Қадірін біліп жұмсасаң, қолғабысқа жарайды
«Жаста берген тәрбие, жас шыбықты игендей» деп атам қазақ бекер айтпаған. Сондықтан да бала еңбегін ұйымдастыру өте жауапты іс. Кәмелетке жасы толмағандардың еңбек құқығын сақтау заңдылығын орындау да қаперден шықпауы тиіс. Несін жасырамыз, біздің кезімізде жазғы демалыста қой бағып, қозы айырып, мал азығын дайындауда тіркемеге отыратын балалар. Таң алакеуімнен қас қарайғанша жұмыс істейтін. Ол кезде бала еңбегін қанаудай-ақ қанаған екен-ау кеңестік саясат. Қазір олай емес, адам құқығы алға шықты, еліміз жас ұрпағының келешегін ойлай бастады. Бала еңбегін арзан көріп, асыра сілтеушілікке жол бермеудің пәрменді шараларын алуда. Мұның өзі еліміздің экономикалық қуатын көрсетеді, демократиялық дамуын аңғартады. Дегенмен, әлі де аз қамтылған отбасылары бар. Жоғары кластарда оқитын балалары әлі келетін жұмысты заңға сәйкес атқарып жатса, әбестігі де бола қоймас еді. Ол бір жағынан баланы еңбек етуге дағдыландырса, екінші жағынан, отбасы тұрмысын жеңілдетуге септігі тиеді. Сондықтан, қабырғасы қатпаған жасты еңбекке жегіп қоймай, бір уақыт балалар құқығын қорғау заңдылықтарына сай ұйымдастыру керек сияқты көрінеді де тұрады. Айналысатын ісі болмай, селтеңбай жүріске салынған баланың түбі жақсылыққа соқтырмайтынын өмірдің өзі көрсетіп отыр. Дәлел керек пе, жеткілікті. Облыс аумағында үстіміздегі жылғы 6 айдағы кәмелеттік жасқа толмағандар тарапынан болған қылмыс өткен жылдың осы кезеңімен салыстарғанда 19,2 пайызға өскен. Облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасы ювенальдық полициясының бастығы, полиция подполковнигі Клара Исламованың айтуынша, жасөспірімдер негізінен денеге ауыр жарақат салу, бұзақылық, ұрлық және қарақшылық қылмысқа көбірек ұрынады екен. – Облыста жасөспірімдер қылмысының алдын алу мақсатында осы кезеңде ішкі істер органдары мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, «Түнгі қаладағы балалар», «Жасөспірім – Заң – Қауіпсіздік», «Жұмыспен қамту» рейдтерін, полициялық акцияларын, «Жасөспірім» шұғыл алдын алу шараларын тұрақты өткізіп келеді. Осындай шаралар барысында әртүрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстары үшін ішкі істер органдарына 2218 кәмелетке жасы толмағандар жеткізілді. Соның 1482-сі әкімшілік құқық бұзғандар, ал, 92-сі қылмысқа қатысы барлар. 1308-і заңды өкілдерсіз үйлерінен сыртта жүргендер болса, 38 кәмелет жасына жетпеген жасөспірім көңіл көтеретін орындарда болған, – дейді Клара Болатқызы. 99 ата-ана және оларды алмастыратын адамдар балаларына жеткілікті тәрбие бермей, бақылау жасамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ішкі істер органдарына 490 жасөспірім және 252 қолайсыз отбасы есепке алынған. Әрине, кәмелетке толмағандардың қылмысқа ұрынуының алдын алу бағытында жасалған жұмыстар да жетерлік. Осының бәрі сондай бірлескен іс-қимыл нәтижесінде анықталып отыр. Басқа атқарылған жұмыстарды былай қойғанда жазғы демалыс кезінде кәмелетке толмаған 48 мың жастың демалудың ұйымдасқан түрімен қамтамасыз етілгенін, қиын отбасыларынан шыққан 36 жасөспірімнің еңбекке орналастыруға тиісті орындарға жолданғанын айту ләзім. Соған қарамастан, мүдделі мемлекеттік органдармен барлық меншіктегі ұйымдар кәмелетке толмағандардың еңбегін пайдалануындағы заңсыздықты анықтау мақсатында жұмыстар жүргізілген. Акция барысында кәмелетке толмағандарды еңбек заңдылығын бұза отырып, пайдаланудың екі дерегі анықталған. Мысалы, С.