30 Маусым, 2010

БІРЖАН САЛДЫҢ КӨЗІ, ЖҮСІПБЕКТІҢ ӨЗІ

722 рет
көрсетілді
31 мин
оқу үшін
Өткен ғасырдың 70-ші жылдары. Сарыар­қа­ның сары даласынан Алматы қаласына арман қу­ып барып, оның біресе көкпен таласқан тау­ы­на, біресе жасыл желекке малынған бауына қа­рап тамсанып жүрген кез. Газет-журнал бет­те­рі­нен, сол кезде енді етек жайып келе жатқан те­ле­дидардан байқап қалып жүрген атақты адам­дарды көрсек есіміз шығады. Қолымыз қалт етсе театр мен Жазушылар одағын жағалаймыз. Аты аңызға айналған ағаларымыз бен тәте­ле­рімізді өз көзімізбен көру арманымыз. Бір күні Жазу­шы­лар одағының алдындағы, ол кезде күн көсемнің алып ескерткіші тұратын бауды аралап келе жатсам... о, ғажап-ай, алдымда Сәбит Мұ­қа­нов отыр. Өзіміз ана тілі оқулығынан бастап, газет­терден суретін көріп жүрген – кә­дімгі Сәбит аға­мыз. Басында сол тақиясы, екі беті нұр­ланып, қасындағы арықша ақсұр адаммен (оның да түсі таныс) әңгіме соғуда. Жанына ба­ру­ға жүрек жоқ, олар тұрып кеткенше айнал­соқтап сол маңда жүріп алғаным есімде. Одан бір күні көкбазардың тұсынан өтіп бара жатып, ол кезде атағы жер жарып тұрған әнші Жүсіпбек Елебековтің бір­тұтас көкшіл бояумен басылған афиша­сын көзім шалып қал­ды. Концерт за­лын­да бәлен­бай ай­дың түген­бай­ыншы күні кон­цер­ті болады деп жазылыпты. Құдай оңдағанда әлгі Кон­церт залы да сол маңда екен, дереу билет са­тып алдым. Тағатсыздана күткен күн де жетті. Радиодан құлаққа сі­ңісті болған Жүсекеңнің дау­ысын өз құла­ғым­мен естіп, жүзін өз көзіммен көріп отырмын. Мұңға бөккен “Қарқаралы”, сол­қылдаған “Сұр­жекей”, бірден аспанға шап­шып шығатын “Айтпай”... қойшы әйтеуір, әннің небір төресі Жүсекеңнің күміс көмейінен төгілді дерсің. Сөйтіп тамсанып отырғанымызда бір кез­де ән кезегі дүлдүл әншінің екі шәкіртіне берілді. Шынымды айтайын, Жүсекеңнің әнінің әсерінен айыға алмадым ба, ол кезде екеуіне де онша мән берген жоқпын. Әйткенмен де, екеуі­нің өрімдей жастығына қарамай ән айту шебер­лігіне елеңдесіп қалғанымыз рас. Көзілдірігі жалты­раған балапан мұрттысы ұмытпасам, “Әудем­жерді” айтты ғой деймін. Жұрт қатарлы қол шапалақтадық. Бұл екеуі кейін қазақ әнінің қос қанатына айналаған Жәнібек пен Қайрат еді. Сәті келіп оқуға түстік. Жаңа достарымызға еріп қыдырыстап Шу ауданының Жамбыл деген ауылына бардық. Лесбек досымның әкесі Саудалы ақсақал кемпірі екеуі қосылып ән де айтатын өнерқұмар жандар екен. – Шырағым, түрі-түсің бөлектеу, бұл жердікі емессің-ау, – деді қарт шәй үстінде. – Иә, Қарағанды жақтанмын. – Е, қарағым, серілер елі Сарыарқадан екен­сің ғой. Әннің ұясы ғой ол жақ. Қазір Қайрат деген бір жерлесің шығып жүр, шіркіннің дауы­сын-ай, азынағанда мынау радиомыз жарылып кете жаздайды тіпті, – деп бір қойды ақсақал. – Сен оны білесің бе? Сонсоң біздің Алматыда тұрып Қайратпен жүздеспегенімізге ренжігендей томсырайып қалды. Одан кейін тіс жарып әңгіме де айтпады. Ал менің Қайратты іздеуім осыдан басталып