
Сондай-ақ жиында сенаторлар мен мәслихат депутаттарының өзара іс-қимылын одан әрі жандандыру, жергілікті өкілді органдар қызметінің өзекті мәселелерін шешу және өңірлердің дамуына ықпал етудің маңызы туралы мәселелер сөз болды.
Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев 30 жыл ішінде мәслихаттар еліміздегі басқару жүйесінің жергілікті жерлердегі толыққанды өкілдігіне айналғанын атап өтті. Мемлекет басшысы қолға алған саяси реформалардың арқасында кейінгі жылдарда мәслихаттардың рөлі айтарлықтай нығайды.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мызғымайтын «Күшті Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үштағанының маңызды элементі жауапты жергілікті басқару екенін үнемі айтып келеді. Бұл қағидат аясында мәслихаттарға маңызды міндет жүктелетіні сөзсіз. 2022 жылы конституциялық реформалардың аясында мәслихаттардың дербестігін нығайтуға арналған жүйелі шаралар қабылданды. Соның нәтижесінде олар мемлекеттік саясаттың толыққанды қатысушысына айналып, жаңа кезеңде елдің дамуына үлкен үлес қосып келеді, – деді Палата спикері.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы айқындап берген реформалар мен міндеттерді жүйелі әрі сапалы іске асыру үшін бірлескен жұмыстың маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі кезде мәслихаттар жергілікті бюджетті бекітеді және оның орындалуын бақылайды. Жергілікті атқарушы органдардың қызметіне мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ мәслихаттар еліміздің Парламент Сенатын жасақтайды.
– Жалпы, мемлекеттік басқару мен өзін-өзі басқару жүйесіндегі мәслихаттардың рөлі айтарлықтай күшейді. Президент реформаларының жаңа кезеңі баршамызға, оның ішінде мәслихаттарға да зор жауапкершілік жүктеп, жаңа талаптар қойып отыр. Ең алдымен, депутаттардың біліктілік деңгейін жоспарлы түрде арттырған жөн. Президент атап өткендей, мәслихат депутаттарының әлеуметтік-экономикалық мәселелерден хабардар болуы жеткіліксіз. Олар азаматтармен тиімді ашық диалог жүргізе білуі қажет. Жұртшылыққа ақпарат беріп қана қоймай, оған мемлекеттік саясатты түсіндіріп, сендіре алуы керек, – деді Сенат төрағасы.
Президент реформаларының келесі бір бағыты әлеуметтік саланы дамытуға да мәслихат депутаттарын жұмылдыру аса маңызды.
– Мемлекет басшысы атап өткендей, бюджет қаражаты азаматтардың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететін мақсаттарға бағытталуы керек. Бюджеттегі қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзінің барлық әлеуметтік міндеттемелерін толық орындап отыр. Жыл сайын зейнетақы мен жәрдемақыға индексация жасалады. Шәкіртақы мен бюджеттік ұйым қызметкерлерінің жалақысы да өсіп келеді, – деді М.Әшімбаев.
Секциялық сессиялар барысында Парламент және мәслихат депутаттары, сондай-ақ сарапшылар қалалар мен ауылдардың әлеуетін арттыру үшін барлық деңгейдегі депутаттардың, Үкімет мүшелерінің, сарапшылар қоғамдастығының күш-жігерін біріктіру ерекше мәнге ие екенін атап өтті. Онда өңірлердің экономикасын, агроөнеркәсіптік кешенді, ауылдық аумақтарды және қоршаған ортаны қорғау, жергілікті жерлерде әлеуметтік саясат пен инклюзивті қоғамды дамыту бағыттарына да басымдық берілді. Мәселен, Абай облысы мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы, Халықты әлеуметтік қорғау, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және спортты дамыту саласындағы тұрақты комиссияның төрағасы Риза Молдашеваның айтуынша, өңірде мүгедектігі бар жандардың үйден емін-еркін шыға алатындай мүмкіндігі жоқ.
