30 Маусым, 2010

АДАМДЫҚ ПАРЫЗ – АРЫЛУ

1438 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Алланың әділдігін көрмейсіз бе, пен­дем бір қалыптан жалықпасын, кейде желпініп, кейде серпіліп, сергіп, серілік құрып жүрсін деп күн мен түнді, жылдың төрт мезгілін, тынысы тарыл­масын деп ауаны, шөліркегенде тілі құр­ғамасын деп мөлдір суды жа­ра­тып­ты. Бірақ кейбір пендесі осының өзін дұрыс пайда­лана алмай жан дүниесінде “...бір түрлі мастық пайда болып... ақылдың көзін байлап... күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзінен есеп алмай” (Абай) адасатыны бар. Сол адасудың ең қатерлісі – тойымсыздық көзін бай­лап, қылмыс жасау. Жазықсыз­дың жанын жаралау, тәніне дақ салу, тіпті бейкүнә өмірді қыршынынан қию. Осы қа­сіретке қарсы күрес то­лассыз жүргізіліп келеді. Дегенмен, ниеті бұзықтар тыйылар емес. Бұл тақырып кез келгеннің қан­жығасына байлана қоятын жеңіл нәрсе емес екені белгілі. Қазақ баспасөзінде қия кеткен қылмысты, заң талабын бұ­затын басбұзарларды жазатындар сау­сақпен санарлық. Оған бару үшін сауа­тың мықты, заңның тарау-тармағын, бап бағытын жетік білуің, яғни бес қа­руың сай болуы керек. Онсыз азуын ақ­си­тып, арланмын деп жүргендермен ал­ыса кеткенде төтеп бере алмасың анық. Көптен бері осы тақырыпқа қа­лам тартып, қарымын танытып келе жатқан әріптесіміз, Президент сый­лы­ғының лауреаты Александр Тас­бо­латовтың таяуда ғана жарық көрген кітабының аты – “Арылу” екен. Кө­лемді дүниені зерделей оқып отыр­ғанда жоғарыда ұшқындатып айтқан ойлар бас көтерді. Кітап қазақ журна­листикасының хас ше­бері, көрнекті жазушы Шерхан Мұр­тазаның алғысөзімен ашылыпты. Қа­лам­гер: “Арылу” атты көлемді пуб­ли­цис­ти­­калық-жинақтың баламасы – тазарту. Ерен журналист, көсем­сөздің шебері, публицист Александр Тасбо­латов осы жинағында қазіргі қоғамның зәру проблемаларын көтеріп, оны оң­тайлы шешудің жолдарын меңзеген. Нағыз қаламгер – қоғамның та­мыр­шысы. Кеселден, кесапаттан сақ­таушы. “Арылу” осы сипаттағы кітап. Жо­лы болсын!” – деп ақ батасын беріпті. Шынында, шамаң жетіп кінәңді, күнәңді түсініп, теріс істеріңнен түңіліп, ақ жолға түсіп арыла алу – нағыз адамның ғана қолынан келсе керек. Бірақ ондай ерлік жасайтындар көп емес. Жемқорлық деген жемір құрт талайдың өзегін кеулеп, нені бол­са да жұта салатын күйге түсіріп жүр. Бұрын “кеңірдегі кетпеннің ұңғысындай” деген атам қазақта сөз болушы еді, қазір ондай кеңірдектер мұнай құбырынан да жуандап кеткен секілді. Өзгені өзектен тебетін өзім­шілдер, өзім үшін дегенде қарақан басын, шырылдаған жанын аямай небір сұмдықтарға баратындар, сөзі бір жақта, ісі бір қияда, “аңқау елге арамза молда” әр тұстан төбе көрсе­теді. Бұл үрейіңді ұшырады. Ең ауы­ры – құбыр – құлқынды толты­рып алып, шет елге қашып, онда барған соң өзін судан таза етіп көрсетіп, ата­жұр­тындағыларды ақымақ деп біле­тіндер де шығып жатыр. Мұндай­лар­ды жай қашқын деуге бола ма? Жоқ. Ондай жемір қашқындарды Отанын сатқандар, опасыздық жасағандар, аз қазақтың бетіне күйе жаққандар, еліне лаң салғандар десек, қателесе қоймас­пыз. Біз неге бұлай шүйлігіп отырмыз? Кітаптың бірін бірі