЕЛЕ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ
Бүгінгі таңда Шығыс Қазақстан облысы, Семей қаласын жылумен қамтамасыз ету жүйесінде 2010-2011 жылдың жылу беру маусымына дейін кезек күттірмей шешуді қажет ететін бірнеше өзекті мәселелер бар. Біріншіден, қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған ТЭЦ-1 энергокөзінің қондырғылық қуаты – 410 Гкал/сағ, алайда, бүгінгі таңдағы өндіретін нақты қуаты – 140 Гкал/сағ, қосымша энергокөздерден алынатын қуат – 200 Гкал/сағ. Бұған қоса, жұмыс істеп тұрған 7 жылу қазандығының 5-уі 1930-1950-жылдар аралығында салынғандығын ескеретін болсақ, қазіргі уақытта мұндағы технологиялық жабдықтардың барлығының тозығы жеткен, соның салдарынан бүгінгі таңда 60 Гкал/сағ. жылу қуаты жетіспейді.
ТЭЦ-1 энергокөзінен жылынатын Семей қаласының сол жағалауына қажетті жылу қуатының жетіспеушілігін толтыру мақсатында 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап су жылытатын 2 қазаны бар арнайы қазандық құрылысы басталды. 2011 жылы, жаңа қуат көзін іске қосқанға дейін, “Теплокоммунэнерго” мемлекеттік қазыналық кәсіпорны сапалы жылу беруді толыққанды қамтамасыз ете алмайды. 2010-2011 жылдың жылу маусымында жұмыс істеп тұрған қазандықтарды тоқтатпау үшін, сол арқылы қаланың барлық әлеуметтік-тұрмыстық объектілерінің үздіксіз қызмет етуін, жылудың уақтылы берілуін қамтамасыз ету үшін ТЭЦ-1 энергокөзінің 4 жылу қазандығын күрделі жөндеуден өткізудің жоспары құрылды.
Екіншіден, цементшілер кентінде орналасқан орталық жылу пункті (ЦТП-506) мен Жаңақұрылыс ауданында орналасқан жылу пунктінен (ЦТП-410) тарайтын барлық ауданішілік желілер апатты жағдайда тұр. Сол себепті өткен жылу маусымында қазандықтардың қалыпты жұмыс істеу режімі бірнеше мәрте бұзылды, аталған аудандарды жылумен қамтамасыз етуде көптеген кедергілер орын алды. ЦТП-506 және ЦТП-410 жылу пункттерінің ауданішілік жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге сметалық құжаттамаға сәйкес 135,676 мың теңге қаражат керек.
Үшіншіден, 2006 жылдан бері қалада жылу жүйесі объектілерін модернизациялау мен қайта құру бағдарламасы жүзеге асырылуда. Осы бағдарламаның аясында Юность кенті мен Әуезов даңғылы бойындағы магистральді, сондай-ақ ауданішілік жылу желілері, “103-103А” және “Ғаббасов” қазандықтары жөндеуден өткізілді. Кейбір жерлерде жылу көздерін жалғайтын жаңа желілер салынды. Алайда, қайта құрылған желілерді гидравликалық жөндеу жұмысы сметалық есептерде ескерілмеген. Сол себепті қазіргі кезде қаланың жылу желілерінің гидравликалық жүйесін жөндеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл істі жүзеге асыру 120 млн. теңге көлемінде қаражат қажет етеді.
Өкінішке қарай, оңалту процесінен өтіп жатқан кәсіпорында да, қалалық бюджетте де аталған жұмыстарды жүзеге асыруға қаржы жоқ.
Осы айтылған мәселелерге байланысты Үкімет Семей қаласының ТЭЦ-1 жылу көзінің 4 қазандығын жөндеу жұмыстарына 244,0 млн. теңге, ЦТП-506 және ЦТП-410 жылу пункттерінің ауданішілік жылу желілерін күрделі жөндеуден өткізуге 135,676 мың теңге және жылу желілерін гидравликалық жөндеуден өткізуге 120 млн. теңге қаражат іздестірсе, сауапты іс атқарғаны болар еді. Әйтпесе, проблема баяғы жартас – бір жартас күйінде қала беретіні анық.
