Елорданың мерейлі мерекесі күні Астанадағы Тәуелсіздік сарайында әлемнің 105 мемлекетінен келген мыңнан аса оқушы қатысқан 51-ші халықаралық математика олимпиадасы салтанатты жағдайда ашылды. Әрбір ұлттың үмітін ақтап, білім шыңына ұмтылған ұл мен қыздың бұл білім жарысында нағыз жүзден жүйрік, мыңнан тұлпарлар бағын сынайтын болады.
Олимпиаданың ашылу рәсімінде сөз алған Білім және ғылым министрі, Үкіметтік ұйымдастыру комитетінің төрағасы Жансейіт Түймебаев төрткүл дүниеден жиналған жұрттың алдында еліміздің білім, ғылым саласындағы жетістіктері туралы жан-жақты баяндап, бұл Астана күніне тарту екенін жеткізді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың білім саласына көрсетіп жатқан қамқорлығына тоқталып, соның бір жарқын көрінісі таяуда ғана Қазақ ұлттық өнер университеті мен Назарбаев университетінің ашылғанын, дарынды балаларға арналған интеллектуалды мектептердің жұмыс істеп келе жатқанын тілге тиек етті. Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Мұхамбет Көпей жиырма жылға таяу уақыт ішінде Отанымыздың дүниежүзілік деңгейдегі осындай білім жарысын өткізуге қол жеткізуі — бұл тәуелсіздіктің арқасы дей келіп, білім мен ғылымның ерекше орнын атап өтті.
Халықаралық математикалық олимпиаданың Консультативтік кеңесінің төрағасы Йозеф Пеликан олимпиаданың жоғары дәрежеде ұйымдастырылғанын айтып, қазақстандық достар, біз сіздердің тамаша елдеріңізге қонақ болып жатқанымызға аса ризамыз. Мейірім шапағаты мол мұндай мемлекет әлемде көп емес, деді қазақ тілінде. Ол бұдан кейін Консультативтік кеңес мүшелерімен таныстырды. Оның құрамында Джон Вебб (ОАР), Мюнг Хван Ким (Корея Республикасы), Ганс Дитрих Кронау (Германия), Бим Беркельманс (Нидерланды), Патрисия Фауринг (Аргентина), Грегор Долинар (Словения), т.б. бар. Елімізден осы олимпиадаға әр жылдары қатысқан оқушылар атынан 1998 жылғы жеңімпаз Михаил Шахматов сөз алып, барлық кезде қамқорлық көрсетіп келе жатқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, сонымен қатар, ұйымдастыру комитетіне ризашылығын білдіріп, алдағы уақытта өзінің ізбасарлары мемлекет абыройын көтере беретініне сендірді.
Біздің Отанымыз әлемдік деңгейде өтетін жоғары сынып оқушыларының олимпиадасына 1992 жылы бақылаушы болып қатысса, келесі жылы толық мүшелікке өтіпті. Содан бергі кезеңде біздің оқушылар 62 медальға ие болыпты. Оның 8-і алтын, 17-сі күміс, 37-сі қола. Ал олимпиаданы Қазақ елінде өткізу жөніндегі ұсынысты 2006 жылы Словения мемлекетінде болған олимпиадада жасаса, 2007 жылы ол өтініш орындалып, 2010 жылы Астанада білім жарысын өткізу жөнінде шешім қабылданыпты. 2009 жылы Германияның Бремен қаласында өткен олимпиадада ту-эстафетасы салтанатты жағдайда тапсырылыпты. Содан бергі уақыт ішінде бұл ту-эстафета Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев білім алған мектепте таныстырылып, одан кейін Отанымыздың барлық өңірлеріндегі оқу орындарында болып, олимпиада ашылатын күн қарсаңында Тәуелсіздік сарайының төрінен орын алды.
Салтанаттан кейін олимпиадаға келген оқушылар Бурабайдағы “Балдәурен” оқу кешеніне бет алды. Олар мұнда олимпиада талабы бойынша екі күн бойы есеп шығару жұмысымен айналысатын болады.
Біз осы халықаралық шараны ұйымдастыру жұмысының басы-қасында жүрген әлемге аты мәшһүр математик, академик Асқар Жұмаділдаевпен пікірлескенімізде, ол ТМД мемлекеттерінің ішінде алғаш рет өткізіліп отырған бұл халықаралық олимпиаданың орны бөлек, ел үшін, математиктер үшін зор абырой. Бұл — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дана саясатының жемісі. Егер Президент қолдамаса, мұндай дүниежүзілік деңгейдегі олимпиаданы өткізу әсте мүмкін емес еді. Біз олимпиада ашылғанға дейін біраз жұмыстар атқардық. Келер жылдан бастап басшылық жасайтын консультативтік кеңестің төрағасын сайладық. Ал олимпиаданың шартына келсек, әр мемлекет 6 оқушы қатыстыруға құқылы. Үміткерлерге ұсынатын 2 мың есептен іріктей келіп 30-ын, одан 6-ын ғана таңдап алдық. Бұл есептерді оқушылар екі күн бойы шығарады. Есеп өте қиын да, оңай да болмау керек. Оқушыны тартатын ертегі сияқты есепті ойластыру да оңай шаруа емес. Осы таланттардың арасынан шыққан жеңімпаздарды әлемнің алдыңғы қатарлы оқу орындары өздеріне шақыратынын айта кетсем деймін. 10-15 жылдың ішінде 62 медаль алып, оның 8-інің алтын болуы біздің ел жастарының интеллектуалдық жағынан мықты екенін көрсетеді. Жарты ғасырдан аса уақыт ішінде дамушы елдердің кейбіреулері бірлі-жарым медальға ғана қол жеткізіпті. Ендеше, осы білім сайысында біздің баптап қосқан алты оқушымыз үмітімізді ақтайды деп білемін, деді.
Сол алты оқушының бірі Азамат Дүйсенбаев өздерінің жан-жақты дайындықтан өткенін, ел сенімінен шығуға әзір екенін алға тартса, англиялық оқушы Джеймс Қазақ елінің астанасы өзіне үлкен әсер қалдырғанын айтты. Ал сириялық 12 сынып оқушысы Будур Һалил Қазақ елі туралы өзінің бұрыннан хабары барын, Әл-Фараби бабамыздың Отаны деп білетінін алға тартты.
Сүлеймен МӘМЕТ, Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.