02 Шілде, 2010

ЖАҢА ИДЕЯЛАР АЛАҢЫ

1280 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ІІІ Астана экономикалық форумы үлкен ойлар мен ұсыныстардың ордасына айналды Кеше еліміздің елордасында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен дәстүрлі сипатқа ие болған ІІІ Астана экономикалық форумы өз жұмысын бастады. Оған әлемнің әр шалғайындағы жетпіске тарта елден үш жүзден астам делегат жиналды. Мұның сыртында форум жұмысын көрсету мақсатында төрт жүзден астам шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері келіп отыр. Осыған қарап-ақ бұл басқосудың халықаралық үлкен маңызға ие екендігін аңғаруға болады. Форум жұмысына Біріккен Ұлт­тар Ұйымы Бас хатшысының ор­ынбасары, БҰҰ Еуропа экономи­калық комиссиясының атқарушы хатшысы Ян Кубиш, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйымның (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Марк Перрен де Бри­шам­бо, Канаданың бұрынғы премьер-министрі Жан Кретьен, Еуропа ин­вестициялық банкі президенті Фи­липп Майстатт, Азия даму банкі ви­це-президенті Жао Шаою, Но­бель сыйлығының лауреаттары Финн Е. Кидланд, Роберт А. Ман­делл және басқа да аттары әлемге танымал ғалымдар мен көрнекті тұл­ғалар қатысуда. Форумның сал­танатты ашылуын жариялаған бірінші пленарлық отырысты CNN телекомпаниясының танымал жүргізушісі Джон Дефтериос жүр­гізіп отырды. Ол форум болатын екі күннің ішінде 17 отырыс өт­кізіліп, 20 сағат уақыт пікірталастар ұйымдастырылатындығын, жүзде­ген баяндамалар тыңдалатындығын айтты. Сонымен қатар, ол форум өткізуші ел Қазақстанда эконо­ми­калық дамудың жоғары қарқыны көрініп отырғандығын, соңғы он жылдың ішінде елдегі жан басына шаққандағы табыс көлемі он есе өскендігін еске салды. “Бұл жағдай қандай құрметке болсын лайық”, деп атап көрсетті Джон Дефтериос. Экономика саласында осындай та­быстарға жетіп қана қоймай, өзі­нің бейбітсүйгіш сыртқы саяса­ты­мен көзге түсіп, аз жылдың ішінде түрлі халықаралық форумдардың ортақ мекеніне айналған, адам­затты ортақ мәмілеге шақырған бастама­шы­лық сипатымен көзге түсе бас­таған осынау жас мемле­кеттің н­е­гізін қалап, қазіргі күні көшбасшы­лық қырларымен әлемге танылған еліміздің Тұңғыш Прези­денті Нұр­сұлтан Назарбаевтың алғашқы пле­нарлық отырыстың ашылу салта­на­тында сөйлеген сөзін форум қо­нақ­тары аса бір ықылас­пен тыңдады. “Еуразия кеңістігінде Шығыс пен Батысты жалғап жатқан әсем Ас­танаға қош келдіңіздер! Барша­ңызды бүгінгі маңызды шара – ІІІ Астана экономикалық фо­румының ашылуымен құттықтай­мын. Тарихи Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Қазақстанда ғаламдық экономика және қаржы мәселе­лерін талқылау игі дәстүрге айна­лып келеді”, – деп бастады сөзін Елбасы. Мұнан кейін осымен үшінші рет өтіп отырған бұл фо­рум­ның дағдарыстан кейінгі әлем­дік дамудағы экономикалық даму теңгерімсіздіктерін еңсеру бағы­тын­да неғұрлым ойлы ұсыныстар ай­­тылатын алаңға айнала бас­та­ған­дығын, бүгінгі таңда экономи­калық және саяси тұрақтылықтың өзара