Қай мемлекет үшін де өз тәуелсіздігі өте қымбат. Егемендік – көптеген ұлттар мен халықтардың мәңгілік асқақ арманы да, мақсаты да болды. Егемендік үшін әлі де күресіп жатқан халықтар бар. Бабаларымыз да “Егемен болмай ел болмас, етектен кескен жең болмас” деп, осынау ұлан-ғайыр даланы иемденген халқының тәуелсіз ел болып, өзгелермен терезесі тең, жеке мемлекет болғанын армандап өтті. Халқымыздың бақытына орай еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың тереңнен зерделей білетін саясатының, келешекті болжай білетін көрегендігінің арқасында 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан егемендікке қол жеткізді. Бұл айтуға жеңіл, атқаруға келгенде ғасырлық салмағы бар іс болды.
Кешегі үлкен державадан жеке отау болып шыққан елдерге әлем назар тікті. “Қайтер екен?” деп апыл-тапыл басқан қадамын қадағалап тұрды. Осындай жағдай жаһандық тарихта талай рет кездескен. Әр түрлі жолдармен азаттық алған мемлекеттердің ел болып еңсе тіктеп, өркениет көшіне еріп кетуі әрқалай болған.
Социалистік қоғамның тар құрсауынан шыққан, енді ғана тәуелсіздігін алған Қазақстанды бірден нарық экономикасына бағыттауда Нұрсұлтан Әбішұлы тарихи шешім қабылдап, тәуекелге бел буды. Сондықтан біздің елдің Тұңғыш Президенті зор ауқымды міндеттерді атқара білді, тыңнан түрен салғандай ел дамуына даңғыл жол ашты.
Осы тұста Одақ кезінде негізінен табиғи шикізатты өндіруші болып келген Қазақстан секілді елдер өте қиын жағдайға тап болды. Өйткені, біртұтас техниканы құрастырмайтын, белгілі бір бөлшектерін жасауға бейімделген зауыттар бірден тоқтады. Бір-біріне тығыз байланысты жүйеде берекесіздік орын алды. Тіпті коммуникациялық жүйелер, электр желілері, газ бен мұнай құбырлары, темір жолдар бөлшектеніп қалды. Елде жұмыссыздық көбейді. Әлеуметтік салаларға қажетті қаржының тапшылығы байқалды.
Жаңа кезеңге көшу үшін Қазақстанда барлық салада реформа жасау қажет болды. 1980 жылдардың аяғында КСРО көлемінде үлкен беделге ие болған Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін тезірек даңғыл жолға салу мақсатында әлемдік тәжірибелерді зерделеп, оны өз республикамыздың табиғаты мен халқының тұрмыс-тіршілігіне сәйкес келе ме, жоқ па деп сараптаудан өткізді. Міне, еліміздің Тұңғыш Президенті сол тұста ескі жүйемен жүре берсек, біраз уақыт жақсы тұрғандай әсерде болсақ та, кейін орны толмас қателіктерге ұрынатынымызды көрегенділікпен байқай білді. Сондықтан Елбасы саяси-экономикалық, құқықтық және әлеуметтік салада жаңа реформа жүргізіп, жас мемлекеттің болашағын айқындап алуды бірден бастап кетті.
1991 жылы елімізде жекешелендіру үдерісі басталды. Жекешелендіру – экономиканы күрделендірудің соңғы мақсаты емес, ол жаңа экономикалық жүйеге көшкенде болатын меншік қатынастарын өзгерту тәсілі.
1990-жылдардың басында Көкшетау облысын басқарып жүргенімде Елбасы өзіне шақырып, маған Мемлекеттік жекешелендіру комитетін басқару міндеті жүктелетінін айтты. “Жекешелендіру – тарихи мәселе. Сондықтан бұған жетекшілік ету – өте жауапты қызмет”, – деді Президент.
Одан әрі Елбасы өз ойларын ортаға салды. “Барлық жоспарларды, бағдарламаларды жасауға болады. Ең басты мәселе – адамдардың психологиясын өзгерту. Халықтың ойлау жүйесі 70 жылдан астам уақыт бойы басқаша бағытта қалыптасып қалды. Жекеменшік дегенді білмейтін ұрпақтың өкілдері өмір сүріп жатыр. Сондықтан бұл өте күрделі мәселе”, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Қазақстандағы жекешелендіру бағдарламасы 1991 жылы қабылданған болатын. Сол жылы қабылданған жекешелендіру туралы заңда еңбек ұжымдарының мекемелерді біртіндеп сатып алуы, аукцион және тендер арқылы сатылуы қарастырылды.
