Біз – қазақстандықтармыз!
“Егемен Қазақстан” ел газеті ретінде мемлекет өміріндегі елеулі оқиғалардың қай-қайсысына да қатысып, өз үнін қосып отырады. Осы ойдың тағы бір дәлелі – басылымның кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында өткізген фотокөрмесі.
“Ертең осы ғимаратта Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымының төзімділік пен кемсітпеушілік жөніндегі жоғары деңгейдегі конференциясы ашылады. Осы оқиғаның алдында “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамы Қазақстан халқы Ассамблеясымен бірлесе отырып, “Қазақстан – достық пен келісім мекені” атты фотокөрме ұйымдастыруды орынды деп тапты”, деді көрмені ашардағы кіріспе сөзінде басылым басшысы Сауытбек Абдрахманов.
Көрмеге осы тақырыптың таңдалуы да, оның ЕҚЫҰ аясындағы алқалы жиын өтіп жатқан ғимаратта ұйымдастырылуы да заңды. Расында да, Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігінің 20 жылға да жетпейтін тарихында әлемге әйгілі мемлекетке айналуында, саясаты тұрақты, экономикасы қуатты ел ретінде мойындалуында, кешегі кеңестік кеңістіктегі елдер арасынан тұңғыш рет, Азия құрлығындағы мемлекеттер арасынан тұңғыш рет, түркі тілдес мемлекеттер арасынан тұңғыш рет Еуропадағы Қауіпсіздік пен ынтымақтастық ұйымына төрағалыққа сайлануында осы мәселенің, яғни көп тілді, көп дінді, көп этносты елде достық пен келісім ахуалын сақтауға қол жеткізуінің де үлкен орны болды.
Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев егемендіктің елең-алаңынан, тәуелсіздіктің таңсәрі шағынан біздің басты байлығымыз – бірлік екендігін, көпэтносты мемлекеттің әлсіздігі емес, қайта қуаттылығының бір белгісі ретінде қарауға болатындығын талмай айтып, кең байтақ Қазақстанға әр ғасырда, әр кезеңде, әр түрлі жағдайда келген барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамытуға қажетті жағдайларды жасаумен келеді. Соның арқасында талайлар ұлтаралық шиеленістер алдымен осы жерден шығады деп болжам жасаған Қазақстан керісінше, достық пен келісімнің үйренерлік үздік үлгісіне айналды. Қазақстанның этносаралық татулықты сақтаудағы моделі бүгінде бүкіл әлемге танымал болып отыр.
Басылым басшысы ұлы Абайдың: “Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп”, деген өлең жолын мысалға келтіре отырып, Қазақстан халқы ақын атаның осы аманатына адалдығының арқасында сүттей ұйып, ортақ Отанының – тәуелсіз Қазақстанның өркен жайғанына куә болып отыр. Президентіміз Қазақстанның басты байлығы оның жер қойнауындағы қазынасы, мұнайы мен газы емес, адамдары, адамдардың жүрегіндегі жылылық, жарастық, бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай татулық, деген ойды үнемі айтады. Көрме экспонаттары береке басы бірлік, ырыс алды ынтымақ екенін сурет өнерінің бейнелі тілімен танытуды мақсат тұтады.
С.Абдрахманов көрмені ұйымдастыруға жасаған көмегі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясына алғыс айтып, Ассамблея Төрағасының орынбасары Ералы Тоғжановқа сөз берді.
Ол Астана төрінде ашылған “Қазақстан – достық пен келісім мекені” атты фотокөрменің өткізілуіне жоғары баға беріп, оны ұйымдастыруға атсалысқан “Егемен Қазақстан” газетіне алғыс сезімін жеткізді. Алдағы кезде ата басылымның жолымен басқа да бұқаралық ақпарат құралдары халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты көрсетуге арналған іс-шараларды көптеп өткізуге тілектестігін білдірді. Сөз орайында Ассамблея Төрағасының орынбасары осындай көрмелер арқылы еліміз тәуелсіздігін алған кезден бері тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан Қазақстан халқының бүкіл тыныс-тіршілігін көруге болатынын, мұның өзі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп жатқан саясатына көрсетілген қолдау екенін, біздің бәріміздің ортақ шаңырақта тұрып жатқандықтан, бір-біріміздің жақсылығымызды асырып, өзге елдерге үлгі боларлықтай істерімізді әлемге таныту әрбір азаматтың міндеті мен парызы деген пікірін білдірді.
Расында да қазір біз алысқа бармай-ақ айналамызға қарасақ, Қазақстанның басқа елдерге үлгі боларлықтай жүргізіп отырған саясатын үлкенді-кішілі болып әлемге таныту қай-қайсымыздың да борышымыз екені сөзсіз. Өйткені, бүгінде елімізде халықтар арасында бірлікті сақтау, ынтымақты нығайтуда мән-маңызы жағынан ғасырға татитын істер көп. Мұны ең алдымен қазақ халқының өзінің кең жазиралы даласындай, кеудесі кемедей көңілімен, ғасырлар бойы ата-бабамыздан бойымызға тарап келе жатқан қонақжайлығымен, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсететін мінезімен, әр нәрсені терең ойлап, бажайлай алатын сана-сезімімен, алыстағыны анық аңғаратын ой-парасатымен, өресінің биіктігімен байланыстыруға болады. Қазіргі кезде осының бәрі қазақ халқының кеңпейілдігімен, бірлікті басты мақсат деп санайтын, өзге ұлттарды өзім деп білетін қасиеті Елбасының тәуелсіздігіміздің ақ таңы арайлап атқан кезден бергі саясатымен астарласып жатқаны әмбеге аян. Сонымен бірге халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты 1995 жылы Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі бірлікті сақтауға қосып отырған үлес-салмағымен де байланыстыра кеткеніміз жөн.
