29 Маусым, 2010

ЖАҢАША ЖҰМЫС ІСТЕП ҮЙРЕНЕЙІК

444 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылу нәтижелері туралы бірер сөз Қазақстан Республикасы Пар­ламентінде қаралған Үкіметтің 2009 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есебі осының алдындағы есептерден едәуір ерекшелігі бар. Ол Қазақ­стан Республикасының жаңа Бюд­жет және Салық кодекстерінің негізінде әзірленген, 2009-2011 жылдарға арналған үш жылдық республикалық бюджет шең­берінде орындалған бірінші есеп болып табылады. Онда Қазақ­станның әлеуметтік-экономика­лық дамуының негізгі көрсеткіш­тері көрсетіліп, Мемлекет басшы­сының Қазақстан халқына Жол­дауында алға қойылған іс-шара­ларды іске асыру қамтамасыз етіл­ген. Бұл ретте оның қалып­тасуы нәтижеге бағытталған бюд­жет жасауды енгізуді көздейтін мемле­кеттік жоспарлаудың жаңа жүйесі­не сәйкес жүзеге асырыл­ғанын атап өткеннің артықтығы жоқ. Жаңа бюджет саясатын енгізу стратегиялық, экономикалық жә­не бюджеттік жоспарлауды үйлес­тіруге бағытталған болатын. Осы­ған байланысты бірінші атқарыл­ған бюджеттің қорытындылары депутаттардың үлкен қызығушы­лығын тудырды, өйткені, бұл жаңа бюджет саясатын енгізудің алғаш­қы нақты нәтижелерін көру мүм­кіндігін туғызды, сондай-ақ бюд­жет жасаудың жаңа тәсілдері­нің тиімділігін айқындауға мүмкіндік берді. 2009 жылғы бюджеттің ат­қарылуы туралы есептің маңызды­лығын ескере отырып, депутаттар оны жан-жақты қарап, жұмыс тобының отырыстарында, Парла­мент Сенаты мен Мәжілісінің тұ­рақты комитеттерінде талқылады. 2009 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Қазақстан Республикасы Үкіметі­нің және Есеп комитетінің есеп­терін қарау шеңберінде орталық атқарушы органдар мен өзге де орталық мемлекеттік органдар тыңдалды. Сонымен бірге, 2009 жылы дағдарысқа қарсы шаралар­ға бөлінген қаражаттың пайдала­нуы туралы ақпаратпен “Самұ­рық” ҰӘҚ” АҚ және “ҚазАгро” ҰБХ” АҚ-тың есебі тыңдалды. 2009 жылғы есепті талқылау нәтижелері бойынша Үкімет тұтастай алға қойған мақсаттарды атқарып, елдің әлеуметтік-эконо­ми­калық дамуының негізгі макро­экономикалық көрсеткіш­терінің орындалуын қамтамасыз еткенін атап өткен жөн. Үкімет уақтылы қабылдаған шаралар оң нәтижелер берді: Қазақ­стан экономикасы құлды­рау­ды болдырмай, өзінің макро­экономикалық тұрақтылығын сақтап қалды; қаржы жүйе­сінің тұрақ­тылығы қамтамасыз етілді; халықаралық жалпы ре­зервтер мен Ұлт­тық қордың ак­тивтері тұрақты дең­гейде; эконо­ми­каның бел­гілі бір деңгейде өсуі қамта­масыз етілді. Осылайша, Қа­зақстан Респуб­ли­касы Статистика агент­т­ігінің деректері бойынша 2009 жылы республикадағы ІЖӨ-нің жал­пы көлемінің индексі 15 887,8 млрд. теңгені құрады. 2009 жылы инфляция деңгейі 6,2 % болды. Ел экономикасының негізі болып отырған кейбір салаларда оң үрдіс сақталды. Ұлттық қордың қаражатын қоса алғанда (24,4 млрд. АҚШ доллары), елдің халықаралық резервтері 2010 жылғы 1 қаңтарда 47,6 млрд. АҚШ долларын құра­ды, бұл 2009 жылғы 1 қаңтарға қарағанда 1,9 %-ға артық. Екінші деңгейдегі банктердің экономика саласындағы кредиттік салымдары 2010 жылғы 1 қаңтар­дағы ахуал бойынша 7 644,1 млрд. теңгені құрады, бұл 2009 жылғы 1 қаңтармен салыстырғанда 2,5 %-ға көп болып отыр. Халықтың депозиттері 28,5 %-ға өсіп, 1 893,1 млрд. теңге болды. Бюджеттің атқарылуын қарап отырып, кіріс бөлігінде 2008 жыл­мен салыстырғанда оң серпіннің бар екенін атап өткен жөн. Егер 2008 жылы бюджет кірісі тек 99,6 %-ға ғана атқарылып, бюджетке 12,1 млрд. теңге түссе, 2009 жылы кіріс бөлігі 100,4 %-ға атқарылып, 2 779, 2 млрд. теңгеге