– Осы шалдың нервісінің мықтысы-ай!..
Ұйқысын қимаған ол көзін тас жұмған қалпы екінші бүйіріне аунап түсті.
Тақыр қара асфальтті тырналаған сыпыртқының қырылы құлаққа тым жағымсыз шалынған. Шашақты үпелек басы әбден мүжіліп желінген моқал ши сыпырғыш дамылсыз “қыр-қырлап” жер сызғылайды. Тұла бойыңды тітірентіп, құйқа-теріңді сыпырып жатқандай. Қырғыш сыпыртқының түрпідей сезілген шықыр-шықыры желкесінің тұсынан кетсейші. Жүйкеңді жонып жіберердей егелейді.
Ұйқылы-ояу көзін сақтықпен сығырайта ашып, терезеге үңілген. Кірпіктеріне ілінген тәтті ұйқысын ұшырып алмайын деген кейіпте. Басын көтермеді. Түн түндігін көтерген бозғыл сәуле қаракөлеңке бөлме ішін енді ғана аралай бастапты. Алаң-күлең. Түнімен дөңбекшіткен қапырық сейілгендей ме, қалай?! Тұмшаланған әйнектің желкөзінен болар-болмас лекіген таңғы самал шілтер пердені баяу қозғайды. Дір-дір етеді.
“– Таң алагеуімнен жер тырналап тыным берсейші. Жылы төсегінен су шыққандай. О несі екен? Жұрт қалың ұйқыға бас қойған мезетті күткендей-ақ, қақшаңдап тұрып алады. Өзгелермен санасу ойына кіріп-шықсайшы. Көзін тырнап ашқан бетте дағдылы кәсібіне құлшына кіріседі-ай. Кеше де, бүгін де, ертең де осы… Үйреншікті әдетінен жаңылмайды да. Әлгі сүт сататын Айша апайдың “Жапалақ шал” дейтіні бекер емес. Ім-м… Жай емес-ау. Құлағы түрік о кемпірің бірдеңені біліп айтатын шығар…”
Мұратбек өзінен-өзі мырс етті. Сыбырлағаны естілер мүлгіген тыныштық. “Жата тұрсам ба?” деген ойының әп-сәтте әлем-тапырығын шығарған таныс үн терезенің түбінен естілген. Орнынан қалай атып түрегелгенін де білген жоқ. Емексіген күйі шілтерлі пердені уыстай ұстап, бір шетіне сырғытып, бозамық сыртқа сүзіле қарады. Жұлдызсыз түн қараңғылығы сібірлей сейіліп, қарақошқыл бұйра-бұйра бұлттар аққұйрықтанып келеді екен. Өкшесін көтере ілгері ұмсынса да ештеңені байқамаған. Үй іргесінен созыла тартылған қара базардың іркес-тіркес, ойқыш-ұйқыш, арық сиырдың қабырғасындай ырсиған қоршауы көзге тым зорайып, тым қарауытып шалынған-ды. Оның зер салып бақылағанын күткендей көз ұшында бұлдыраңдаған базар қақпасының ұшар төбесіндегі сығырайған жалғыз жарық жалп ете сөнді. Өздері көрінбесе де таныс дауыстар ап-анық жаңғырып тұр. Базар ауласын сыпырушы Денис шал мен әлгінде есіне алған сүт сатушы Айша кемпірдің тура өзі.
– Іздірәсти Жеңіс, – деген әйелдің қарлыңқы үні мен жерге сылқ еткізіп қоя салған ыдыстарының сыңғыры жарыса шықты.
