30 Маусым, 2010

ТЕМІРТАУДАН ТҮЛЕП ҰШҚАН

881 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Иә, атақты білім ордалары мен шығармашылық мектептер секілді үлкен кәсіптік еңбек ұжымдары да өздерінде еңбек еткен жастарды құрыштай шынықтырып, болаттай бекіте отырып, өмір жолдарында жар­қын із қалдыратындығын, биік­терге қарай самғататындығын талай естіп-біліп те, көріп те жүрміз. Қазақстандағы сондай ұйымдардың бірі деп даңқы жер жарған атақты Қа­зақстан Магниткасы – Қараған­ды металлургия комбинатын айта­мыз. Міне, осы комбинатта еңбекте шыңдалып, тәрбие алғандардың бір­қатары қазіргі күні Ресей, Ук­раи­на, Беларусь секілді елдерде және басқа да шет мемлекеттерде еңбек етіп, сол елдердің тұлғалы аза­маттары деңгейіне дейін жетіп, ел мен елдің арасын жақындас­ты­руға дәнекер болып та жүр. Сондай тұлғалардың арасында Ресей Қар­жы-өнеркәсіптік топтары қауым­дас­тығының президенті, ЕурАзЭҚ іскерлер кеңесі үйлестіру кеңесінің төрағасы Олег Сосковецтің есімі дараланып көрінеді десек, артық болмас. Олег Николаевич Сосковец 1949 жылы 11 мамырда Талдықор­ған қаласында дүниеге келді. 1956 жылы Қарағанды қаласындағы орта мектептің бірінші сыныбына барып, оны ойдағыдай бітірісімен 1966 жылы Қарағанды металлургия ком­бинатына жұмысқа қабыл­данып, осы жылы комбинаттағы жоғары оқу орнының кешкі бөліміне түсіп, жұмыс істей жүріп білімін көтереді. 1971 жылы инженер-металлург дип­ломын алып шығады да ком­бинаттың металл өнімін табақшаға про­каттайтын №2 цехына вальцов­щик болып жұмысқа орналасады. Олег Сосковец металлург ре­тін­де қызметке кіріскен 60-ыншы жыл­дардың екінші жартысында Қа­рағанды металлургия комбинатын­дағы өндірістік үдерістер одан әрі жандана түскен еді. Нақ осы жыл­дары 2 кокс батереясы, көмір байы­ту фабрикасы, болат балқы­туға арналған 250 тонналық оттегі кон­верторлар кешені, жоғары қуат­ты слябо-прокат стандары, “1700” ыстық және “1700” салқын прокат агрегаттары өндіріске қосылды. 1971-73 жылдары 3-інші домна пеші, 3-інші оттек конверторы және қосалқы нысандар пайда­ла­ну­ға берілді. 1974 жылы маусымда жылдық қуаты 4 миллион 400 мың тонналық 2-інші агломерат фабри­ка­сы, 25 желтоқсанда 1 миллион 800 мың тонналық 4-інші домна пеші өз жұмысын бастады. Комби­наттағы төрт бірдей домна пеші көлемі мен қуаты бойынша алғанда бүкіл Кеңестер одағы бойынша алдыңғы орындарда болды. Оларда тәулігіне 5 мың тоннаға дейін шой­ын қорытылды. Ал қорытылған ме­талл тәулігіне 18-20 рет алынатын болды. Алып кәсіпорын үздіксіз даму үдерісін бастан өткеріп жат­қан нақ осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаев Қарағанды металлургия комбинатының партком хатшысы болып қызмет атқарған еді. Комбинат өміріндегі қайнаған жаңалықтар Олег Сосковецке де үлкен әсер етті. Алдыңғы толқынға және өзгеріс үстіндегі өмірдің ба­ғыт-бағдарына қарап бой түзейтін саналы да ақылды жас адамдар се­кіл­ді ол да өзінің әріптестерінің ара­сында еңбекке деген қабілет­ті­лі­гімен және барынша алға ұмты­лып тұратын күш-жігерімен көзге түсе бастады. 1972 жылы өзі еңбек ететін екінші цехта шебер, про­каттау бөлімшесінің бастығы қыз­меттеріне жоғарылатылды. 