30 Маусым, 2010

ТӨЗІМСІЗДІККЕ, НӘСІЛДІК КЕМСІТУШІЛІККЕ ҚАРСЫ КҮРЕС

861 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
– ДІНДЕР ЖӘНЕ СЕНІМ БОСТАНДЫҒЫ ҮШІН КҮРЕС Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында ЕҚЫҰ-ның Төзімділік пен кемсітушілікке қарсылық тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі конференциясы аясында ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы­ның төзімділік мәселесі жөніндегі 3 жеке өкілінің қатысуымен бас­па­сөз конференциясы өтті. Олар – ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сы­ның төзімсіздікке және мұсылмандарды кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі Әділ Ахметов, антисемитизмге қарсы күрес жө­ніндегі жеке өкілі Эндрю Бейкер және аталған ұйымның Іс басындағы төрағасының нәсілдік алалаушылыққа, ксенофобияға және кем­сі­ту­ші­лік­ке, оның ішінде христиан және өзге де діни сенім өкілдеріне қатысты төзімсіздік пен кемсітушілікке қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі Марио Мауро. Басқосу кезінде оған қатысу­шы­лар бұл конференцияның Қа­зақстанның беделді ұйым ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуіне байланысты ұйымдастырылған ауқымды шара екендігін, сол себепті мұндай ша­ралар бұдан да айрықша маңызға ие бастамаларға сеп болатынды­ғын атап өтті. Сондай шаралардың бірі – биылғы жылдың шілде айын­да Алматы қаласында өтетін Сыртқы істер министрлерінің ке­ңесі. Онда биылғы жылы Астанада өткізілетін ЕҚЫҰ-ның Саммитіне дайындық мәселелері қаралып, жан-жақты сарапқа түспек. Баспасөз конферен­циясы ке­зін­де БҰҰ-ның Іс басындағы төр­аға­сының төзімсіздікке және мұ­сылмандарды кемсітуге қарсы күрес жөніндегі жеке өкілі, Сенат депутаты Әділ Ахметов ЕҚЫҰ-ның Төзімділік пен кемсітушілікке қар­сылық тақырыбы бойынша жоғары деңгейдегі конферен­ция­сының ашылу салтанатында Қа­зақ­стан Пре­зиденті Нұрсұлтан На­зарбаев­тың үстіміздегі жылы ЕҚЫҰ Сам­митін Астанада өт­кі­зу­дің маңыз­ды­лығын ерекше атап өт­кенін тілге тиек етті. “Бұл бе­дел­ді ұйымның Саммиті ең соңғы рет 1999 жылы Ыстамбұлда ұйымдас­ты­рылған бола­тын. Сол уақыттан бері шешілуі кезек күттірмейтін өзекті мәселелер қордаланып қал­ды. Мәселен, Ауғанстан және Қыр­ғызстандағы жағдайлар. Мен ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблея­сы­ның Іс басындағы төрағасының жеке өкілі ретінде биыл Қырғыз­стан­да 3 рет болдым. Менің көз жет­кізгенім – бұл елде­гі жағдай әлі де тұрақсыз күйде тұр. Уақыт күт­тір­мей шешетін мә­се­лелер жеткі­лік­­­ті. Сол себепті бұл елдің бүгінгі үкіметіне өз хал­қы­ның сенімінен шығуы үшін көп тер төгуге тура келеді”, деді Ә.Ах­метов. Ол сондай-ақ конферен­ция­да сөз алған аза­маттардың бар­лығы дерлік аталған Саммиттің өтуін құп көріп, қолдау таныт­қандарын жеткізді. Сенат депутаты өз кезе­гін­де Еуропадағы мұсыл­мандардың жай-күйіне қатысты біраз құнды мәлі­мет­терді ортаға салды. Оның ай­туынша, бүгінде Еуропадағы мұ­сыл­мандардың саны 38 млн.-ға жеткен. Жыл сайын Еуропа елде­ріне 1 млн. шамасында мұсылман­дар келеді екен. Ал 50 жылдан кейін мұсыл­ман­дар Еуро­па­ның 20 пайызға жуығын құрай­тын көрі­неді. “Сол себепті, көп мәдениетті қоғамға әзірге балама жоқ. Мұн­дай қоғам барлық жерде бар. Мә­се­лен, біздің елімізде 46 діни конфес­сия бар. 130-ға тарта этнос өкілде­рі бір шаңырақ ас­тын­да өмір сүруде. Бұл өте нәзік мә­се­ле. Сондықтан оған аса сақтықпен қарауымыз қажет. Бұл ретте БАҚ-тың рөлі айрықша”, деді Ә.Ахметов. Ал ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының антисемитизмге қар­сы күрес жөніндегі жеке өкілі Эн­дрю Бейкер өз кезегінде бұл кон­ференцияның ЕҚЫҰ-ның даму сатысының бір көрінісі деген ойын жеткізді. “Бұл ұйым 2003 жылдан бас­тап қана антисемитизм, төзім­сіз­дік, ксенофобия, мұсылмандарды кем­сі­тушілікке қарсы мәселелерді өз назарында ұстап келеді. Алға­шын­да бұл мәселелер форум аясында тал­қыланып келді. Қазір бұл диа­логқа 56 мемлекет үкіметі қатысып отыр. Олардың әрқай­сының өз міндеті, өз жауап­кер­шілігі бар. Көптеген басқосу­лардағы баянда­ма­лардан аңғар­ғанымыз, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер үкіметтері осы мін­деттерді атқарудағы жауап­кер­шіліктерін әлі де толық сезінбей отыр. Үкімет осы міндеттердің орын­далуын да қадағалап отыруы қажет. Бұл мәселе жал­пы­ға ортақ стратегияны, бағдар­ла­маны қажет етеді”, деді Э.Бейкер. Баспасөз конферен­циясы ба­ры­сында сөз тізгінін ал­ған Марио Мауро әлемге алаңдау­шы­лық туғы­зып отырған мұндай көлең­ке­лі мә­селелер ежелден келе жат­қа­нымен, бүгінде олар жаңа заманға сай түрлі сипатта, түрлі қалыпта көрініс таба бастағанын атап өтті. “Ал бұл әлем­нің әр қиы­рындағы түрлі қоғамның бейбіт­шілікте, түсіністікте тіршілік етуі­не кедергі келтіруде”, деді М.Мау­ро. “ЕҚЫҰ өңі­ріндегі кез келген формадағы кем­сітушілік пен төзімсіздікке қасқая қарсы тұруымыз қажет. Себебі, нәсілдік алалаушылыққа, төзім­сіздікке, кемсітушілікке қарсы күрес – ол ең алдымен діндер бостандығы мен сенім бостандығы үшін күрес”, деді Марио Мауро өз сөзінде. Басқосу соңында оған қаты­су­шылар шетелдік және отандық жур­налистердің бірқатар сауал­дары­на жауап берді. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.