еді. Қайраттың әндерін құр жібермей тыңдайтын болдым. Бір, елде жоқ ерен дауыс! Мақпалдай жұмсақ, қоп-қою қоңыр. Әншінің әншісінің өзі жоғары ноталарға барғанда дауысы жіңішкеріп, еріксіз шыңғырады ғой, ал мынаның не кереметі бар екенін білмеймін, сол жұмсақтығынан, сол майда қоңырлығынан бір айнымай, жаныңды кіргізіп, ішкі дүниеңді нұрландырып, тайпалған жорғалығынан бір жаңылыспайды-ау, шіркін! Сол қою дауысының өзімен аңыратқанда жан дүниеңе дауыл тұрғызып, қопарып өтеді. “Өзім­дей сал, ән салсаң аңыратып”, – деп Әсет ата­мыз тура осы Қайратқа қаратып айтқан секілді. Сөйтіп жүргенде ол қазақтың рухын бір кө­теріп тастаған “Қыз Жібек” фильмінде Төле­геннің әнін тамаша орындап, әлгі киноның әрін одан әрі келтірді. Өзі біздің енші бөліспеген көрші аудан – арысы Сәкендей, берісі кешегі өткен Ақселеу ағамыздай тектілер елі Жаңа­арқадан болып шықты. Енді Қайратты бір көру арманға айналды. Әрине, концертерінен бірде-бір рет қалып көрген емеспін. Бірақ қолынан ұстап, тікелей тілдескенге не жетсін. Біраз жылдар өтіп, Қайраттың дауысы шырқау шегіне жетіп тұрған тұста оның да сәті түсті-ау ақыры. Республика Жоғарғы Кеңесі Президиу­мының орталық аппаратында істеп жүрген кезім. Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті мен республика Министрлер Кеңесі үшеуі бір шаңырақ астында. Бір күні келіп тұрған бір кісімен жолықпақ болып төмен түсе қалайын. Әлгі кісімен әңгімелесіп байқап тұрмын, зәулім ғимаратты шыр айналып Қайрат жүр. Қажетті есігін таба алмай қалғаны анық. Жанымнан тағы бір өте бергенде: “Қайреке”, – деп қалдым. Тіксініңкіреп тұрмын. Атақты адам. “Е, немене?” деп ежірейсе не істеймін. Өзі де кімнен жөн сұрарын білмей сасқа­лақтап тұрса керек, қайырылып тұра қалды. Өңі жылы. Ең кереметі мен жымисам, ол менен әрі күледі. Құдды бір көптен бері көрмей жүріп табысқан кластасым тәрізді. Әңгімеміз де жараса кетті. Қолында өзім үйімде күнде ойнатып тыңдап жүрген, сыртында өзінің үкілі бөрік киіп түскен ғажап әдемі суреті мен “Kaіrat Baіbosynov sіngs” деген ағылшынша жазуы бар күйтабақ. Дардай атағына қарамай, кішіпейілдігі мен қарапайымдығы керемет. Үлкен үйдің мысы басып солай болып тұруы да мүмкін деген ой ке­леді ғой. Әңгіме оздырып айта берейін, ол өзі­нің ғажап таланты мен таудай талабының арқа­сында атақтың асқар тауына шығып, даңқтың телегей теңізіне шомылды. Елбасының тікелей на­зарында да болды. Алайда мен білетін Қай­рекең осы қалпынан бір де өзгерген емес. Иә, хакім Абай айтқандай, “асыл адам айнымас”. Шолжың балалар секілді сәл-пәл тісте­ніңкіреп сөйлейтін жігіт екен. – Министрлер Кеңесінің Төрағасы Нұр­сұлтан Назарбаев қабылдайтын болып... Кіретін есі­гін таба алмай жүргенім, – дейді қарадай қысылып. – Мынау ол кісіге әкелген ескерткіш сыйлығым ғой, – деді сонсоң менің қадалып тұрғанымды аңға­рып қалып, қолындағы күйтабақты көрсетіп. Төрағаның көмекшілеріне ертіп келе жатып сыр тартсам, атағы дардай Қайратымыз осы күнге дейін пәтерге жарымай жүрген көрінеді. Бір жарым бөлмелі аядай үйінде репетиция жасап, әнді аңыратқанда көршілердің итіне дейін шулап шығады екен. Реті келсе Нұрсұлтан Әбішұлына жайын айтып, үй сұрау ойында бар екенін де жасырмады. Оны алдымен арызын көріп, ақылын айтсын деп заңгер Тұрымжан Құдабаев деген бірге отыратын ағамыз бар еді, қоярда-қоймай алды­мен сол кісіге ертіп келдім. Кәмила атты жазушы әйелі бар, өнерге бір табан жақын Тұрекең Қай­ратты көріп жаны қалмады. Әншіміз барынша қана­­ғатшыл, қарапайым екендігін сол кезде-ақ көрсетті. Тұрекеңнің “төменгі қабаттан, жайлы, жағдайлы, кірпіш үйден” деп қосып, арызды қайта жазайық деген әр сөзіне қарсылық білдіріп отырған ол “төрт бөлмелі” деген жеріне келгенде тіпті шоршып түсті. – Ойбай ау, маған төрт бөлмелі үйді кім бе­ре­­ді? Ауылда қалған анамды көшіріп алатын тө­мен­­гі қабатынан болса болды, деп шырылдайды ол. – Қайратжан-ау, ондай үлкен адам сенің үйіңнің бөлмесін санап отырмайды. Құдай иітсе қолын бір-ақ тартады, – деді талайды көрген прокурор күйіп кетіп. Әншіні бастап апарып Төрағаның қабылдау бөлмесіне кіргізіп, сәттілік тілеп қала бердім. Көмекші Нұртай Әбіқаев, алдын ала келісіп қойған болуы керек, жылы қабақпен қарсы алды. – Нұрсұлтан Әбішұлы өзі де домбыра тартып, ән айтқанды жақсы көреді дейді ғой, мынандай әншіге көмектесуге тиіс, – дейді білмейтіні жоқ Лиза дейтін қызымыз. Қайраттың бөлмемізге іліп кеткен плащына қарап қойып біз отырмыз. Әншіміз сол кеткеннен мол кетті. Ақыры болмаған соң іздеуге шықтым. Постыда отырған кезекшілер бірімен бірі хабарласып отырып зорға тауып берді. Біз отырған ғимараттың төрт есігі төрт көшеге қараушы еді. Ол мүлдем басқа есіктен шығып кетіпті. Ора­малымен терін сүрткілеп, аптығын әлі баса алмай тұр екен. – Ойпырым-ай, аруағы зор кісі екен, мысы бірден басып кетті. Мыңдаған адамның алдында ән салғанда сас­паушы едім, тіпті тұтығып сөйлей алмай қалдым. Су құйғызып беріп: “Осы сен Жаңаарқадансың ғой, ә. Білем, ол жақтың адамдары шетінен әнші, балуан болады. Осылай айтатын Сәкеннің өлеңі де бар емес пе еді”, – дегенінде барып, таныс есімдерді естіп, есімді бір-ақ жиғаным, – дейді ағынан жарылып. – Үй мәселесі не болды? – Ана ағамыздың болжамы болды да қойды. Сол жерде-ақ қол қойып, көмекшісіне тапсырды. Ән мен әншілер туралы керемет біледі екен. Әңгімеміз жарасып жүре берді. “Осы сенде атақ та жоқ қой деймін”, – деді қоштасарда. – Бәрекелді, сен не дедің? – Не дейін, болады ғой, – дедім. – Бар бол Байбосынов! Басқа біреу болса ғой, мұндай сәтті жібермей, еңіреп жылап береді. Бұл әнші, бір мықты тойына ма, үйіне ме шақырып ән айтқызбақ болғанда, намыстанып бармай, содан қудаланып жүр екен деп еститінбіз. Осы кездесуден кейін Қайраттың бағы да, жолы да ашылды. Үй де алды, ұзамай “Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген артисі” деген атағына да ие болды. Қарап отырсам, Қайратқа қамқор болып, көп қайырым жасаған