Қазақ баспасөзінің анау жылдардағы, одан кейінгі бел-белестерінде өзіндік батыл байламдарымен, көзқарасының мығымдылығымен, табандылығымен танымал журналист Ержұман Смайыл жақында «Ағалар естен кетпейді» деген жаңа кітабын «ҚАЗақпарат» баспасынан жұртшылыққа ұсынды. Қарымды қаламгер өткен жылы «Достар еске түскенде» деген жинағын жариялаған еді. Бұл жолғы еңбегі Алматы облысының Талғар ауданына қарасты бұрынғы Фрунзе, қазіргі Туғанбай ауылының үлкен-кішісі соғыс жылдары бастан кешкен тауқыметті, майданға аттанып қайта оралған, оралмай опат болған жауынгерлер жайлы баян етеді. Жеңіске үлес қосқан тылдың жанкешті қарттары, аналар мен балалары да нақты деректермен көз алдыңнан өтіп отырады. 1944 жылы жер аударылып келген «туғанбайлық» түрік бауырлар да назардан тыс қалмаған.
Автор «Жерортасы – Көктөбе» дейтіндей жасқа келгенде алдыңғы толқын ағалар туралы ойлар көп мазалайтын болды... Сол ағаларым туралы есте қалғандарым мен естігендерімді қағазға түсіруді ойластырған едім. Бұл өзі оңай шаруа емес екен. Оның үстіне соғыс аяқталғалы өтіп кеткен 70 жылда майданнан оралғандардың бәрі дерлік о дүниелік болыпты. Кейбіреулерінің балалары басқа жаққа көшіп кетіпті. Сол себепті майдангерлер мен соғыс жылдарында тылда еңбек еткендер туралы деректерді және олардың суреттерін іздестіру көп қиындық туғызды», деп иманды істі икемге келтіру оңай болмағанын айтады. Шынында, алмасып жатқан ұрпақтардың арасынан осындай бір азамат шығып, әсіресе ауылдағы ұйысып отырған қарапайым халықтың кім болғанын, не істегенін, тындырған тірлігін, бүкіл өмір жолын осылай хатқа түсіріп, кітап етіп шығарып, бүгін жұртқа таныстырса, ертең олардың кіндігінен тараған ұрпақтары аталарының, ғасырлар алмасқанда бабаларының көрген азабын, тартқан қиянатын, жақсылығын, үлгісін танып біледі. Бұл жағынан келгенде Ержұман Смайылдың ісі өзгелерге үлгі боларлық. Кіндік қаны тамған жұртыңа қомпиып қонақ болып қайтумен қатар, арғы-бергі тарихын, адамдарын осылай еске түсірудің бір ғанибет екенін әдемі кітапты парақтап отырғанда көз жеткізесің. Әр ауыл, ауданда қара жұмыстың қамытын киіп, елді ел еткен, қабырғалы ұрпақ өсірген, бірі сол бейнеттің зейнетін көрген, кейбірі көре алмай кеткен жампоз жандар қаншама десеңізші?! «Отан үшін от кешкендер» айдарымен бір ауылдан соғысқа аттанған екі жүздей адамның аттарын маржандай етіп тізіп, әр майдангердің өмір жолын таратып, оны ұрпағымен ұштастырып отырады. Жалаң баяндауларға ұрынбай, жауынгерлерге қатысты кейбір қызықты хикаяларды еске түсіріп, езу тарттыратын тұстарда, осындай да болады екен-ау, деген оқиғалар да аз емес. Мысалы, Нүсіпжан Жанболов деген майдангер туралы 1943 жылы өлді деген «қара қағаз» жіберілген. 1944 жылы жарақаты жазылып, ауылына келсе, ағайын-туысы асын таратып жатыпты. Сөйтіп, өз асынан өзі дәм татыпты. Ал сол аяғынан айырылған Әуезхан ағасы «қызуы» көтерілгенде: «Аяқты алмастырып балдақпенен, Басамын жерді жарты салмақпенен. Жігіттер, айтқан сөзге сене берме, Өмірді сау адамдай алдап келем», деген екен. Оқымаса да тоқығаны ұшан-теңіз жауынгердің осы төрт жол өлеңінің астарында түсініп, түйсінсең қорғасындай салмақ жатқаны анық. Майдангерлер туралы дерекпен қатар, олардың суреттерін де беріп отырған. Артында аз дерек қалғандар жайлы да ой қозғайды. Қазақ елін паналап келген сол тұстағы өзге жұрт өкілдерінің ізетіне де ілтипат білдіреді. Сол секілді, тылда еңбек еткен аналар мен балалардың ауыр жұмысы, оның нәтижесі, ел қорғау дегенде жұмылып жұдырық болғандары, оны сол кездегі аудандық газеттен алынған тың деректермен толықтырылып отырады. Жеті мен он үш жас аралығында бал татитын балалығынан айырылып, тірсектері дірілдеген, сөйтіп жүріп, ерте ержеткен соғыс балаларының тірлік-тынысы да бүгінгі өмірдің оңай келмегенін аңғартады. «Соғыс өртіне шарпылған» түрік бауырлардың қасіретін «Туғанбайдың түріктері» деген бөлімде көрсетеді. Ағайын болып кеткен азаматтардың өткенін бүгінмен ұштастырып, өсіп-өнген ұрпақтарын, қордалы ұл-қыздарын таратып, әр кезеңдердегі суреттерін де қатар беріп отырған. Әр ұрпақтың өзі қадірлейтін абыройлы алдыңғы толқыны болады. Солардың қатарынан табылған ұстаз Айбас Әубәкіров, өз заманында ауыл баласына рухани нәр берген кітапханашы Күләш Қабдолдина, мектеп директорынан Мемлекет және қоғам қайраткері дәрежесіне көтерілген азамат Әбен Өмірәлиев туралы шерткен сыр, айтқан әңгіме, кімнің де болса есіне сондай жақсылықтарды көргенін, шарапатына «шомылғанын» түсіреді. Оны ұмытпау адамдық қой. Редакторлардың редакторы болған, қазақ жұртының, әсіресе журналистер қауымының рухани көшбасшысы саналатын, ұлттың қамы дегенде қарағайға қарсы біткен бұтақтай қайсар Шерағаң – Шерхан Мұртаза туралы жазбадан да алар тағылым, үйренер үлгі аз емес. Сусының қану үшін, оқуың керек. Сонымен, өткен ғасырдың 40-шы жылдарындағы сұмдық сұрапыл соғыс, бүкіл елді айтпағанда, алақандай ауылдың өзін ойран етіп, қаншама ұрпақты тәлкекке салған. Бұл кітапты бір ауылдың энциклопедиясы десе болғандай. Өйткені, мыңдаған адамның аты аталып, өмір жолы көз алдыңнан өтеді. Яғни, өлгенді тірілтіп, өшкеннің отын тұтатып, ұрпағына атаң осындай адам еді дегенді нақты деректермен құлағына құйып, асыл бейнесін елестетеді. Алуан түрлі суреттерге қарап отырып, сол заманғы адамдардың бет-бейнесін, бітім-болмысын, киім үлгісін көресің. Осындай иманды істен, адам тағдыры баяндалған еңбектен үйренер үлгі жетіп-артылады. Әрқайсымыз өскен ауылымыз туралы осындай бір-бір іргелі еңбек қалдырсақ, ұрпақтық парызымыз өтеліп, ұлттың келешегіне сәл де болса үлесімізді қосқан болар едік.
Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан».