06 Шілде, 2010

ӨНЕР СҮЙГЕН БАСШЫ – ХАЛЫҚ БАЙЛЫҒЫ

986 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
Мен қиындықты көп көрген адаммын. Өмірімнің қиындығы мен қызығының бәрі көз алдымда. Уақыт, шіркін, зымырап өтіп барады. Кейін қалған жылдарға көз жіберсем, балалық шақтағы ауыр кезеңдер қабырғамызды қайыстырса да шыдап, қаршадайымыздан еңбек етіп, аш та, тоқ та болыппыз. Сұм соғыстың зардабын шектік, ағаларымыз бен әкелеріміздің ауыр міндеті біздің мойнымызға түсті. Ұлы Отан соғысының жеңісіне шаттандық. Оқыдық, білім алдық. Арманым актер болу еді, оған да жеттім. Осының бәрі айтуға оңай болғанмен, арада қаншама өмір өткелегі жатыр Дегенмен, қиын да болса да ма­ғы­налы ғұмыр кешкенім үшін тағ­ды­рыма риза­мын. Өмір дейтін бұ­ралаң жолда қазақтың небір мар­қасқа азаматтарымен сыр­лас­тым, ша­па­ғатын көрдім, жақсылардан та­ғы­лым ал­дық. Ұлы ұстаздардан дәріс ал­дық, дүние жалғанның өзім білмеген құпиясын ұқтым. Осының бәрін шағын мақаланың шана­ғына сыйғыза алар ма екенмін десем де, шама-шарқым кел­ген­ше абыз жас­қа жақын­дағанда көрген-бақ­қа­ным­ды қағаз бетіне түсіріп отырмын. Астананың 10 жылдығына байланысты Президенттің мәдени орталығында қазіргі заманымыздың қадірі мен бүлкілін дәл сезін­ген дарынды ақын Несіпбек Ай­т­ұлы­ның көркемдік мазмұны өте жоға­ры “Бәйтерек” атты поэмасының қойылымы бол­­ды. Астананың бел­гілі артистері қа­тысты. Мен соның ішінде Жырауды орын­дадым. Осы спектакльді Елбасы келіп көрді. Ойынның соңы Нұрсұлтан Әбішұлының сөзіне жазылған Ал­тын­бек Қоразбаевтың әнімен аяқ­талатын. Қызығы сол, Елбасы әнге қосылып шырқап кетті. Кө­рермен­дер­дің де делебесі қозып, әнді хор­ға ай­нал­дырып жіберді. Сахнада тұр­ған кейіп­керлер де хор­ға қо­сыл­ды. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы алғысын айтып, көңіл-күйінің шат-шады­ман екенін сездірді. Театр ұжы­мына риза болып, оның бола­шағының зор бола­тынына сенім біл­дірді. Сонан соң Елба­сы микрофон­ды қо­лына алып, сахна жаққа қарап: – Дана баба­ла­ры­мыздың толғауын айтқан Сәбең, Сәбит Оразбаев Әкем театр­да елу жылдан астам қыз­­метте келе жатқан ақсақалымыз. Біз Сә­бең­мен отыз жылдай арала­сып, сырласқан жан­дармыз. Жастық шағымызда тауға да шықтық, күн­нің батысынан таңның атысына дейін ән шыр­қадық. Өткен өмірде жақсы сәт­тер­де, қиындық кезең­дер­де де бірге бол­дық. Құдайға шүкір, Сәбең са­қал-шашы қауға­дай болып, ақса­қалдық дәрежеге жетті, – дегені бар емес пе. Бұл мен үшін күтпеген жай болды. Аузым ашылып, не де­рімді біл­мей, рахмет айтқаннан басқа амалым қалмады. Шынымды айтсам, көңілім күн нұ­ры­на бөленгендей сезіндім. Бұл көріністің барлығы біршама уақыт­тан кейін теле­арнадан берілді. Шы­нында да, Елбасымен бір заманда өмір кешу мен үшін зор мақ­таныш. Қа­за­қы уызға мейірі қан­ған тұла бойында ұлт­тың ұлы қа­сиет­тері бар, маңдайы жар­қырап, кө­зі­нен нұр шашқан