Сатира • Бүгін, 08:05

Түсінсем бұйырмасын

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Кейінгі кезде басекеңе ұнамай жүрмін. Жиналыс болды бітті, мені, негізі жұмысымды ілгекке іліп түйреп өтеді. Әйтеуір бір жерінде «Пықып мырза ұйқылы-ояу, Пықып Асабасов­қа ескерте-ескерте шаршадық» дей ме, менсіз сөзінің дәмі кірмейді. Мешкей деген қайбір жақсы ат дейсің...

Түсінсем бұйырмасын

Сурет: interesnyefakty.org

«Шақырып жатыр» деген соң тұла бо­йым тыз етіп, қалам мен қатырма қағазымды алып бара қалдым.

Бұрындары омалып отырған күйі көз астымен атып, кірер-кірместен айтарын зілдей зіркілдей жөнелуші еді... Орнынан тұрып қол ұсынып амандасты. Тізе бүгіп отыруымды ұсынды.

Жанары жайдары, қабағы ашыңқы, хал-жағдайымды сұрап өткен болып:

– Пықеке, қиындау уақыт, қинап жүрген проб­ле­маларыңыз болса айта отырыңыз, – дейді.

Қапелімде сасып қалдым.

– Шүкіршілік, ел қатарлы, бәрі дұрыс, – деп міңгірлеген болдым.

– Қаражаттан көмектесейін, материал­дық көмек сұрап өтініш жазыңыз, – дегенінде тынысым бітеліп, бір-екі рет оқыс жөтел еріксіз лықсып жөнелді.

...Үш күн өтпей басекеңнің алдында тағы отырмын.

– Шаршаңқырап   жүрген   боларсыз,    ұжымымызға   бір жолдама  келіп  қалған  екен,   ақылдасып,   сізге   берейін  деп отырмыз, – деді...

...Бөлмеме келіп, «Ойпырай ә, әнеу күнгі көме­гі анау! Енді мынаусы не? Жағдайдың күрт өзгергені қалай? Көтеріле қойған көкем де жоқ... Қызметі қыр асты дейтін қайын жұрт та тып-типыл... Түсінсем бұйыр­масын!» – деп ойланып отырмын.

...Тегін жолдамамен жоным жоталанып, қайта оралып, шырт түкіріп қызметке кіріскенім сол, тағы да басекең кіріп кетсін демесі бар ма.

Кібіртіктей қысыла кіріп едім, қарсы жүріп қолымды алып, «Жақсылап тынық­ты­ңыз ба?» деп арқамнан қаққан.

Отырып үлгермей:

– Мүмкіндік болса, ел мен жер аралағанға не жетсін, дайындалыңыз, мұхиттың арғы жағалауына жолыңыз түсейін деп тұр, – деді.

«Ал керек болса! Апам да аң-таң, мен де аң-таң... Ұрының арты қуыс, қарап отырмай туыс-туғанның «амандығын» сұрап шықтым. Өскен, өрлеген бірі жоқ, бәрі-бәрі құзырлы қызметтен «дін аман». Ойпырай-ә, батпан құйрық, айдалада жатқан құйрық, түсінсем бұйырмасын!..

...Желдей есіп, желкен мініп, шетелің­нен шірене оралсам, әуежайда бір топ қыз­мет­тестер күтіп тұр...

Алғашқыда ойға әлбетте жаманшылық оралады емес пе... Жо-жоқ, қолдарында гүлдесте: «Қош келдіңіз, Пықеке!» деп бәрінің ыржалаң-ыржалаң еткенінен амандықты сезіп, траптан талтаңдай түстім.

Мәссаған, білгенім – өзім жоқта қызметім өсіп, басекеңе орынбасар болыппын.

...Түсінсем бұйырмасын. Түн баласы «осынау жақсылықтардың» шешуін таба алмай, шерменде боп дөңбекшіп шықтым.

Ананы да ойладым, мынаны да болжадым, бірінің қисыны келмеді.

Ақыры шаршадым. Айналайын көп­ші­лік, сонда аяқ асты бүйтіп мәртебемнің асып-тасу себеп-салдарын сіздер сезсеңіздер, білсеңіздер айта қойыңыздаршы. Сүйінші­сіне сұрағаныңызды аласыз.

 

Берік САДЫР