Ерболат ӘПСӘЛЯМОВ,ь Мәжіліс депутаты.
Өшпес даңқ
АКАДЕМИЯҒА БАТЫРДЫҢ ЕСІМІ ҚАШАН БЕРІЛЕДІ?
“Мың өліп, мың тірілген” қазақ халқы тарихта небір зұлматты жылдар мен қанды қырғындарды бастан өткеріп, бүтіндей бір ұлттың жойылып кетуіне жол бере жаздаған қаншама сұрқия саясат пен арамза әрекеттерді бастан өткерді. Солардың “ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен” ең бір қайғылы кезеңдері Ұлы Отан соғысымен байланысты.
Осы соғыста жан алысып, жан берісіп, Отанының жолында жанын құрбан еткен есіл ерлердің ерлік істері мәңгілік халық жадында сақталары сөзсіз. Бұл соғыстың қаншама халықтар үшін, қаншама елдер үшін зарлы болғаны соншалық, оның зардабы соғыстың аяқталғанына жарты ғасырдан асса да ұмытыла қойған жоқ. Қайта керісінше, осы соғыспен байланысты бұрын бұрмаланып келген немесе тиісті деректердің жоқтығынан мүлдем кереғар түсінік қалыптастырып келген көптеген фактілердің беті ашылып, көптеген жауынгер азаматтардың еленбей келген ерліктері тарихтан лайықты орнын алуда.
Өкінішке қарай, жоғарыда келтірілген деректер Ұлы Отан соғысына қатысып, батыр атанған қазақ азаматтарының бізге белгілі болғандары ғана. Уақыт өте келе сұрапыл соғыстың бізге беймәлім жақтары ашыла бастаған сайын, қазақ батырларының саны әлі де арта түсер деген үміт те жоқ емес, әрине.
Жалпы, қазақтан шыққан Ұлы Отан соғысы батырларының қатарында кеңестік жүйе саясатының кесірінен ерлігі кезінде дұрыс бағаланбай, көпшілік арасында талай тартыс тудырып келген асыл азаматтардың бірі, Ұлы Отан соғысында Рейхстагқа ту тігіп, алғаш рет Ұлы Жеңістің жалауын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев екені баршамызға мәлім.
Батыр дүниеден өткеннен кейін, 1999 жылғы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Жарлығымен Р.Қошқарбаевқа Халық Қаһарманы атағы берілді. Бүгінде Ақмола облысының Қосшы ауылындағы орта мектеп оның есімімен аталады.
Дегенмен, батырдың рухына тағзым ретінде мұндай дәрежелермен шектеліп қоймай, Қаржы полициясы академиясының ұжымы, Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі мен Целиноград ауданы жұртшылығының қолдауларымен Қаржы полиция академиясына Рақымжан Қошқарбаевтың есімін беру туралы құжаттар жинап, үстіміздегі жылғы сәуір айында Мәдениет министрлігіне Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясында қарастырып, Жеңіс күнінің 65 жылдығына академияға батыр есімін беруді сұраған болатын.
Алайда, аталған академияға Р. Қошқарбаевтың есімін беру туралы мәселе бүгінгі күнге дейін өз шешімін таппай келеді. Ер есімін ел есінде сақтау – парыз. Тағдыр тәлкегінде мойымаған Рақымжан Қошқарбаевтай ұлды ұрпаққа дәріптеу – парыз. Ер есімін елге оралту – ол да парыз. Академияға батыр есімін берудің мақсаты мен басты идеясы – болашақ қаржы полицейлері мен кеденшілерінде Отанымыз – егемен, тәуелсіз Қазақстан және оның даңқты ұлдары үшін мақтаныш сезімін қалыптастыру.
Аталған мәселеде кедергілер болмаса, оны шешетін уақыт жетті. Жалпы, бұл бастамаға не нәрсе кедергі келтіруі мүмкін, еш нәрсе де. Демек, академияға батырдың есімі жедел берілуі тиіс.
Розақұл ХАЛМҰРАДОВ, Мәжіліс депутаты.
