01 Шілде, 2010

ПАРЛАМЕНТ КАНИКУЛҒА ШЫҚТЫ

610 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда төртінші сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің үшінші сессиясының жабылуы және парламенттік каникул туралы мәселе қаралды. Үшінші сессия жұмысының қорытындысы мен алдағы міндеттер туралы Мәжіліс Төрағасы, “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партиясы фракциясының жетекшісі Орал Мұхамеджанов баяндама жасады. Спикер осы сессияда Парла­мент қарауында барлығы 199 заң жобасы болғандығын, оның 51-і өт­кен сессиялардан ауысқанды­ғын, ал 148-і ағымдағы сессиядан келіп түскендігін атап көрсетті. Нә­тижесінде елдің құқықтық база­сы 103 заңнамалық актімен то­лық­қан. Өткен сессияда Парламент депутаттары адам құқықтарын қор­ғау және азаматтық қоғамды дамыту мәселелеріне баса көңіл бөлгені белгілі. Осы бағытта азаматтардың жеке өміріне қол сұ­ғылмаушылық құқықтарын қорғау мен Қылмыстық іс жүргізу ко­дексіне сотқа дейінгі жеңілдетілген іс жүргізу мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтыруларды көздейтін және тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы заңдар қабылданды. Сон­дай-ақ депутаттар бастамашы­лы­ғы­мен еңбек қатынастарында ген­дерлік теңдікті қамтамасыз етуге, қоғамдық өмірдің барлық салала­рында әйел мәртебесін көтеруге ықпал ететін заңдық құжат та өмір­ге жолдама алды. Терроризмге қарсы іс-қимылдың құқықтық не­гіздерін жетілдіру үшін “Қазақстан Республикасының кейбір заң­на­ма­лық актілеріне терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы” Заң қабылданып отыр. Құқықтық жүйені одан әрі дамыту және сыбайлас жемқорлыққа қар­сы күрес мәселелеріне де үлкен мән беріліп, депутаттар бірқатар маңызды құқықтық актілерді қа­былдады, деді Мәжіліс Төрағасы. Атап айтқанда, “Атқарушылық іс жүргізу және сот орындау­шы­ларының мәртебесі туралы” және “Қазақстан Республикасындағы сот-сараптама қызметі туралы” заң­дар елде жекеше сот орын­да­у­шы­лары институтын енгізу ар­қы­лы сот актілерін орындаудың қолайлы әрі тиімді жүйесін құруға бағытталған. Бұл заңдық құжаттар сот сараптамасының тәуелсіздігі мен объективтілігін қамтамасыз етуге қызмет ететін болады. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірқатар заңдар да өз шешімін тапқаны белгілі. О.Мұхамеджанов “Халық ден­саулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы” Кодекс бойынша жұ­мыс аяқталғандығын, ол көп­те­ген мәселелерді тиімді түрде ше­шуге бағытталғандығын жеткізді. Яғни, пациенттің дәрігер мен ме­ди­циналық ұйымды еркін таңдау құқығын іске асыру, бірыңғай тө­леу­ші функциясының іске асыры­луына құқықтық негіз жасау және те­гін медициналық көмектің ке­піл­ді көлемін жетілдіру сияқты же­тістіктер заңдық тұрғыда шешімін тауып отыр. Бұдан басқа заңна­маға мемлекеттік әлеуметтік қол­дау мәселелері бойынша енгізілген түзетулердің арқасында бала тууға байланысты жәрдемақының және баланы күтіп-бағуға берілетін ай сайынғы төлемнің мөлшері ұл­ғай­тылған. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған ата-анаға мемлекеттік жәр­демақының жаңа түрі енгізілді. “Мемлекеттік наградалар туралы” Қазақстан Республикасының За­ңы­на енгізілген өзгерістерге сәй­кес көп балалы аналардың “Алтын алқамен” және “Күміс алқамен” марапатталуы үшін бала туып, оны тәрбиелеп өсіруге тиісті балалар саны бұрынғыдан гөрі азайтылды және оларға төленетін мемлекеттік жәрдемақының мөлшері көбей­тіл­ді. Биыл Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығы мерекесі қарсаңында Мәжіліс депутаттары, “Нұр Отан” партиясы фракция­сы­ның мүшелері тұрғын үй қаты­нас­тары туралы заңнамаға түзетулер енгізуге бастамашылық жасады. Парламент депутаттары қазақ­стандық қамту туралы заңды ма­құл­дап, отандық тауар өндіру­ші­лер­ге