Жекешелендірудің алғашқы жылдары нағыз қайшылыққа толы кезең болды. Сол уақыттағы экономикалық жағдайға тән қиыншылықтар – кәсіпорындардың өз жұмысын тоқтатуы, төлемдердің төленбеуі, дүкен сөрелерінің босауы, инфляцияның басталуы орын алды. Бұл ретте, көп деңгейлі нарықтық экономиканың негізін құрайтын үдерісті жедел бастау қажет болды.
Осы дағдарыс кезеңінде қоғамдық прогресті дамыту үшін ел Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке батылдығы, саяси даналығы, қайтпас жігері республикамызда мемлекет иелігінен алу мен жекешелендірудің жоспарлы, кезең-кезеңді үдерісін бастауға мүмкіндік берді.
1991 жылдан бастап мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін қамтамасыз ету үшін республикадағы мемлекеттік меншікті қайта құрудың құқықтық негіздерін, ережесі мен ресімдерін анықтайтын бірқатар заңнамалық актілер қабылданды. Осы құжаттарды іске асыру мақсатында мемлекеттік меншікті мемлекет иелігінен алу мен жекешелендіру бағдарламасы бекітілді.
Жекешелендіру үдерісі тікелей ел Президентінің қадағалауында болды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Мемлекеттік мүлік жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы қызметін атқарған кезімде семинарлар мен кеңестер ұйымдастырылып, сондай маңызды форумдардың барлығын Президентіміздің өзі басқарып, жекешелендірудің өзекті мәселелерін түсіндіріп, алдымызға сан түрлі талаптар қойып, тапсырмалар берді.
Қазақстандағы ауыл шаруашылығы саласының нарықтық қатынастарға көшуі өте қиын жүрген үдеріс еді. Одан басқа таңдайтын жол да болмады. Мемлекеттен субсидия алып келген, таза пайдасы арқылы өз шығындарын ақтай алмайтын шаруашылықтарды нарық экономикасы кезінде ұстап тұрудың ешқандай тиімділігі жоқ екендігі баршаға аян. Ұжымшар мен кеңшарларды сақтап қалуды әрі қарай жалғастыра берсек, ел де, өз үлесін алмаған халық та мүлдем кедейлене түсер еді. Сондықтан әуелі жекешелендіріп, одан кейін ұсақ шаруашылықтарды жаңа тұрғыда ірілендіру міндеті тұрды.
Қиындықтар өте көп болды. Оның қандай қажыр-қайраттың арқасында жүзеге асқанын білмейтін адамдар әр түрлі пікірлер айтады. Елбасы бұл үдерістің бәрін көп ойланып барып жасады. Мысалы, ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген адамдарға жер учаскесі мен мүліктің пайы берілді. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың 51 пайызына аграрлық салада істейтін азаматтар ие болды.
Сол тұстағы қоғамдағы жағдай туралы біле түскіміз келсе, Елбасының “Қазақстан жолы” кітабынан: “Жеке меншік қоғамдағы саяси тұрақтылықтың іргетасы болды және әлі де бола бермек. Жер реформасы нарықтық институттардың дамуы мен нығаюына бағытталған. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жеке меншікті енгізуге қарсы болғандардың болжамдары, жерді “латифундистер” жаппай сатып алып қояды деген сәуегейліктері ақталмады” деген ойларын оқуға болады.
1993-1995 жылдары, тұтастай алғанда, 1490 мемлекеттік ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жекешелендірілген. Шартты жер үлестері мен мүліктік жарналар иелерінің ерікті түрде бірігуі арқылы азаматтарымыз заңды тұлға құқығына ие болып, шағын кәсіпорындарды, өндірістік кооперативтерді, шаруа қожалықтарын басқару мүмкіндігіне қол жеткізді. Бұл шаралар ауыл шаруашылығы ұйымдары мүшелерінің жерде шаруашылық жүргізуді ерікті түрде еркін таңдай алуына жағдай жасады.
