
Фото: Жоғарғы Сот
Іс материалдарына сәйкес, Музей-қорықтың иелігінде Айша-Бибі кесенесі бар, оған 2 гектар жер учаскесі тұрақты жер пайдалану құқығы берілген. Алайда, бес кәсіпкер бұл аумақта заңсыз коммерциялық қызмет жүргізіп, ғимараттарды иемденіп алған.
Музей-қорық басшысы сотқа жүгініп, заңсыз иеленген ғимараттарды босатуды талап еткен.
«Төрт жауапкер талап қоюды мойындамаған, кәсіпкерлердің бірі даулы ғимараттарды 2010 жылы өз қаражатына салып, кейін оларға сауда жасау үшін тегін бергенін мәлімдеген. Бесінші жауапкер талап қоюды мойындаған», делінген хабарламада.
Жамбыл аудандық соты музейдің талап-арызын қанағаттандырып, кәсіпкерлердің ғимараттарды заңсыз иеленгенін растаған.
«Талап қою қанағаттандырылды: сот кәсіпкерлерге заңсыз иеленген үй-жайды босатуды міндеттеді. Жауапкерлер бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағым түсірген. Алайда, Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы соттың тұжырымымен келісіп, шешімді өзгеріссіз қалдырды», делінген хабарламада.
Қаулы заңды күшіне енді.