Кеше Мәжіліс Төрағасының орынбасары В.Бобровтың жетекшілігімен “Қазіргі бар экологиялық проблемалар және оның шешілу жолдары” атты Үкімет сағаты болып өтті. Онда Қоршаған ортаны қорғау министрі Нұрғали Әшімов баяндама жасады.
Министр 2007-2024 жылдарға арналған орнықты дамуға көшу тұжырымдамасының дайындық кезеңі ойдағыдай іске асырылғандығын ерекше атап өтті. Оның мәліметіне қарағанда, шаруашылық қызметтерін тоқтата тұруға қатысты 210 материал сотқа жіберілген. Ағымдағы жылдың төрт айында азаматтарға жалпы сомасы 726 мың теңгеге 110 әкімшілік, ал лауазымды тұлғаларға 13 миллион теңгеге 622 айыппұл салыныпты. Қатаң шаралар нәтижесінде қоршаған ортаға шығарындылар 6 пайыз және ластанған сулар төгінділері 1,7 пайыз төмендетілген. Сонымен қатар, түскен төлемдер көлемі жыл сайын артуда. Атап айтқанда, 2008 жылы 66,5 миллиард теңге, 2009 жылы – 85,2, 2010 жылдың І жартыжылдығында 47,9 миллиард теңге төлем қабылданыпты. 2009 жылдың қорытындысы бойынша ең төменгі табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру Батыс Қазақстан облысында (1,5 %), Павлодар облысында (4,8 %), Қарағанды облысында (5,1 %), Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облысында (8 %) байқалған.
Халықаралық көміртекті сауда алаңына қосылатын ішкі көміртекті нарығын құру үдерісі елімізде де басталып, ол “Еуразиялық Сауда Жүйесі” Тауарлық Биржасы” акционерлік қоғамымен бірлесіп жүргізілуде. Таза Технологиялар Қоры таза технологиялар бойынша жобаларды қаржыландыру үшін Қазақстанға 1 млрд. 269 млн. АҚШ доллар көлемінде қаржы бөлінгені белгілі болып отыр. Нұрғали Әшімов жаһандық экологиялық қордың және басқа да халықаралық ұйымдардың қолдауымен шамамен 100 млн. долларға 12 толық көлемді жобалар іске асырылуда екендігімен де бөлісті. Оның ішінде жел энергетикасы, биоалуандылық, сулы-батпақты алқаптар және басқа да нарықты дамыту бойынша жобалар да бар. Дүниежүзілік Банкпен бірлесіп Қарағанды облысы Шет ауданындағы қуаң жерлерді басқару жобасы іске асырылса, 2011 жылдан бастап осыған ұқсас жоба Қызылорда облысында қолға алынатын болады.
Еліміз өзендерінің жартысына жуығы көрші мемлекеттерден бастау алады. Осыған орай үстіміздегі жылы 26-28 мамырда Пекин қаласында трансшекаралық сулардың су сапасын қорғау туралы келісім жобасын екі елдің (Қазақстан мен Қытай) табиғат қорғау ведомство министрлерінің орынбасарлары деңгейінде талқылау бойынша арнайы отырыс өткен-ді. Сондай-ақ Аралды құтқару халықаралық қорының Орнықты дамуы жөніндегі мемлекетаралық комиссиясы шеңберінде жұмыс жүргізілуде. 2010 жылғы қазанда Астанада өтетін 3-ші тараптар конференциясына жерүсті көздерінен ластануды алдын алу жөніндегі хаттамаға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілген. Биоалуандылық мониторингін қоса алғанда, Каспий теңізінің қоршаған ортасы мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған мемлекеттік жүйесін құру ұсынылып отыр. Еуразия су орталығының қызмет етуі үшін Астана қаласында су сапасының заманауи зертханасының құрылысы жоспарлануда, деп ерекше атап өтті Қоршаған ортаны қорғау министрі. Тағы бір белгілі болғаны, Ресей тарапымен “Байқоңыр” кешені аумағында еліміз заңнама талаптарын сақтауды көздейтін жаңа Хаттама ережесі келісіліпті. Министрлік үстіміздегі жылдан бастап ғарыш айлағында табиғат қорғау заңнамасын сақтауға алғаш рет тексеріс жүргізуді бастаған.
Сонымен қатар Н.Әшімов қалдықтардың 30 миллиард тоннадан асқандығын, соның 100 миллион тоннасы тұрмыстық қатты қалдықтар (ТҚҚ) екендігін жеткізді. Келтіріліген мәліметтерге қарағанда, жыл сайын 700 миллион тонна өнеркәсіптік, оның ішінде 250 миллион тоннаға жуық улы қалдықтар түзіледі екен. Тұрмыстық қатты қалдықтардың шамамен 5 пайызы кәдеге жаратылуға немесе өртенуге жатады. Қалдықтар паспорттарының кадастры және тізілімі құрылды (30 мың паспорт, 7,5 мың кәсіпорын). 90-жылдары Ертіс өзені бассейнінің жерасты көкжиектерінде жалпы ауданы 5 шаршы метрді құрайтын 6460 тонна авиациялық керосин барлығы анықталған. Оны тазартуға министрлік 69 миллион теңгені 2011-2013 жылдарға арналған бюджеттік өтінімге енгізіпті. Соңғы жылдары Семей полигоны аумағында шаруашылық қызмет белсендіріле түсті. “Қаражыра” көмір кен орны өңделуде, “Жақсытұз” көлінен тұз өндірілуде, геологиялық-барлау жұмыстары жүзеге асырылуда. “Азғыр” және “Капустин Яр” полигондары ауданындағы халық денсаулығының айтарлықтай нашарлауы аса алаңдаушылықты туғызуда. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері сынақтар салдарының халық денсаулығына әсері туралы бір жақты жауап бермейді. Сондықтан, олардың пайда болу себептерін анықтау үшін қосымша кешенді зерттеулерді жүргізу қажет.
Депутаттар өз сұрақтарында көптеген экологиялық өңірлердің мәселесін жан жақты көтеріп, біраз ойларын ортаға салды. Нәтижесінде Қоршаған ортаны қорғау министрінің “Қазіргі бар экологиялық проблемалар және оның шешілу жолдары” тақырыбында жасаған баяндамасын назарға алу туралы шешім шығарды.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.