Тиімді шаруашылықты қалыптастырудың үлгісі ретінде Елбасы мынадай мысалды алға тартты. Айталық, АҚШ-та бір фермер жылына 38 мың доллар өнім өндіреді екен. Бұл көрсеткіш Австралияда – 22 мың АҚШ долларына, Канадада 17 мың АҚШ долларына тең көрінеді. Қазақстанда ауыл шаруашылығының бір қызметкеріне әзірге жылына 900 АҚШ долларынан келеді. Сондықтан мемлекеттің таяу арадағы негізгі мақсаты – мемлекеттің ешқандай тікелей араласуынсыз, еңбек өнімділігі жоғары және бәсекеге қабілетті жеке меншік агроөнеркәсібінің қызмет істеуі үшін қолайлы жағдайларды қалыптастыру. Өйткені, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атап көрсеткеніндей, агроөнеркәсіп саласын дамыту арқылы да “мемлекетіміз әлем таныған, алдыңғы қатарлы елдер қатарына қосылуы тиіс”.
1994 жылы 6 шілде күні Алматы қаласында Жоғарғы Кеңестің депутаттары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімінің куәсі болды. Ол шешім астананы Алатау баурайынан Сарыарқа төріне көшіру идеясы еді.
Ал 1997 жылдың 20 қазанында “Ақмола қаласын Қазақстан Республикасының астанасы етіп жариялау туралы” Елбасының тарихи Жарлығы шықты. Онда 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы болатыны, ал астананың ресми тұсаукесері 1998 жылдың 10 маусымында өткізілетіні жазылды.
Ел кіндігін ауыстырудың саяси-экономикалық, әлеуметтік және мәдени мазмұны аса маңызды болды. Тоғыз жолдың торабындағы Ақмола Қазақ елінің сонау ғасырлар бойы бұрынғы хандары ту тіккен жер.
Президентіміз Ақмола қаласына мұқият саралап-талдаудан соң, астаналарға қойылар 32 түрлі талап тұрғысынан пайымдап-зерделеуден кейін ғана тоқтаған. Тәуелсіздік алған тұста еліміз жаңа қоғамдық құрылымға ауысып, нарық экономикасына негізделген болса, астананы көшіру Елбасының тағы бір маңызды қадамы еді. Осындай үш тарихи және күрделі мәселенің басын біріктіре отырып, нәтижелі орындап шығу – бұрын-соңды ешбір елде болмаған бастама.
Әрбір іскер басшының басты қасиетінің бірі атқарылуға тиісті жұмысты рет-ретімен, жүйе-жүйесімен бөліп, жауапты адамдарға жүктей білуінде және оның орындалуын талап етуінде. Міне, осындай шебер ұйымдастырушылықты ел Президенті астананы көшіру кезеңінде де іске асырды. Мемлекеттік комиссияға министрліктер мен ведомстволардың қалай көшетінін, қай ғимаратқа орналасатынын, оны дайындау мәселелерін жүктеді. Ал жергілікті басқару органдарына өздеріне міндеттелген негізгі жұмыстарынан бөлек, қаланың инфрақұрылымдық жағдайын жақсарту мәселелерін тапсырды. Соның арқасында жаңа елордамызға көшу үдерісі әлемдік тарихи оқиғалармен салыстырғанда өте жедел әрі нәтижелі орындалды.
Астананың менің өмірімде алатын орны зор. 1997 жылы 3 шілде күні мені Президент облысқа әкім етіп тағайындады. Сол күрделі кезеңде ел Президентінің сенімі маған үлкен жауапкершілік жүктеді.
Ең алдымен жазда су, қыста жылу жетпейтін Есілдің жағасындағы қаланың жылу жүйесін қолға алдық. Екіншіден, 13 жыл бойы күрделі жөндеу көрмеген жылу орталығын қалыпқа келтірдік. Көшелерді жөндедік, ғимараттарды абаттандырдық. Үлкен ұшақтарды қабылдау үшін әуежайды жөндеуге кірістік. Жігіттер көп жұмыс істеді, қауырттығын айтайын, сағат қана емес, минөт санап отырдық! 10 қазан күні таңсәріде бәрін бітірдік, сол күні Ақмола әуежайына Президенттің үлкен ұшағы келіп қонды.
