30 Маусым, 2010

ҚОС ҚАНАТ

1037 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін
Жаркент же­рі табиғаты әсем, тарихы бай өңір ғой. Отанымыздың шығысын­дағы ең шеткі шекара саналатын бұл аймақ сонымен қатар талай-талай оқиғаларға да куә. Есте жоқ ескі замандарды айтпасаңда бертінгі дәуірлердің өзінде мұнда біраз күрмеуі көп күрделі жағдайлар болған. Сондай сын сәттер Жаркент елінің ерлік дәстүрін қалыптастырған. Еңбекке деген шыдамды­лығын шың­дап, адамгершілік атты асыл қасиетке адал азаматтарының атын шығарған. Бұған мысал көп. Өте көп! Біз бүгін соған дәлел ретінде осы күні кеше арамызда жүрген қос азаматты сөз етпекпіз. Олар: Әділшайық Ыбрайымолдаев пен Азат Машуров еді. Әдекең туралы тілге тиек еткенде алдымен оның алғырлығы, қашан да шалт қимылдап, шап­шаң ше­шім қабылдайтындығы бірден еске түседі. Әдетте, ондай әрекетке бейім адамдар көбіне-көп қателікке бой алдырып жатады емес пе? Ал ол кісінің ісінде мұндай жағдай аз, тіпті мүлде кездеспейді десе де болады. Өйткені оны өмірдің өзі шыңдап, өзі тәр­биелеп, санасына мол тағы­лымын терең сіңірген десе де артық емес. Орта мектепті бітірген соң төрт жылдай туған шаруашылығында қара жұмыс істеп, содан соң Қазақтың ауыл шаруашылығы инсти­туты­на оқуға түскен. Одан инженерлік мамандық алып шығып, өз ауылындағы мәшине-трактор станса­сында еңбек еткен. Тумысынан ширақ, іске мығым жігерлі жас ұзамай-ақ басшылықтың назарына ілігіп, бас инженерлікке жоғарылатылған. Одан кейін “Октябрь” кеңшары партия ұйымының хатшысы, ет комбинатының директоры, “Көктал” кеңшары­ның директоры, аудандық агроөнеркәсіп бірлесті­гінің төрағасы, Талдықорған ауданындағы “Заря коммунизма” кеңшарының директоры, тағы басқа да бірқатар маңызды тетіктердегі лауазымдар­дың тұтқасын ұстаған. Қашан да баршылыққа тас­пай­тын, жоқшылықта саспайтын ол қандай істің бол­сын күрмеуін шеше біліп, айналасындағыларды ортақ ізгі мақсатқа жұмылдыра білетін. Қажет кезінде ақырын айтып та, батырып айтып та сөзін өткізетін. Бірақ ешқашан қарапайымдылығынан айныған емес. Үлкенмен – үлкендей, кішімен – кішідей тіл табы­сатын. Тіпті есімі елге әйгілі ғалымдар мен тілімен құс қайырған ақын-жазушылардың өзі Әдекеңнің білімі мен білігін, сырбаздығы мен сұңғылалығын мойындайтын. Мұндай адами асыл қасиеттері туралы ақтарыла айтып отырғаным – мен де сол ағамыз туған ауыл­да өсіп-өніп, сол өңірдің ауасымен тыныс­тағанмын. Ес білгелі ол кісі туралы ел-жұрттан жақсы пікір естіп, еліктеп өскенмін. Кейіннен “Октябрь” кең­шары партия ұйымының хатшысы кезінде қыз­меттік көлік жүргізушісі болғанда тіптен етене ара­ластым. Ағамыздың өзгелерді өз ісіне баурай, бау­ли білетіндігі соншалық, жүре келе мен парторг­тың шоферы ғана емес, дәл бір партия ұйымының нұсқаушысы деңгейіне жеткенімді кейін аңғардым. Өзі қат-қабат қарбалас шаруалармен бас ала алмай жатқан кезінде мені жеңіл-желпі қоғамдық жұмыс­тарға да жегіп жіберетін. Сөйт­сем, жарық­тық­тың: “Жас қой, жан-жақты жетіліп үйрене берсін”, деген қамқорлығы екен ол. Қа­зіргі күндері жан-жақты болып белгілі бір деңгейге же­туі­ме сол кезде-ақ негіз қалана бастаған екен байқап тұрсам. Әдекеңнің қайраткерлігінің шарықтау шыңы әсіресе, сонау тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан алғаш­қы кезеңде айқын аңғарылды. Елбасымыз Н.