байланыстылығын жаңаша және қайтадан бір байыптаудың қажет болып отырғандығын, өйткені бір елде белең алған тұрақсыздық жағ­дайының болашақта бүтін бір өңір­ге, құрлыққа, тіпті әлемге жайылуы айқын сипатқа ие бола баста­ған­дығын еске салды. Осы жолғы дағдарыс адамзат қауымы үшін өте үлкен сын болды. Бірақ дер кезінде шаралар қабыл­данып, экономикалық жаңғырулар­дың жүйелі сипатқа ие болуының нә­тижесінде әлем дағдарыс ахуа­лынан бірте-бірте шығып келеді. Қазақстан өткен жыл қорытын­дысында рецессияға жол берген жоқ. Экономикалық өсімді сақтап қала алды. Ал үстіміздегі жылдың бі­рінші жарты жылдығының қоры­тындысы бойынша 8 пайыздық өсім­ге қол жеткізді. Қазақстанда жұ­мыссыздыққа жол берілмей, қай­та оны төмендетудің, қаржы және құрылыс салаларын сауықтырудың сәті түсті. Осыған сай мемлекет өзі­нің әлеуметтік міндеттемелерін ор­ын­дай алды. Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан зейнетақы 25 пайызға өссе,­ 1 сәуірден бастап бюджет қыз­­­мет­керлерінің жалақысы да осын­дай деңгейге көтерілді. Елбасы өз сөзінде қазіргі ха­лық­аралық ахуалға тоқтала кетті. Қа­зіргі әлемдік құрылымға ықпал етуші геосаяси жүйелердің жаңа жағдайларға қарай бет алғаны байқалады. Осыдан жиырма жыл бұрынғы КСРО-ның тарауымен екі полярлы әлемнің бір полярлы жүйеге көшкендігі айқындалса, ал бүгінгі күні бір полярлы әлем көп по­лярлы жүйеге трансформа­ция­ла­нуда. Мұның өзі ірі континенттік бірлестіктердің құрылу үдерісін жеделдете түсетіндей. Осы ретте Елбасы әлемнің бо­ла­шақ даму бағыттары жөнінде қа­зіргі күні әртүрлі болжамдардың жа­салып жатқанымен, дағдарыстан кейінгі әлемнің нақты бейнесін анық білдіретін бүтін бір картина қалыптаса қоймағандығын айтты. Экологиялық, климаттық пробле­ма­лардың ушығуы, теңсіздік пен азық-түлік қауіпсіздігі секілді мә­селелер жағдайды одан әрі қоюлата түсіп отырғандай. Осыған орай Елбасы бүгінгі Астаналық форумда қазіргі заман­ның неғұрлым күрделі мәселелерін талқылау жоспарланғандығын, алда өтетін үлкен жиырмалық саммитіне нақты ұсыныспен шығу – жалпы ортақ іске қосылатын үлес ретінде бұл форумның өзіндік мақсаты болып табылатындығын атап көр­сетті. Соның ішінде қазір жа­һан­дық сипатқа ие болып отырған бес мә­­­­­­­­­­селенің, атап айтқанда, қаржы ры­­­­­­­ноктарын реформалау, эколо­гия­лық қауіпсіздік, азық-түлік қау­іпсіздігі және баға тұрақтылығы, ке­­­­дейлік пен елдер арасындағы тең­­сіздікті төмендету, одан әрі ин­те­грацияланудың жолдарын қа­рас­тыру мәселесі де бар. Елбасы осы мәселелер жөніндегі өз көзқа­ра­сын форумға қатысушылардың на­зары­на ұсына кетті. Сонымен қатар, қазіргі күнгі Қазақстан төрағалық етіп отырған ЕҚЫҰ-ның мәселе талқылаудағы мүм­кін­діктеріне тоқтала келе, дағда­рыс­тан кейінгі әлем мәселесі бұл ұй­ымның ая­сында тіпті факуль­та­тивтік деңгей­де талқыланып көрмегендігін ай­тып, осы ұйым аясында жаңа құ­жат­ты әзірлеуге кірісудің қажет екен­дігін, оны шартты түрде “Ма­астрихит-плюс” деп атауға бола­тын­дығын мәлім­де­ді. Әрине, бұл