Оңтүстік Қазақстан облысында үш күн қатарынан өткен Атырау облысының мәдениет күндерінің шымылдығы «Түркістан» салтанат сарайында жабылды. Жабылды деп Ақжайықтан келген ағайынның Атырауға оралатындығына ғана қатысты айтып жатырмыз, әйтпесе бармасаң, келмесең жат болатын заманда аз күн ішінде бір үйдің баласындай етене жақын болып үлгерген жүздесулердің тағылымын екі жақ та ұмыта қоймас. Белгілі жазушы Рақымжан Отарбаевпен өткен оқырмандар кездесулерінен осыны ұқтық.
«Түркістандағы» Гала-концерт Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрінің күйімен ашылды.
– Өздеріңіз білетіндей, 2013 жылы Елбасы өңірлер арасындағы қарым-қатынасты нығайту үшін апталықтар өткізуді тапсырған болатын, – деді облыс әкімі Асқар Мырзахметов. – Осыған орай, өткен жылы біздің өңірге Жамбыл, Маңғыстау облысының өнерпаздары гастрольдік сапармен келді. Мәдени онкүндіктер барлық аймақта өтуде. Үш күн қатарынан көтеріңкі көңіл күй сыйлаған атыраулық өнерпаздар да тек Шымкент қаласымен шектелмей, аудан сахналарында өнер көрсетті. Мәдени күндер аясында өлкенің руханиятын ғана емес, жалпы, тынысын сезгендей болдық. Тарихы терең, мәдениеті ауқымды Атыраудан келген өнер өкілдеріне оңтүстік халқы атынан алғыс айтамын. Осылай деген Асқар Исабекұлы Атырау облысы әкімінің орынбасары, делегация жетекшісі Шыңғыс Мұқанға «Тау самалы» оқу-сауықтыру орталығына 100 орынға жолдама мен Алғыс хат табыс етті.
Атырау облысы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан – оңтүстікқазақстандықтарға бөтен емес, өз бауырында өскен бір баласы. Белгілі журналист Жұмабек Мұқановтың ұлы Шыңғыстың оңтүстікке ат ізін салмағанына біраз уақыт болған екен.
– Аз ғана уақыттың ішінде Шымкент адам танымастай ажарланып кетіпті, – деді ол. – Бұл, біріншіден Елбасының өңірлерге салған инвестициясының жемісі болса, екіншіден барды ұқсатып оңтүстік жұртының төрт құбыласын түгендейтіндей жемісті жұмыстар атқарған облыс басшысының еңбегі.
Аз отырып көп сынайтын қонақ айтқан лебіз кең сарайға ине шаншар орын қалдырмаған жұртқа жағымды әсер етті.
Шыңғыс Мұқан екі облыс арасындағы мәдени байланыстың кәдесі ретінде облыс басшысы Асқар Исабекұлына Атырау ән-күй мұрасының 12 дискіден тұратын электронды жинағын, он томдық поэзия антологиясын, өр ақын М.Өтемісұлының бейнесі бейнеленген төсбелгі және домбыра бойтұмарды сыйға тартты.
Кең тынысты концерттік бағдарлама көрермендердің көңілінен шықты. Дина Нұрпейісова атындағы академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, аспандағы аққуға ән қосқан Гүлмайдан Сүндетова, Венера Машқалиева, Әсет Әли бастаған әншілердің өнері, өршіл жігіттер би тобының тамырларды бүлкілдетіп қан қыздыруы, «Адайдан» «Махамбетке» ұласқан күй күмбірі тыңдармандардың жанын баурады.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
ШЫМКЕНТ.