тағы бір қомақты қолдау көр­сетті. Спикер бұл заң еліміздің ұлттық компаниялары мен мем­лекеттік органдары тауарларды, жұ­мыстар мен көрсетілетін қыз­мет­терді сатып алған кезде тиісті тапсырысты бірінші кезекте отан­дық кәсіпорындарға беруін талап ететінін ерекше атады. Сонымен бірге, депутаттар қоршаған ортаны қорғау мәселесін ұдайы жіті на­зар­да ұстап келеді. Ұзақ уақыт бойы мұ­найға ілеспе газды кәдеге жара­ту ісі шешімін таппаған проблема болып келгені жасырын емес. “Жер қойнауы және жер қойнау­ын пайдалану туралы” заң жоба­сы­на елімізде жұмыс істейтін бар­лық жер қойнауын пайдалану­шы­лардың ілеспе газды қайта өңдеуін міндеттейтін тұжырымдамалық сипаттағы өзгерістер енгізілгендігі де назардан тыс қалмады. Орал Бай­ғонысұлы өткен сессияда әлем­дік қаржы дағдарысының салдарын еңсеруге байланысты жұмыстар жалғасын тапқандығына да тоқталып өтті. “Бұл бағытта Пар­ламент “Еуразиялық экономи­ка­лық қоғамдастықтың Дағдарыс­қа қарсы қорын құру туралы шарт­ты” ратификациялады. Бұл шарт­та осы әлемдік экономика­лық дағдарыс салдарын бірлесе еңсеруі, Қорға қатысатын әрі кіріс деңгейі төмен мемлекеттерге тұ­рақ­тандырушы кредиттер беру, сон­дай-ақ мемлекетаралық инвес­тициялық жобаларды қаржылан­дыру мәселелері көзделген”, деді Төраға өз сөзінде. Ұлттық қордың активтерін жинақтау және әлемдік экономикадағы турбуленттік про­цестерге тиімді түрде қарсы іс-қи­мыл жасау үшін Парламент “Қа­зақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2010-2012 жылдарға ар­налған кепілдендірілген транс­ферті туралы” Заңды қабылдады. 2010 жылдан бастап бұл қордан ке­пілдік берілген трансферт қана тартылатын болады. Елімізде жалпы алғанда 144 инвестициялық жоба іске асырылып жатыр, олардың ішінде биылғы жылдың өзі­нде 72 жобаның тұсаукесері бо­лып өтті. Таяудағы үш жылдың өзінде 200 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Үстіміздегі жылдан бастап Еуразия кеңістігіндегі интеграциялық процестердің басты қозғаушысы Н.Ә.Назарбаев ұсынған Кедендік одақ жұмыс істей бастайды. Осы мемлекетаралық бірлестіктің тиім­ді жұмыс істеуі үшін Парламент шамамен 40 заңнамалық акт қабылдады. Парламент депутаттарының бас­тамашылығымен Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа Тұң­ғыш Президент – Елбасы мәр­тебесін беру тұрғысынан заңна­ма­ға тиісті өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізілді. Өйткені, халық Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуел­сіз­діктің бастауында тұрған, мем­ле­ке­тіміздің қалыптасуы мен табыс­ты дамуына баға жетпес үлес қосып келе жатқан Елбасы ретінде таниды және солай құрметтейді. Оның үстіне, Тұңғыш Президенті­міз Н.Ә. Назарбаевтың сарабдал да салиқалы саясатының арқасында ел ішінде ғана емес, әлемдік дең­гейдегі танымал тұлғаға айналғаны бұл күндері төрткүл дүниеге аян. Мұның айқын дәлелі ретінде біздің Елбасымыздың құрметіне жуырда ғана Түркияның астанасы Анкарада оған ескерткіш орнатыл­ғанын, ал Иорданияның астанасы Амманда басты көшелердің біріне оның есімінің берілгенін атап айтсақ та жеткілікті. Тұңғыш Пре­зи­дент – Елбасы мәртебесін заң­дас­тыру халқымыздың түпкі мүд­де­сіне сай келеді әрі ол Қазақ­стан­дағы әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси реформалардың, елдегі тұрақтылықтың, ұлтаралық, конфессияаралық келісімнің баян­дылығын қамтамасыз етуге және жұртымыздың әл-ауқатын одан әрі арттыра түсуге бағытталады. Мәжіліс Төрағасы осы ретте Үкіметпен арадағы қарым-қаты­насты да айналып өтпеді. Әсіресе, заңнамалық актілердің сапасына теріс әсерін тигізіп жүрген жеке­ле­ген кемшіліктерді де тілге тиек ете кетті. Мәселен, заңнамалық акт жобасының нормаларынан ве­домствоаралық келіспеушілік фак­тілері жиі кездеседі. Оған мем­лекеттік органдардың заң шығару техникасы қағидаларын тиісінше сақтамауы да кері әсерін тигізуде. “Көптеген заң жобаларының түсіндірме жазбасында болашақ заңның мақсаттарына, міндеттері­не және негізгі қағидаларына, ал ең бастысы оның қолданылу шарт­тары мен салдарына толымды сипаттама әлі де берілмей келе жа­тыр. Қолданылып жүрген заңдарға жиі түзету енгізу де келеңсіз прак­тикаға айналды, заң жобаларын әзірлеу және келісу сатысында барлық мүдделі тараптар өзара неғұрлым мұқият, ойластырылған жұмыс істесе, бұдан құтылуға болар еді”, деді О.