бір күннің мәсе­ле­сі емес. Ол үшін ЕҚЫҰ-ға қа­ты­сушы мемле­кет­тер­дің ынтасы мен қолдауы қажет. Елбасы Еуропа мен Азиядағы ынтымақтастықтың тарихи тұрғыда сауда мен адамдардың құрлық ішінде еркін қозғалысы бейнесінде қалыптасқандығын, кешегі Жібек жолының Қиыр Шығыс пен Батыс Еуропаны, құрлықтың солтүстік және оңтүстік бөліктерін жалғап жатқандығын қаперге салды. Алай­да “темір шымылдық” кезеңінде байланыстың мұндай жүйесі үзіліп кеткенімен, жаңа мыңжылдық бас­талысымен Еуропа мен Азиядағы тікелей сауда маршруттарын қа­лып­тастыру үрдісі қайта қарқын алу­да. Бүгінгі күні Еуразия кон­тиненті әлемдік өнімнің жартысы­нан астамын береді, мұнда әлем ха­лықтарының үштен екі бөлігі тұрып жатыр. Мемлекет басшысы өзінің Еу­ра­зиялық интеграциялық үдеріс­тердің сенімді жақтаушысы екенін айта келе, алдағы уақытта Еуразия құрлығының интеграциялық қа­ғидаттары мен бағыттарын не­гіз­дейтін бірыңғай құжаттың қажет болатындығын атап көрсетті. Осы­ған орай назар аударуға лайықты же­ті бағыт жайында әңгіме қоз­ға­ды. Олар – сауда мен шекаралар­дың ашықтығын дамыта түсу, көлік және коммуникациялық инфра­құ­ры­лымдарды дамыту, өзара инвес­тициялар мен технологиялар алма­суын ынталандыру, капиталдың жалпы рыногы, тұрақты және жаңа энергия көздері, таза энергетика, адам ресурстарын дамыту мен ал­масу, сонымен қатар, азық-түлік қау­іпсіздігін қамтамасыз ету ар­қылы өмір деңгейін теңестіру мәсе­лелері. Елбасы бүгінгі форумда не­ғұрлым тамаша идеялар айтылып, олар серпінді шешімдердің қабыл­­дануына әсер етеді деген сенімін білдірді. Форумда сөз алған БҰҰ Бас хат­шысының орынбасары Ян Ку­биш осы халықаралық басқосудың Қа­зақ­стан жерінде өтіп жатқан­ды­ғы өте орынды екендігін, ол қа­зірдің өзінде адамзат үшін пайдалы жар­қын идея­ларды дүниеге алып келу алаңына айналып үлгер­ген­дігін, өйт­кені, мұнда саясаткер­лер­мен қа­тар әлемге танымал оқымыс­ты ға­лымдар мен экономистердің бас қо­сатындығын айтты. БҰҰ Бас хат­шысы Пан Ги Мунның форумға арнаған жолдауы мен құттықтауын оқып берді. Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық жөніндегі ұйым­ның Бас хатшысы Марк Перрен де Бришамбо өз сөзінде Қазақстан Пре­­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев­тың айтқан сөздері мен жасаған ұсыныстарына қолдау білдірді. “Сіз­дің бүгінгі Жолдауыңыз ха­лықаралық қоғамдастықтың үлкен қызығушылығын туғызады деп ойлаймын”, деді ол. Азия даму банкінің вице-пре­зиденті Жао Шаою осы құрылым­ның 2008 жылы өткен Бірінші Ас­таналық экономикалық форумына қатысқандығын, сол кезде айтыл­ған ойлар мен ескертулердің ақи­қа­ты әлемдік дағдарыс тұсында дә­лел­денгендігін жеткізе келе, енді дағ­да­рыстан кейінгі әлем жөнінде айты­ла­тын ұсыныстар халықаралық қо­ғам­дастық үшін қажетті құнды­лық­тарға айналатын болар деген ойын білдірді. Қазақстанның қазір­гі даму жағдайына жақсы бағасын берді. Осы күнгі алғашқы пленарлық отырыста Нобель сыйлығының лау­реаттары Финн Е. Кидланд, Ро­берт А.