Нұрекеңмен тағ­дырдың тоғыстыруын қара­ңызшы... Өткен ғасырдың жетпіс төр­тін­ші жылы Нұрекеңмен танысқан кез­де мен аз да болса атақ-абы­рой­ға ие бо­лып, театрдың белді артисі бола бастағам. Оның үстіне теле­ар­на­дан үзбей беріліп тұратын “Қы­­мыз­хана” атты сатиралық қойы­лым ха­лық­­қа танымал етті. Араласып жү­ре­тін Шан­шар Манкеев деген аза­мат маған теле­фон шалып, бос болсаң ертең кеш­кісін үйден шай ішейік дегені бар емес пе. Келісім бердім. Сонымен, қой­шы, үйіне кіріп келгенімде маңдайы жар­қыраған, қап-қара шашты, нұрлы жүзді жігітке кез болдым. Бұрын­нан көріп-біліп жүрген адамдардай амандастық. Шаншар мені таныс­тыруға ыңғайлана бергенде: – Бұл кісіні танимын, телеар­надан “Халық қазынасын” жүр­гі­зе­ді. “Қы­мыз­ханада” әнші жігіт Шөң­ге­бай­ды ойнайды, – деп өнерден ха­бардар екенін аңғартты. Ұзақ отыр­­дық. Жай отырғанымыз жоқ, өнер жайлы, “Ха­лық қазынасы” жайлы әңгімелестік. Мен Төле бидің тол­ғауын дом­бырамен орын­дадым. Мұқият тыңдап, екінші рет айтуымды сұрады. – Бұл қазақтың баласы Тегінде нені көрмеген. Неше бір жайсаң данасы, Шешен де болып сөйлеген. Көсем де болған ойменен. Бірақ, соның бәрі де Ыдырап жатқан қазақтың Қоса алмады бастарын. Алауыз болып ағайын, Бейбіт жатқан елімді Жаулап алып, қор қылды. Көк атты келіп көлденең. Мен боламын дегендер Ақтамады сенімді Көкірек қаққан хандарым, Лауазымға таласып, Быт-шыт қылды елімді, – деген жерін бірнеше рет қай­талады. Осыдан кейін үстел басында аз­дап үнсіз отырып қалдық. Одан кейін Қатаған мен Сүйінбайдың ай­тысынан үзінді айттым. Айтыс­кер бабаның бар қазақтың жақ­сы­лық жағын жеткізе айтып жеңгені жөнінде әң­гі­ме-дүкен құрдық. Сол кездің өзінде Нұр­сұлтан Әбішұлы­ның жоғары­да­ғы тағы­лым­ды тол­ғау­ды соншалықты зе­рек тыңда­ға­нына қарағанда, бабалар амана­тын болашақ бағдарлама үшін көкі­ре­гінде сақтаған ба деп ойлаймын. Ойлы толғаулардан кейін біртіндеп әзіл әңгімелерге ауыстық. Нұрекеңе домбыра ұсындық, ке­ре­мет дау­сы да бар екен. Ол кез­де айтуға рұқсат бе­­рілмейтін, ақ­тал­ма­ған Иманжүсіптің толғауын айтты. – Мен қалайша бұл елде тұрақ­таймын, Көлге біткен майысып құрақтайын. Зорлық еткен кәпірдің талайларын Бақыртып сабаушы едім лақтайын, – деген шумақтарды үстемелетіп, шабытпен орындап, елжанды, ойлы азамат екенін бай­қатты. Бірнеше халық әндерін қоса шырқады. Жақсы бір отырыста көңіліміз шат­тан­ды. Мүмкіндік болса Арқаға, Қарағанды қаласына келіңіз деп қонаққа шақырды. Бір бірімізге ризашылық білдіріп тарадық. Көп ұзамай Қара­ғанды қала­сы­на жо­лым түсіп, бар­ған соң уәде бой­ынша ха­бар­лас­тым. Қуанышты дауыспен Темір­тауға шақырды. Ер­теңіне күндізгі сағат екілер шама­сын­да қонақ үйдің алды­на жеңіл мә­­ши­не да келді. Сонымен Темір­тау қайда­сың деп тартып кеттім. Қа­рапайым екі қабатты үйдің жо­ғар­ғы қабатына көтеріліп, үйге кір­дім. Нұрекең қар­сы алып, жұбайы Сарамен та­ныс­тыр­ды. Үй