Ә.На­зар­баев бір сөзінде айтқандай сана-сезімнің шиеле­нісі мен ширығуы ерекше болған 90-шы жылдары Әдекең туған өңірі Панфилов ауданының ең ал­ғаш­қы әкімі болып тағайындалған болатын. Ескі мен жаңа тайталасқан сол бір аласапыран кезеңде ол өзінің нағыз туған жерінің патриоты, ел үшін туған ер екендігін көрсетті. Қарым-қабілеті мен ұйым­дастырушылық қасиеті бар қырынан жарқырай ашылды. Қысылтаяң кезде халыққа ең керегі нан екенін ұғынған ол ауданда күрт бетбұрыс жасап, елді егіншілікке, оның ішінде ең қаж­­еттісі – бидай егуге бейімдеді. Ол кез­де көлік жүргізушілігінен жо­ғарылап, ар­найы оқу орнын біті­ріп, механик, гараж меңгерушісі, бас ин­же­нер, партия ұйымының хатшысы баспал­дақ­тарынан өткен мен аудандағы Ленин атындағы кең­шарда директор едім. Әдекең өзі де дамыл таппай, біз сияқты шаруашылық басшыларына да тыным көрсет­пей ел қамы жолындағы игілікті іске жұмыл­дырды. Ақиқатын айту керек, ауданымызда аянбай еңбек еткен Асылмұрат Тұрғанбеков деген абзал азамат Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты кезінде Жаркент жеріне “Еркін экономикалық аймақ” мәртебесін әперу­дің құқықтық негізін қалады. Ал оны іс жүзінде пайда­лану жұмысын тікелей Әдекең жүзеге асырды. Ол кезде мемлекетімізде біздің ауданнан басқа екі-ақ жерде ғана осындай аймақ бар еді. Бірі қазіргі Парламент Мәжі­лісі­нің вице-спикері Мұхамбет Көпей басқарған Жәй­рем өңірінде, екіншісі Индустрия және жаңа техноло­гиялар министрінің бірінші орынбасары Альберт Пав­лович Рау жетекшілік еткен Лисаков жерінде құрылған еді. Осы құрылымдар арасында тығыз іскерлік байланыс болуы істі ілгерілетуге өзінің игі әсерін тигізді. Оның артықшылығын пайдалануда Әдекең өзінің тапқырлығы мен іскерлігін мейлінше молынан қолданды. Қолда барды ұқсатуға тырысып, Жаркент жерінде көтерме базар салғызу арқылы аудан бюджетіне қыруар қаржы құйғызды. Осы өңір арқылы күн сайын ары-бері ағылып өтіп жататын жүздеген автокөліктердің экологияға тигізген кері әсері өтеуін қайтаруды да қадағалады. Қашан да жаңалыққа жаны құмар, тыңнан түрен салуға талпынғыш Әдекеңнің сол бір кездері Алматы, Тал­дықорған секілді қалаларда оқып жүрген жаркенттік жас­тарға жасаған жақсылығы тіптен тамсандырарлық. Озат студенттерге ауданнан шыққан атақты өнер, білім, ғы­лым, еңбек майталмандарының атындағы шәкіртақы та­ғайындатып бергізді. Жылына екі рет мереке кезінде ар­найы автобустар жіберіп, оларды ауылдарына тегін тасы­малдауды ұйымдастырды. Қазіргі күндері егемен еліміздің түкпір-түкпірінде әр салада қызмет етіп жүрген бір кез­дегі сол бозбалалар мен бойжеткендер бүгінде Әде­кеңдей ел