жетті. Бұл ретте кірістердің орындалуы салықтық (1 451,0 млрд. теңге немесе 105,0 %) және салықтық емес (114,3 млрд. теңге немесе 127,5 %) түсімдер есебінен қамтамасыз етілді. Әрине, оң үрдістердің болуына қарамастан, 2009 жылы жекелеген позициялар бойынша түсімдердің төмендеуі орын алды. Мысалы, КТС бойынша 16,1 млрд. теңгеге, сондай-ақ негізгі капиталды сату­дан түскен түсімдер бойынша және трансферттердің түсімдері бойынша төмендеу байқалды. Бюджеттің шығыс бөлігін дина­­мика бойынша қарап оты­рып, бюджеттің осы бөлігінің ең жақсы атқарылу көрсеткіші 2008 жылы болғанын, ал ең нашар көрсеткіші 2009 жылы болғанын айту керек. Осылайша 2007 жылы шығыстар 98,8 %-ға орындалып, игерілмеген қаражат сомасы 26,1 млрд. теңгені; 2008 жылы 99,5 %-ға орындалып, ал орындалмау сомасы 12,5 млрд. теңгені құрады. Ал 2009 жылы шығыстар бойын­ша орындалуы 98,1 %-ды құрап, игерілмеген қаражат сомасы 59,4 млрд. теңге деңгейіне жетті, бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 4,7 есеге көп. Бұл ретте бюджеттің шығыс бөлігіне жыл сайын қомақты қаржы бөлінетінін атап өту қажет. Мысалы, 2007 жылы шығыстар 2 094 459,3 млрд. теңгені, 2008 жы­лы, ол 621 579,5 млрд. теңгеге өсіп, 2 716 038,8 млрд. теңгені құ­ра­са, 2009 жылы олар 3 178 048,4 млрд. теңгені құрады. Бұл 2008 жылға қарағанда, 462 009,6 млрд. теңгеге артық. Бұдан біз респу­бликалық бюджеттің шығы­сына бөлінетін қаражат динамика бо­йынша тұрақты түрде өсу үрді­сінде екенін және негізінен мем­лекеттің әлеуметтік міндетте­мелерін шешу­ге бағытталғанын көреміз. Мемлекет басшысының әлеу­мет­тік салаға қатысты тапсырма­ларын іске асыру үшін Үкімет барлық шараларды қабылдаған 2009 жылдың бюджеті де осындай. Мемлекет басшысының 2008 жылғы 6 ақпандағы “Қазақ­стан хал­қы­ның әл-ау­қа­тын арттыру – мем­лекеттік саясаттың ең басты мақсаты” атты Жол­дауын не­гізге ала оты­рып, зей­нетақының ең төменгі мөлшері – 9 875 теңгеге дейін, базалық зей­нетақы төлем­дер 5 388 теңгеге де­йін көтерілді. Зейнет­ақының орта­ша мөлшері 17 366 теңгеге жетті. Мемлекет басшысының 2009 жылғы 6 наурыздағы “Дағдарыс арқылы жаңару мен дамуға” атты Қазақстан халқына Жолдауы шең­берінде республика бюджетінен халықты жұмыспен қамту және жұмыссыздық деңгейінің елеулі өсуін болдырмау мақсатында 134,7 млрд. теңге бөліп, ол “Жол карта­сын” іске асыру шеңберінде пай­даланылды. Жол картасының инвестиция­лық жобаларын іске асыру басталғалы бері 258 585 жұмыс орны ашылып, 247 822 адам жұмыспен қамтылды. Алайда, Үкіметке және оның дағдарысқа қарсы шараларына оң баға бере отырып, біз депутаттар, Үкімет есебін қарау барысында қозғалған және талқыланған проб­лемалық мәселелерді айна­лып өте алмаймыз. Есепті талқылаған кезде даму­ға арналған нысаналы трансферт­терді бөлуге қатысты мәселелерге баса назар аударылды. Бұл ретте, бюджет қаражатының едәуір игерілмеуі нысаналы трансферт­тер­ге келетінін атап өткен жөн. Бүгінгі күні 16 өңірдің тек қана төртеуі өзін-өзі қамтамасыз етеді, ал 12 өңір дотациялық болып табылады. Депутаттар қазіргі таңда дотациялық өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуіне қол жеткізу жөнінде қандай да бір саясаттың жоқ екендігін әділ атап өтті. Осы мәселеде, мүмкін, Үкімет өңір­лерді субвенциялық санаттан шығу үшін көтермелейтін нақты шараларды пысықтауы қажет шығар. Бұл мәселені шешуде өңірлерге орталықтан дайын қаражатты күтпей-ақ, өздерінің ішкі қорларын барынша пайда­лануға мүмкіндік беретін жүйелік көзқарас қажет. Есепті талқылаған кезде көптеген мәселелер дағдарысқа қарсы