– Доброе утро! – Сәлемін өз тілінде білдірген төбесінің тесігі бар Денис шал мән-жай сұрай бастады. – Бүгін өзіңіз ұйықтамағаннан саумысыз? Әлі ерте емес пе. Мен болсам… жұрттың аяғы көбеймей тұрғанда кәкір-шүкірді сыпырып, тазалап тастайын дегенім де. Темекінің тұқылынан-ақ көз ашпай қойдым. Көрінген жерге лақтыра салады, қоқыс салғыш жәшіктер тұрғанда. Итсілікпемді шығарып, әбігерге түсіріп… Сыпырғышқа да ілінбейді. Өстіп, міне, тырналап жүргенім…
– Әй, Жеңіс-ау, менің де сол өзің сықылды ерте қамданған түрім ғой. Күн қызып кетпей сүтімді сата алсам. Кеше жарты шелектейін текке рәсуа ғып ірітіп алдым емес пе! Оның үстіне әлгілер маза бермейді-ау тықақтап… Өз қолыңмен ұстатпасаң, қас пен көздің арасында азынаулақ тиын-тебеніңді жымқырып, аузы-басыңды жұрдай қылады. Өңкей ұятсыздар. Рекіттер дей ме, баукеспелер дей ме кім білген обырларды… Текелі жақтан ба, жоқ әлде Талдықорғаннан ба? Тапа-талтүсте сап ете түскенін, шіркіндердің?! Бұ төңіректің жүгірмектеріне ұқсамайтын сияқты өздері…
Айшаның әуенінен бар жайды ұға қойған Денис шал:
– Иә, рэкет дейді ғой. – Самбыр-самбыр сөзінің соңын күбірге көшіргендей ме, әлде түйдек-түйдек жөткірінгеннен бе оның даусы үзіліңкіреп шыққан. – Жәркенттің кәззаптары көрінеді, білгіштердің айтуынша шекарадағы кеденді ашса алақанында, жұмса жұмырығында ұстап тұрыпты-мыс. Со-н-ау-у жер түбінен Астанадан арнайы шақыртылған қарулы топ ұстағандарын ұстап, қашқандарын қуып іздеріне шам алып түскенге ұқсайды. Бізді торуылдаған тобырдың атаманы Дабыр деген қызылкөз баукеспе – нақ өзі көрінеді. Үш рет сотталған дей ме?! Бүкіл нөкерлерін аш қасқырша соңынан шұбыртып жүргенін көрмейсің бе? Тек жүрсе жақсы. Жанап кеткен жерін зар қақсатып… Ең ақыры шеккен шылымдарын, шаққан шемішкелерін қалай болса, солай шашып тастайтынын қайтерсің. Ертеден қара кешке шейін құйрық басуға да мұршам жоқ. Бора-борам шығып жер тырналаймын…
– Е-е… Не дерсің бұл өңкей оспадарларға. Айтқан сөзің шығын. Әйтпесе… Ел үстінен күн көрген қаніпезерлер сақалыңды сыйласа өсти ме?! Төбеңнен бір қойып жер жастандырудан да тайынбас, сірә. Өздерінен біздің ауданның мілисалары да жасқанатын тәрізді. Алшаңдатып-ақ қойды емес пе. Жәрайды, Жеңіс. Мен жылжиын. Қиналасың. Қолдан келер дәрмен қайсы?! Көнеміз де…
– Басқа түскен соң бәріне де төзуге тура келеді, – деген Денис шал қолындағы ұзын сапты тұқыл сыпыртқыны сонадайға лақтырып тастады да, жыландай шұбатыла бұратылған резіңке сораппен төңірегіне шұрылдатып су себе бастады.
Ілкі сәт меңіреу тыныштық қайта тұна қалды.
* * *
Мұратбектің біраздан бері күннен бұрын оянуы шығар. Ықыласы қаншалықты ауғанымен ұйқыдан маза кеткенін іші құрғыр сезетіндей. Тәпішкесін аяғының басына сұға салып, шолақ жең жұқа жейдесін иығына ілген бойы аулаға шықты. Табалдырықта алаңсыз көсіліп жатқан Жолдаяқ есіктің тиегі ағытылар-ағытылмастан марғау ыңырсып, құйрығын бұлғаңдата аяғына оралған.
– Кет! Кет әрі Жолдаяқ! Жоғал деймін саған…
Үстіне еркелей асыла түскен итінің басынан сипалай, қолының қарымен қақпақылдаған. Иесінің көңіл күйін қас-қабағынан сезетін сабалақ қос құлағын жымырайтып оқшауырақ жылыстай берді.
Кеше қызыл іңірде іргедегі малды ауылға кеткен келіншегі мен ұлының соңынан бүлкілдей ілескен секілді еді. Жандосының “Жолдаяқ! Кә… кә… Жолдаяқ! Жүр, кәні… Бізбен бірге…” деп жатқаны қайда? “Тектен-тек әурелеме. Бәрі-бір қайтып кетеді”. Оған көнді ме шіңкілдеп. Кішкентай досының көңілін қалдырғысы келмеген Жолдаяқ артына жалтақтай-жалтақтай соңдарынан жорта жөнелген-ді. Енді міне… Түнделетіп кері оралған ғой. Ақылды өзі. Менің мұнда жалғыз жүргенімді сезеді-ау, шамасы.
Таңғы шымыр ауаны кеудесін кере жұтқан ол қол-аяғын ербеңдетіп бой жазғансыды. Маңайына алақ-жұлақ жанар жүгіртіп, әлденені тінткілей іздеген кейіпте шарбақтың іргесінде үйме-жүйме боп жатқан темір-терсектің астынан салдыратып ап-ауыр бірдеңені қинала суыра бастаған.
