Қостанай облысында бір күнде таңдай қаққызар екі бірдей ауыл шаруашылығы кәсіпорны жұмысын бастады. Облыста жылдың бірінші жартысында 6 инвестициялық жоба пайдалануға берілуге тиіс. Оның біреуі өндірістен де, қалған бесеуі ауыл шаруашылығын дамытуға бағытталған. Қостанай ауданындағы “Жас қанат” құс фабрикасының қызыл лентасын облыс әкімі Сергей Кулагин қиды.
– Жергілікті базарда азық-түлік молшылығын жасау, жұмыс орнын ашу, салық түсіру –инвестициялық жобаларды жүзеге асырудағы негізгі мақсат. Ал мұндай жобалардың он бірі өмірге жолдама алса, келесі жылы бітуге тиіс төрт жобаның қазығы қағылды, – деді Сергей Кулагин.
Бұл кәсіпорынның құрылысы мен жабдығына 598 миллион теңге қаржы жұмсалды. Мұнда 80 адам құс өсіріп, қанатты қазынадан нәпақасын табатын болады. Германиялық жабдық балапандарды торда ұстамай, еркіндікте жемдеуге арналған. Республикадағы индустрияландыру картасына енген бұл құс фабрикасы жылына 2 мың тонна құс етін өндіреді.
– Кәсіпорын өндірген қоңды құс еті жергілікті базарға шығарылады. Азық-түлік молшылығына үлес қосып ғана емес, оның арзандауына да атсалысамыз. Біздің фабрика өндірген құс еті базардағы нарықтан кем дегенде 15 пайызға арзан болады. Фабриканың облыс орталығының іргесінде оналасуы, тасымалға шығынның аз жұмсалуы да өнімнің өзіндік құнының арзандауына мүмкіндік беріп отыр,–дейді “Жас қанат” қоңды құс фабрикасы” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Ирина Киселева. Сонымен қатар “Жас қанат” жылына қазынаға 150 миллион теңге салық салатын болады.
Федоров ауданындағы “Тұрар ” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жаңа үлгідегі сауын фермасын салып жатқанына үш жылдай уақыт болған еді. Сауын сиырлар тұратын кешен құрылысының барлық қаржысын ауыл шаруашылығы кәсіпорнының өзі көтерді. Бұл инвестициялық жобаның ерекшелігі болып саналады.
– Ауылды малсыз қалай елестете аласың? Мал шаруашылығын біз бұрынғы таптаурын жолдан алып шыққымыз келді. Дамыған елдердегі сияқты сүт өндіруде неге компьютерлік жаңа технологияға көшпейміз? Осы ойымызды жүзеге асыру үшін алдымен құрылысты бастау керек болды,–дейді “Тұрар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қайрат Оспанов.
Кешен құрылысы серіктестікке 377 миллион теңгеге түсті. Кең де жарық базаларда қара сиырлар байланбай, еркін жүреді. Сүт сауу кешенді жабдығын “Қазагро” ұлттық басқару холдингі акционерлік қоғамы Германиядан алдырды. Мұнда қазір 500 сиыр сауылады. Жақында құрылысы бітетін келесі базаға тағы да 500 сиыр әкелінетін болады. Үздік технологияның артықшылығы сол, әлгі 500 сиырды үш сауыншы ғана сауады. Олар “карусельде” айналып бара жатқан сиырдың желінін сулы шүберекпен тазартып, сауу аппаратын кигізіп тұрады. Бір сиырды саууға 15 минуттай ғана уақыт кетеді. Ал кешенде сауыншылардың жуынатын, демалатын бөлмесі, лаборатория, сүт сақтайтын жабдық орналасқан. Жылына шаруашылықта 6 мың тонна сүт өндірілетін болады. Ол Қостанай қаласындағы сүт зауыттарына жіберіледі.
“Тұрар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі облыста германиялық озық технологияны жүзеге асырып отырған үшінші шаруашылық. Ол ауылдағы 20 адамға жұмыс беріп отыр. Осы жердегі “Шаңдақ” кеңшарының тоз-тозы шыққан нарық жылдары ауыл әйелдері сүтті компьютерлендірілген аппаратпен сауамыз деп ойлап па? Ал Қайрат Оспановтың шаруашылықты кеңейту ойында бар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай облысы.