Ақмола жазық далада орналасқандықтан, қаланың маңайы түгілі, өз ішінде ағаш аз еді. Бүгінгі жайқалған жасыл желек пен әдемі гүлдердің негізі сол жылдары қаланды. Президент тапсырмасымен Ақмоланың ішіне де, қаланың сыртқы аумағына да жаппай ағаштар отырғызылды.
Облысқа басшы болып келгендегі алғашқы ойларымның бірі аудандар мен көшелердің атауын өзгерту болды. “Ертең астана болғанда, алғаш көрген адам сол кездегі атауларымен тұрса, бұл қай елдің астанасы?” – деп ойламай ма. Сол кезде Елбасы бізге мүмкіндігінше адамдардың емес, елді мекендердің баяғы ескі атауларын қайта беруімізді тапсырған болатын. Алайда халқымыздың тарихында ерекше орны бар бабаларымыз да ұмыт қалмасын деген ескерту де жасалған болатын. Атап айтқанда, Балкашин – Сандықтау, Макинка – Бұланды, Алексеевка – Ақкөл, Краснознаменка – Егіндікөл, Вишневка – Аршалы болып тарихи атаулары қайтарылып, егемен Қазақстанның жаңа жылнамасына енді.
Ақмола қаласының Қарағанды тас жолына жалғасатын Студенческий көшесі – Абылай хан даңғылы, Целинниктер көшесі Республика даңғылы болып өзгерді. Карл Маркс көшесі – Кенесары, Революционная – Сәкен Сейфуллин, Октябрьская – Мұхтар Әуезов, Ленин көшесі Абай даңғылы аталды. Басқа да 30-ға жуық атаулар өзгертілді. Бұл бастаманы жергілікті тұрғындар қуана қабыл алды. Қазақ және орыс тілінде шығатын газеттер, қаладағы телеарналар жаңа атауға ие болған көшелер кімнің есіміне берілгендігі жөнінде арнайы мағлұматтар таратты.
Елбасының таңдау көрегендігінің жемісті нәтижелерінің бірі болған, құрылысы қарқын алып, күннен-күнге құлпыра түскен Астана қаласы – қазір сән-салтанаты келіскен, өзге елдер санасатын, әлем назарындағы көрікті шаһар. Еуразияның кіндік тұсында қоныс тепкен, Елбасының еуразиялық идеясы өміршеңдігінің жарқын көрінісі де осы Астана.
Президентіміз Астананың бас архитекторы да бола білді. Ол Президенттік мәдениет орталығының, Отан-Ана монументінің, Бәйтеректің және де басқа ғажап ғимараттардың жобалық нұсқасын өзі сызды.
1998 жылы жаңа елорданың атауы Астана болып өзгертілді. Сол жылы ЮНЕСКО-ның шешімі бойынша Астана қаласына “Бейбітшілік қаласы” жоғары атағы беріліп, медальмен марапатталды. Бүгінгі таңда Отанымыздың жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі, жеріміздің кіндігі – Астана Қазақстанның жаңа бейнесі, жарқын келбеті, тәуелсіздік бесігіне айналды. Ең бастысы – еліміздің экономикалық, әлеуметтік-мәдени жаңа орталығы, көшбасшы қаласы болып отыр. Бұл халқымыздың ауызбірлігін әйгілеген, тату-тәтті тұрмысын көрсете білген, сол бір асыл қасиетін әлем таныған астана болып келеді.
Әлем жұртшылығы қазір Қазақстан десе – Астананы, Астана десе – Қазақстанды айтатын болды. Шетелдік басылымдар Қазақстан мен оның Елбасының ұстанымын “Астана былай деп отыр” деп мәлімдейтінін күн сайын көріп жүрміз.
Еліміздің келешегі Астанаға байланысты. Астананың архитектурасы, ондағы жасалып жатқан жұмыстардың легі, жинақталып жатқан тәжірибе, білім, ғылым, жаңа технологиялар елге үлгі елорданың жаңару үлгісі облыстарда, қалаларда қайталанып жатыр. Олар Астанаға қарап бой түзеуде. Астана тәуелсіз Қазақстанға рухани келісім мен ұлтаралық байланыс орталығы ретінде мойындалды. Астананың бой көтеруі өмірімізге жаңа серпін берді.
