30 Маусым, 2010

ТӘКЕН ЖҰМБАҚТАРЫ

1026 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
Көрнекті қаламгер Тәкен Әлімқұловтың “Ел мен Жер” романы қолжазбасының толық нұсқасы табылды “Кенен, Кенен дейді ғой елдің бәрі”, деп Жамбыл жәкем жыр­лағандай, Тәкен деп тамсану­шылар да көп. Көп жартысының дүрмекке ілескен шіркіндер екенін де жүрек сезеді. Абай деп аһ ұру, Сәкен деп суырылу, Мұқағали деп мұңаю кейбіреулер үшін “танылу” мен “жанашыр” атанудың тәсілі болған ба деп те қаласың кейде. Тәкен ағаның қолжазбасы қолым 27 жасымда тиді. Ақ парақ­қа ірі әріп­термен жазылған шағын әңгіме екен. Шынымды айтсам, көзі тірі клас­сик­тің шығармасы үстелімдегі үйілген хаттардың арасында көп уақыт жатып қалды. Облыстық газеттің мәдениет пен әдебиет жағына жауап беретін бас­шысы, белгілі балалар жазу­шысы Әлдихан аға Қалдыбаев еді. Бөл­меме келген сайын: “Оу, бала, Тә­кен ағаңның әңгімесі не болды?” дейді. Дейдінің ар жағында: “Да­йындап берсейші”, деген тап­сырма тұр. Тап­сыр­маның ар жағында: “Дайын­дай­тын несі бар, мәшіңке басатын қыз­дарға ұсын­саң зыр еткізіп тереді де береді, сен үстінен бір көз жүгіртіп, қа­тесін түзет те алып кел”, деген ым жа­тыр. “Ым­ды түсінбеген дымды түсінбейді”. Әлдекеңнің қолына тисе: “Баспа­ханаға. Газетке жа­рыққа шықсын?” деп қол қоюға дайын. Бір күні Әлдихан ағаның шы­да­мы таусылды-ау деймін: “Әй, бала, сен осы Тәкен Әлімқұлов де­ген жа­зу­шыны оқып па едің өзің?” деп сал­ды. “Оқыдым”. “Қан­­дай дү­ниесін оқыдың?”. “Жұм­­бақ жа­нын”. Шы­нымды айт­сам, басын бас­тағанмен ая­ғына жете алмаған­мын. “Тағы қай шы­ғар­масын оқыдың?” “Тұлпардың тағдыры”. Бірақ мұны да оқып жарыттым деп айта алман. “Мұ­ның бәрі дұрыс қой. Сен оның әңгі­мелері мен повестерін оқы”. Сөй­тіп, Әлдекең Тәкеннің бір­неше әңгімелерінің атын атап, түсін түстеп берді. Осыдан кейін хат-хабарлардың арасынан Тәкен ағаның әңгімесін тауып алып, өзімді өзім орындыққа “таңып” тастап, мұқият оқи бастадым. Мұ­қият оқи бас­тағаным сол, ә дегенде қара­ба­йыр­лау көрі­ніп, түк “тартпай” қойған әңгіменің (да­йын­­дауға неге қолым бармай жүр­генін енді байқаған боларсыз­дар) жазушының өзіндік қолтаң­басына жолықтым. Әлдекең айтқан атақты әңгімелері сияқты шедевр болмаса да өзіндік өрнек бар. Тәкен аға­йымның әруағы кешірсін, әңгімені дайындау барысында “қы­ра­ғы­лым” ұстап бір-екі жерін “түзеттім-ау” деймін. Әңгіме көп ұзамай Жам­был облыстық газетіне жария­лан­ды. Ұмыт­пасам “Оралу” деген аты өз­ге­ріс­сіз қалды. Содан бері міне, 20 жыл­дан астам уақыт өтіпті. Өзім де Тәкен деп “там­санатын­дардың” біріне айналдым. “Шір­кін, сол қол­жаз­ба