Білім • Бүгін, 08:20

Сапалы білім қоғамды алға жетелейді

350 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Елімізде орта білім саласындағы іргелі істердің барлығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізген жүйелі реформаларының нақты нәтижесі. Ел Президентінің білім сапасына, ұстаздар еңбегіне, бала қауіпсіздігіне ерекше қамқорлық көрсетуінің астарында терең өмірлік миссия жатыр. Ол – білім арқылы ұлт сапасын арттыруға деген бағдар. Мектеп инфрақұрылымының қарқынды дамуы, сондай-ақ цифрлық инфрақұрылымды дамыту жұмысының белсенділігі бұл салаға деген ерекше ықыластың айғағы.

Сапалы білім қоғамды алға жетелейді

Инновациялық трансформация

Биыл еліміздің оқу-ағарту саласын­дағы инфрақұрылым белсенді жаңалан­ды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арнал­ған халықаралық стандартқа негіздел­ген 217 жаңа мектеп салынып жатыр. Бұл инновациялық білім орындарының бұрынғы типтік мектептерден көлемі 15–20%-ға үлкен, техникалық жабдықталу деңгейі төрт есе жоғары. Барлық «Келе­шек мектебі» физика, химия, биология, еңбекке баулу, музыка, хореография залы, STEM-зертханалары мен роботтехника кабинеттері, коворкинг және спорт залдарымен жабдықталған.

Инфрақұрылымды жаңғырту жаңа құрылыспен бірге ескі мектептерді жөн­деумен жалғасты. Ел Президентінің тап­сырмасымен үш жылда 1300 мектепті бірыңғай заманауи форматқа көшіруді мақсат ететін реновация бағдарламасы қарқынды жүрді. Мектептерді реновациялау ескі ғимараттарды жаңарту­мен бірге балалар үшін заманауи білімнің ортақ кеңістігін қалыптастыруды мақ­сат етеді. Бағдарлама аясында ескі мек­теп­тердегі кітапханалар, асханалар, спорт залдары қайта жөнделіп, қауіпсіздік жүйе­лері реттелді. Осы жылы реновация бағ­дарламасымен 190 мың орындық 245 мектеп жаңартылды.

Жемқорлардан тәркіленген қаражат та оқушылардың қажетіне жұмсалып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы­мен құрылған Білім инфрақұрылы­мын қолдау қоры қаражаты есебінен 86 мың орын­ға лайықталған 77 мектептің құры­лы­сы аяқталды. Бұл мектептердің басым бөлігі демографиясы жоғары, оқушы­лар саны көп Алматы, Түркістан, Қызыл­орда, Жамбыл облыстары мен Астана қаласын­да орналасқан.

Мемлекет басшысы орта білім сала­сының алдына қойып отырған бас­ты мін­деттің бірі – қала мен ауыл мек­теп­те­рінің арасындағы алшақтықты жою. Осы мақсатта жыл сайын 1000 мектепке жөндеу жүргізіліп, пәндік кабинеттер жабдықталады. Мектептегі қауіпсіздік жағ­дайлары да қатаң бақылауда. Кейінгі 3 жылда 4000-нан астам ауыл мектебінің материалдық-техникалық базасы жаңар­тылып, 2000-нан астам жаратылыстану-математика бағытындағы заманауи зертхана жабдықталды. Биыл 1000-нан астам ауыл мектебі күрделі жөндеуден өтіп, 1176 заманауи пәндік кабинет іске қосылды.

Ерекше атап өтетін жағдай – 217 «Келе­шек мектебінің» 84-і, қайта жөндеу­ден өтетін 1300 мектептің 820-сы ауылда орналасқан. Бұл – қала мен ауыл балалары арасындағы білім теңсіздігін жоюдағы алғашқы қадам. Бұнымен қоса Оқу-ағар­ту министрлігі тарапынан шағын жинақ­ты мектептер мен ауыл мектептеріндегі білім сапасын, білім мазмұнын, кадрлық қамтамасыз ету, қауіпсіздік мәселелері­не байланысты стратегиялық қадамда­ры жасалды. Соның нәтижесінде биыл ауыл оқушыларының республикалық олимпиадаға қатысу деңгейі 4,8%-ға жетті.