Қандай мемлекеттің де қаржы, банк және бюджет жүйесін ретке келтіріп алмай, ел экономикасы тұрақты даму жолына түспейтіні анық. Осы орайда Қазақстандағы ұлттық қаржы жүйесінің реформалануы мен оның даму эволюциясын шартты түрде екі кезеңге бөлуге болады.
Бірінші кезең – 1991 жылдан 1997 жылға дейінгі мерзімді қамтиды. Бұл жылдары біздің алдымызда экономиканы ырықтандыру және макроэкономикалық тұрақтануға жету мәселелері тұрды.
Екінші кезең – Қазақстанның қаржы жүйесінің тұрақтанудан кейін нығайып, одан әрі қарқынды дамуы 1998 жылдан басталды.
Бұл кезең туралы Елбасы “Қазақстан жолы” кітабында: “Ашық нарықтық қатынастарды құру бізден экономиканың негіздерін түбегейлі өзгерістерге апаратын қадамдар жасауды талап етті. Нарыққа барар жолдағы осы қадамға біз тауар тапшылығы мен өсіп отырған гиперинфляция жағдайында бардық. Ырықтандыруды іске асырудың басталуымен бірге әр түрлі қаржы ұйымдарының жылдам өсуі басталды”, – деп жазды.
Дегенмен, жетілдірудің шегі жоқ екені және белгілі қағида. Әлемдік қаржы дағдарысы кезінде бірқатар банктердің “есеңгіреп” қалғаны жасырын емес. Қаржы жүйесінің әлі де болса қорғану жағын нығайта түсу керек екені анық байқалды. Сондықтан банк капиталын сақтауда қандай жағдайға да төтеп бере алатындай негіз қалыптасуы қажет. Биылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев қаржы жүйесін жетілдіру жағын баса айтты.
Жас елімізді әлемдік қаржы дағдарысының ауыр соққысынан Ұлттық қорымыз сақтап қалды. Бастапқыда Елбасы бастама көтеріп, Ұлттық қор құру туралы шешім қабылданғанда қоғамда қарсы пікірлер де аз айтылған жоқ болатын. Ұлттық қорға жіберілетін қаражатты халыққа, әр адамға 16 мың теңгеден бөліп беру керек деген ұсыныстар да айтылған.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор құру туралы шешім қабылдау үдерісінде әлемдегі қолданыстағы барлық мұнай қорларының тәжірибелерін зерттеп шыққанын мәлім етті.
Ел түгілі, әр отбасы ертеңгі күні үшін қор жинайтыны белгілі. Сондықтан таңмен тапқаныңды кешке азық етумен алысқа бармайтының анық. Келешегін ойлаған мемлекет халықтың тұрмысын да жақсартады, ойда жоқта болатын апаттардан елді аман алып қалу үшін қаржылық қоры тұруы керек. Қаржы дағдарысы келгенде Елбасының бастамасымен шұғыл іс-шаралар жүзеге асырылды, Үкіметке нақты тапсырмалар берілді. Парламент дағдарыстың алдын алуға қажетті заңдарды жедел қабылдады.
“Жұмыла көтерген жүк жеңіл” дегендей, бұл қиындықтан да халық болып бірігудің арқасында аман шығып келе жатқанымыз анық. Осы тұста ел экономикасын тұрақты сақтап қалу үшін қомақты қаржы бөлген Ұлттық қор да өзінің өміршеңдігін дәлелдеп берді.
Қай елдің де жеке-дара өмір сүрмейтіні белгілі. Қазақстан да әлемнің көптеген елдерімен ынтымақтастық байланыс орнатты. Соның ішінде Америка, Ресей, Қытай сияқты алып мемлекеттермен, басқа да алыс-жақын елдермен тығыз қарым-қатынас жасап келеді.