Манделл және басқа да көр­нек­ті тұлғалар мен оқымысты ға­лым­дар сөз алып, өздерінің ой-пікір­лерін ортаға салды. Түстен кейін ІІІ Астана эко­номикалық форумының алғашқы пленарлық отырысының қорытын­дысы есебінде баспасөз конферен­циясы болып өтті. Онда журналис­тер қатысушыларға пленарлық отырыс­та айтылған тың ойлар мен пікір­лерге байланысты сұрақтар қойды. Мысалы, жаһандық ортақ ва­люта туралы ұсыныс айтқан Ел­басы ойы төңірегінде пікірлер ал­ма­сылды. Бұдан соң форум аясын­да шағын және орта бизнес сала­сын­дағы ин­но­вациялық жобаларға ақпа­раттық және жарнамалық қол­дау көрсету, сондай-ақ қолданысқа енгізілуге дайын инновациялық шешімдерді көрсету, оларға инвес­ти­ция тарту мақ­сатында көрме ұй­ым­дасты­рыл­ды. Инновациялық зерт­теулер көр­месінің өтуі бары­сын­да Индустрия және жаңа техно­ло­гиялар минис­тр­лігінің инвести­ция­лар бойынша ко­митеті әлеуетті ин­весторларға бүкіл еліміз бойын­ша жүзеге асырылатын дайын жо­ба­лар тізімін ұсынды. Олардың қа­та­рында өндіріс қуат­тылығы жы­лы­на 552 000 тонна це­мент өндіретін “BІ-Cement” зауытының құры­лы­сы, кіші су электр стансаларының каскадын салу құрылысы, бекіре тұ­қымдас тауарлы балық өсіру бой­ынша су-балық шаруашылығы ке­шені және сумен қамтамасыз ету­дің жабық жүйесінде тағамдық уыл­дырық алу жобасы, тауарлы-бе­кіре тұқымдас балық фермасы, кә­сіп­орындардың өндіріс қуатын жа­ңарту, өндірілетін өнім бірлігін ке­ңейту секілді бірқатар жобалар бар. Республикамыздың 16 айма­ғынан индустриялық-инновация­лық кәсіпорындардың қатысуы көрме деңгейінің жоғары түрде өткендігін айғақтайды. Көрмеге қатысқан кейбір жобаларға қыс­қа­ша тоқталып өтсек. Егер Ұлттық био­технологиялық орталықтың не­гізінде картоптың вируссыз мини­түйнектерін алу үшін өндірістік ке­шен салу жобасы жүзеге асырыла­тын болса, ИФА және ПТР әдіс­те­рімен вирусты анықтайтын ба­қылау және апикальдық меристема әдісімен алынған картоптың сау­ықтырылған материалы алынады. Жобаның орындалуы барысында ха­лық жұмыспен қамтамасыз еті­ліп, ал картоптың сауықтырылған тұқымдық материалы негізінде экологиялық таза өнім алынады. Инновациялық зерттеулер көр­месінде назардан тыс қалған бір де бір сала жоқ. Көрмеде Қазақ­стан­ның индустриялық және иннова­циялық әлеуеті толық көрсетіліп, форумда айтылған инновациялық жаңарулардың экономиканың са­уы­ғуы мен дамуының негізгі көр­сет­кіші болып саналатындығы тағы да бір дәлелденгендей болды. Ин­дус­­триялық-инновациялық бағыт­та­ғы көрменің тәжірибелік маңызы жо­ғары екендігі белгілі. Ол қыз­ық­ты жобаларға қосымша инвестиция тар­ту мақсатында ұйымдасты­рыл­ды. Бұл көрме дағдарыстан кейінгі кезеңде индустриялық-иннова­ция­лық жобаларды іске асырудың жақ­сы көрсеткіші болып отыр. Тәу­ел­сіздік сарайының кең холында өткен көрме қатысушыларға форум аяқталғанша қызмет етпек. Форумның алғашқы күнгі оты­рыстары мен оның аясында өткі­зілген шаралар тартымдылығымен есте қалды. Форум бүгін тағы жалғасады. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, Венера ТҮГЕЛБАЙ.