қазір қо­лымда болса ғой” деп ойласам бол­ды, өзегім өкініштен өртеніп кете жаздайды. Сол өкінішті жуып-шаяйын деп жақында өңірлік мұрағатқа барып, облыстық “Еңбек туы” га­зетінің өт­кен ғас­ыр­ды­ң 80-шы жылда­рынд­а­ғы сар­ғайған тігін­ділерін ерінбей-жа­лық­пай қарап, Тәкен ағаның баяғы әң­гі­месін тауып алдым. Көшірмесін жа­саттым. “Бір жоқты бір жоқ таба­ды” деген, әңгімені іздеп отырып Тә­кен туралы “Асыл аға” деген ес­те­лік­ке кез бол­дым. Оның да көшір­месін жаса­тып алдым. Авторы мойын­құм­дық агро­ном Найманхан Нүпбаев деген аза­мат атақты қалам­гермен дос бо­лып­ты. Тәкен аға сол жылдары Жамбыл облысының Мойынқұм ауданын көп аралапты. Алматыдан келген сайын бірінші хатшылар мен директорларға “көлік­пен қарсы ал”, “қонақ үй дайында” немесе “киіз үй тігің­дер” деп міндет артпастан бірден Най­ман­ханның шаңырағына тартады екен жарықтық. Естелік 1988 жылы Тәкен Әлім­құ­лов­тың туғанына 70 жыл толуына орай жазылыпты. Одан бері тура 21 жыл зу етіп өте шығыпты. Дереу Мо­йынқұм ауданының әкімдігіне теле­фон шалдым. “Осылай да осы­лай, ма­ған мүмкін болса, Найманхан де­ген азаматты табуға кө­мектес­сеңіз­дер”. Сөйтсем, өкінішке қа­рай, ол кісі 1995 жылы Новосібірде кә­сіп­керлік сапар­мен жүргенде көлік апа­тынан қайтыс болыпты. Отбасы Тараз қала­сына көшіп кеткен. Енді қайт­тім? “Сұрай-сұрай Меккені де таба­сың”. Көп кешікпей Найманхан ағаның үйіндегі жеңгейді таптым. Тәкен аға “Ел мен Жер” романының мә­шіңкеге ба­сыл­ған жуан қолжаз­басының бір нұс­қа­сын Найманханға тап­сырып, алғашқы бетіне “Тәкен Әлім­­құлов. “Ел мен Жер”. Роман. 1977. Найманхан Нүп­баевқа ескерме. Осы артық басты дана өзіңде тұрсын. Бұл кітап туралы өзіңнен азды-көп де­рек алғанмын. Ол үшін рахмет! Тә­кен.” деп иректеп қол қо­йып­ты. Ирек­­теп қойылған қолдың ізінен қа­лам­гердің аты анық оқылады. Баяғы өзім газетке дайындаған әңгі­меден есімде қалған қолтаңбаны бірден та­нып, көзіме сондай жылы­ұшырап кетті. Тәкен ағаның “Ел мен Жер” ро­ма­ны­ның 1977 жылы мәшіңкеге ба­сылған қолжазбасы 331 беттен тұрады екен. Ал “Жазушы” баспа­сынан 1978 жылы жарық көрген осы аттас ро­маны небары 151 бет қана. Демек, жар­­тысынан аста­мы қыс­қарған. Об­лыстық газеттегі мен сияқты бо­зым­­дардың өзі дүниесіне “қол салып” жат­қанда, “Жазушы” бас­пасы жам­поздарының қала­мы тіпті батыр келетін шығар. Әуес­тікпен ре­дакторы кім болды екен деп соңғы парағына үңілсем “Редакторы Т. Есімжанов” деп жа­зылыпты. Рецензенттері А. Жақ­сыбаев пен Ә. Дербісәлин екен. Тәкен ағаның артында қалған қол­жазбасы мен оның кітап болып жарияланған нұсқасының арасында жер мен