Әлем мәдениеті күннен күнге дамып келеді. Және бұл үрдіске зор ықпалын тигізетін жастар қауымы. Бүгінде бұған дәлел көп. Солардың бірі – жуырда (26 маусым – 2 шілде аралығында) Армения астанасы Ереванда өткен ТМД елдері жастары арасындағы VІ Дельфийлік ойындар. Биылғы шара 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналды.
Әлемде ең алғаш рет дельфийлік ойындар біздің дәуірімізге дейін 582 жылы Грекияда басталған көрінеді. Аполлон негізін қалаған бұл сайыс Пифийлік ойындар деп аталған екен. Содан кейін ғана Дельфи қаласында өткізілгендіктен, қазіргі атауына ие болыпты.
Негізінен дельфийлік ойындар үш мәрте жаңғырған. Алғаш Грекияда бастау алса, Олимпия ойындарымен бірге 1600 жыл бұрын тоқтатылған екен. Содан тек 1927-1930 жылдарда гректер қайта жандандырған болатын. Бірақ ІІ дүниежүзілік соғыс бұған да өз кедергісін тигізген-ді. Бүкіл адамзат қолдайтын өнер байқауы 2000 жылы қайта жандану кезеңіне аяқ басып, Мәскеуде 27 елдің қатысуымен Халықаралық дельфийлік ойындар өткізілген еді.
Ал бүгінгі таңда осы мәдени шараның зор дамығаны айдан анық. Ереванда өткен ойындар ТМД елдерін мәдениет және өнер саласында жақындастырып қана қоймай, еларалық байланыстарды нығайтуға жол ашты. Алдын ала еліміздегі барлық қалаларда өнерлі жастар арасында сайыс өткізіліп, мықтылары осы халықаралық додада Қазақстан намысын қорғауға мүмкіндік алған еді. Еліміздің атын шығарып, өз өнерлерін паш еткен жас таланттарымыз ел сенімін толығымен ақтады десек, қателеспейтініміз анық.
ТМД елдеріндегі жастар қауымын біріктіретін, бірнеше ұлттар арасындағы татулық көпірі болған бұл дәстүрлі сайыста Қазақстан құрамасы жоғары белестен көрінді. 19 номинацияда жарысқа түскен біздің жастар олардың 8 түрінен үздік нәтижелер көрсете алды. Айталық, цирк номинациясында өнер көрсеткен Дана Рысбекова мен Дария Абдулахасова алтын медальға ие болды. Сонымен қатар Бексана Оңдағанова ұлттық ән айту өнерінде үздік шығып, алтыннан алқа тақты. Ал Мәдина Адамова (“Скрипка”) мен Альфия Валитова (“Фортепиано”) күміс жүлдеге қол жеткізсе, Сабыржан Жүнісбеков (“Ди-джей”) және “Жорға” ұлттық би ансамблі үшінші орыннан көрінді. Басқа да өнерлі жастарымыз әр түрлі номинацияларда дипломдарға ие болды.
Міне, “Өнер – жас ұланнан, жүйрік – тай-құнаннан” демекші, жастарымыздың осындай халықаралық дәрежедегі абыройлы жетістіктері – елдің де үлкен мақтанышы.
Би-Болат СЕЙТАҚ, Еуразия ұлттық университетінің студенті.