Бәйішев атындағы колледждің 1998 жылы туған А. деген оқушы қызына қатысты еңбек заңдылығының бұзылғаны, ол облыс орталығындағы «Халва» мейрамханасында 15.00 сағаттан 24.00 сағатқа дейін жұмыс істеп келгені анықталған. Шүкір, өзге аймақтардағыдай, кәмелетке толмағандарды қанаудың төзгісіз жағдайлары өңірде кездесе қоймапты. Қазір қала көшелерінде автокөлік жуып, сауда сөрелерінде тауарлар мен өнімдер сатып тұрған балаларды көріп жүрміз. Әрине, бала еңбегін ұйымдастырудан, оның құқығын сақтаудан ата-ана да шет қала алмайды. Сондықтан, қабырғасы қатпаған, буыны бекімеген жастың еңбек құқығын сақтауға қатысты заңнаманың мүлтіксіз орындалуы – өмір талабы. Бұл жас ұрпақтың алдындағы азаматтық парызымыз болмақ. Қадіріне жетіп жұмсай білсең, бала да қолғабысқа жарайтынын тағы да еске салғымыз келеді. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.Мүмкіндігі шектеулі балалар мейірімге зәру
Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының кезекті мәжілісіне қатысқанбыз. Оған бірқатар мәслихат депутаттары, аудан әкімдерінің орынбасарлары, басқармалар мен ведомстволардың басшылары шақырылыпты. Мәжілісте мүмкіндігі шектеулі балаларға психологиялық, медициналық және педагогикалық көмек көрсету жұмыстарының барысы талқыланды. Облыстық психологиялық, медициналық және педагогикалық кеңестің мәліметі бойынша, 2014 жылдың 1 қаңтарында өңірде мүмкіндігі шектеулі 5685 бала тіркелсе, оның 2005-і мүгедек балалар екен. Олардың 411-іне арнайы мамандардың көмегі көрсетіледі. 2522 бала логотопта (тіл мүкістігі) тіркелген. Ағымдағы жылдың 6 айында 3366 бала тексерістен өтіп, дәрігерлік кеңес алса, оның 1360-ы алғаш рет қаралған. Сондай-ақ, 5685 мүмкіндігі шектеулі баланың 5231-і білім алуға қабілетті болса, 454 бала ондай мүмкіндікке қабілетсіз көрінеді. Ал, 1 маусымдағы мәлімет бойынша 347 мүгедек бала үйде білім алуда. Сондай-ақ, психикалық дамуы кешеуілдеп қалған, ақыл-есінде кемшілігі бар 1298 балаға арнайы қамқорлық жасалуда. Мүмкіндігі шектеулі 369 балаға білім беру үдерістері арнайы мамандардың бақылауымен жеті психологиялық, педагогикалық коррекция кабинетінде жүзеге асырылады. Жалпы, облыстағы мүмкіндігі шектеулі балаларға 543 дәрігер медициналық қызмет көрсетеді. Оның 362-сі біліктілігін арттыру курстарынан өтті. Жалпы, облыс бойынша жыл сайын 200-240 балада туа біткен даму ақауы, 12-14-інде даун синдромы анықталатын көрінеді. Бүгінгі күні осындай бойында туа біткен ақауы бар балаларға психологиялық, медициналық және педагогикалық көмек көрсету орталықтары жетіспейді және барының материалдық-техникалық базасы әлсіз. Осы орайда, негізгі проблема ретінде мамандар жетіспеушілігі өткір күйінде қалуда. Білім беру басқармасы басшыларының мәлімдеуінше, облыс аумағында 38 логопункт жұмыс істейді. 18 мектепте 379 психологиялық, педагогикалық кабинеттер бар. Дегенмен, бұлардың бәрі негізінен аудан орталықтарында орналасқан. Сондықтан, шалғайдағы елді мекендердегі балаларға көмек көрсету кезінде біраз қиындықтардың бар екені айтпаса да түсінікті. Ал Степногор қаласында жаңа арнайы мектеп-интернат салу қажет. Мұндағы мектеп бұрынғы балабақша ғимаратында орналасқан. Егер жаңа мектеп салынатын болса, ескі ғимаратты бірден балабақшаға айналдыруға болады. Сонымен қатар, мәслихат отырысы барысында жарыссөзге қатысқандар мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары бұзылатындығын ортаға салды. Әсіресе, сауықтыру орталықтарының көбі жекешеленіп кеткендіктен олардың қызмет көрсету сапасы өте төмен. Бүгінгі күні ондағы антисанитарлық жағдай мен тәрбие жұмыстарын бақылау мүмкін емес. Сондай-ақ, арнайы мектеп-интернатын бітіріп шыққан кейбір түлектерді жұмысқа орналастыру кезінде де қиындықтар туындайтыны айтылды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.