көктей айырмашылық бар екені анық көрініп тұр. Бәлкім, тасқа басылғанда көлемі азайып қалған шығар деп екі дүниені жолма-жол салыстырып, тарауларын да түгендеп шықтым. Менің қолымда Тәкен ағаның кейін­гі жылдары қайта басылған бірқатар туындыларын айтпағанда, “Туған ауыл” (1968 ж.), “Күрең өзен” (1971 ж.), “Кертолғау” (1973 ж.), “Ел мен Жер” (1978 ж.), “Көкек айы” (1982 ж.) және “Музыкальная душа” (1984 ж.) атты көнерген кітаптары бар. Осы­лар­дың ішіндегі “Көкек айына” 7 әңгімесі мен “Ара­ша” атты повесі еніпті. Міне, осы повестен мен “Ел мен Жер” рома­ны­ның Найманханға берген қол­жаз­ба­сын­дағы бір бөлімін көрдім. Адам аттарына дейін өзгертілмеген. Бәл­кім, автордың өзі алып қалды, бәл­кім, жоғарыдан “қысқарт” деген тапсырма болды, бұл жағы белгісіз. Тәкен Әлімқұлов Жамбыл облы­сындағы Мойынқұм өңірі туралы алғаш 1977 жылы жазады. Жазғанда Дмитрий Фурманов пен Сәкен Сей­фуллиннің бұрынғы Гул­ев­ка, кейінгі Фурмановка (қазір Мо­йын­қ­ұм) ауы­лын­да бол­ғаны жөнінде ма­қала жариялапты. Жам­был облыстық газетіне шық­қан “Оралу” мен “Биші жылқы” деген әңгімелерін де Мо­йынқұмда, туған інісіндей болып кет­кен марқұм Най­манханның үйінде жатып жазған екен. Айтпақшы, “Оралу” әңгімесі бұрынғы-соңғы жарияланған ешбір кітабына енген жоқ. Тәкен ағаның мойынқұмдық аг­ро­номға ықыласы ауғаны сонша “Ал­ғырдың тамыры” атты әңгімесін Най­манханның әкесінің өмірінен алып жазыпты. Бірақ ол әңгіме болса да шағын энциклопедия сияқты жұртқа берер тағылымы мол дүние. Айта­лық, “Алғыр” деген шөп­ті бүгін­­гі жастар білмейді. Туын­дыда одан басқа да тұлпарлар мен сұң­қар­лардың, қо­рек­тік шөптер мен емдік өсімдіктердің түр-түрі мысалға кел­тіріледі. Оқып отырып жазу­шы­ның жетім-же­сір­лер несібесі қа­шан­нан жер­де еке­нін айтқысы кел­генін ұға­сың. Жәй айтпайды, майын тамызып әң­гі­ме­лейді. Жазушы де­ген ағайын мұ­ның бәрін қайдан біле береді деп ойлай­тындар да бар. Шы­нында кез кел­ген қаламгер туын­дысының тақы­ры­бына қарай химия, физика, ма­те­ма­тика, жағрапия, биология сияқты түрлі мамандық иесі болуы керек. Бол­масаң оқы, зерт­те. Әйтпесе, оқыр­манды сендіре алмайсың. Тәкен аға да бұл ретте өзі­нің білімі мен білігінің бастау бұ­лағын іздену, оқу арқылы таб­атынын жасырмайды. Мысалы, кезінде “Ко­неводство” журналын жаздырып алып, үзбей оқу арқылы әйгілі “Ақбоз ат” романын жазу қалам­герге аса қиынға түспепті. Тәкен ағаның бір жақсы қасиеті сыйластарымен үнемі хат жазысып, хабарласып отырған. Әсіресе, Созақ ауданының Құрметті азаматы, бү­­гінде ортамызда жоқ Сапарбек Соп­­беков бауырына көп хат жазған. Оның бәрі жа­рық көрді. Мұндай