АПАТ АЙМАҚТАРЫ ДЕПУТАТТАР НАЗАРЫНДА
Парламент Мәжілісінің депутаты Сағынбек Тұрсынов Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің атына депутаттық сауал жолдап, Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облыстарында табиғат апаттарынан зардап шеккен тұрғындарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмек пен бөлінген қаржының тиімді жұмсалу жайы туралы сұраған еді. Жақында депутатқа Премьер-Министрдің қолы қойылған жауап хат келіп түсті. Онда былай делінеді:
“Бүгінгі таңда Алматы облысы, Қызылағаш ауылы толықтай қалпына келтіріліп, 200 үй жаңадан салынып, тұрғындарға берілді. Ауылды абаттандыру жұмыстары одан әрі жүргізілуде. Шығыс Қазақстан облысындағы зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету, құрылыс жұмыстары жоспарлы түрде жүріп жатыр.
Осы күнге дейін Шығыс Қазақстан және Алматы облыстарында орын алған төтенше жағдайлардың салдарынан болған ауыртпалықтарды жоюға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен жалпы 8 233,0 млн. теңге бөлінді, атап айтқанда: Шығыс Қазақстан облысына – 4 003,2 млн. теңге (1 439,4 млн.теңге игерілді); Алматы облысына – 4 229,8 млн. теңге (2 940,3 млн.теңге игерілді).
Аталған шығындар шеңберінде зардап шеккен өңірлердің халқына материалдық көмек көрсетумен қатар, тұрғын үйлерді жөндеу, сумен жабдықтау жүйелерін, электр энергиясы желілерін қайта құру, жаңа тұрғын үйлер салу сияқты шаралар көзделген.
Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарына гуманитарлық көмек көрсету мақсатында барлық жергілікті органдар тарапынан қаржы аударылды. Атап айтқанда, Шығыс Қазақстан облысына – 700,0 млн. теңге (88,3 млн.теңге игерілді); Алматы облысына – 870,0 млн. теңге (565,5 млн.теңге игерілді).
Қазіргі уақытта, су тасқынынан зардап шеккен жеке тұлғаларға мал сатып алу үшін “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ арқылы жеңілдендірілген несиелендіру жүйесін іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары әзірленді. Бұл ретте, қор Шығыс Қазақстан облысының шағын несие ұйымын несиелендіру кезінде мерзімі 5 жылға дейінгі уақытқа жылына үстемақысы 5,5%-ды құрайтын несие мөлшерлемесін бекітті.
Қазіргі уақытта, жүргізілген конкурстың нәтижесі бойынша, “Ертіс” шағын несие ұйымы” ЖШС жеңімпаз болып танылды. Соңдай-ақ қор 2010 жылғы 5 мамырдағы несиелік келісім-шартқа сәйкес су тасқынынан зардап шеккен жеке тұлғаларға мал сатып алу үшін келешекте несиелендіру мақсатында серіктестікке 350 млн.теңге сомасында несие қорын аударған. Несиелер беру келесі талаптарға сәйкес жүзеге асырылады:
- пайыздық ставкасы 7%-дан жоғары емес;
- негізгі қарызды теңдей үлеспен өтеу – 5 жылға;
- бір қарыз алушыны несиелендірудің ең жоғарғы сомасы 1 000 АЕК-ке дейін (1 413 000 теңгеге дейін);
- несиелендіру мерзімі 60 айға дейін.
Бұл ретте, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі 5% көлеміндегі пайыздық мөлшерлемені субсидиялайды және қарыз алушы (жеке тұлға) 2%-дық мөлшерде төлейтін болады.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мал сатуға мүмкіндігі бар шаруашылықтардың тізімдері мен шығын сомасын және ауыр табиғат жағдайларының салдарынан өлген малдың санын анықтап, серіктестікке жолдады”.
“Өкінішке қарай, Үкімет басшысы жеке компаниялар мен жеке тұлғалардан түскен қаражаттың көлемі мен оның жұмсалу барысы жөніндегі сауалға жауап бермепті. Десек те, қиын-қыстау жағдайда бүкіл ел болып зардап шеккен тұрғындарға үлкен бауырмалдық, жанашырлық танытты. Қызылағаш ауылындағы оқиғаның ертесі күні-ақ барлық жерлерде адамдар қолұшын созып, материалдық және қаржылай көмек беріп жатты. Бұл халқымыздың ауызбіршілігінің, бауырмалдығының айқын көрінісі болды”, – дей келіп депутат алдағы уақытта да осы мәселе депутаттардың назарында болатынын ескертіп, егер құқығы бұзылған, көмекке қол жеткізе алмаған тұрғындар болса хабарласуын өтінді.