то­лық­тырып отыратын төрт бөліміндегі дү­ние­лерді оқып шыққан соң, дендеп кеткен жемқорлыққа, жат қылық, жат мінез, ұлттық намысы өлгендерге күй­ін­гендіктен осылай деуге мәж­бүр­міз. Бірінші бөлім “Түрмедегі дүр­белең” деп аталады. Онда қылмыс жасап, мойнына құрық түсіп, жеткен жерім осы екен-ау дегендердің оқи­ғасы өрілсе, екінші бөлім – “Шек пен шерде” талай тепкі бастан өтіп, бұл күйге қалай түстім деп күйін­ген­дер, “Шындық шыңыраудан шық­қан­ша” деген үшінші бөлімде – өкі­ніштен тірідей өліп, ойдың азабына өртенгендер баяндалады. Соңғы бөлім – “Арылуда” жамандықтан жеріген, жақсылыққа иланатындарды көресің. Жалпы, бұл кітапта қара бас­тың қамын күйттегендердің, ба­ян­сыз тірліктің аз күндік ит тірлігіне исінгендердің, жаптым жала, жақтым күйе деген арсыздардың, оңай олжаға кенеліп, мұратына жетпек болған ашкөздердің қилы-қилы қылықтары суреттеледі. Қылмыстан құтылып кету екінің бірінің қолынан келмей­тіні, өліп құтылмасаң, түптің түбінде адамға жасаған қиянатың алдыңнан шығып, темір торға қамалмай қой­майтыныңды әдемі көріністермен беріп отырады. Шіркін, сол бостандықтың қаді­рін кейде біле бермейтініміз бар. Бос­тандықтан айырылу – көрер күнің көр соқыр дегенді білдіреді. Мұны кі­таптағы “Түрме тәртібі” деген деректі дүниеден көруге болады. “Түрменің ішінде “кө­семдері” мен “құлдары” бо­лады. Бұлар жасырын, заңсыз әрекеттер екендігі сөзсіз. Және оған ешкім тосқауыл бола алмайды. Себебі, теңсіздік барлық жерде бар, оларға бай мен кедей, күшті мен әлсіз, шенеунік пен малай, жалгер мен жалшы деп ат беріп те қойған. Ал түрмедегілер аспаннан түскендер емес, олардың бәрі осы ортадан шыққан, қулық-сұмдықты білетін, тіпті оқыған-тоқығандары да бар, яғни күштіге әлсіз, байға кедей қыз­мет көрсетуге тиіс екендігін үйренген адамдар”. Мұндай ақиқат сөзге не алып, не қосасың. “Қазақ көрген қасіретте” 1986 жылы ұлттық рухы мықты қазақ жастарының қорлыққа шыдамай, зорлыққа бас имей, жұрт екенін көрсетіп, жұмған жұдырықтай болып, бір үн, бір ұранмен тепсініп тұрып теңдік сұраған сәтін айта ке­ліп, қызметім бар, ертеңгі күнім не болады демей “...алаңға шыққан ұлтшылдар емес, сана сезімі жоғары студенттер” деп желіккендерге қарсы шығып, ұлтшыл атанған, елі үшін біраз қудалауға ұшыраған әскери қызметкер Боташ Қажымовтың ерлі­гінен сыр шертеді. Иә, тәуелсіздік бастауы, бостандықтың даңғыл жолы сол Желтоқсан көтерілісінің желісінде жатқаны шындық. Біз КСРО деген алып мемлекеттің құлауына негіз қала­ған қазақ ұланының алдында әрқашан қарыздар екенімізді өзіміз ғана біліп қоймай, кейінгі ұрпаққа үзбей жеткізіп, Отанды, ұлтты сүю­дің, оған қай уақытта да адал болу­дың үлгісі осы деп ұқтырып оты­руымыз керек. Түңіле қарайтын түрменің ішінде де ізгілікті жандардың бар екенін “Бір тал гүл” атты жазылымнан, бас­қа да мақалалардан аз кездестір­мей­сің. Атам қазақ “Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ” деп жатады. Бұл өмір ақи­қаты. Біліп тұрып қылмысқа барған­дарға, адамға бір-ақ рет берілетін өмірді көпсініп қатер төндіретіндерге, барды місе тұтпай­тын міскіндерге аяушылық білдіру – артық. Ал жазатайым жа­ңыл­­ған­дар, қосақ арасында кеткендер, оз­быр­лардың құрбандығына шалынған­дар туралы әңгіме басқа. Әрине, адам қылмыскер болып тумайды. Адамды күн кешіп жатқан ортасы, тәрбиесі, әділетсіздік бұзады. Біз қылмыс, жемқорлық туралы ай­тып жатамыз. Кейде соның себебіне, тамыр тартқан “топырағына” үңілеміз бе? Болдырмаудың жолын алдын ала қарастырып көрдік пе? Әлде болып, бояуы сіңгенде ғана, әттеген-ай, деп бармағымызды шайнап, басымызды шайқап отырмыз ба? Жалпы, бүгінгі таңда мақтану мен мақтау, кім қызметке ілінсе се­нен ірі, сенен мықты адам жоқ деп жағымыз талғанша зарлайтын жа­ғым­паздық бел алып тұрғанын жа­сы­ра алмасақ керек. Осы жерде ойы­мыз­ға Жүсіп Бала­сағұнның: “Мемле­к­еттің кемелденуі төрт басқыш ар­қы­лы жүзеге асады: әділдік, бақ-дәулет, білім және қанағат” деген сөзі түсіп отыр. Біз осы сөздерді оқып қана қоймай, оған адалдық танытсақ қылмыс азаяры сөзсіз. “Арылу” бөлімінің беташар мақа­ласы “Сырқат” деп аталады. Алға­шын­да ауру туралы болар дейсің, сөйтсең ол қанағатсыздықтан туған жемқорлық деген сырқат екен. Елбасының елдік істегі сара саясатынан, дана ойынан бастау алып ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет “Жемқорлықпен күрес туралы” заң, өзге де құжаттар қабылданғаны бел­­гілі. Оны мүлтіксіз орындау жо­лында да қыруар жұмыстар атқа­ры­луда. Соған қарамай, тәуелсіздігіне үш ғасырдан соң әрең қол жеткізген жұрттың бүкіл үкілеген үмітіне сызат түсіріп, несібесіне ортақтасып, мұнай дейсің бе, басқа дейсің бе, құбыр – құл­қынға қиналмай құйып жібе­ре­тіндер аяғын тартпай отыр. Бармақ басты, көз қыстыға салынғандар да айы­лын жияр түрі жоқ. Ондайлар ту­ралы қилы-қилы деректерді автор жеріне жеткізе жазып, өзінің нара­зылығын білдіріп, “заманың түлкі болса, тазы болып шалудың” қатер екенін алға тарды. Бір өкініштісі, халық қорғаным, қормалым, жақы­ным, жанашырым деп жүрген құқық қорғау саласының қызметкер­лері ара­сынан да ардан безгендердің шығып қалатыны апыр-ай, ә, дегізбей қой­майды. Мұндай жат істі автор “Той­маған торға түседі” деген мақала­сында әшкерелейді. Жемқорлық пен жемсауы май­ланғандар мен тілінгендерді әш­керелейтін “Тойымсыздық торға тү­сіреді” деген мақаланың соңы бы­лайша түйінделеді. “Иә, айта берсе, мұндай жемқорлық пен мемлекеттің қазынасын талан-таражға салу тыйыл­май отыр. Оған қалай, қашан, қайтіп тосқауыл қойылатындығы да белгісіз. Біреу маңдай терімен адал өмір сүргенді пір тұтады, енді біреу­лер қолдан келсе екі аса деп миы­ғынан күледі. Оның бәрін жұрт уа­қытқа, “дүние қуған” заманға аудара салады. Бірақ бір тілім нан үшін отбасының қамын ойлаған отаға­сымен жоғары лауазымын сыбайлас жем­­қорлыққа арнағандар ісін бір таразы басына салу мүмкін емес шы­ғар”. Бұл – ашынған соң айтылған ащы сөз. Кітаптың бетін жауып, қылмыс әлемінің хикаяларын көз алдымыздан қайта бір өткізгенде досына адал, жауына қаһарлы, батыр, намысты деген қазақ жұрты мұндай теріс қы­лыққа, дүмбілез іске қалай барды деген ойға қаласың. “Арылу керек, құтылу қажет жаман әдеттен, жек­сұрын әрекеттен!” – деп ширығасың. Александр Тасболатовтың “Арылу” атты кітабының айтпағы да осы. Сүлеймен МӘМЕТ.