хаттар Найман­ханның атына да келіпті. “Найманхан! Сенің хатыңды алғанмын. Қазір “Дом творчествода” жатырмын. Жиын-терін біткен шығар. Мей­рам­ды осы жерден қарсы алайық. Менің іші­ме жыл­қының қартасы жағушы еді. Жуылмаған қарта – ем. Күз­дің көзі-қырауда бұзылмайды. Тап­саң, ала келерсің. “Простор” жур­­­налының осы ноябрь айындағы санында “В отро­гах Каратау” атты мақала шығады. Ішінде сенің фа­ми­лияң бар. Ш.Бер­­­сиев ту­ра­лы ма­қалаңды пайда­ландым. Сәлем­мен – Тәкен. 30/Х-1982 ж.”. Бұлай деп ел ішіндегі аға­йын­дарымен етене араласатын жазушы ғана жазады. Орыстардың “дере­венская литера­тура” дегені сияқты қазақ әде­бие­тінде де ауыл адам­дарының мінез-құлқын айналшық­тайтын қалам­герлер шоғыры жетер­лік. Бірақ ауыл-аймақ, бота-тайлақ, ел мен жер дегенде Тәкен сөзінің сөлі мол, суреті тұнық. Әлгі аңсары ауған қартаның дәмі сияқты аузыңды уылжытып жібереді тіпті. Әрине, ойлан­дыратын сөйлемдері де бар. Мысалы, біз жақта­ғыл­ар­дың құлағына “қыстың көзі-қырауда” деген тіркес сіңісті болып қалған. Тәкен аға оны “күздің көзі-қырауда” дейді. Кейбір дүние­лерінде “от басы, ошақ қасы” дегенді “от басы, ошақ бұты” дейді. “Қайсы­сын қолданған дұрыс” деп ал, ойлан­бай көр енді. “Ел мен Жер” романы­ның қолжазбасының алғашқы бетіне жазылған сөздегі “Осы артық басты дана өзіңде тұрсын” (ерекшелеген автор) деген сөйлем мен Найман­хан­ға хатындағы “Менің ішіме жыл­қы­ның қартасы жағушы еді. Жуылма­ған қарта – ем” деген сөзде де тек қана Тәкен ағаға тән бір қазақылық бар. Тәкеннің ағайыны, Созақтағы жаны жайсаң азамат Сапарбек Соп­беков еді дедік қой. Сол кісімен бұры­­нырақта болған сұхбатымда жазу­шының әкесі туралы жазған едім. Бұл жолы Тәкеннің әкесі туралы және бір деректерге кездестім. Оның біз сүйін­шілеп отырған “Ел мен Жер” ро­манының толық нұс­қа­сына да қаты­­сы бар. Жазушы: “Най­ман­хан, сен әкеңді ұмытқан жоқсың ба? Әкені ұмытуға болмайды. Менің әкем Әлімқұл Тоқпанбетов Тұрар Рыс­құ­лов­тың арқасында болыс бол­ған. Ол “Ел мен Жер” романында Но­ғайқұл Торанғұлов болып айтыла­ды. Ал мен сол романдағы Назар­құлдың қолында тәрбиелендім. На­зар­құл деп Әлімқұл­дың інісі Керім­құлды алғанмын. Ол кедей еді. Екін­ші әйелі әлі тірі. Созаққа барғанда өзің көрген бүкір кемпір сол. Аты Дәліш, менің екінші шешем. Кі­тапта Зияш деп аталады”, депті. Тәкен аға­ның Найманхан марқұмға айтуынша Дәліш апамыз қыстың күні мұз жей­ді екен. Ал жаз­дың күні тоңазыт­қышқа мұз қатырып қояды дейді. Тәкен де Дәліш анасы сияқты қыс­тың күні суға шомыла береді екен. Су демекші, Мойынқұмға келген сайын ерке Шуға шомылау Тәкен ағаның бұлжымас