жыр алыбы Жамбыл ауылының азаматтары екен. Заманның ауанына қарай аунап отырған жоқпын, расы, құдайшылығы сол. Кім біледі, екі елге ортақ Балуан Шолақ бабамыздың да аруағы жебеген шығар. Әйтеуір солай. Оның басында Нұрсұлтан Әбішұлының өзі тұр. Ол бұрыштама соғып берген пәтерді бергісі келмей бұлтаңға салған сол кездегі қалалық үй басқарма­сының бастығы Голощаповтың мойнын бұрап тұрып алып берген сол кездегі қалалық атқару комитетінің төрағасы Асқар Құлыбаев болатын. Қаладағы азғантай қазаққа үнемі қиянат жасап, үй берсе де үнемі бірінші немесе бесінші қабаттан бөліп, оларды ел аузында мазақ қылып “казахский этаж” атандырған осы Голощапов еді. Кейін Мұрат Раев деген мың болғыр азамат келіп, ұлтымызды өйтіп бөле-жармайтын болды ғой. Ал “бала Біржанды” Қарағандыға гастрольге келгенде көзі шалып, оны Жүсекеңе айтып келген, кей­ін “Қыз Жібек” фильмінде қояр да қоймай жүріп ән шырқатқан Нұрғиса көкеміз. Сол жердің тағы бір тумасы Нұртай Әбіқаев ұлық басын кішік қылып көмегін бір аяған емес. Мұны Абай айтпақшы, “жаздым үлгі жастарға бермек үшін”. Көрші ауылға барып келсек, “ойбай шәйін сүтсіз ішеді екен, етін қамырсыз жейді екен” деп күстаналап келетін қазақ емеспіз бе, осылай бір жердің талантын бір елдің аза­маттары қолпаштап, қорғап отырғаны қандай жа­ра­сымды, біле білгенге нағыз елдіктің ерен белгісі бұл. Негізі нағыз тума таланттардың жолы, неге еке­ні белгісіз, ауыр болады. Біріншіден, көре ал­май­тын дұшпаны да көп. Екіншіден, олардың өздері де сәби сияқты, өмірге бейімсіз, қулық сұм­дыққа жоқ, аңқылдаған ақкөңіл болып келеді. Осындайда Біржан сал жөніндегі бір аңыз еске түседі. Ел үстіндегі атақты әнші айлап-жылдап үйіне бір соғатын көрінеді. Бір күні сондай ұзақ сапарда жүріп, өтіп бара жатып ғайыптан өз үйіне түсе қалады ғой. Сөйтсе, бала-шағасы бір кесе талқанмен ғана қара шәй ішіп отыр екен дейді. Оны көрген Біржан: “Түу, күндерің күн емес екен ғой”, – деп өз үйінен шығып жүре берген екен. Дәл сондай шаруаға қырсыздың бірі осы – Қай­рат. Ол осы дәрежеге бірден келе қалған жоқ. Тұр­­мыстың да, жұмыстың да тауқыметін бір кісі­дей тартып, соқтықпалы-соқпақты талай жолдан өтті. Қайрат ән айтуды тым ерте бастаған. “Орта­лық Қазақстан” газетінде ол туралы “Бала Бір­жан” деген мақала да шыққан. Алты жасында боз­торғайдай шырылдап Қарағанды радиосында ән айтқан. Оны белгілі жазушы Әмен Әзиев аға­мыз таспаға жазып алыпты. Ол уақытта магни­то­фон жоқтың қасы. Содан ол кісі Қайраттың өз дауы­сын өзіне қимай, көпке дейін бермей жүрді. Қалай дегенмен де, жазушы сезімнің адамы ғой, дәлірек айтқанда, әлгі жәдігерден айырылғысы келмеген. Ақыры соңғы сапарының ал­дында әншінің өзіне табыстады. “Ағамызға рах­мет, берді ақыры”, – деп Қайраттың көпке дей­ін қуанып жүргені есі­міз­де. Жас баланың та­лантын алғаш байқап, бағалаған осы Әмен аға­мыз­ға әнші күні бүгін ризашылығын білдіріп отырады. Ал енді Қайраттың талантын таразылап, тамсанып