ағасының әкелік қамқорлығын елжірей еске алады. Әділшайық Ыбраймолдаұлының есімі сонымен қатар сонау 1993 жылы бүкіл алты алашқа сауын ай­тып, ұлттық рухты тірілткен маңызды қадаммен қал­ды. Бұл жай басқосу емес, рухани жан дүниеміздің жаңғыру тойы еді. Негізгі идеясын көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеұлы көтеріп, сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Қуаныш Сұлтанов қолдаған және Талдықорған облысының әкімі Серік Ақым­беков басы-қасында болған атақты Орбұлақ шайқасы­ның 350 жылдығына арналған тарихи-мәдени шара­ны Премьер-Министр Сергей Терещенко қазақ тілін­де кіріспе сөз сөйлеп ашып, кемеңгер қаламгер Әбіш Кекілбаев кеңінен толғап сөз сөйледі. Егемен еліміз­­дің тұңғыш Қорғаныс министрі, Кеңес Одағының Батыры, Сағадат Нұрмағанбетов оқпана қазу арқылы тактикалық ұтымды тәсіл жасап, негізгі күш келгенше өздерінен орасан көп жаудың жолын жанқиярлықпен бөгеп, ойсырата шығынға ұшыратқан жаужүрек баба­ларымыздың батырлығы жөнінде баян етті. Тау сіле­мін­де тізіле тұрған егеменді еліміздің сарбаздары салют атып, батыр бабаларымызға тағзым еткені тіп­тен әсерлі болды. Белжайлаудың төрінде бес жүзден астам ақшаңқан киіз үй тігіліп, бар сән-салтанатымен өткен бұл тойдан қалған белгі ретінде қазір сонда орна­тылған жиырма тонналық гранит тас алыстан менмұндалайды. Онда осы тарихи оқиғаның мән-маңызы жазылған тот баспайтын темір тақта шеген­деліп бекітілген. Реті келгенде айта кету керек, өзіміз сөз етіп отырған осы той шарасының әзірлігінен бастап аяқталғанына дейін сол кездегі Қазақ тарихи ескерт­кіштерін қорғау қоғамының төрағасы Мұқ­медқасым Шәкенов көп еңбек сіңірген еді. Ел үшін, елінің қазіргі қамы мен тарихи жады үшін жанын аямайтын Әдекең сол кездері: “Әкім бол, халқыңа жа­қын бол”, – деген қағиданы бұлжытпай орындап, өзі­не де, ел билігінде жүрген өзгелерімізге де қа­таң талап қоятын. Талдықорғанға келген бір сапарында Елбасымыз әкімдердің ел-жұрттың жағдайы жайлы есебін тыңдапты. Сонда Әдекең өзіне тән жігерлі де ашық дауысымен аудан туралы жан-жақты айта келіп, тек жағымды деректер мен дәйектерді ғана тілге тиек етумен қатар барлық ауыртпалықты, тіпті қылмыс жасап, істі болғандар жөнінде, олардың қайда, қандай жағдайда екендігі жайлы да нақты мысалдармен айтып беріпті. Оны естіген Нұрсұлтан Әбішұлының өзі: “На­ғыз әкім деген осындай болады”, – деп Израильдің озық істерімен танысу сапарына бірге апарған екен. Іс барысында айбарлы көрінетін Әдекең жай­шылықта өте жайдарлы еді. Қалт еткенді қағып түсер қырғи тілі әзіл-қалжың айтқанда тіпті уытты-тын. Туған-туыс, құрбы-құрдас арасында ерекше бауырмал болатын. Ән де айтып, домбыра да тартатын. Үлкенге ізетті, кішіге қамқор еді. Оларға сенім артып, жіге­ріне-жігер, қайратына-қайрат қосатын. Ол кісінің үлгі-өнегесімен, шыңдауымен ширап өскен Бауыржан Қасенов, Азат Әбдікәрімов, Ақан Оспа­нов, Дәулет Най­мантаев, Тоқтарбай Керімқұлов, Марат Сағым­бек, Нұрәділ Бегімбет, Қанат Досмайылов, Өкен Төлеп­беков, Жайық Құрманбеков, Алман Оспанов сынды бірталай азаматтар кезінде бір-бір мекеме, шаруашылық, округ, ауданды басқарған. Қазір олардың алды рес­публикамыздың Ин­дустрия және жа­ңа технологиялар ми­нистрлігінде, қал­ған­­дары әр алуан дең­гей­дегі іс басында тізгін ұстап отыр. Әдекеңді қара­па­йым халықтың қан­­шалықты құрмет­тейтініне бір мысал сол: ол кісі бұрынғы Талдықорған, қазіргі Ескелді ау­данындағы “Заря коммунизма” кеңшарында дирек­тор болған кездегі көз көргендері қайтыс болып кеткен соң оның атына өз ауылдарынан бір көшенің атын беріп­ті. “Жақсының жаттығы жоқ”, – деген осы бо­лар, сірә! Онша көп мерзім болмаса да аз уақыт ішін­де елдің ықыласына бөленген Әдекеңнің есімін олар осылайша ұлықтады. Қазір өзі тұңғыш әкім болған Панфилов ауданының орталығы – Ұлы Жібек жолы бойындағы ежелгі де жас Жаркент қаласының үлкен бір көшесі де ол кісінің есімімен аталады. Иә, адамдар жерді гүлдентсе, Жер-Ана адамдарды өсірді, даңққа бөледі, атақ-абыройын асырды. Ау­даны­мызға қатысты әңгіме болғанда біз мұны қай­талаудан ешқашан жалықпаймыз. Өйткені өңірімізде өмірге келіп, туған жерімен және туған елімен етене өскен Әділшайық Ыбрайымолдаұлы секілді азаматтарымыз осында еңбекпен есейіп, күллі елімізге танылды, мемлекеттік марапаттауға ие болды. * * * Азат Ма­­шур­ұлы Машуров та ос­ын­дай жаркенттік жайсаң жандардың бірі ғана емес, бірегейі еді. Ол кісінің еңбек жолы да осынау Қыдыр дарып, кие қонған туған топ­ы­ра­ғымызда басталып, биік баспалдақтарға көтерілді. Қарапайым моторист болып жүріп, Семей малдәрі­гер­лік инсти­тутына оқуға түсіпті. Оны аяқтасымен туған жерінде білікті маман ретінде танылып, қызмет баспалдақ­тары­мен жоғарылай бастайды. Атап айтқан­да ауданымыздың Шолақай, Көктал елді мекендерін­дегі шаруашылықтарда басшы болған. Келе-келе аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметін ат­қарған. Бола­шағы зор білікті маман, парасатты қыз­мет­кер ретінде үлкен сенімге ие болып, арнайы жол­дамамен Жоғарғы партия мектебінде оқыған. Талды­қорған облысындағы Алакөл аудандық партия коми­тетінің бірінші хатшысы болып, онда да зор табысқа жеткен. Мен сол кезде өзіммен жасы қарай­лас, қызметі деңгейлес, әскери борышымды Моң­ғолия­да бірге өтеген “Жанама”, “Илич” кеңшарлары­ның директоры болған Сиырбаев Болатпен аралас-құралас болып тұратынмын. Ол арқылы “Социалды” кеңша­ры­ның директоры Бүтіншінов Келіс, Киров атындағы ұжым­шар­дың төрағасы Ниязов Нұр­лан, тағы бір кең­шар­дың дирек­торы Иманқұлов Амантай, Азат Машур­ұлының тікелей кө­мек­шісі, әрі аудандық пар­тия коми­теті жалпы бөлі­мінің меңгерушісі қызметін ат­қарған Қанат Нүсіпов және аудан­дық білім бөлімінің меңге­рушісі Қоңыржай Қысталасова сияқты қызметкерлер­мен жиі-жиі араласып, Алакөлдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып тұратынмын. “Азат ағамыз кадр сая­сатын өте әділ жүргізді. Сырттан ешкімді алып келмей, Алакөлдің