Алып елдердің бірі – Қытай. Өзім 2001-2007 жылдар аралығында Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі болған кезімде қос мемлекеттің ынтымақтастық және экономикалық байланысы қалай дамығанын көзбен көрдім. Жалпы, Қытай – сыртқы саясат мәселесіне өте сақтықпен, аса талғампаздықпен қарайтын ел. Оның тәжірибесі бірнеше ғасырлардан бері қалыптасқан. Біріншіден, Қытай мен Қазақстан арасындағы мемлекеттік шекара мәселесі шешілді. Сондай-ақ трансшекаралық өзендер мәселесі де оң шешімін тауып, келісім-шарт жасалды. Осы тұста айта кету керек, Қытай Қазақстаннан басқа бірде-бір елмен трансшекаралық өзендер туралы келісім-шартқа қол қойған жоқ. Сол секілді екі ел достық қарым-қатынас туралы келісім-шартқа қол қойды. Мұндай келісімді бұдан бұрын тек Кеңес Одағының заңды жалғасы ретінде Ресеймен жасасқан екен. Сөйтіп, Қытай елімен стратегиялық әріптестік байланыс орнатылды. Қазақстан мен Қытай мемлекеттері арасындағы қарым-қатынас туралы бағдарлама жасалып, қол қойылды. Бұл Қытай тарихында бірінші рет болған оқиға. Одан кейін экономикалық әріптестік жайлы бағдарлама жалғасын тапты. Бізден кейін Ресеймен, Америка Құрама Штаттарымен, тағы бір-екі елмен ҚХР осы тәріздес құжаттарға қол қойды.
Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастық жөніндегі комитеті құрылды. Оның құрамында 12 үкіметаралық комиссия бар. Бұл да бұрын болмаған жәйт еді.
Қытайдың хаттамасы өте қатаң тәртіппен жүргізіледі. Ол дәстүрді басшылары бұзбайды. Алайда, 2005 жылы біздің Елбасымыз мемлекеттік сапармен барған кезде өз дәстүрлерін өзгерткеніне куә болдым. Қытай басшысы Ху Цзиньтао Қазақстан Президентін достық ас беру рәсіміне шақырды. Мұндай жоғары лауазымды мәртебелі қонақтарға көрсетілетін құрметке тек Д.Буш пен В.Путин ғана ие болған.
Осының барлығы Нұрсұлтан Әбішұлының әлемдік деңгейдегі абыройы, Мемлекет басшысы ретіндегі рөлі. Қытай елі басшыларының Қазақ елі Президентіне деген ілтипаты, ерекше құрметі арқасында жоғарыда айтылған жан-жақты ынтымақтастық келісімдерге қол жеткізілді.
Үстіміздегі жылы көрші Қырғыз елінде болған сәуір дүрбелеңі әлем назарын аударған оқиға болды. Елбасының тапсырмасы бойынша Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Іс басындағы төрағасының арнайы өкілі ретінде барып, жағдайды өз көзіммен көрдім. Саяси күштердің шиеленісі басылмай, біртұтас Қырғызстан үлкен қақтығыстар басталуының аз-ақ алдында тұрды. Әлемге әйгілі тұлға ретінде Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ Президенті Барак Обамамен, Ресей Президенті Дмитрий Медведевпен келісіп, Қырғызстандағы күрделі жағдайдың оң шешілуі үшін атсалысты.
Сөйтіп Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың араласуының арқасында Қырғыз елі азамат соғысының басталып кетуінен аман қалды. Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан Қырғыз еліне бірінші болып гуманитарлық және материалдық көмек берді. Яғни, жанар-жағар май, көктемгі егіске қажетті тұқым беру мәселелері жедел шешілді. Ал әрі қарай бауырлас елдің тағдыры бүгіндері билік басына келген жаңа басшылар мен қайтсек ел боламыз деп ес жинауға ұмтылар туысқан халықтың өздеріне байланысты болмақ.
Қазіргі әлемнің даму қарқыны қоғамдық үдерістердің келбеті мен мәнін шапшаң өзгертуде. 2010 жыл Қазақстан үшін аса жауапты істердің атқарылуымен ерекшеленіп отыр. Еліміз Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, әлемдік маңызы зор мәселелердің жоғары деңгейде шешілуіне атсалысуда. Бұл миссия Қазақ елінің айбыны мен абыройын асыра түсті.
Осы бір маңызды миссияны атқаруда еліміздің әлемдік қауымдастық алдындағы беделін арттыру үшін көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып жатыр. Қазір әлем назары – Қазақстанда! Ел беделіне нұқсан келтіретін қандайда бір әрекетке жол бермеу – әрбір азаматтың парызы.