Достық дәнекері
ЕЛШІМЕН КЕЗДЕСТІ
Парламент Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Ли Б¿н-хвамен кездесті, деп хабаралады осы палатаның баспасөз қызметі.
Әңгімелесушілер көпжақты Қазақстан-Оңтүстік Корея ынтымақтастығының серпінді даму қарқынын, келісімдік-құқықтық базаны одан әрі жетілдірудің келешегін атап өтті.
“Қазақстан Корея Республикасымен стратегиялық әріптестікті одан әрі дамытуға, барлық деңгейлердегі, оның ішінде парламентаралық байланыстарда тұрақты қатынас орнатуға мүдделі”, – деді Қ.Сұлтанов. Оның пікірінше, достық пен өзара түсіністік аясындағы қатынастарды дамытуға екі мемлекеттің басшылары жасаған сапарлары тың серпін бермек.
Елші Ли Б¿н-хва екі ел парламенттерінің арасындағы байланыстарды нығайтудың маңыздылығына тоқталып, палата басшысының жетекшілігімен қазақстандық парламентшілерді Корея Республикасына ресми сапармен келуге шақырды.
Басты байлық
САНИТАРЛЫҚ АВИАЦИЯ — МАҢЫЗДЫ САЛА
Санитарлық авиация Кеңес Одағы кезінде ауыл тұрғындарына өте қажетті және мемлекет тарапынан қомақты көмек көрсетілетін саланың бірі болған еді. Бірақ, 90-шы жылдардан бастап санитарлық авиацияны қаржыландыру жеткіліксіз болғандықтан, бұл медициналық көмек еліміздің өңірлерінің, әсіресе, шеттегі ауыл тұрғындарының қолы жетпейтін қызмет түрі болып қалды.
Дегенмен, қазір елімізде оң қадамдар жасалуда. Өткен жылы “Ха-лық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Қазақстан Республикасының Кодексі қабылданды. Оның 50-ші бабына сәйкес санитарлық авиация – шұғыл медициналық көмек ұсыну нысаны болып бекітілді. “Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекске сәйкес Үкіметтің 2009 жылғы 15 желтоқсандағы №2136 қаулысымен санитарлық авиация тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесіне енгізілген.
Сонымен, заңдар қабылданып, соған орай заңнамалық актілер мен қаулылар шығарылды. Ал тұрғындарымыз болса: “Республикада санитарлық авиация қайтадан жаңаратын кез қашан келеді?” деп күтумен жүр. Ал үстіміздегі жылы Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарында орын алған апаттар мұндай жағдайда тікұшақтардың өте қажет екенін айқындап берді. Қанша адамның өмірі тікұшақтың арқасында аман қалды!
Сол секілді жай күндерде де ауыл тұрғындары қатты сырқатқа тап болған жағдайда оны ауруханаға жеткізудің қиындығы өте көп. Мәселен, қала тұрғындарына жедел медициналық көмек көрсеткенде шетелдік автокөлік жіберіледі, ал ауылдарда көп жағдайда ескі “УАЗ” мәшинелері жүреді. Бұл, әсіресе, әйелдер босанатын кезде үлкен қолайсыздықтар туындатады.
Осы орайда төмендегідей сауалдар туындайды: қазіргі кезде санитарлық авиация туралы заңнама қалай орындалып жатыр, ол үшін мемлекет тарапынан қанша қаражат бөлінген? Заң бойынша қай облыстарда және қашан санитарлық авиациялардың жұмысы басталады? Міне, бұл сауалдардың қалың оқырмандарды қызықтыратыны тағы даусыз. Енді Үкімет пен Денсаулық сақтау министрлігі не дер екен?
Тито СЫЗДЫҚОВ, Мәжіліс депутаты.