өз жас­тарын өсірді. Өзі де егіс алқабында шаруа киімін киіп келіп, бұрын күрек­пен су жағалайтын біздің аяғымызға рә­зіңке етік кигізіп, қолы­мыз­ға кетпен ұс­татуды үйретті. Пан­филов ауданында мал борда­­қылау саласында қа­лып­тасқан озық тәжі­рибелерді Алакөл­ге алып келіп, табыс тасқынын тасқын­датты”, – дейтін олар. Ниеттес азаматтардың осынау ой-пікірінің жарқын дәлеліндей сол кезде Алакөл ауданы жақсы жетістіктері үшін тұңғыш рет СОКП Орталық Комитетінің ауыспалы Қызыл Туын жеңіп алғанда жерлес ағамыздың жетекшілігімен жеткен бұл табысқа біз де шын жүректен қуанғанбыз. Сексенінші жылдардың соңында Азат ағамыз Пан­филов ауданындағы Калинин атындағы шаруашы­лықты басқаруға келіп, өмірінің соңғы жылдарына дейін туған жерінде қажырлылықпен еңбек етті. Бұрын атағын алыстан естіп, іш тартып жүретін ол кісімен осы кездері мен Ленин атындағы кеңшарда директор кезім­де әріптес болып қатар қызмет жасап, етене ара­ластым. Жалпы, Азат Машурұлы – көреген адам-тын. Ол заманның аумалы-төкпелі аласапыран жағдайын жіті қадағалап, соған орай дұрыс қадам жасай білді. Кең­шардың есеп шотындағы миллиондаған сомды, яғни, “өлі” ақшаны айналымға түсіріп, құн­сыздануға жеткізбей ел игі­лігіне, халықтың әлеу­мет­тік ахуа­лын көтеруге жұмсады. Сөй­тіп, ауылды ажар­лан­дырып, адамдардың әл-ауқатын арттырды. Ақиқатын айтсақ, сол кезде ауданымыздың басқа ша­руа­шылық­та­рын­да бұдан да көп қаржы қоры бар еді. Бірақ, заманның беталысын дұрыс бағамдамаған олар ұтылып қалғанын көзіміз көрді. Азат ағамыз ең алдымен халықтың әлеуметтік ахуалын, әр отбасының тұрмыс-тіршілігін, соғыс арда­герлерінің, жалғызбасты адамдардың, көп балалы ана­лар­дың, жастардың жағдайымен танысып, толық талқыдан өткізді де соған сай тиісті жұмыс жасады. Жастарды да жинап, олардың көңіл-күйін білді. Ойларын тыңдап, өз пікірін айтты. Сөйтті де алдарына үлкен мақсат қойды. Туған ауылдарын: “Мынау мен туып-өскен мекен”, – деп мақтанышпен атайтындай деңгейде болуы керектігін түсіндіріп, іс жүзінде оны көрсете білді. Азекеңнің басшылығымен сол кездері ауылдардың жолдары түгел асфальтталынды. Жайлауға баратын, сүт фермаларына апаратын соқпақтарға толық шағыл төселіп, жайлы жолдарға айналды. “Өлі разы болмай, тірі байымайды”, – деген қағиданы қа­пе­рінде ұстаған ағамыз Пенжім ауылындағы зи­рат­тардың айналасын қоршатып, көшет отырғызып, жү­ргіншілер жүретін жолды асфальттатты. Ауданда тұң­ғыш рет соғыс ардагерлеріне арналып, ұшар басында жарқыраған жарты айы бар мұсылмандық ескерткіш орнатылды. Пенжім ауылының орталық алаңы, Мәдениет үйінің маңы қызылды-жасылды гүлге оранып, қалы кілемше құлпырды. Түнде самаладай жарқыраған жарық шамдар ауылдың сәулетін тіптен арттыра түсті. Кең-байтақ респуб­ли­камыздың шығыс шекара шебінде ор­на­лас­қан­дықтан көрші елге барыс-келіс жасап жүрген жолаушылардың жол бойындағы осынау әсем көрініске тамсанбағандары кемде-кем болған шығар сол кездері. Осы арада айрықша бір