Шомбал шоқпарбас, ортасы буылтық зілдей гантель мен қос қолдап әрең жылжытқан шөңкедей қара тас гирді мықшыңдап жүріп оңашарақ алып шықты. Мүлгіген ағаштардың ара-арасынан үріккен қанаттылардың жалқау шырылы естілді. Тұс-тұстан жамырай қосылған сыбыр-күбір “ұйқымыздан ояттың ғой” дейтіндей. Артынша пышақ кескендей сап тыйылған. Мұратбек білегінің бұлтиған-бұлтиған бұлшық еттерін бүгіп-жазып ойнақшытып, саусақтарының ұштарын батыра байқастап, екі гантельді қос қолымен бірдей басынан асыра көтеріп, белін жаза шиыршық ата шалқайыңқырап барып, іле созыла еңкейіңкіреп жерге тиер-тимес жеткізбей қайта жоғары серпіді. Ол бұл көріністі әлденеше мәрте қайталаған. Әуелгідей емес, екпіні бәсеңсіп, тыныс алуы да ауырлап, пышылдауы жиілей түскен. Көптен бері қойып кеткен өнеріне ынтыға кіріскен оның бүкіл денесі лезде жіпсіп қоя берді. Білектерінің сояудай-сояудай көкшіл тамырлары қарақошқылдана білеуленіп шыға келген. Қос алақанымен тершіген төсін шапақтап, қолының қарын сипалады. Шым-шым шырыш тер. Желімдей тұтқыр. Сол күйі жерден бір шымшым топырақ алып алақандарын жуып, ысқылап үрлеп-үрлеп жіберді де “мені қашан көтересің” дегендей сонадайда теңкиіп жатқан шөңкедей гирге ұмтылды. Алдымен оң қолымен жұлқи көтерді. “Бір, екі, бес… он…”. Жерге қоймастан екінші қолына ылдым-жылдым ауыстырған шомбал тас одан бетер зілбатпан тартқан. Бір-екі мәрте қайталауға шамасы келмей, сол жақ бүйіріне еңкейе бере гирді табанының астына тастай салды.
Жер сүзе қисайған зіл тастың буылтық тұтқасына аяғының басын емінте сұғып, ентігін басып біраз тұрды.
Сібірлеген таңның сүле суреті Балқаштың жағасындағы ауылын қаз-қалпында көз алдына көлбеңдеткен-ді. Әкесіне еріп алғаш рет айдын төріне шыққаны тура күні кешегідей елестерін қайтерсің. Бозторғай шырылдамастан “тұр-тұрлаған” көкесінің сөзі де құлағының түбінде айна-қатесіз жаңғырады-ай.
– Теңіз бозөкпені жақтырмайды, ұлым! Тулаған толқын төсінде сүзекі тартып, ау тору оңай емес. Жалы күжірейген, ертеден қара кешке ақжал толқындарынан көбік шашып жатар шалқардың өрінде тек жүрекжұтқандар ғана қалтылдамай еңбек етсе керек. Ұлым, тағы да қайталап ескертемін, теңіз маңдайыңнан сипамайды. Басы айналып, жүрегі лоблыған талай-талай шибұттарды лақтырып тастағанын да көргенбіз. Былжырамай, ширасаңшы. Ана-у-у өзіңдей Думанды көрмейсің бе? Әлгі… біргәдір Бектібайдың Думанын айтам… Қарғадай боп қысы-жазы мұздай суға жуынып, темір-терсек көтеріп… Өзі де шымыр, шаруасы да шымыр. Қос алақаны бірдей тілім-тілім боп үлкендердің сапында жүргеніне де екінші жаз. Сенің түрің мынау – ұйқыдан өлгендей. Көзіңді аша алмай, пырылдайсың да жатасың. Кән-і, тұр! Толқындар оянбай, Құйғанның тұсына жетіп алайық…
Жұдырықтай жүрегі бүлкілдеп қоя берген. Өне-бойын шымырлатқан әлдеқандай лыпылдаған отты ағыс жан дүниесін лезде шарпып өткенін аңғарды. Аяғының тү-у басынан лықси жүгірген ыстық толқынның бүктетіліп-жазылып жоғары тіміскілей өрлегені ап-анық білінеді-ау. Балтырын, тізесін, сосын қолдарының қарын қуалаған қан жүрісі – буылтық бүлкілі заматында екі самайын қусыра бал-бұл жанған беттерінің ұшын қарығандай. Сағыныш сазы бөлекше күй кешірген. Құлағының түбіне тып-тынық момақан толқындардың лебі, сыңсыған сары қамыс пен балқұрақтың сыбдыры, теңіз көкегінің сиқырлы сұңқылы үздік-создық талып жеткендей. Жанарының алдына Ырымтай ағасының қос бүйірі қампиған көне қара қайығы сұлбаланған. Сықылықтаған су сылдыры тынымсыз ескек шолпылын жеткізіп