шаралар шеңберінде Ұлттық қордан 120 млрд. теңге алған “ҰБХ “ҚазАгро” қызметіне байланысты болды. Депутаттар бұл мемлекеттік қаражаттың қаншалықты тиімді пайдаланыл­­ғанына, қандай нәтижелерге қол жеткізілгеніне, қанша жоба іске асырылғанына, сондай-ақ не іске асырылмады және себебі не екендігіне ықылас қойды. Неғұрлым көп талқыланған және депутаттар көбірек кінә қойған мәселе бюджет қаражаты­ның 60,1 млрд. теңге сомасында игерілмеуіне қатысты болды: оның ішінде 59,4 млрд. теңге бюджеттің шығыс бөлігін іске асырған кезде орын алса, 0,7 млрд. теңге бюджет кредиттері бойынша қалыптасты. Әрине, игерілмеген қаражат­тың белгілі бір бөлігі объективті себептерге байланысты: мемлекет­тік сатып алу нәтижелері бойын­ша үнемдеу, бағамдық айырманың өзгеруі, өкілдік және іссапар шығыстарын қысқарту және т.б. Бірақ, көптеген жағдайларда бұл әкімшілердің өз кінәсінен болғанын айтқан жөн. Өңірлерге барған уақытта депу­таттар алдында шешуі респуб­ли­калық қаражаты есебінен қаржы­ландыруды талап ететін проблема­лық мәселелер қойыла­ды. Алайда, бюджетті бекіткен кезде халықтың әлеуметтік елеулі проблемаларын шешуге бағыттал­ған көптеген де­пу­таттардың ұсыныстары Үкімет­тің қолдауын­сыз қалды және оларға бюджеттен қаражат бөлін­беді. Сонымен бірге бюджеттің орындалу нәтижесін қараған кезде біз бюджет қара­жатының айтар­лықтай игерілмей қалу жағдай­ларымен кездесеміз және осы орайда бұл үшін ешкім жауап бермейді, бұл өз кезегінде қаржы тәртібіне әсер етеді. Осыған орай, депутаттар бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланғаны үшін заңнамалық деңгейде дербес жауапкершілік белгілеуді ұсынды. Нәтижеге бағдарланған бюд­жет жасауды енгізген кезде мемлекеттік органдар өз жұмысын түбегейлі қайта құрады және өз ісінің мақсатына және нәтижесіне баса назар аударады, бюджет бағ­дарламалары дамудың страте­гия­лық мақсатымен қатаң бай­ла­нысты болады, ал бюджет ре­сурстары тиімді және сапалы нәтижелерге қол жеткізуге бөлі­неді деп болжанды. Жоғарыда айтылғандардан көріп отырғанымыздай, бюджет жүйесін реформалауды жүргізе отырып, біз әлі жаңа­ша жұмыс істеуді үй­рене алма­дық. Соны­мен қатар, 2009 жыл­ғы бюджет­тің атқа­рылу қоры­тын­ды­лары үш жыл­дық бюджетті іске асыр­ған кезде бюд­жет бағдар­лама­ла­ры­­ның әкім­шілері жа­ңа көз­қа­растарды пайда­лана алмаға­нын көр­сетті және тиі­сінше тиімді және сапалы нәти­жені қамтамасыз ету жөнін­дегі түпкі мақ­сатқа әлі қол жеткізілген жоқ. Мүмкін, бюджетті орындауға байланысты мұндай жағдайдың себебін бюджетті жоспарлау қате­ліктерінен іздеген жөн болар. Осы мәселеде бюджеттің атқа­рылуы төрт кезеңнің: жоспарлау­дың, орын­даудың, тексерулер мен түзе­туші іс-қимылдардың бірлігін қамтамасыз ететін жүйелі көзқарас қажет. Осындай көзқарас шең­берінде әрбір бюджеттік цикл алдыңғы бюд­жеттік циклде ал­дын-ала ма­құл­данған тиісті жылға ар­нал­ған орта мерзімді қаржы жос­парының негізгі өлшемдерін қа­рау­дан, сырт­қы факторлар мен жағ­д­айларына талдау жасаудан, жоспар жасалып отырған жылдағы негізгі бюджет­тік көрсеткіштерге енгізілетін өзгеріс­терді негіздеу­ден, сондай-ақ келесі жылдарға арнал­ған бюджет­тік жо­ба­лауларға түзету енгізуден немесе оларды әзірлеу­ден бас­талуы қажет. Бюд­жетті мемлекет­тік саясаттың мақ­саттары мен жоспарланатын нәти­желерін негізге ала отырып қа­лыпт­астыру қажет, ал бюджет шы­ғыстары бюд­жеттік бағдарла­малар шең­берінде түпкі нәтиже­лерге қол жеткізуге қызмет етуі тиіс. Төлебек ҚОСМАМБЕТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика ғылым­дарының кандидаты.