айта кететін жайт сол, Азекең Пенжім ауылын көктей өтетін Ұлы Жібек жолының бойындағы сәнді сауда орталығының алдына қазақ халқының ұлы ағартушы ғалымы, жиһангер саяхатшысы Шоқан Уәлихановтың көрнекті де еңселі мүсінін орнатқызды. Кезінде мәмілегерлік миссиямен Құлжаға барған Ресей үкіметі әскери делегация­сы­ның құрамында болған бұл ұлы бабамыз сол са­па­рында осы ауылға таяу Ақкент шаһарына түнеген екен. Тарихи жадысы терең, зейінді де зерек Азат ағамыздың осы ізгілікті ісіне қалай риза болмассың! Қазір бұл ескерткіш ауылдағы Мәдениет үйінің алдындағы көрнекті жерге көшірілген. Ғұлама бабамыз бейнесі кезінде ұлттық тұрмыс-салты мен әдет-ғұрпына өзі зерттеу жүргізген бауырлас ағайындардың байырғы қазақ жеріндегі бейіл-берекелі өміріне биіктен ойлана қарап тұр бүгінде. Азекеңнің бастамасымен сол тұста колхозда “Шат­лиқ”, “Туған жер” деп аталатын ұлт-аспаптық ансамбльдер құрылып, кеңшар өнерлі өрендердің өрелі ордасына айналды. Олар тіпті аудан, облыс көлемінен асып, республикаға да танымал болды. Шекара асып, Польша, Португалия, Қытай, Қыр­ғыз елдерінде өнер көрсетті. Сөйтіп, шетелдіктер де кезінде кең-байтақ Қазақстанның оңтүстік-шығыс қиыр шетіндегі қарапайым колхоз өнерпаздарының концертіне құшырлана қол соққан. Азекеңнің сырт келбеті хас батырға қалай ұқсаса, іс-әрекеті де дәл солай қаһармандық қимылға толы болатын. Азат Машурұлының ел алдындағы еселі еңбегі, қоғамдық қызметі кеңестік кезеңдегі мемле­кеттік орден, медальдармен атап өтілді. Ал ең басты жетістігі – ол кісінің есімін күллі аудан, тіпті бүкіл Жетісу жерінің жұртшылығы қашан да ыстық ілти­патпен, ерекше құрметпен атайды. Ауыл шаруашы­лығы өндірісінің ірі ұйымдастырушысы және белгілі қоғам қайраткері ретінде мақтан тұтады. * * * Жалпы, екі ағамыздың да ел қызметінде ерен еңбегімен танылып, ерекше көзге түсуінде олардың қашан да, қай кезде де қасынан табылып, жан жары ғана емес, сүйеніші, жанашыры бола білген марқұм Майра жеңгеміз бен бүгінде салиқалы ана атанып отыр­ған Дүрнәм тәтеміздің еңбегі өте зор. Қос аға­мыздың бала-шағасы да тәрбиелі болып өсіп, әке­лерінің атақ-даңқына қылау түсірген жоқ. Бүгінде Әде­кеңнің Тал­ғаты – кеден қызметкері, Назары – Іле ауданы­ның прокуроры, Гүлғайшасы – қазына­шы­лық қызметкері, Гүлжаны да – есеп-қисап сала­сында. Ал Азекеңнің ұлы Ділшат та шет елде осы заманғы озық үлгіге сай білімін жетілдіріп келіп, елімізде белсенділікпен еңбек етіп жүр. Бір қызы Мүкәрам – дәрігер. Дилярамы да қоғамымыздан лайықты орын тапқан. Иә, біз жаркенттіктер, Әділшайық Ыбрайым­ол­даев пен Азат Машуров сияқты ағаларымызды әр­қашан мақтап қана қоймаймыз. Сонымен қатар, оларды мақтаныш етеміз. Бір өзі бір дәуірге тән бар­ша игі қасиетті бойына сіңірген, заманының мойны озық азаматы бола білген мұндай аға­ла­ры­мызды өнеге етпегенде, кімді өнеге етеміз?! Олардың тау­дай тұлғасы, жарқын ісі жас ұрпақ үшін үздік үлгі. Ермек КЕЛЕМСЕЙІТ, Панфилов ауданының әкімі. Алматы облысы.