жатқандай. Ә-не, үлкенді-кішілі, қисапсыз сан жетпес иір-иір ақкөбік ізге түскен қайықтардың қарасы көбейе бастады. Қоғалы-қорысты қалың қамыс қолтығынан тізбектеле ілбіген олар асығыс-үсігіс батыс жиекті жағалай, көк мұнарланған айдын төсіне бет түзеген. Бұлардың ізімен әудем жерге шейін ілесіп келген бригадир Бектібайдың қайығы кілт солға қиястай тартып, Балықтыкөлді маңдайға тіреген. Екі қолын ескектен айырмаған Думан досы ыржалақтап барады. Сол қалпы. Япыр-ау, адам зердесінің кереметін-ай десеңші! Бұдан тура үш-төрт жылғы суреттің кескін-келбеті сетінеп, сөгілместен көлбеңдеуін көрмейсің бе? Миының қатпар-қатпар қалтарысының бір бұрышында өшпестей сақталыпты. Әйтпесе… Теңіз тарландарының қатарында, алғашында нағашы ағасы Ырымтайдың қара қайығында сүзекі төгіп, ау торығаны… Кейінірек көкесімен бірге екі-үш жаз балықшы болғаны көз алдына елестемес еді ғой. Сонда еді-ау ерте есейген Думанға еліктеп, мына шоқпарбас зіл темірлерді жинап, күні-түні жалықпай жаттыға бастағаны. Қора сыртындағы сыңсыған жуан қараағаштың қос діңінің арасына білік орнына қыста мұз оятын сүңгі ломды бекітіп, әп-әдемі турник жасап алған-ды. Әрине, бұ қылығына Екпінді көкесінің іші жылитын тәрізді. Дабыралап жеткізбесе де әрегідік “Бәсе, толқында туғандар боркемік бозөкпе болмаса керек” деп сүйсінгенін өз құлағы да шалған. Жасыратын несі бар, ондайда әжептәуір масаттанып қалатын. Өстіп масайрап жүргенде көкесі үш ұйықтаса түсіне кірмеген әлдеқандай әңгіменің ұшығын шығарған:
– Балам, қайығыңның басын Жыңғылдықайырға бұршы, – деді әкесі қалың қоғаны қақ жарып зуылдап келе жатқан Мұратбекке ықыласын айрықша аудара. Дауысы да күндегідей емес. Тым жайдары. – Колхоз тарағанға дейінгі біздің ала жаздайғы мекеніміз осы Жыңғылдықайыр еді ғой. О маңнан Байсейіттің құмы да жақсы көрінеді. Пронзаның (неге екені белгісіз алақандай ауылдың үлкен-кішісі Фрунзе ауылын осылай бұзып атайды) өкпе тұсы. Сен біле қоймассың, бұдан бұрын болмадың-ау деймін.
– Білемін! Болғанмын онда!
Жалма-жан жауап қатқан Мұратбек қос ескекті ұңғысынан шығармаған күйі ұштарын айқастыра қайықтың ернеуіне жатқыза сүйеді. Толқын жалында тербелген қара қайық екпінін тежеп бір орнында шайқала берген-ді.
– Е…е… Тіптен жақсы, құлыншағым. Қай кезде барып жүрсің? Менің есімде жоқ.
– Шал болайын дегенсіз ғой, шамасы?! Жетіншіні бітірген жазда ертіп келгеніңізді ұмытып қалғансыз ба? Ақ тер, қара теріміз шығып Жақияның көлін жағалап, жаяу-жалпылай әрең жеткеніміз әлі есімде. Көке, сонда аптап ыстықта қалың құмның ішімен неғып жүрдік. Күні бүгінге шейін түсінбеймін.
– Анау-у бір жылдарғы енепат тасқын жер-көкті тұтас жайлады емес пе. Мәшине түгілі, телегей сумен салт атпен жүре алмадық қой. Байсейіттің түбіндегі қайықтарымызға жаяулап зорға ілігуші ек.
Бағанадан бері қайықтың орталық белдеме тақтайшасында отырған әкесі табанының астында жатқан ұзын сырыққа ұмсына қол созды. Буын-буыны тәлтіректеген ол ебедейсіз қимылын ұлына сездіргісі келмегендей, бүкшеңдей жүрелеп барып, зорға іліп алған сырығына сүйене қайықтың құйрық тұмсығына салмақ сала жайғасқан. Аз-кем үн-түнсіз су бетіне тұнжырай жанар сүзген кейпіне ұрлана көз тастаған Мұратбек көкесінің шын мәнінде қартайып қалғанын алғаш аңғарған еді. Бәз-баяғыдай қылшылдаған қалпында көрінетін көкесінің қазіргі сәттегі бір уыс тұрқы, ең ақыры сырықтай бойының шөгіңкіреп, еңкіш тартқанын да жаңа көріп отырғандай құлазыған. Қалғып кеткен ойын әкесінің шуақты үні бұзды.