жиһаз­дары өте қара­пайым, таза, рет-ре­ті­мен жиналған. Бір байқағаным, сапалы дыбыс жазатын сол заман­ның магнито­фо­нын, радио аппа­рат­­тарын дайын­дап қой­ып­­ты. Үстел мен орын­дық­тардың санына қа­ра­ғанда, қонақ­тар біраз болуы керек деп ша­ма­ла­дым. Бұлай болса ертерек келіп қой­ған екен­мін-ау деп ойланып тұрғанымда, Нұрекең: – Сәке, кешке Теміртаудың зауы­­тында істейтін азаматтар ке­леді. Бүгін бір, құдай қа­ласа, жақ­сы, есте қаларлықтай қазақы оты­рыс болады. Ал қазір көлдің арғы жағасына өтіп, саяжайда демалып, суға шомыламыз, – деді. Келсек арғы жағасы көрінбейтін көлде моторы бар кішілеу қайық тұр. Мотордың тұтқасын ұстап орта жастағы орыс отыр екен. Ол кісі бізбен амандасып, қайыққа отыр­ғызып, қозғала бастады. Көлдің орта­сына жақындап қалдық. Аяқ астынан жел тұрып, алдымыздан тол­қындар пайда бола бастады. Оған да мән бермей ілгері жылжи бердік. Ой, тоба! Бір кезде жел күшейіп, кәдімгідей дауыл болып кетті. Жан-жағы­мызға қарасақ, жаға көрінбейді. Су шашы­рап, қай­ық­тың ішіне құйыла бас­тады. Қат­ты желдің қай жақтан соққанын да біл­мейсің. Дауыл қайықтың бағы­тын өзгерт­кен сияқты. Орыс “Боже мой!” деп айқай­лайды.  “Я дурак, я пропал, извините, Нурсултан Абишевич” деп еңіреп жіберді. – Сәке, суға жүзе аласыз ба? – Жүземін, – дедім де үстім­дегі киімді жылдам шеше бас­та­дым. Қайы­ғы­мыз қалбалақтап кетті. Орыс шелекпен іштегі су­ды сыртқа төгуге әрекет жасауда. Ой, жасаған ием, бәле қайда, бассаң аяғыңның астында деген осы. Әп-сәтте дүние төң­ке­ріліп, алай-дүлей болды. Нұ­ре­кең де киім­дерін шешіп, жүзуге ың­ғай­ланды. Жаға көрінбейді. Мотор баяғыда өшкен. Арт жағы­мыз­дағы адам жоқ. Суға кұлаған бо­луы керек, артынша қылқиып басы көрінді. Үсті малмандай. Айқайлап, жан даусы шығып қай­ыққа жармасты. Нұрекең жел­­ке­сінен ұстап алды да қайыққа салды. Өс­тіп, арпа­лы­сып жатқанда аспан­дағы тү­нерген қара бұлт сейіліп, табиғат аяқ астынан ты­ны­штала қал­ды. Кереметін қа­ра­ңызшы. Ес­кекпен есіп отырып, кері қайттық. Жа­ңа­ғы кісі түрткілеп жү­ріп мотор­ды от алдырды. Жүзіне қан жүгі­ріп, құ­дайына құлшы­лық айтып жатыр. Сонымен бір апат­тан аман құ­тылып, үйге жет­тік. Нұре­кеңнің құдай қағары бар екен… Сонымен кешкі қонақтар да жиналды. Беттері нарттай мар­қасқа жігіттер. Ком­со­мол­дан көтеріл­ген, Теміртаудың негізін қалауға атса­лысқан, болаттай берік, бой­лары шы­мыр. Дастар­қан басында Нұре­кеңнің бас­қаруымен, көңілді жақсы оты­рыс болды. Нұрекеңнің бір ғажабы, ме­нің алғашқы кездесуде айтқан­дарымның бәрі есінде. Бигелді ақыннан айтыңыз дегенде бір досына: – Саған керек болады, ел басқарып отырсың.., – деп қалжыңдады. – Бір сырлы болсын жігіт сегіз қырлы, Сақтасын жатқа шашпай асыл сырды. Келеді ең әуелі жырға қосқым, Ән мен күй, жақсы әңгіме, өлең-жырды. Екінші болу керек жігіт көпшіл. Кең пейіл болған дұрыс, болмай кекшіл. Біреуді алыс, біреуді жақын көрмей, Жұмысы болсын тегіс әлеуметшіл. ...