1976 жы­лы цех бастығының орынбаса­ры, артынша бастығы болды. Осы ретте Олег Сосковец еңбек еткен Қарағанды металлургия комбинатындағы прокат өндірісінің алар орны туралы айта кетсек ар­тық болмас. Жалпы қара және түсті металлургия салаларының қай қай­сысында болмасын олардағы про­кат өндірісінің маңызы зор деп есептеледі. Алынған өнімді про­каттау үдерісі жүзеге аспайынша кез келген металлургиялық өндіріс орны толық тұйық циклда жұмыс істей алмайды. Себебі, прокат өн­дірісінің даму деңгейі қара метал­лургияның техникалық деңгейі мен мүмкіндіктерінің анықтауышы іспетті. Міне, осы комбинаттағы прокат өндірісінің дамуына жас маман Олег Сосковец те өзіндік үлесін қосты. Ол 1981 жылы неғұрлым ірі­рек болып есептелетін №1 табақша прокаттау цехының бастығы, 1984 жылы комбинаттың бас инженері-директордың орынбасары болып жоғарылап, 1985 жылы Мәскеудегі Болат және қорытпа институтында болатты салқын әдіспен прокат­тау­дың тиімді технологиясын енгізу мәселесіне қатысты кандидаттық диссертация қорғады. 1984 жылы комбинаттың бас инженері, 1987 жылы директоры бо­лып тағайындалады. 1988 жылы одан да өрлеп, комбинаттың бас ди­ректоры болады. Осы ком­би­натта басшылық қызметте істей жүріп 1989 жылы Теміртау сайлау округінен КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланады. Шамасы, осы депутаттық кезең Олег Сосковецтің қызмет баспал­дақтарында одан әрі өсіп, одақтық дәрежедегі қызметтерге ауысуына үлкен ықпал еткен секілді. 1991 жылы ол Одақтың Металлургия министрі болып тағайындалады. Сөйтіп, Қарағанды металлургия комбинатында ширек ғасыр еңбек еткен қазақстандық азаматтың алдынан бұрынғы посткеңестік елдерге кеңінен танымал қай­раткер болудың сәтті мүмкіндігі түседі. 1992 жылы Одақтың тарауына байланысты КСРО Металлургия министрлігі де жойылды. Оның ор­ны­на бұрынғы одақтық респуб­ли­калар өздерінің дербес құрылым­да­рын құрды. Ресейде бұл құрылым “Росчермет” корпорациясы деп аталды. Олег Нико­лае­вич осы құрылымның президенті болды. Мұнан кейін 1992 жылдың нау­рыз айында Қазақстан Республика­сы­ Премьер-Министрінің орын­ба­са­ры – Өнеркәсіп ми­нистрі, Қа­зақстан өнеркәсіпшілері мен кәсіпкерлері одағының пре­зиденті болып қысқа мерзім жұмыс істеді де аталған жылдың қазан айында Ресей Федерациясының Металлур­гия жөніндегі комитетінің төрағасы қызметіне тағайындалды. Олег Соцковецтің мұнан кейінгі өмірі мен қызметі туралы ақпа­рат­тар­ды Ресейдің интернет ресурс­тарынан молынан кездес­тіруге болады. Өйткені, ол осы жылдары Ресейдегі ең ықпалды саяси қайраткерлердің біріне ай­налды. Черномырдиннің үкіметінде ең жауапты қызметтерді атқарды. 1993 жылдың 30 сәуірінде сол кездегі Ресей Федерациясының Пре­зиденті Борис Ельциннің жар­лығымен Ресей Министрлер Кеңесі Төрағасының бірінші орынбасары болып тағайындалды. Ресейге барып жемісті қызмет етіп, санаулы уақыттың ішінде осы елдің ең ықпалды тұлғаларының біріне айналған жерлесіміз мұнан кейінгі жылдарда да биліктен көп алыс кеткен емес. Бірқатар жыл­дардан бері Ресей Қаржы-өнеркә­сіптік топтары қауымдастығының президенті қызметін атқарып ке­ле­ді. Сонымен қатар соңғы жылдары ЕурАзЭҚ іскерлер кеңесі үйлестіру кеңесінің төрағасы ретінде де маңызды мәселелердің шешіміне араласып жүр. Осы қызметтерінде Қазақстан мен Ресейдің арасында іскерлік байланыстардың орнығуы­на, ел мен елдің арасы жақында­суы­на өзіндік үлесін қосуда. Қа­зақстанға қызмет бабымен жиі келіп-кетіп тұрады. Мәскеуде Қазақстан достары клубының құрылғандығына да 4-5 жылдың айналасы болып қалды. Осыдан 4 жылдай уақыт бұрын Мәскеуде болғанымызда Олег Сосковецтің осы клуб жұмысына да белсене қатысып жүретіндігін байқадық. Атақты жерлесіміздің Темір­тауда қызмет етіп, Қарағанды металлургия комбинатының өркендеп өсуіне қосқан үлесі лайықты бағаланыпты. Осыдан біраз жыл бұрын оған Теміртаудың құрметті азаматы деген атақ берілді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.