Кеше елордада «ҚМЖО» басқарма төрағасы Мейрам Пішембаевтың төрағалығымен «Қазақстанның машина жасаушылар одағы» заңды тұлғалар бірлестігіне қатысушылар мен Парламент Мәжілісінің депутаты бас қосқан отырыс өтті. Онда күн тәртібіндегі бірқатар мәселелер кеңінен талқыланып, ұйымның ішкі жағдайларына түзетулер енгізілді.
Одақ қызметіне түзетулер енгізу қажеттігі ел заңнамасындағы өзгерістер мен Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруі барысында туындап, бұл ретте машина жасау кәсіпорындары үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды.
«Бүгінгі басқосудың мақсаты – машина жасау саласының функциялары «Ұлттық кәсіпкерлер палатасы туралы» Заңына сәйкес олардан Қазақстанның машина жасаушылар одағына өтуіне айланысты болып отыр, деген М.Пішембаев бүгінде ірі-шағын кәсіпорындар қамтылған бүкіл машина жасау саласын, Қазақстанның барлық бизнес қауымдастығын нығайту үшін ережелерге бірқатар өзгерістер енгізу қажеттігін атап өтті. Оның айтуы бойынша, 1500-ден астам кәсіпорынның ішінде 30 пайызы – шағын және орта бизнес саласы болғандықтан, ірі машина жасау кәсіпорындарының айналасында шағын және орта бизнесті дамыту мен оған қолдау көрсету мүмкіндігін тудыруға басымдық берілу қажет.
Қазіргі таңда алда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының екінші бесжылдығы аясында машина жасау саласын одан әрі дамыту, оны жақсы деңгейде жетілдіре түсу мәселесі тұр, деді М.Пішембаев. Бұл ретте ДСҰ-ға кірудің Қазақстанның экономикалық өрлеуі, жаңғыруы мен бәсекеге қабілеттілігі үшін маңызды қадамдардың бірі болып табылатындығы және еліміздің халықаралық стандарттарға сай болуы қажеттігі айтылды. «Ал машина жасау саласының қарқынды дамуы мемлекет үшін тиімділігін көрсетіп келеді. Сол себепті, аталған саланы дұрыс және жоғары дәрежеде дамыта түсуге басымдық беруіміз тиіс», дей отырып, М.Пішембаев тау-кен, транспорт саласынан бөлек тағы да мұнай-газ бен инновация мәселелеріне, сондай-ақ, ауылшаруашылық машина жасау ісіне де назар аудар қажеттігіне тоқталды. Бұл орайда осыған қатысты құрал-саймандар шығаратын, ет өңдейтін зауыттар салынуы керек екендігін жеткізді.
Оның айтуы бойынша, мал азығын дайындайтын кіші зауыттар өзімізде де салынып, импортты азайтуға көңіл бөлінуі қажет. Индустрияландыру бағдарламасының екінші толқынында ескеретін жайт та осы екендігіне назар аудара отырып, шағын және орта бизнесті жолға қою керектігі айтылды.
Қазақстанның машина жасаушылар одағы қатысушыларының жалпы жиналысының барысында ұйым жарғысындағы қосымшалар мен өзгерістер қарастырылып, үйлестіру және бақылау кеңестерінің, басқарма және ревизиялық комиссияның құрамы анықталды.
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».