– Қарағым, Мұратбек!
Селк ете түскен ол:
– Көке, не дейсіз? – деді оқыстан басын кекжең еткізіп.
– Иә. Біз шешең екеуіміз көптен бері ақылдасып, бір тоқтамға келдік. Жоғарыға Талдықорған ба, Текелі ме?.. Жоқ, әлде… Қарабұлақтың төңірегіне көшсек деп ұйғардық. Жасым болса ұлғайды, шешеңнің де жайы белгілі. Ал сен болсаң екі алақаның тілім-тілім боп өстіп жүре бермексің бе? Ендігі жерде қаланың маңын жағалаған жөн шығар. “Көппен көрген – ұлы той”. Біздің жас кезіміздей емес, қазір заман кең ғой. Еңбек етем, қаракет етем дегенге жол ашық. Талайыңа жазған нәпақаңды бөтен біреу әкеп аузыңа салмайды. Тірлік жасап, ертеңін ойлаған адам діттегеніне жетпей қоймайды. Ең бастысы, соны білгейсің, балам. Сендердің келешектерің алда. Әсіресе, ана-у құлдыраңдаған құлыншағыңның тағдырына алаңдауың керек. Жандосың да жалғыз болмас. Алла-тағала кең ғой, тек ықыласы түскей! Келін де үйге байланбай, қала тіршілігіне бейімделіп кетер. Жұрт құсап, қол ұстасып базарға шықсаңдар да…
– Өй-бүу, көке-ау, мұныңыз қызық екен. Танымайтын, білмейтін жат жерде бізді қос қолын шапақтап, кім күтіп тұр дейсіз? – деді үнемі үлкендерше байсал сөз саптауға машықтанған Мұратбек әкесінің ұзын-сонар әңгімесінің әу-жайын бұзып. – Нақты біреуді сағаламаса, бөтен жер қиын тимесе де. Қазір бәрі қымбатшылық. Баспанасыз, үйсіз-күйсіз қайда сенделіп жүрмекпіз? Осы жағын ойладыңыздар ма? Әлде, Алматының түбіне көшіп кеткен Саят пен Максим ағатайымдардай қиналып қалмайсыздар ма?
– О не дегенің балам. Әрине, алғашқыда ептеп қиналармыз. Мал екеш мал да беймағлұм өңірге бірден жерсініп кетпейді ғой. Өткенде шешең Алматыға шейін барып, бәрін де барлап қайтқанға ұқсайды. Боралдайдың төменгі тұсында, өзіміздің Талдықорғанға шығар күре жолдың қияс шетіндегі “12 декабрь” дейтін ауылдағы Максим мен Мәкираның шайлы жағдайларын көріп, көңілі бірлегендей. Аты кім еді? Әлгі өзің білетін кенжесі келіншегімен қолдарында көрінеді. Ал Саят пен Зекен де бала-шағаларымен бірге Белбұлақ ауылында тұрады екен. Әуелде елге қайтып келуге ыңғайсызданған. Оны несіне жасырсын. Бүгінде бәріне көндігіп кетіпті. Тұрмыстары да, тіршіліктері де барақат білем. Тіптен, мыңғыртып мал өргізіп отырған көрінеді. Біз де бір-бірімізге делбесіп, еңсе көтеріп кетерміз, қарағым. “Тәуекел түбі – жел қайық” дегенді аталарымыз бекерге айтпаса керек. Кенеусіз байымасақ та ел қатарлы, үлкен өмірдің ағысына өйтіп-бүйтіп ілесерміз. Бізді, Аманбала анаң мен буын-буыны қалтыраған мына мені қайтесің. Қастарыңда ілбіп жүріп, екі-үш сиырыңды, оншақты ұсағыңды бағып берсек жарар. Қанша айтқанмен уақыт өз құзырын жүргізетін сықылды. Соңғы кезде бұрын-соңды еш байқалмаған теңіз сырқатына шалдықтым ба деп қорқамын. Айдынға өрлесем болды – басым айналып, көзім қарауытатынды шығарды. Ежелгі серігімді, мына қара қайықты қимағанмен жан, шіркін, тәтті екен. Айдың-күннің аманында ат емес, түйе емес, толқын жалында қайықтан есім ауып құлап, көз алдыңда майып болармын. Түрі жаман бұ жабысқан пәленің. Бүгін қайықтың басын Жыңғылдықайырға текке бұрғызып отырғам жоқ. Ыстық мекенді өз көзіммен бір шолып өтсем дегенім емес пе. Енді қайтып әкең теңізге шыға қоймас. Ал ертең Ақтақырдағы ауыл зиратына барып тәу етіп, аруақтарға дұға оқып қайтқанымыз жөн. Ешкімге салмақ салмай-ақ, әлгі дырылдағың – үш аяғыңмен бірдеңе ғып апарып келерсің.