Жүсекеңе жеткізгендердің бірі кәдімгі Нұрғиса екенін жоғарыда айттық. Бұлардың бағына сол жылдары дәстүрлі әншілер студиясы ашылып, оған Жүсіпбек пен Ғарифолла сияқты қазақ әндерінің бағына біткен қос тарланның дәріс бергенін бүгінгі ұрпақ ұмыта қойған жоқ. Келесі қабылдаудың бірінде Қайрат пен Жәнібекті Жүсекең күтіп отырған. Қайраттың бас бапкері осы Жүсекең екенін жұртшылық біледі. Сон­дықтан оны тәптіштеп айтпай-ақ қояйық. Алайда, Жүсекең гастрольде жүргенде, сірә өтпелі кезеңнің әсері болса керек, Қайраттың үні бітіп қалып, оны сол екі арада, мұнан енді әнші шықпайды деп, күйшілер тобына ауыстырып жібергенін біреулер білсе, біреулер біле қоймас. Жүсекеңнің зайыбы Хабиба апайдың айтуынша, оны естіген ұстазы үйіне жыларман болып келіп, көпке дейін өзіне өзі келе алмай жүрген. Өзімізді өзі­міз­ге жексұрын көрсетіп, та­рихымызға дейін құрдымға жіберіп, әніміз түгілі сә­німізге дейін бүлдіріп жатқан қызыл импе­рия­ның сұрқылтай саясатынан халықтың ғасырлар бойы жинақталған асыл қазынасы – әндерін аман сақтап, аманаттап кететін сенімді шәкірт іздеумен жүрген Жүсекеңнің жанына бұл жәйт қатты батса керек. Ол тез есін жиып, бозбаланы барын салып баптаған, біраз уақыт ән де айтқызбаған. Бес жасында өлең айтып шыққан өзін ағасы Жақыпбек қалай баптаса, Қайратқа да солай қараған. Сөйтіп жүріп қатпары қалың қазақ әнінің және біздің бағымызға қарай Жүсекең ақыры жас жігіттің бойында булығып тұрған таланттың тамырын дәл басып тауып, түйінін сипалап отырып жазып, біртіндеп тарқатып алған. Ақыры еңбегі жанып, Қайраттың дауысы мақпалдай қоп-қоңыр болып қайта лықсып шыққанда Жүсекең тағы жылаған ғой. Ал бұл жолғысы көл-көсір қуаныштың көз жасы еді, әрине. Қайратқа өмір бойы серік болып келе жатқан, халық әнінің бағына біткен, тіпті қатып қалған небір қасаң көңілдің өзін бордай езіп, болбыратып, езілдіріп, егілдіріп жібітетін әншінің бүгінгі дауысы – сол дауыс. Бұл бір қазақ сахарасында ғасырлар бойы қалыптасып келе жатқан әншілік өнердің ішінде өзіндік бір құбылыс болды. Қайрат майталман әнші болып қана қалған жоқ, әншілік дәстүрдің тұтас бір мектебін қалыптастырды. Ең бастысы, ХІХ ғасырдан қазақ әнін ХХ ғасырға қаймағын бұзбай жеткізген ұлы ұстазы Жүсіпбек Елебе­ковтің аманатын асыра орындап, халықтың баға жетпес қазынасын ХХІ ғасырға аман- есен асырған осы Қайрат десек, артық айтқандық болмас. Тағы бір атап айта кететін жәйт, әнші кейі­нірек өзі тәлім алған студияға басшы болғанда қояр да қоймай жүріп оған Жүсіпбек Елебековтің атын бергізді. Бұл орайда, оның қызығы бірге құрдасы, мұңы бірге сырласы, өнердегі өрістесі, өмірдегі жан серігі болған қайырлас досы ортамыздан ертерек кеткен Жәнібек Кәрменовтің де жете алмай кеткен арманын қоса арқалап жүргенін айтпасақ, абыройымызға сын, арымызға мін. Әркімнің өз Сольериі бар дегендей, өнерде бақталастық деген бола береді. Жәнібек пен Қайрат өнердің өресіне бірге түсіп, қатар шапқан өрендер. Бір