Байқасам қазіргі ел басқа­рып отырған Елбасымыз дәл осындай. Түннің бір уақытына дейін отырып, көңіл-күйіміз көтеріңкі боп тарадық. Көп ұзамай Нұрекең сол кез­дегі астанамыз Алматыға Орта­лық комитеттің хатшысы болып қыз­мет­ке көтерілді. Қаншама қи­ын­дықтарға кездессе де мойы­май, хал­қы үшін жанын салып ең­бек етіп келеді. Ақ ниеті мен си­рек қа­сиеттерінің арқасында за­манның заңғар тұлғасына ай­налды. Кісі­лігін де, кішілігін де көзіміз көрді. Төрткүл дүниені аузы­­на қаратқан мемлекет кө­семдері Елбасымыз­дың саясатын құптап, ерекше құр­мет тұтуы – тарихи құбылыс. Осын­шама биік­ке көтерілсе де Елбасының халқымен дидарла­сып-араласуы өте қарапайым, жү­регі жылы, баршаға бауырмал. Былтырғы жылдың күзінде Оңтүстікте Ақдала деген елді-мекенге Тәжітаев Қайрат деген аза­мат бір гектардан 90-100 центнерден қызанақ алды дегенді естіп, тікұшақпен барған ғой. Ол жерде үнемі жел соғып тұрады. Нұрекең жерге түседі де қып-қы­зыл боп жатқан помидорды кө­ріп, күтпеген жерден шаң-тозаң­ды егісті даланы аралап кетеді. Көмекші­лердің естері шығып, соңынан жүгіреді. Тіпті тоқтап тұрған комбайнның үстіне шыға­ды... Қара жұмыс істеп шынық­қан Елбасының жастық шағы есіне түскен болар. Көзімен көріп көңілі толып, аспай-саспай томат жасайтын зауытпен таны­сып, адал еңбекпен айтарлықтай та­быс­қа жеткен жандарды құт­тық­тап, рухтанды­рып, Көксарайға қарай ұшып кетеді. Ол кісі үшін болып жатқан әрбір оңды жаңа­лық жай нәрсе емес. Сол Ақда­ладағы табысты кездесулердің бәрінде үлгі етіп айтып жүрді. Ел де Елбасының осы ықы­ласын, кез келген тірлікке ұсақ-түйек деп қарамай­тынын біледі. Мемлекет басшысының осындай бөлек болмысының қайтарымы болар, халық да сүйікті Прези­дентімізді шынайы ықыласымен мерейтойымен құттықтап, тілі жетпегендері іштей тілеулес бо­лып отырғанын байқап отырмыз. Елдің көз ал­дында жүрген азамат болған­дық­тан, бізге “Егемен Қа­зақ­стан” сияқты үлкен мінбер­ден сөз айтудың сәті түсіп тұр. Адамның табиғаты күрделі. Көпке жағу оңай емес. Көрнекті ғалым, профессор Немат Келім­бе­товтің “Күншілдік” деген та­маша, терең ойлы кітабын оқып шыққанымда бізде атқарылып жатқан ірі, іргелі істерді ауызға ал­майтын, көрмес түйені де көр­местің кебін киетін кісілердің дер­тінің себебін түсінгендей бол­дым. Мұнда ел басқарған адам­ның басындағы бағын қызғану­дың да әсері бар екен. Бірақ он­дайлар көп емес. Халық Прези­денттің еңбегін көріп отыр, ба­ғасын беріп отыр. Біздің қазіргі табыстарымыздың бәрінің бастауында ел үшін ештеңеден тайынбайтын азаматтың қа­жыр-қайраты, биік парасаты тұрғаны талассыз. Иә, уақыт зымырап өтіп жатыр. Ақыл-ойдың ке­мелден­ген ша­ғында көш бастап бара жатқан Нұрсұл­тан Әбіш­ұлына зор ден­сау­лық, ұзақ өмір тілеймін! Сәбит ОРАЗБАЕВ, Қазақстан Республикасының  халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.