– Жарайды. Көп алаңдамаңыз.
Әке ауанын сөзінен, күпті көңілін қабағынан ұққан ол одан әрі қазбалап ештеңе сұрамады.
…Тілектес, ниеттес жақын жегжат-жұрағат пен көрші-қолаңның басын қосып, бір шәугім шайын беріп, жөн-жоралғысын жасаған Екпінді балықшы ұзамай ауыл-аумағымен, бауыр басқан теңізімен қоштасып, өрге – Үштөбеден жоғары, Талдықорған асып, Текелінің төңірегіне көшіп кетті.
* * *
Міне, содан бері де төрт-бес жылдың зырылдап өте шыққанын байқамапты-ау. Алғашқыдай емес, бәріне де мойынсынып, көндігіп кеткендей. Текелінің түбіндегі ауылға әке-шешесін жайғастырған Мұратбек Қарабұлақтан шағын ғана ауласы бар екі бөлмелі үй алған. Айтпақшы, су тегін. Құдайына қараған пенденің жолыққанын көрмейсіз бе? Германияға көшіп бара жатқан жалғызілікті неміс кемпірі босқа беріп кеткен. “Бүкіл ғұмырым өткен ыстық ұям. Саудалап, пайда таппай-ақ қояйын. Мектеп те, базар да жақын, іргеде. Мінеки, қол созымда, тиіп тұр. Биыл күзде ұлың біріншіге баратын болса, қиналмасын. Ал, өзің мына бұрыштағы базардан ептеп-септеп жұрт қатарлы күніңді көрерсің. Бәрінен бұрын мені айтсаңшы, алдым бұлыңғыр. Сүйегім туған жерімде қалсын деген тілек те. Екінші отанымдай бауыр басқан ошағымды, орманымды тастап кету – қиын-ақ. Үйрене алмасам, қайтып оралармын. Ақшаңның да, пұлыңның да қажеті жоқ, қарағым. Отыра бер алаңсыз…”
Бұл жарық дүниеде жақсы адамдар көп-ау. Еліне, Германияға рұқсат ететін құжаттарын реттеп, кезек күткен Эмма шешей көшер-көшпестен Мұратбекті отбасымен үйіне кіргізіп алып, бір бөлмесін босатып берген. “Әне-міне” деп екі айға жуық бірге тұрған қайырымды кемпірді туған әжесіндей Алматыға дейін шығарып салып, пойызға қимай-қимай отырғызғаны да күні кешегідей.
Көзінің жасы бұршақтаған Эмма кемпірдің ағыл-тегіл егілгені де есте.
“Айналайын, Мұратбек! Жетпіске келгенімде жетіскеннен желпілдеп жүр дейсің бе? Франкфуртта сарғайып күтіп отырған не әке-шешем, не туыс-бауырым да жоқ. Дәм-тұзымыз жарасқан Қадырбай шалым мен одан көрген жалғыз ұлым Елубайым да Текелінің тауында бір-бір төмпешік боп дамылдап жатыр. Топырақтары торқа болсын! Менің сенен жалғыз сұрайтыным, қолың тигенде әкелі-балалы сол бейбақтардың басына барып дұға оқытқызып, қоршау-моршауына көз қиығыңды салып жүрсең. Заман бұзылды ма, жоқ әлде адамдар бұзылды ма? Айдаладағы зираттың темір-терсегін ұрлап-жырлап, аруақтарға тыныштық бермейтін болды емес пе. Өзің көрдің ғой. Менің қолымнан келгені – қырық жыл серігім болған қара шалым мен бұ фәниден тұлдырсыз ерте кеткен сыңар тұяғымның бастарын жұрт қатарлы қарайттым. Ендігі жерде солардың қарауылшысы болмасаң да, анда-санда көз тіге жүргейсің. Өткенде өзіңе айтып ем ғой. Осы өзіміздің Қарабұлақтан көшіп кеткен ағайынды Вагнерлерді сағалап бара жатырмын баяғы. “Есің барда еліңді тап” дейді емес пе қазақтар. Алда-жалда жерсіне алмасам, өз елім – өлең төсегіме қайтып келермін…Соқа басым, еш салмақ салмай, сенің қолыңда тұра беремін де…”
Эмма шешей аман-есен еліне жетісімен Мұратбекке жолдағы көрген-білгенін тізіп, одан кейінгі қалай орналасқанын тәптіштеп хат жазып жіберген. Жүріс-тұрысы, ойы мен сөз саптауына дейін қазақ боп кеткен кейуана бәрі-бәрін ақтарыпты. Ішінде түк қалдырмағанға ұқсайды. Тіпті, аз-кем қиналысын да жасырмаған. “…Қанша айтқанмен бөтен жұрт. Тұрмыстары тәуір көрінгенімен, дәстүр-салттары біздегіден гөрі бөлектеу. Оны қойшы көндігіп кетермін. Бәрінен бұрын тіл жағынан қиналып жүрмін. Шәлдүр-шүлдір. Ежелгі ескі таныстарыммен, Қарабұлақтан көшіп келгендерді айтамын, қазақшаны сапырып жүріп жатырмын. Елдің жаңалығын, көрші-қолаңның амандығын айтып хат жазып тұр. Жарай ма? Мүмкін, келер жазда келін екеуің Жандосты ертіп келіп қайтарсың. Елді сағынғаннан соң, жазып жатқаным ғой. Уақыт көрсетер. Әзірге аман-сау болыңдар…” Екі-үш ай аралатып келіп тұратын неміс кемпірдің осы сарындас хатына Мұратбек те дер кезінде жауап жазып, кешіктірмей жолдап жүрді.
