Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығы қарсаңында Ел мен Елбасы тарихына қатысты көрмелер саны артып келеді. Сондай көрмелердің бірі кеше ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында болып өтті. Аталмыш мұражай мен “Нұр Отан” ХДП бірлесе ұйымдастырған “Назарбаев және Қазақстан” атты көрме президенттік институттың 20 жылдығына орайластырылды.
Көрменің атауының өзі оның сипатын ашып көрсетеді. Өйткені, мұнда қойылған фотосуреттер Елбасының тұлға ретінде қалыптасуы мен еліміздің тәуелсіз ел ретінде құрылуының тарихы бедерленген. Ел тәуелсіздігінің оңай келмегендігін ескерсек, мұндағы көріністер сол қиындықты кезеңдерден сыр шертеді. Негізінен көрмеге қойылған фотосуреттер бірінші рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Сондай-ақ, мұнда кітапхана қоры да жинақталып, әрбір кітап бір данадан сақталады. Әйтсе де бұл кітаптар қалың оқырман мен зерттеуші ғалымдарға әлі ұсыныла қойған жоқ. Оның да өзіндік себебі бар. Көрменің тағы бір ерекшелігі, оның тарихи орын болып табылатын Күмбезді залда өткізілуі. Бұл залда 1998 жылы Елбасы Ақмоланы Астана деп өзгертуді жариялағаны белгілі. Бұдан басқа 2004 жылға дейін мұнда көптеген іс-шаралар өткізілді де. ҚР Тұңғыш Президенті мұражайы директорының орынбасары Күләйша Ақтаеваның сөзіне қарағанда, Президенттің жеке мұрағатынан, достары мен әріптестерінің жеке қорларынан 280-ге жуық фотосурет алынып, көпшілікке алғаш рет ұсынылуда. Бұған қоса көрмеде әлемнің 30-ға тарта шет тіліне аударылған Н.Назарбаевтың кітаптары да көпшілік назарына қойылған.
Әр түрлі атаулармен берілген жәдігерлер Елбасының әр жылдардағы есею жолдары мен қалыптасу кезеңдерінен сыр шертеді. Мысалы, 1961 жылы Теміртау қаласында өткен бір сенбіліктегі көріністі бейнелейтін фотосуретте Н.Назарбаев терезе алдында әріптесімен сөйлесіп тұрған сәті бейнеленген. Бұл жас отбасыларға баспана тұрғызуға арналған сенбілік екен. Мұражай қызметкерлері Президенттің қасындағы досының есімі әлі де белгісіз қалып отырғандығын айтады. Мамыр мерекесіндегі, Бүкіләлемдік жастар мен студенттердің фестиваліне қатысу үшін Хельсинкийге аттану алдындағы вокзалдағы суреттер қызықты да қызғылықты. Сонымен қатар мұнда Алматыда, Теміртауда, Қарағандыда, тіпті Днепродзержинскіде түскен Елбасының фотолары бар. Оларды мұражай қызметкерлері іздестіріп, өңі кете бастағандарын қалпына келтірген. Әсіресе, 1950-60 жылдарғы фотолар саны аз немесе аз сақталған, ал 1980 жылдардағы фотолардың саны көп болғанымен, сапасы нашарлау көрінеді.
Үлкен еңбек жолдары деген бөлімде Нұрсұлтан Әбішұлының 1980 жылдардағы зауыт, фабрика жұмысшыларымен кездесулері бедерленсе, Өмір мектебі бөлігінде Д.А.Қонаевпен бірге түскен суреттері кездеседі. 1984 жылы Үкімет басшысы болған кезі, 1985-1990 жылдар аралығындағы М.С.Горбачевпен түскен сәттер де осында көрініс тапқан. Ал Өзгерістер кезеңі деген бөлігінде Н.Назарбаевтың Мәскеудің Қызыл алаңында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне сұхбат беріп тұрған сәті өзіне назар аудартады. Бұдан басқа Елбасының парашютпен секірген кезі, немерелерінің қасындағы сәті сияқты отбасылық жеке суреттері де қойылыпты. Сонымен қатар Қазақстанның әлемдік саяси аренада таныла бастаған кезеңдеріндегі Елбасының әлемнің белді де беделді саясаткерлерімен кездесулері, БҰҰ міңберінен сөйлеп тұрған кезі тарих қойнына тарта түседі.
Міне, осындай көркем де тарихи маңызы орасан зор дүниелерді өз көзімен көру үшін жиналған қауымның қатары да мол болды. Олардың арасынан көптеген депутаттарды көзіміз шалды. Жиналғандар алдында сөз алған Тұңғыш Президент мұражайының директоры Алма Сағынғали көрме арқылы Н.Назарбаевтың Ұлы тұлға, алғыр саясаткер болып қалыптасуын көрсетуге тырысқандықтарын ерекше атап өтті. Ал “Нұр Отан” ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары Мұхтар Ерман бірлесіп жасалған жобаның өте сәтті шыққандығын ерекше атап өтті. Ендігі мәселе, осы жобаны мультимедия арқылы еліміздің жоғары оқу орындарына, тіпті шет елдерге де көрсету. Көрмені Астана қаласының тұрғындары ғана емес, бүкіл ел болып тамашалауға тиіс, деді Мұхтар Тілдабекұлы аталған шараның маңызын аша түсіп.
Осылайша Күмбезді залда орын алған көрме Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тәуелсіз демократиялық мемлекетті құрудағы тарихи рөлін ашып көрсетуге арналған. Фотокөрменің басты құндылығы – оның мазмұнының ауқымдылығы мен көрнекілігінде. Аталған шара жаздың соңына дейін жалғасын тауып, көпшілік назарына ұсынылатын болады.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.