02 Шілде, 2010

АҚТӨБЕ ХАЛҚЫНЫҢ ЕЛБАСЫНА СЫЙЫ

532 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Өткен күннен сыр шертіп, шежірелі тарихты жырлап жатар мекеннің бірі – мұражай. Зердеңмен ұғып, көзіңмен көріп тұрғанда тұла бойың шіміркеніп, санғасырлық тарихпен бірге жасасып келгендей күй кешесіз. “Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді” деп Майқы би сөзі күмбірлеп тұрар, “Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос”, деп Абайдың сөзі ақтарылып, Елбасы Н.Назарбаевтың: “Қазақтың бүкіл тарихы – бірігу тарихы, тұтастану тарихы” деген сияқты сөздері сізді өзіне баурап, қатпарлы тарихтың қойнауына тартып кетер орынның бірі. Аталған орталық бүгінде қазақстандық отансүйгіштік пен азаматшылдықты қалып­тас­тыру, дүниежүзілік қоғамдастыққа демо­кра­тиялық мемлекетіміздің көне шежіресін көрсету, бәсекеге қабілетті, жаңа заман талаптарына сай кәсіпқой жастарды тәрбиелеу сынды маңызды міндеттерді атқарып келеді. Сонымен қатар, көп­ұлт­ты қоғамның біртұтас мұрасын жинақтау, түр­кітілдес және көршілес елдердің ынты­мақ­тас­тығын арттыру ісінде де Президенттік мәдениет орталығы қарқынды қызмет атқарып келеді. Мәселен, француздың “La Trіbune” газетінің мә­ліметіне сәйкес, өткен жылы атақты Фран­ция­ның арғы-бергі тарихын тұтас қамтитын 400 мың экспонаты мен 800 жылдық тарихы бар алып та таңғажайып париждік Лувр музейін 8,5 млн. адам аралап, өз рейтингін жаңалап бірінші орын­нан түспегендігін хабардар етті. Ал Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығының мұражайында небәрі 10 жылдың ішінде экспонат ауқымы 106 мыңға жетіп, келушілер саны өткен 2009 жылдың ішінде 31 мыңға жетіп үлгерді. Міне, осындай қарқынмен шарықтай берсе, Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың 2030 стратегиялық даму бағдарламасына дейін әлемдік мұражайлармен салыстырғанда тереземіз тең болатынына сенімім кәміл. Бұл орталықтың мұ­ражайынан асыл қазынамыз – төл мәдение­ті­міздің жәдігерлері мен тарихи құндылықтарын таба аламыз. Бүгінгі сөзімізге арқау еткен, Ақтөбе облы­сында византиялық үлгіде салынған “Нұр-ғасыр” мешіті ақ мәрмәрмен апталып, алтынмен ай­шық­талса, ал есіктері Хиуаның ғасыр жасаған қара ағашынан және тұтқалары Тайваньнан ал­ынды. Бұл – қоқандық шебер Шәміл Асат­баев­тың қолынан шыққан өнер туындысы. “Нұр-ғасыр” мешітіне барып қайтқан Президенттік мә­дениет орталығының директоры М.Жол­дас­беков оны “Өлмес махаббат” символы болып саналатын, әлемдегі жеті кереметтің бірі – Тәж Махалға теңеді. Әсем де көркем етіп бой көтерген “Нұр-ғасыр” мешітіне бір мезетте 3,5 мың адамның ғибадат ету мүмкіндігі бар. Дегенмен, Ақтөбеге аяқ баспаған адам көркем етіп безен­дірілген үлгісін осы Қазақстан Республикасының Президенттік мәдениет орталығынан көре алады. 2008 жылы Ақтөбе қаласынан бой көтерген “Нұр-ғасыр” мешітінің макетін облыс әкімі Е.Сағындықов Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа сыйға тартқан болатын. Бүгінде Палестина президенті Я.Арафатың сыйлығы “Әл-Ақса” мешітінің макеті, Сауд Арабиясының Королі Фахд Әбді Әл-Әзиз сыйлығы “Әл Харам” мешітінің макетімен қатар бой түзеген “Нұр-ғасыр” мешітінің макеті Президенттік мәдениет орталығы мұражайының төрінен орын алды. Сондай-ақ, “Нұр-ғасыр” мешіт сұлбасының барлық көрсетілімдерін сақтай отырып, кішкене макетке сыйдыру қажырлы еңбекті қажет еткені сөзсіз. Оған дәлел: беріктігін сақтау үшін – темірді, бағалығын арттырып, көркіне әр беру үшін – алтынды қолданған. Бар-жоғы ұзындығы – 140 см болса, ені – 99 см, ал биіктігі 125 см шамасын құрайды. Осы бір ғажап мешіттің сызбалық нұсқасы “Тәуелсіз Қазақстан және оның негізін қалаушы Н.