ғажабы, екеуінің татулығына, достығына сызат түскен емес. Бұған біз әрі таң қалып, әрі сүйсінуші едік. Бұл ретте олар қазақ өнерінің қос тарланы Ғарекең (Құрманғалиев) мен Жүсекеңнің өнерін ғана емес, өнегесін де алып, достығын да қайталады. Бірде Қайраттың үйінде Жәнібекпен бірге қонақта болдық. Төрде Берлинді алған батыр Рақымжан ағамыз. Әдетте батыр біткен дүлей, ұрып таста, шауып тастаның адамы деп ойлаймыз ғой. Ал Рақаңның жан дүниесі керемет нәзік еді. Әншіні жақсы көріп қана қоймай, тіпті пір тұ­татын. Ал, Қайрат пен Жәнібек дегенде тіпті жаны бөлек. Әңгімесі қызық, отырыс бойы күлкіден езуімізді жидырмады. Анау екі достың әні қандай, керемет бір кеш болды. Сөз реті келіп тұрғанда айта кетейін, мен өзім өмір бойы қазақы ортада келе жатырмын ғой, талай ақын-жазушылардың да ортасында болдым, сонда таңдайында мөрі бар Жәнібектен озған шешенді кезіктірген емеспін. Реті келгенде айта кетейін, оның шешендігіне ес­тір құлаққа осы Бекболат Тілеухан біраз жақын­дайды. Жә, Жәкең сол отырыста Қайраттың қасиеттерін айтып бір төгілді дейсің, оны қайталап айту тіпті мүмкін емес. Қайрат та риза болған бо­луы керек, кетерде досына бір керемет күртеше ки­гізді. Әлгісі әдемі-ақ енді. Өңін сыртына айналдырса, басқа түске еніп шыға келеді. Кейін Жәнібектің соны тастамай киіп жүргенін көрдік. Ол да болса өнер­дегі, өмірдегі досына деген құр­меті болса керек. Бұл екеуінің басқа әншілерден тағы бір ерекшелігі, әнді айтып қана қоймай, оның тарихын індете зерттейтін, бір жерде әріден келе жатқан ән бар деп естісе, соны ерінбей барып үйреніп келетін. Мәди атамыздың “Үшқарасы”, Біржан салдың “Айбозымы” сияқты қазақ әндерінің жауһарлары осылай қайта туған. Кеңес өкіметі кезінде үш рет нарком болған Әшімбек Бектасов деген ағамыз болды. Самдағай бойлы, қартайса да қапсағай денелі тіп-тік, мұртының шалғысы тоқпақтай болып салбырап иегіне түсіп тұратын кескін-келбеті ерекше айбарлы кісі еді. “Тасқа жазылған жазуды алу қиын болады екен, Мәдиді атқан мұндардың атын Қарқаралы ортасындағы ескерткіштен зорға өшірттім”, – деп жүретін. Құлагердің құлаған жерін тауып, баяғы қолды болып кеткен мүсінін де орнатқан сол кісі еді. Жақында журналист бауырымыз Сәдібек Түгел мұрындық болып Астананың Көкшеге қараған бетінен қазақтың өр рухының нышанындай болған әйгілі тұлпарға енді ұрының да, қарының да қарымы жетпейтін зәулім биікке ескерткіш орнатылды. Алланың нұры жаусын Сәдібек қаламдасымызға. Әң­гімемізге қайтып оралсақ, сол Әшімбек ағамыз бас болып, сол кездегі Мәдениет министрі Жек­сен­бек Еркімбеков қош көріп, Алматыда Мә­дидің мерейтойы өтті. Сонда арманда кеткен әншінің “Үшқарасын” осы Қайрат тұңғыш рет орындады. Ән дерегі шығы­сымен дереу аттанып, үйреніп келген беті екен. Күздің қара суығы, еп­­теп тұмауратып жетті. Тамағы сәл қарлы­ғың­қырап айтты әнді. Сонда да әсері керемет болды. Үшқара басың биік аса алмадым, Жайқалтып жапырағын баса алмадым. Есіме туған