Мұхамеджанов. Үкімет енгізетін заң жобаларының мемлекеттік тілдегі сапасының сын көтермейтіні де құпия емес. Әсіресе, халықаралық шарттардың қазақ және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің мағыналық жағынан сәйкес келмеуі депутаттық кор­пус­тың әділ сынына ұшырап жүр. Тағы белгілі болғаны, Мәжіліс пен Сенаттың жалпы отырыстарында Премьер-Министрдің, Үкімет мүшелерінің, өзге де мемлекеттік органдар басшыларының атына сай­лаушылардың өзекті проб­ле­ма­ларын шешу жөнінде барлығы 815 депутаттық сауал жолданды. Үшін­ші сессия барысында “Нұр Отан” халықтық-демократиялық партия­сы фракциясының қызметі де ба­рынша жандана түсті. Әлеуметтік, Экономикалық саясат жөніндегі, Қоғамдық бірлестіктермен байла­ныс жөніндегі кеңестер өкілді және атқарушы билік тармақтары мен азаматтық қоғам арасындағы өзара іс-қимылды дамыту бағы­тын­да айтарлықтай жұмыс атқа­рып келеді. Ассамблеядан сайлан­ған депутаттар бұрын парламенттік тәжірибесі болмағанына қара­мас­тан, заң жобаларын талқылау ба­ры­сында Ассамблеялықтар 620-ға жуық нақты ескертпелері мен ұсы­ныстарын берді. Сессия бары­сында 18 үкімет сағаты өткізілді. Әсіресе, Мәжілістің қабырғасында өткізілген “Мемлекеттік тіл – ел бірлігінің кепілі” атты конферен­ция ерекше аталды. Еуропадағы қауіпсіздік және ын­тымақтастық ұйымына төраға­лық ету барысы да аталмай қалған жоқ. “Біздің аталған ұйымға төр­ағалық етуіміз тәуелсіз Қазақ­стан­ның табыстарын объективті түрде тану болып қана қоймай, бізге бүкіл Еуразия кеңістігінде бей­біт­шілік пен қауіпсіздікті нығайтуға қатысты аса зор жауапкершілік жүктейді”, деді Орал Байғонысұлы, Алматы қаласында ҚР Парламенті мен ЕҚЫҰ ПА өткізген “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” атты Трансазиялық парламенттік форум халықаралық дәрежедегі айтулы оқиға болғандығын қуаттай түсіп. Түркі Кеңесін, Түркі тілдес мем­лекеттердің парламенттік ассам­блея­сын құру туралы идеясының жүзеге асуы айрықша маңызға ие. Қазақстанның қазіргі таңда Шан­хай ынтымақтастық ұйымы секілді беделді ұйымға төрағалық етіп отырғаны, сондай-ақ келесі жылы Ислам Конференциясы Ұйымы­ның тізгінін ұстайтыны да біздің еліміздің халықаралық деңгейдегі беделінің жоғары екенінің айғағы болмақ. Осы ретте спикер алдағы міндеттерге де кеңінен тоқталып өтті. Осыған орай таяу уақытта Парламентке “Арнаулы экономи­ка­лық аймақтар туралы”, “Индус­трия­лық саясат туралы”, “Инвес­тициялар туралы” Қазақстан Рес­публикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” және басқа да көптеген заң жо­ба­ла­­ры келіп түседі деп күтілуде. “Ғы­лым туралы” Заңның жаңа ре­дак­циясы бойынша сапалы жұмыс іс­теп, оны уақтылы қабылдау да алда­ғы сессияда шешімін табуы тиіс. Сөзін қорыта келіп, Мәжіліс Төрағасы бірлескен жұмыстың түпкі нәтижесі барлық қазақ­стандықтардың тұрмыс жағдайын сапалық жаңа деңгейге көтеру болуға тиіс екендігін ерекше атады. Алдағы сессияда да ауқымды істер және күрделі мәселелер күтіп тұр. Олардың ішінде отандық эконо­ми­каны инновациялық даму жо­лы­на қою үшін сапалы құқықтық база жасау. Артынан Парламент палаталарының бірлескен отыры­сы Мемлекеттік әнұранның шыр­қа­луымен аяқталды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.