Фотокөрме жұмысының барысында Ассамблея мүшелері – Парламент Мәжілісінің депутаттары мен ұлттық мәдени орталықтардың өкілдері еліміздегі ауызбіршілік пен тұрақтылық жөнінде білдірген пікірлерінде жоғарыда келтірілген мәліметтермен толық келісетіндерін баса айтты. Украин ұлттық-мәдени орталығы төрағасының орынбасары Тамара Ширмер мен Чешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының өкілі Салман Героев тақырыпқа тұздық ретінде фотокөрменің мән-маңызын, оның адамның бойына отансүйгіштік сезімді қалыптастыруда атқаратын рөліне тоқталып, елімізде халықтар арасындағы бірлікті сақтауда, ынтымақты нығайтуда істелініп жатқан іс-шаралардың маңыздылығы жөніндегі ой-пікірлерін білдіре кетті. Мәселен, Т.Ширмер украиндардың Қазақстанға алғаш рет табан тіреген сонау XVІІ ғасырдан бастап жергілікті ұлтпен біте қайнасып, қазірде 450 000 қандастарының қазақ халқымен тату-тәтті өмір сүріп келе жатқанын айтса, С. Героев өткен ғасырдың 40-жылдарынан бері Кавказ халықтарының Қазақстанға еріксіз келгендерін, уақыт өте келе елімізді өз Отанындай көріп кеткендерін, жақында Ресейде олар “Қазақстан – менің екінші Отаным” атты басқосу өткізгендерін атап көрсетті.
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Людмила Хочиева Ассамблея тұжырымдамасында айтылған: “Қоғамда Қазақстан – біздің ортақ Отанымыз деген ұғым түпкілікті орнығуы қажет. Қандай ұлттың өкілі болғанына қарамастан, достық, татулық пен келісім ахуалын орнықтыруға жәрдемдесу – әрбір азаматтың борышы”, деген түсінік баршамыздың бойымызда қалыптасу керектігін, өйткені, біздің бір-бірімізге тірек болып, сыйласып өмір сүру ең маңызды да құнды қасиет екенін, оны сақтау бәрімізге зор тарихи сын болу керектігін атап өтті. Одан әрі ол елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатқан ұлттардың қазақ топырағы, қазақ халқы арқылы қаншама тағдыры өзгергенін, бүгінде оларға бәрі өз ана тілдерін, салт-дәстүрлерін сақтауға барлық жағдайдың жасалғанын, сондықтан олар Қазақстанды баршамызға алтын ұя бола білген мемлекет, бәріміз де үлкен үйдің уық қанаттарымыз, ортақ шаңырағымыз қазақ халқы, қазақ мәдениеті деп сезінетіндерін айтты.
Бұл орайда халық қалаулысының Мәжіліс мінберінен, мерзімді басылым беттерінен Қазақ елінің әрбір жетістігін, тағдырдың жазуымен осында қоныс аударған өзге ұлттардың ерекше мақтан тұтатынын тілге тиек етіп келе жатқаны белгілі. Қазір Қазақстандағы саяси тұрақтылық пен халықтар арасындағы татулықты биік мінберлерден ғана емес, қарапайым жұмысшы отбасыларының, қазақ даласына келіп, осы жердің топырағы мен ауасын жанындай жақсы көретін басқа ұлттардың да, шетелдіктер мен сондағы аузы дуалы саясаткерлердің де жасырмай айтқысы келетіндерін көріп жүрміз. Осы жағынан алғанда, еліміз мерейінің өскені, баршамыздың мәртебеміздің өскені деп білеміз.
Қорыта айтқанда, тақырып аясы жағынан алып қарағанда сан-салалы, көріністерді қамту мәселесіне келгенде өте ауқымды бұл көрнекі бейнелілік сипатқа ие мәдени шарада еліміздің тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Отанымызда тұрып жатқан 130-ға жуық этнос өкілдерінің татулығы мен ынтымақтастығын, соның негізінен келіп шығатын ел бірлігі мен тыныштығын сақтаудағы ерен еңбегі жарқын көрініс тапқанын атап айту жөн. Көрмеге қазіргі заманғы озық дизайндық, жоғары техникалық орындаушылық шеберлікке ие түрлі-түсті 62 жұмыс қойылған. Олар еліміздің 14 облысы мен Астана және Алматы қалаларындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының атқарып келе жатқан жұмысын, аймақтар мен өңірлердегі ұлттық мәдени орталықтардың тыныс-тіршілігін қамтып отыр. Бұл фотокөрмеде сонымен бірге елімізді өзінің Отаны, тағдыры, өмірі деп білетін этнос өкілдерінің тілі мен мәдениеті, салт-дәстүрлері анық әрі айшықты түрде жан-жақты көрініс тапқан.
Дастан КЕНЖАЛИН.