жерім сен түскенде, Көл қылып көздің жасын баса алмадым. Мәдидей мар­қасқаның өкі­нішті өмірінің өлеңге тү­сірген өксігін Қай­рат керемет жет­кіз­ді. Бүкіл зал тік тұ­рып ұзақ қол соқ­ты. Бұл, Мә­дидей еңіреп өткен ерге, оның наласын бүгінгі ұрпақ­тың құлағына сол күйі құйып берген Қайраттай әншісіне елдің ерен құрметі еді. Ал “Айбозымның” жолы мен жөні тіпті бөлек болды. Оны Қайраттың керемет орын­дағаны соншалық, тіпті Біржан сал осы әнін тура оның дау­ысы­на арнап шығарған секілді кө­рін­ді бізге. Бітімі бөлек бұл әнді Қайраттан кей­ін қайталауға әлі ешкімнің батылы бармай жүр­гені сондықтан болса керек. Ол әп-сәтте әнші­нің өнердегі өмірінің бір бөлшегіне, ән әлемінің бір биік шыңына айналып шыға келді. Қазақ әнінің Құлагері – Қайрат бауырымыз талай әннің жолын ашып, бағын жандырғаны шын­дық. Ілия Жақановтың, Кәкімбек Салықов­тың, жерлесі Жағыпар Әлімхановтың шығарма­шы­лығын Қайратсыз көзге елестету мүмкін емес. Бұ­лар­дың өнері қамшының өріміндей ұйысып, біте қай­насып кеткен өзінше бір әлем. Және ұлты­мыз­дың рухани дүниесінің ерекше дүмді дүниелерінің бірі. Қайрат сахнадан тыс жерде де өнерді наси­хаттаудан, дәріптеуден жалыққан емес. Ол үшін әнші мен тыңдаушы бір ұғым. Осы орайда мына бір оқиға естен кетпейді. Бірде он саусағынан өнер тамған Жәнияның әкесі аталас туыс болып келетін академик Яхия Әубәкіров бастаған біраз адамдарды үйімде қонақ қылдым. Ол кісінің зайыбы Мәрзия апайымыз қазақтың алғашқы араб тілінің маманының бірі ғана емес, ұста­зы­мыз Әбілфайыз Ыдырысовтың үйіндегі Зара тә­теміз сияқты керемет әнші де еді. Сол кісі үзіліс­те Қайратқа қолқа салып ән айтқызды. Неге еке­нін қай­дам, ол әлденеге алаңдап, ашылмай-ақ қой­­ғаны. Бір кезде бұл жұмбақты оның өзі шешті. – Осыдан бірер жыл бүрын гастрольмен Венаға бардым, – деді ол әнін кілт доғарып. – Өздеріңіз білесіздер, ол әйгілі Моцарт пен Бетховеннің елі ғой. Концертімізді Құрманғазы оркестрі бастады, содан соң Бибігүл апамыздан кейін мен шықпақпын. Жетекшіміз “Ардақты” айтасың деген. Ондай ірі сахнада әр минут түгілі секунд санаулы. Кезегім келгенде жүгіріп шығып, қапелімде қаттырақ бастап жіберсем керек, “Ой Арда-а- ақ”, – деп шырқап қоя бергенімде екі микрофон бірдей жанып кеткені. Абырой болғанда оны бірден аңғарып, микро­фоннан сәл алшақтап, амал жоқ, әнімді жалғас­тыра бердім. Бойымда: “Не болар екен?” – деген күдік. Әнім аяқталысымен ду ете қалған шапа­лақтан кейін барып есімді жидым. Тіпті “аруақ, аруақ” деген қазақша ұран да естіліп қалды. Жарық жарқ еткенде барып аңғардым, алдыңғы қатар кіл қаракөздер. Сөйтсем, Қазақстаннан артистер келіп ән айтады екен дегенді естіп, сол маңайдағы елдердің бар қазағы жиналып, алдыңғы екі-үш қатарды көтере сатып алыпты. Айтайын деп отырғаным, залда отырған отыз мың халықтың асқан мәдениеттілігі. Микро­фон­ның сөніп қалғанын көрген олар тіпті демдерін ішіне алып, тым-тырыс бола қалған ғой. Бізде де әншіге осындай құрмет