01 Шілде, 2010

ҰЛТТЫҚ КӨШБАСШЫ ҰЛАҒАТЫ

1627 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ҚАЗАҚСТАНДЫ ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА БАСТАП БАРАДЫ Жақында Алматыда “Нұр Отан” халықтық-демократиялық пар­тиясының Парламентаризм институты “Кеңестен кейінгі ке­ңістіктегі ұлттық көшбасшы фе­номені: келбеті және мазмұны” ат­ты халықаралық конференцияның өтуіне мұрындық болды. Бұл жи­ынға Парламент пен мәслихаттар депутаттары, басқа да билік ор­ган­дарының өкілдері, Қазақстанның, Ресей мен Қырғызстанның ғалым­дары мен сарапшылары, саясат­керлер қатысты. Көшбасшы ұлағаты әлі толық пайымдалып болған жоқ. Осы рет­те Мәжіліс депутаты, саясаттану докторы Камал Бұрханов Қа­зақ­станның тәуелсіздікке барлық қоғамдық жүйелердің күйреп, бір кезде біртұтас КСРО-ны құраған республикалармен байланыстың үзілген шағында қадам басқанын еске салды. Мұның бәрі эко­но­ми­ка, қаржы, әлеуметтік және өн­діріс­тік салаларды тұрақтандыру үшін шұғыл реформалар жасауды талап етті. Бірақ 1993 жылғы елдің бірінші Конституциясы кеңестік жүйенің “салқынынан” арыла ал­маған, жартыкеш әрі солқылдақтау болып шықты. Сол себептен де 1995 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаев “ҚР Президентіне және жергілікті әкімшіліктер басшы­ла­рына уақытша қосымша өкілет­тіктер беру туралы” Заң негізінде заң күшіне ие 147 жарлыққа қол қойды. Осынау құжаттар нарық­тық экономика мен саяси жүйенің негізгі құқықтық іргетасын қа­лыптастырып, мемлекеттің одан әрі дәйекті дамуына негіз салды. Жыл аяғына қарай алғашқы оң нәтижелер айдан анық көрінді. Міне, бүгін, 15 жыл уақыт өткенде Қазақстанның қазіргі заңнамалық актілерінің елеулі бөлігі 1995 жылғы заңдарда айқындалған қа­ғидаттарға негізделуі әлі де жалғасуда. Осылайша еліміз үшін аса күр­делі уақытта Қазақстан басшысы тарих пен болашақ ұрпақтар ал­дында мемлекет тағдыры үшін өз мойнына дербес жауапкершілік ала білді. Мұндай қадамға тек шын мәнісіндегі Ұлт көш­бас­шысы қабілетті болатын. Прези­дент Жарлықтары ақша-несиелік, әлеу­меттік және басқа жүйелерді ре­фор­малаған мемлекеттік бағ­дарла­маларға қуатты серпін берді. Сарапшылардың пайымдауын­ша, мұндай сәтті дамуды бай ресурстар немесе тиімді геосаяси жағдай емес, нақ осы көшбас­шылық ұлағат қамтамасыз еткен. Ғалымдар күшті саясаткердің ұла­ғатын мәдениет пен дәстүрді сақтаудағы, алмағайып кездегі қоғамдық сананы жаңаландырып өзгерту  жауапкершілігін өзіне ала білудегі айқындаушы фактор деп атады. Конференцияға қатысушылар Қазақстан мысалында көшбас­шы­лық ұлағаттың құрамдас бөліктерін жан-жақты ой елегінен өткізді. Ресей ғалымы Алексей Власовтың ойынша, “Назарбаев моделі” барлық бұрынғы кеңестік елдер өз жолын табуда бетпе-бет келген тәуекелдер мен тауқыметтерге бір­ден-бір дұрыс жауап болып табы­лады. Жастарға сенім арту, этносаралық және дінаралық толеранттылық пен татулықты сақтау, әмбебап сарабдал саясат Қазақстан жолының дұрыстығын танытты. Парламентаризм инсти­ту­тының директоры Болат Байқа­дамовтың пікірінше,  Елбасы бойынан ұлттық көшбасшыға тән барлық қасиеттер табылады. Ол жеке басының үлгісімен Мемлекет басшысының дербес жауапкерші­лігі һәм жетекшілік рөлінің қан­шалықты маңызды екендігін көрсетіп беруде. Ағылшынның танымал саясат­кері Маргарет Тэтчер Қазақстан Президентіне: “Түбінде Жеңіс сіздікі болады” деген екен. Осы әу­лиедей сөздер Нұрсұлтан Назар­баевтың көшбасшылық ұлағаты мен президенттік мұрасын неғұр­лым айқын сипаттайды. Бұған бү­гінгі Қазақстанның жарқын өмірі айғақ. Қорғанбек АМАНЖОЛ.