Білім • 20 Мамыр, 2025

Биыл 173 мың колледж студенті оқуын аяқтайды

633 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев 2024-2025 оқу жылында колледждерде 550 мыңнан астам студент білім алғанын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

Биыл 173 мың колледж студенті оқуын аяқтайды

Фото: Ашық дереккөз

Министрдің айтуынша, биыл 173 мың түлек колледжді тәмамдайды. Олардың 123 мыңы – жұмысшы біліктілігін меңгергендер, 27 мыңы – дуальды оқыту арқылы білім алғандар, ал 10 мыңы – нақты кәсіпорындардың сұранысы бойынша оқытылған мамандар.

«Жыл сайын колледж түлектерін жұмысқа орналастыру көрсеткіші өсіп жатыр: 2024 жылы түлектердің 81%-ы жұмыспен қамтылды. Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жұмысшы мамандықтардың беделін арттыруға және колледждердің бизнеспен өзара іс-қимылына аса назар аударылуда. Оқу жылының қорытындысы бойынша қамқорлық көмек көрсететін кәсіпорындардың саны 7 есе артты. Бүгінгі таңда 4 мыңнан астам кәсіпорын 662 колледжге, өткен жылдың қорытындысы бойынша 412 колледжге 558 кәсіпорын қамқорлық көрсетіп отыр», деді министр.

Сонымен қатар, алғаш рет «педагог-кәсіби бағдарлаушы» лауазымы ресми түрде енгізілген. 905 жоғары сынып оқушысы мектепті аяқтаумен қатар жұмысшы мамандығы бойынша диплом да алған. 2,5 миллион оқушы кәсіби бағдарлау шараларымен қамтылған.

Білім беру инфрақұрылымы да жаңартылып келеді. Атап айтсақ, 104 колледждің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, студенттерге арналған 2 мың орындық 8 жатақхана пайдалануға берілген. Сондай-ақ бизнес өкілдері 8 мыңнан астам оқу бағдарламасын әзірлеуге қатысқан.