Саясат • Бүгін, 00:10

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысы өтті

0 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазақстан Парламентінің делегациясы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы Кеңесінің бірлескен отырысына және XVIII жалпы отырысына қатысты. Делегацияны Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов бастап барды.

ҰҚШҰ Парламенттік Ассамблеясының отырысы өтті

Отырыс барысында ҰҚШҰ ПА Кеңесінің қатысушылары Ассамблеяның осы жылғы қызметін қорытындылады. Пар­ламентшілер Ұйымға мүше мемлекеттердің заңнамаларын үйлестіру және дамыту бойын­ша белсенді жұмыс атқарды. Әртүр­лі бағытта қауіпсіздікті ны­ғай­ту­ға арналған жаңа модель­дік заңдар мен ұсынымдарды қабыл­дау жөнінде жоспарлы жұмыс жүргізілді. Олардың қатары­нда есірткі бизнесімен, киберқылмыспен, трансұлттық терроризммен, адам саудасымен, қаруды заңсыз таратумен және басқа да қылмыс түрлерімен күрес мәселелері бар.

Өз сөзінде Ерлан Қошанов Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Парламенттік Ассамблеясы жаһандық және өңірлік сын-қатерлерге жедел әрі тиімді түрде жауап беріп, Ұйым­ға мүше барлық елдің мүд­де­лерін ескеріп, шешімдер қабыл­дануын қамтамасыз етіп отыр­ғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ депутаттар ортақ тарихты сақтау бағытында белсенді әрі жүйелі жұмыс жүргізуде. Осы тұрғыда 2025 жылы ҰҚШҰ елдеріндегі басты оқиға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығын атап өту болды.

Бұдан бөлек, Мәжіліс спи­кері геосаяси тұрақсыздыққа қара­мастан, биыл халықаралық деңгей­де қабылданған бірқатар маңызд­ы шешімге назар аударды. Олар – Әзербайжан мен Ар­мения арасындағы қақтығыс­тың реттелуі, Газа сек­торында бітімге келу туралы келісімге қол қойылуы, Қырғыз­станның Ядролық қаруға тыйым салу туралы шартқа қосылуы, сондай-ақ Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол жеткізілуі.

Ерлан Қошанов Қазақстан­ның ауған халқына қолдау көр­сету­ге бағытталған күш-жігері тура­лы да айтты. Биыл Қазақ­стан Ауған­станға 2 500 тоннадан аса гу­мани­тарлық жүк жөнелт­ті, оның ішінде азық-түлік, күнделікті қажет заттар және дәрі-дәрмек бар. Ол ҰҚШҰ елдері­нің пар­ла­мент­шілерін Алматы­да ор­налас­қан БҰҰ-ның Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Өңір­лік ор­та­лығының әлеуетін халық­ара­лық көмекті үйлестіру мақ­саты­мен белсенді пайдалануға шақырды.

Кездесу барысында қатысу­шылар бірқатар модельдік заң мен ұсынымдарды, соның ішінде Қазақстан тарапы дайындаған «Терроризмге қарсы іс-қимыл туралы» заңды қабылдады. Ол терроризмге қарсы іс-әрекет сала­­сындағы мемлекеттік орган­дардың өзара байланысын, ықти­мал террористік шабуыл нысандарын қорғау шараларын, терроризмге қарсы операцияларды жүргізу шарттарын және басқа да мәселелерді реттейді.

Сондай-ақ Ұйымға мүше мемле­кет­тердің азаматтық қор­ғаныс, ақ­параттық қауіпсіздік және басқа да салалардағы заң­намасын жетілдіруге қатысты ұсыныстар қаралды.

Кездесу қорытындысы бо­йынша парламентшілер Дамушы көпполярлы әлемде халық­аралық қауіпсіздікті қамта­масыз ету туралы мәлімдеме қабылдады.

Мәскеуде өткен ҰҚШҰ ПА іс-шаралары аясында парламент­тік делегациялардың басшы­ларын Ресей Президенті Владимир Путин қабылдады.

2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҰҚШҰ төрағалығы Ресей Федерациясына өтеді.