Әуелде үзілмеген хат-хабар келе-келе сирексіген.
Неге? Көмейіне тығылған сауалдың жауабын таба алмай дал. Үнін құмықтырып тұншықтырған секем ойды сыртқа шығарғысы жоқ.
“Кім біледі? Мүмкін жат жерде құсадан, сағыныштан қисайып қалған шығар. Жоқ, әлде… төсек тартып жатып қалды ма, екен? Иә, солай…солай…”.
Басына келген сан-сапалақ ойлардың қамауынан әрең құтылған Мұратбек еңсесін өйтіп-бүйтіп тіктегендей.
Үлбіреген үміті де үзілмеген. “Аман-есен болсақ, алдағы жазда Эмма әжемді өзім іздеп барамын…” Анда-санда жанын шырмаған күлміжі түйткілдерден осылайша арылатын Мұратбектің азат басы жоқ жерден шатылғаны.
* * *
– Ойбай, тағы да қағып кетті!
– Ән-е-е… Ұрлап барады…
– Мілиса-мілиса!
– Дереу хабарлаңдар. Шақырсаңдаршы тездетіп.
– Қолдарың сыңғыр, қолдарың сынсын!
– Қараңдаршы, мені де үптеп кетті ғой, мыналар.
– Ойпыр-ай! Не дейін… Қарғыс атсын!..
– Көктемей солғыр, өңкей көк сатқақ.
– Шешелерің болса, мен байғұстай аңыратсын.
– Әлгі мілисасы құрғыр қайда жүр?
– Бұларға өзі тыйым бола ма?!
Азан-қазан қарғадай шулаған жұрт аядай базарды басына көтерген. У-ду, айғай-шу… Аңыраған әйелдер, жылаған балалар… Құмырсқаның илеуіндей құжынаған елді әп-сәтте ала тайдай дүрліктіріп, еңіреткен бүлікшілердің бірде-бірі қолға түспей, бой тасалап үлгерген. Шыңтуайтына келгенде бейбастақ қарақшыларды ұстап алуға мына кірпідей жиырылғандардың ешқайсысының жүрегі дауаламаған. Зәрезап болған базаршылар шетінен қоянжүрек боп кеткенге ұқсайды. Тізелері қалт-құлт, дауыстары дір-дір… “Өздерінің құлаштай қанжарлары бар екен. Қынынан суырып алғанда жүрегім тас төбеме шықты. Әлгі шпанасының, Дабырдың екі бірдей тапаншасы бар көрінеді. Бірін жанқалтасынан тастамаса, екіншісін беліне байлап апты. Атымды атап, үніңді шығарған бойда-ақ жайратамын деп қорқытады…”.
Күнкөрістің, бала-шағаның қамымен таң атырып, күн батырған базаршылардың дәрменсіз әрекетіне күйіп-піскен Мұратбектің де жүні жығылып қалғандай. Құла дүзде бұла өскен ол әуелде екі-үш мәрте қоразданып шыға келгені бар. Жөн-жосығын айтқысы кеп, сатып отырған көр-жерін ашық-шашық тастай салып, жүгенсіз тентектерді оңашаға шақырған. Тілдесерміз, түсінісерміз деген беймарал ойының шылпарасы шығып, бет-аузы қан жоса боп әрең құтылған-ды. Таяқ жеп тынса бір басқа. Мойны салбырап, салы суға түсіп орнына келгенде әлгі сатып отырған дүние-пұлын әлдекімдер жылан жалағандай жымқырыпты. Бәрінен бұрын кішкентай Жандосына екі аяқты велосипедке жинап жүрген тиын-тебенін сөмкесімен көтеріп кетіпті.
