30 Маусым, 2010

НӘЗІК ҮН ТЕРБЕП ДАЛАНЫ

605 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Елорда күні қарса­ңын­да “Альянс Банк” жұрт­шы­лыққа ерекше сый әзір­леді. Президенттік мәде­ниет орталығында әйгілі скрип­ка­шылар Арман Мыр­­за­ға­лиев пен Анас­та­сия Хит­рук­тің өнер кешін ұйым­дас­тырды. Класси­калық аспап­та орындау­шы­лардың мере­келік ша­шуы 3 шілдеде ал­маты­лықтарды шат се­зімге бөлеп, Құрманғазы ат­ын­дағы Қазақ ұлттық кон­серваториясында жалға­сады десек, бұл елдің мәдени өміріндегі елеулі оқиғалардың бірі болып қаларына сенім мол. Жас та болса атақ-даңқтары Аме­рика, Ұлыбритания, Ресей, Испа­ния, Германия, Оңтүстік Корея сияқты тағы да басқа бірталай өр­кениетті елдердің назарын аудартқан скрип­кашылар Арман Мырзағалиев пен Анастасия Хитрук қосылып концерт береді екен деген хабарды естіген жұрт қалайда осы кешті қалт жіберіп алмауға тырысқан. Шара “Солистер академиясы” мемлекеттік камералық оркестрі сүйемелдеуімен өтті. Әлемге әйгілі скрипкашылардан Айман Мұсақожаева, Марат Бей­сенғалиев сынды тарландарды жұрт жақсы білетін еді. Арман аты шет-елдік тыңдарманға етене таныс десек те, өз елінде көп естіле қоймаған тың есім болғандықтан, әңгімені әуелі осы музыканттан бастағанымыз жөн шығар. 1986 жылы Алматыдан білім қуып, Ресейге аттанады. Әуелі Мәс­кеуге тоқтайды. Мәскеудің аты – Мәскеу. Мұндағы мектептен дәріс алу деген сөз әлемдік сахнаны ба­ғындырудың баспалдағы дегенмен бір­дей. Дегенмен, ол мұнымен шек­телмейді. Жас қазақ мұхиттың арғы жағынан  бір-ақ шығады. Байсейітова атындағы мектеп пен Чайковский атындағы консерваторияның түлегі туған жерден алыста жүріп, ондаған елдің сахнасында Левон Амбар­цу­мян, Жозеф Сильверстайн, Алек­сандр Князев, Иври Гитлис сынды өнердің ірі өкілдерімен қатар өнер көрсетіп, бірталай халық­аралық кон­курстардың лау­реаты ата­нады. Жас музы­кант өнер тарихына өзінің өшпестей өрнегін қосып, 2001 жылы Отанға оралғалы жұрт бұл өнер­­паздың өне­ріне өте қызығушылықпен үңілуде. Ол бүгінде Бос­тонда тұ­рады. Алайда, қазақтың қара баласы қай елде, қандай қалада тұрсын, бірақ қа­зақ­тың атын шы­ғарып, қа­зақтың бала­сының талантын паш етіп жүрсе, неге мақ­танбасқа?! Туған жер дегенде жүрегі елжі­ремейтін жан бар ма, сірә. Перзенті ретінде әр адамның оған ішінен арнайтын ерекше бір жылы үні болуы керек қой. Арман сол үнді скрипка тілімен түйіндеп берген сияқты бол­ды. Классикалық музыканың қазіргі кезеңмен үйлесетін тың үлгісін ойлап табуға тырысты. “Реми” триосын құрудағы мақсаты осы болатын. Өзі скрипкада, Ерлан Мансұров пиа­ни­нода, Алексей Найденов виолончель­де ойнайды. Бір қызығы, үшеуі үш елде тұрып жатыр. Концерттік бағ­дарламаларға жан-жақтан жұмыла кетуі “Реми” көкжиегін кеңейтіп, өзде­рінің жеке альбомын бастырып шығарған. Арман осы трионы халық­аралық шыңның ұшына орнықтыр­сам деп армандайды. Гаухар Мыр­за­бекова жетекшілік ететін “Қазақстан камератасы” мемлекеттік ансамблімен кезінде бірге өткізген өнер кешінің әсері әлі түгел тарқап үлгермеген. 