дәстүрі болса керек. Бір жолы, тіпті, баласы Рауанды ертіп ке­ліпті шомылуға. Денесі ірі, сөзі сал­мақты болғанымен жаны нәзік ағамыз өзен жағасында күнге қыздырынып жатып Мәскеудеге жең­ге­міз Мария Григорьевна Ландина ту­ралы әңгіме шертіп, Жанна атты қы­зын елжірей еске алыпты. “Жанна су­ретші, соған осы Мойынқұмды бір көр­сетсем арманым болмас еді, шір­кін!” деп күрсініпті. Бірақ, өкінішке қарай, Тәкен аға ол арманына жете алмай, 1987 жылы 13 сәуірде өмірден озды. Дүниеден қайтарынан жиырма күндей бұрын Найманхан Тәкен ағаның үйінде болғанда: –Дәрігерлер “язва желудкасың” дейді. Менің ішіме балмұздақ жа­ғатынын қайдан білсін. Қазір қы­зым Алма балмұздақ әкеліп береді, – депті 69 жасқа келсе де алты жа­сар баладай аңғал ағамыз. Бәл­кім, асқазанын “күйдіріп” бара жатқан жара­ны бал­мұздақпен сабасына түсіретінін қалжыңмен жеткізгісі келгені шығар. Найманхан “мен әкеліп берейін” деп елп ете қалады. Бірақ Тәкен аға оны тоқтатып: – Жоқ, сен одан да мынаған өз қолыңмен адресіңді жазып кетші, – деп блокнотын ұсынады. Ғажап, Мойынқұм ауданын­дағы “Көктерек” ауылына орналас­қан Найманханның үйін адаспай-ақ тауып баратын қаламгер “мекен-жайыңды жазып кет” деп неге өтін­ді? Сірә, кө­ретін жарығының аз қалғанын сез­ген аға жүрегі өзінің Мойынқұм өңіріне қатысты өмір­баянын қажет еткендер оны Най­манханнан сұрап білсін деді ме екен?!. Жұмбақ... Найманхан ағамыздың үйіндегі жеңгеміз Қымбат Кенбаева Тәкен аға “Көктерекке” келген сайын құрақ ұша қарсы алатын келіндерінің бірі. Ол әрі Тәкен тұңғиығын танып, тәнті бола білген Найманхан Нүпбаевтың зайыбы. –Ағамыздың мінезі қызық бо­ла­тын. Алматыдан келді деп қазан кө­теріп, үйме табақ етті алдына тарт­сақ, “кейінірек жеймін” деп, дас­тарқанға келмейтін әдеті бар болатын. Одан кейін “сыбағамды тоңазыт­қышқа салып қойыңдар, өзім алып жеймін” дейтін. Алғаш­қыда асқан етімді жақтырмады деп жылап алға­ным да бар. Мінезіне кейін үйрендім ғой. Тіпті туған ағамыздай болып кеткені сонша, үйде апталап жатқан кезінде үй-жай, қора-қопсымызды сол кісіге тастап, қонаққа алаңсыз кете бере­тінбіз, – дейді Қымбат. Сонымен, көрнекті суреткер Тә­кен Әлімқұловтың “Ел мен Жер” ро­манының мәшіңкеге басыл­ған толық нұсқасы табылып отыр. Алда оны басқа кітап­тарындағы роман, повестерімен салыстыра отырып зерт­теу, пайымды пікірлермен то­лық­тыру және оны жеке кітап етіп шы­ғару па­рызы тұр. Оған дейін Тә­кен шы­ғар­маларын құрметтеу­шілер мен тә­кен­танушыларды ал­дын-ала қуанта беру үшін осы мақа­ла­ны жазып, жа­рия­лау­ды жөн көрдік. Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ. Жамбыл облысы.