– Облыстағы көпқабатты үйлерде арнайы пандус, арбаға ыңғайлы етіп жасалған есіктер мен лифт көп жағдайда стандартқа сәйкес келмейді. Өзге облыстарда да осындай жағдай. Елімізде мүгедектігі бар жандарға арналған спорттық кешен салу мәселесі де қолға алуды қажет етеді. Себебі жекеменшік спорттық мекемелерде қоғамның мүмкіндігі шектеулі тобына қажетті жағдай толық жасалмаған. Бізде ерекше талантты мүмкіндігі шектеулі балалар өте көп. Оларға арналған арнайы оқыту біліктілік курстары мен іс-шаралардың жиі ұйымдастырылуы да қажет. Бұл балалардың бос уақытын тиімді өткізуге, мәдени өмірге атсалысуға, спортпен шұғылдануларына жол ашары сөзсіз. Ерекше қажеттілігі бар жандардың кедергісіз өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау күн тәртібінен түспейтін мәселе болуы керек. Сондықтан оларға қолдау көрсету бағытындағы жұмыстар әлі де ширата түсуді қажет етеді, – деді Р.Молдашева.
Қазір елімізде 3 300-ден аса мәслихат депутаты бар. Сенат төрағасының айтуынша, олардың бәрі сайлаушылардың мүддесін қорғай отырып, мемлекет пен халық арасындағы алтын көпірге айналды деп айтуға толық негіз бар.
– Осы ретте әр депутат Мемлекет басшысы айтқан «Адал азамат» идеалдары жауапкершілік, адалдық, әділдік сияқты құндылықтардың жаршысы болуы қажет. Жалпы, Президент реформаларының жаңа кезеңін іске асыруда жергілікті билік органдарына ерекше миссия жүктеледі. Ал Сенат өңірлердің мүдделерін қорғайтын палата ретінде әрі қарай да әкімдіктермен және мәслихаттармен өзара тығыз жұмыс істей береді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен Парламент экономикалық саясаттың жаңа үлгісін және мемлекеттік басқару жүйесін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс жүргізіп келеді. Сенат осы іске мәслихаттарды тартып, олардың заң шығару жұмысына қатысуына үлкен мән беріп отыр, – деді М.Әшімбаев.
Сенат төрағасының айтуынша, жаңа Бюджет кодексін қарау кезінде 90-ға жуық түзету енгізілген. Олардың айтарлықтай бөлігіне өңірлер бастамашы болған. Жақын арада Сенатта Салық және Құрылыс кодекстері, Банктер туралы жаңа заң талқыланады. Осы заңдарды қарауға да мәслихат депутаттары жұмылдырылады.
Сенат пен мәслихаттардың өзара іс-қимылының тағы бір бағыты – өңірлердің дамуына ықпал ету. Осы бағыттағы өңірлердің ұсыныстарын республикалық бюджетті қараған кезде Сенат ескереді. Жалпы, Сенат мәслихаттардың қаржылық мүмкіндіктерін кеңейтуге, олардың бақылау және өкілдік функцияларын күшейтуге арналған бастамаларды ілгерілете бермек.
Бірлескен жұмыстың тиімділігін барынша арттыруға Сенат жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің жұмысы да жаңғыртылып, жаңа форматқа ауысып жатыр. Сондай-ақ методикалық және ұйымдастырушылық мәселелер бойынша мәслихаттарға қолдау көрсетілмек. Соның аясында тұрақты семинарлар мен тренингтер өткізу, депутаттардың біліктілігін арттыру жұмыстары жалғасын табады. Өңірлер арасында озық тәжірибелермен алмасу және мәслихаттардың материалдық-техникалық базасын күшейту де – басым міндеттердің бірі. Бұған қоса Сенаттың Жобалық кеңсесі мәслихат депутаттары мен облыс жұртшылығының ұсыныстарын қабылдауды жалғастырып, олардың палатаның заңнамалық күн тәртібіне енгізілуін қамтамасыз етеді.
Кеңейтілген отырысқа Парламент және мәслихат депутаттарымен қатар Премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев, Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Әсет Ерғалиев, Қаржы министрі Мәди Тәкиев, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасының Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, халықаралық ұйымдардың, академиялық және сараптамалық қоғамдастықтың, сондай-ақ азаматтық сектордың өкілдері қатысты.