Ә.Назарбаев залына” нұрын шашып, көркіне әр беріп тұрғандай. Міне, осындай ежелгі заманнан бастап бүгінгі күнге дейінгі тарихымыздан сыр шертетін құн жетпес қымбат жәдігерлер Президенттік Мәдениет орталығының мұражайында сақталуда. Дегенмен, біздің басты байлығымыз – бейбітшілігімізде. Бал қаймағы бұзылмай, ұлтаралық татулықты ұран еткен, саяси тұрақтылықты сақтай білген бейбіт елдің біріміз. Іргеміздің бүтін, діңгегіміздің берік болуында діни ынтымақтастығымыз үлкен рөл атқарып отыр. Оған дәлел-дәйектер жеткілікті. Тіпті, тақырыбымызға арқау болған “Нұр-ғасыр” мешітінің жанынан Әулие Николай шіркеуінің қатар бой көтеруі осының бір белгісі бола алады. Жалпы, “ислам” сөзінің бір баламасы бейбітшілік деген мағынаны білдірсе керек. Демек, ислам – татулықтың жаршысы, ал мешіт – исламның алтын ордасы, тірегі деп саналады. Ақтөбе қаласының орталығынан шығыстық орнаментпен салынған “Нұр-ғасыр” мешіті – төл архитектурамыздың тамаша туындысы ғана емес, елдің рухани қажеттілігін қанағаттандырып отырған ғибадат орнына айналған. Енді мұсылман жамағатын бірлік пен имандылыққа бастаған осы “Нұр-ғасыр” мешітінің макетін елорда жұртшылығы мен қонақтары Пре­зиденттік мәдениет орталығының мұра­жайына келіп көріп, рухани мұралардан хабардар болады. Соңғы жылдары дүние жүзін дүрліктірген түрлі лаңкестік әрекеттер ислам атын жамылып, адамзат арасында дінге деген теріс көзқарастар қалыптастыруда. Тіпті, кейбір экстремистік топтардың теріс пиғылының салдарынан ұлтаралық қақтығыстарға жол беріліп жатады. Бейбіт халықтар жазықсыз жапа шеккен осындай қиын кезеңде Мемлекет басшысының салиқалы саясаты дұрыс бағыт болары сөзсіз. Олай болса, “Нұр-ғасыр” мешіті секілді рухани ордалар қатары қалыңдай берсін дейміз. Н.Ә.Назар­баев­тың Қазақстан халқына Жолдауында айтыл­ғандай, “конфессияаралық және мәдениетаралық татулықты қамтамасыз ету” бәріміздің ортақ мүддеміз болуы тиіс. Өйткені, жаппай жаһандану жағдайына сарапшы мамандардың өзі кейде оң баға беріп дұрыстап жатса, кейде теріс баға беріп бұрыстайды. Мәселен, Шығыстың ойшылы М.Иқбал оны “ұлттардың менін, болмысын ұмыттыру, оларды тарих бетінен біржола жойып жіберудің астыртын жүргізген әдісі мен ойынына” теңейді. Мұндайда тек рухы мықтыны ғана жау алмайтыны белгілі. Қандай да бір қиындық болмасын, дауыл мен сыртқы ықпалға төтеп беретін бірден-бір күш – өткенімізді жоғалтпай, бүгінмен ұштастырып, ертеңге жалғастыратын ұлттық болмысымыз. Ал түп тамыры тереңде жатқан тарихымызды танытатын мұражайлар ұлттық болмысымыздың айнасы іспеттес. Олай болса, Президенттік мәдениет орталығын құру арқылы және әлемнің бәсекеге қабілетті елу елінің қатарына қосылу жолындағы, басқа да бағдарламалары арқылы бүгінгі ұрпақтың өз тегін танып, келешекке батыл қадам жасауына Елбасымыз барлық жағдайды жасап отыр деп кәміл айта аламыз. Тек жастар соны игілікке жарата алса болғаны. Бұл орайда, бағыты айқын елдің болашағы да жарқын болатынын естен шығармаған абзал. Б.ЖАҚЫПОВА, ҚР ПМО ақпарат бөлімінің қызметкері.