Кім? Әлгі қызылкөздер ме? Жоқ, әлде… мына қара базарда бірге сауда-саттық жасап жүрген “көршілері” ме? Шетінен сұрастырып көріп еді. Бәрі де бейхабар. Иықтарын қиқаң еткізгеннен өзге ештеңе айтсайшы. Қайта мұны кінәлайтын сықылды.
– Аузыңды ашып бейқам жүргеніңде өзіңді көтеріп алып кетпесін…
Бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай. Үркіп өмір сүруге еттері де үйреніп кеткен. Әйтпесе күні-түні базар торуылдап, кісі үстінен күн көрген әлгілерге бетпе-бет жүздескен мезетте жақ аша алмай, жылан арбаған балапандай шырылдайды да қалады-ау. Өз ойына өзі шырмалған ол ұзын сәкілердің қалтарыстарын тінткілеп, әлі де күдерін үзбеген. Кәкір-шүкірмен тығындалған қоржын қалтасы шыға келетіндей. Басы мең-зең. “Әй, өзім де ақымақпын ғой. Неше ай ішпей-жемей жинаған ақшамды неге ала шығып ем. Жоқ… Мен бүгін Жандосымды қуантайын дедім емес пе? Великті зарығып күтіп жүр. Ә, ә… Енді қайттім?..”.
– Ей, мәмбет! Неге тығыласың? Бері қара.
Ештеңеге түсінбеген ол желке тұсынан естілген гүжілдек дауысқа жалт қарады. Екі езуі екі құлағында, тура қарсы алдында Дабыр ыржалақтап тұр. Баукеспе рэкеттің өзі. Қасында ұзын сирақ, қаз мойын қарауылы.
– Мә, ала дорбаң. Ішіндегісін іздеме. Тағы да толтырып аласың ғой.
– Естідің бе, дүндік. Екіншілай бізге аузыңды ашушы болма. Жарай ма? Чао!
Жарыса сөйлеген олар бөгелмеді. Теріс айналған бойы қалың нөпірге сүңгіп жоғалған.
Тұрған жерінде қаққан қазықтай сілейіп қалған Мұратбек намыстан өртеніп, жерге кіріп кете жаздады. Меңіреу адамша маңайына сүзіле жанар жүгіртті. Тілі де байланып қалғандай.
– Әй, ауылдан келген аңқау балам-ай, бұлармен бекер байланысасың, – деді жанындағы көршісі, шұлық тоқып сататын егде әйел. – Тападай тал түсте бүкіл жұртты жау шапқандай зар қақсатып жүрген нағыз қарақшылар емес пе…
Кемпірдің сөзін тыңдамаған ол жалма-жан ілгері ұмтылды. Күбір-күбір:
– Көрсетем бұларға. Кімді басыңғысы келеді екен.
Әдеттегі азан-қазан базар оның лепесін естіртпеген.
* * *
Құрақ ұшқан беті төргі бөлмеде ілулі тұрған қос ауыз мылтығын қолтығына жасыра-масыра кері оралған Мұратбек қан базардың қалтарыстау бір бұрышында торуылдан түскен нәпақаларын бөлісе алмай, тәжікелесіп тұрғандарға жетіп барды. Көзі қаншеңгелденген тыртық езу рэкеттердің дөкейі Дабырдың сабалақ түкті кеудесіне мылтық ұңғысын қадай берген.
– Әй, мәмбет, қой бұл ойыныңды! А-то, жаман бо-ла-ды…
– Мә, сағ-а-ан мәм-бет-т!..
Құмырсқаның илеуіндей құж-құж қайнаған қара базарды дүр сілкіндірген мылтық дауысы гүрс етті.
Жер-көкті уысында ұстаған рэкет қанға оранып, құлаған теректей қалың көпшіліктің алдында сұлап жатты…
Қылмыстың аты – қылмыс, заңның аты – заң.
Аудандық полиция бөліміне қос ауызын өз қолымен көтеріп барған Мұратбекті темір торға қамап тастаған. Іле-шала оның кінәсіз екенін өздерінше дәлелдеуге тырысқан базаршылар тік көтерілген бойы милиция үйін қоршап алды… Өз талаптарын білдірді…
* * *
…Көп кешікпей болған сот кісі өлтіргені үшін Мұратбекке сегіз жылды арқалатып жіберді. Түлкібұлаң бәтуасыз өмірдің табан астынан құбылып, тағдыр желінің қалай, қай жақтан соғарын кім білген? Бірақ, ол ештеңеге өкінген жоқ.
Жанат ЕЛШІБЕК