болса, шіркін, – деп Қайрат терезенің алдында әнмен ісі жоқ, өз беті­мен әңгі­ме соғып отырған екі әйелге қарады. Де­генмен, зиялы отбасының адамдары емес пе, еке­уі де атып тұрып, жік-жаппар болып кешірім сұ­­рады. Әншінің дауысы содан кейін барып ашылды. Бірде Қайрекеңнің үйіне кіріп барсам, ол репетиция үстінде екен. Бір аңғарғаным, ол мұндай даярлық кезінде әнді сахнадағыдан да бөлек айрықша алақұйындатып, аянбай айтатын сияқты. Оны бұзуға дәтім бармай, ауыз үйде шәй ішіп отырған шешесі Торша апамның жанына барып отыра кеттім. Байқаймын, ұлын ол кісі де ұйып тыңдап отыр. – Айналайын, – деді бір кезде ерекше мейір­леніп, – менің бауырларыма – нағ­ашыларына тартқан ғой! Ал Қайраттың әкесі Әукеннің қара қобызы Алматыдағы өнер мұражайында тұр. Соған қарағанда оған өнердің кәусар бұлағы екі жақтан бірдей келіп құйылған тәрізді. Әйтпесе, осыншама дарын қонған дарабоз болар ма!? Сол жолы алдымда жатқан отбасылық альбомын қарап отырып тағы бір қызыққа тап болдым. Қайраттың жүзімнің мәуесіндей болып, мөлдіреп тұрған бірінші сыныптағы суреті. Оның қызығы суреттің сыртында. “Рәшке Қайраттан ескерткәш”, – деп жазылыпты онда. Және дәл осындай қате жазылған. Өзіне көрсетсем: “Рәшке осы суретті әлі бере алмай жүрмін” деп тық-тық күледі. Рәш – Қайрекеңнің бірінші сыныптан оныншыға дейін бірге оқыған жан-жары. Екеуі Мұхтар мен Қорлан деген бір ұл, бір қыз өсіріп, немере сүйіп отыр. Мұхтары өзі сияқты өнер иесі, тек әнші емес, суретші. Ол салған Жүсекең мен әкесінің суреті үйлерінің төрінде тұр. Қайрекең қазір Астанада. Қайрат сияқты өнер тарланын ешқашан назарынан тыс қалдырмай, үнемі қамқор болып жүретін Елбасыға рақмет! Оның жаңа елордадағы пәтерінің кілтін де өз қо­лымен тапсырғанын теледидардан көріп бә­рі­міз риза болдық. Әлі рухани дүниесінің төрт құ­­быласы түгелденбей тұрған Астанаға Бай­бо­­сы­нов сияқты биік өнер иесінің келуі үлкен олжа. Биыл қазақ әнінің кәтепті қара нары Қайрат Әукенұлы Байбосынов алдияр жас 60-қа келеді. Осыдан он жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықтың лауреатының мерейжасы мемлекеттік дәрежеде тойлана алмады. Мүмкін, сол кездегі қысталаң шақ, қиын кезеңнің де әсері болған шығар. Ол кезде туған жері Жаңаарқа жұрты мәрттік жасап, ат шаптырып, ақ боз үйлер тігіп, тойын дүрілдетіп жасап бергені есте. – Мен еліме той тойлау үшін келгенім жоқ, есеп беру үшін келдім, – деп балам деген еліне ел­­ім деп бір еміреніп, әуелете ән салып, өз той­ын өнер тойына айналдырып еді-ау сонда, Қайрекең. Қазір, шүкір, ел болып ес жидық. Дағдарыс деген дүлей де далада қалып барады. Енді билік басын­дағылар “соқыр мылқау, танымас тірі жан­дының” кебін келтірмейтін шығар деп үміт­тенеміз. Өйткені Қайратқа құрмет, бүкіл өнерге, руханиятқа, ғасырдан-ғасырға шыр­қалып келе жатқан халықтың асыл қазынасы – асқақ әніне құрмет деп білеміз. Сәулебек ЖӘМКЕНҰЛЫ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. АСТАНА.