Қазақстан өз алдына экономикалық, әлеуметтік дамудың жаңа кезеңіне аяқ басу мақсатын қойып отыр. Ел бірлігі мен Елбасының жүргізіп отырған көрегендік саясатының арқасында алдағы кезеңде де үлкен жетістіктерге қол жеткізеріміз анық.
Қазақстан мемлекеті мен халқымыз үшін қажырлы қызмет атқарып жүрген, әлемдік қауіпсіздік үшін ізгі бастамалар көтерген, беделді алпауыт елдердің ұстанымына оң ықпал еткен ірі саяси тұлғамыз бар. Ол – сарабдал саясатты ұстанған көреген көшбасшы, Қазақ елін дүние жүзіне танытқан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
Жәнібек КӘРІБЖАНОВ, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі Төрағасының орынбасары.
____________________________________
МӘҢГІЛІККЕ ТҰРҒЫЗЫЛҒАН КӨПІРСІҢ
Өлкеме бақ, береке, ырыс толды,
Жатсынған жоқ ешқашан жұмыс қолды.
Қазақ деген халықтың бақыты үшін,
Қазақ болып туғаның дұрыс болды.
Қанат жазды қияда елің еркін,
Өршелетті, өрлетті көңіл өртін.
Аталарың ат мініп тойға барды,
Алшысынан киіп ап қоңыр бөркін.
Кеше тіккен алма ағаш көктеп қалды,
Есіркейді ескен жел ептеп талды.
Жібек көйлек киіп ап әжелерің,
Немересін жетектеп мектеп барды.
Бақыт тауып үй болған інілерің,
Қанаттарын жаяды біліп өрін.
Атым шапса алысқа бәйге тілеп,
Жан бауырым, өзіңсің жүгінерім.
Өнегеңді тыңдаймын жеке қалып,
Жүргем жоқ ұлы жолда бекер арып.
Маған айтқан бір ауыз жылы сөзің,
Мені алыс жұлдыздарға кетеді алып.
* * *
Қанша мені мақтама деп зар қылдың,
Бірақ тілін алу керек тағдырдың.
Тірі жүрген пендесіне тірліктің,
Өзі шақтап берері бар әр күннің.
Кімді мақтау керек сені мақтамай,
Тас төбеңнен ұшып өтті бақ талай.
Түсінуге сенің ұлы жаныңды
Бауырлардың олқы соғып жатқаны-ай.
Қанаты бар қазақтармен теңестім,
Келешекті келелімен кеңестім.
Айды әпер деп, күнді әпер деп қинайтын
Ақымақтардың ауылынан емеспін.
Барша халық – туысқаның, сан бауыр,
Басып өтіп келе жатсың жолды ауыр.
Көңіліңдей көтерілді қалалар,
Қуанышқа сені өсірген толды ауыл.
Бүгін тағы еліңді ойлап отырсың,
Қаулап өсер егінді ойлап отырсың.
Ғасырлардың араларын жалғайтын
Мәңгілікке тұрғызылған көпірсің.
Өтті өткендер бір өзіңнен от алар,
Сенді саған әжелер мен аталар.
Ұлы жолсың өзің туған еліңді
Ертеңіне адастырмай апарар.
Алға зула, арғымағың арқырап
Арыстанға біткен сенде бар қуат.
Елбасым менің, бақыт деген өзіңсің
Келе жатқан ақ маңдайы жарқырап.
* * *
Ақ бұлттарды аялап, ерке күнді,
Миллиондарды соңына ерте білді.
“Қазақ жетсін бақытқа” дейтін кісі,
Адамдықтың атына ерте мінді.
Сезімталым, сергегім, серме қанат,
Шықсаң көкке жаныңды тербеді алап.
Көмектескен қазаққа қадірлімді
Мен ерекше сүйемін ерге балап.
Тосты бақыт қашаннан күнге бетін,
Әдетіміз жеңгенге гүл беретін.
Елін нұрға бөлеген Нұрекемнің
Күнде көргім келеді нұр келбетін.
Аман жүрсін сол батыр елін бастап,
Ол барында жерім бақ, ерім де асқақ.
Жарқыраған шыңдарға бет түзейміз,
Жылжып жатқан жылдарды кейін тастап.
Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.