1999 жылы АҚШ-тағы қазіргі заманғы музыкаға арналған VІ ха­лықаралық фестивальде лауреат атан­ған ол он бес жылдан астам уақыттан бері Бостонда тұрып жатқанмен, туған жерге ат басын жиі бұрып, енді міне, елорда төрінде қала күні мерекесіне лайықты шашуын түйіп келіпті. Классикалық музыканың жаңғырған тынысына ілесу екінің бірінің батылы жете бермейтін қадам екенін Арман осы кеште өз өнерімен айқын көрсетіп берді. Классиканы қазіргі ырғақпен, жартылай эстра­далық, жартылай джазбен орындауға кімнің тәуекелі жетеді? Бах шығар­маларына ХХІ ғасыр бояуын қосып, әлем классикасына қайталанбас өрнек төккен Арманның адымы осы шарамен шектелмейтін түрі бар. Мад­рид, Лондон, Сеул, Лейпциг, Буда­пешт, Мәскеу сахналарының шымыл­дығы ол орындаған туын­дылар ру­хы­мен желпінген. Иосиф Сильверстайн, Иври Гитлис, Геринг Шеринг, Фран­ко Гулли, Гидон Кре­мер өнеріне бас иіп, Леон Кир­шнер, Менахем Прес­слер, Андраш Киш, Рафаэль Хил­лиэр, Александр Брусиловский сынды қазіргі заманғы әртістермен шығар­машылық байла­ныста жұмыс істеуі оған құс қана­тындай шабыт бітіріп, асқақ шыңға жетуге талпындырған. Өнерге сегіз жасынан бастап құ­мартқан Анастасияның асқан шыңы да аласа емес. АҚШ, Австралия, Бол­гария, Франция, Италия, Ресей, Бразилия, Литва сынды елдердің белгілі оркестрлерімен қосылып, Клод Бардон, Свилен Семенов, Хан­ну Линту мен Саулис Сондескис сияқты әлемге әйгілі дирижерлермен өнер көрсетуі бұл есімнің скрип­кашылар арасында қандай беделге ие екенін айқындаса керек. Ол Бол­га­рияның “Sala”, Францияның “Opera d, Avіgnon et des Payes deVaucluse”, “Theatre du Cavaіllon”, Италияның “Театро Карло Фениче”, Ресейдің “Эрмитаж”, Швейцарияның “Salons de Muіque” сынды дүние жүзіне мәшһүр мәдениет ошақтарында, фес­тивальдерде өзіне жұртты сүйсінте білді. Александр Брусиловский, Юрий Ганделсман, Давид Кореваар, Тассо Адамополос, Марк Песканов, Франкуа Салк, Татьяна Васильевна, Владимир Виннитский, Дэниел Проппер, тағы да басқа қазіргі заман­ғы камералық музыканың танымал жандарымен терезесін тең ұстап, ұмыт болып кете жаздаған немесе бұрын-соңды ешкім бармаған тың тақырыптарды табуымен ерекше­ле­неді. “Альянс Банк” акционерлік қоғамының Астана күні қарсаңында жұртқа ескі мен жаңаның тоғысуынан тұратын осындай ерекше музыкалық сый әзірлеуі тегін емес. Қос скрип­кашы әлем классикасының жауһар­ларын қазіргі заман үнімен мүлтіксіз жеткізді. Халық бағалайтын рухани қазына қашанда көне тамырдың бойына жаңа леп қосумен дүниеге ке­летіні белгілі. Арман мен Анас­тасия өнерінің осы бағытқа қарай көбірек ойысуы сүйсінтеді. Әрине, музыкалық інжу-маржандардың бастапқы қасиеті ешқашан жоғалмақ емес. Бірақ уақыт өрнегімен олар өз­герген түрде, жаңғырған үлгіде ара­мызға қайта оралып келіп отыратыны көңілді көгорайға жетелейді. Кештің көзді ашып жұмғанша тез өте шық­қанын қос музыканттың сол жолдағы еңбектерінің баянды жемісі деп бағалады жұрт. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.