2020 жылдан бері елімізде 1,1 млн оқу­шыға арнап 1242 жаңа мектеп салын­ған. Содан бері инфрақұрылымды жаңғыр­туға бағытталған іс-шаралар үш ауысым­­ды мектептер санын 4 есеге, апатты мек­теп­терді 2,5 есеге, орын тапшылығын ­­4 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. ­Ескі мек­тептерді жаңғырту және жаңа мек­теп­терді салу – мемлекет тарапынан демо­гра­фиялық өсімге негізделген оқушы ­орны тапшылығы мәселесін шешудегі жүйелі жұмыстың нәтижесі.

 

Жеңімпаздарды ынталандыру

Биыл орта білім саласы үшін тарихи жыл болды. Оның жарқын дәлелі – халық­аралық олимпиадалардағы оқушылары­мыздың салмақты жеңістері. Жыл басынан бері 1657 оқушы 36 халықаралық олимпиада мен байқауға қатысып, 922 медаль жеңіп алды. Жыл басынан бері зияткер жастардың қоржынында 177 алтын, 329 күміс, 416 қола медаль бар. Сонымен қатар отандық оқушылар география пәнінен екінші орын алды, химиядан үш мәрте чемпион атанды, ғылыми физикадан абсолютті чем­пион болды, Балқан математикалық олим­пиадасында екінші жыл қатары­нан үздік үштіктен көрінді. Олимпиа­даға қатысқан әрбір екінші оқушымыз білім нәтиже­сін көрсетті. Қазақстан төрт жыл қатары­нан халықаралық STEM – білім бағытын­да көшбасшы. Бұған дәлел – «Алматы-Медеу» зияткерлік мектебі коман­дасының төрт дүркін әлем чем­пио­ны атануы. «First Global Challenge» әлемдік роботтехника чемпионатында біздің ­команда 190 елден келген қарсыласта­рын жеңіп, төрт жыл қатарынан бас жүлдені иемденіп келеді.

жен

Осы жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық пән олим­­пиадалары жеңімпаздары мен жүл­дегерлерін Ақордада марапаттады. Бүгінде Қазақстан – олимпиада жеңімпазда­­рын ынталандыру тәжірибесі бар санаулы елдердің қатарында. Ел Президентінің бас­тамасымен 2022 жылдан бері елімізде халықаралық олимпиада жүлдегерле­ріне қаржылай сыйақы тағайындалып келеді. Биыл олимпиада жүлдегерлері мен олардың тәлімгерлеріне жалпы сомасы 100 миллион теңгеден астам біржолғы сыйақы берілді. Енді келер жылдан бас­тап Президент тапсырмасымен халықара­лық беделді пәндік олимпиадалармен қатар халықаралық ғылыми байқауларда алтын, күміс және қола медаль алған оқушылар­ға да мемлекеттік сыйақы беріледі. Бұл шешім де жастарды ғылымға ерекше ынталандырады деп сенеміз.

 

Ұстазға құрмет

Биыл халықаралық «TALIS 2024» зерт­теуінің нәтижелері елімізде педагог­тердің еңбек жағдайы жақсарып, білім саласындағы мемлекеттік саясаттың тиім­ділігін көрсетті. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың педагогтердің еңбегін бағалау­ға, құрметтеуге бағыттал­ған заңнамалары мен реформаларының нәти­жесі. Зерт­теу­де Қазақстан «педагог еңбегі бағалана­ды» деп есептейтін елдер­дің қатарында екінші орында. Еліміз мұғалімдердің жалақы­ға қанағат­тану деңгейі жоғары бес елдің қатарында. Бұл тізімде Қазақстанмен бірге Болгария, Колумбия, Румыния, Қытай бар. 2018 жылы жалақыға көңілі толатын мұғалімдердің үлесі небәрі 39% болса, былтыр бұл көрсеткіш 71%-ға жетті.

Апталық жүктеменің 50 сағаттан 36 са­ғатқа дейін қысқарғаны ұстаздар еңбе­гінің нәтижелілігіне оң әсер етті. Бүгінде мұғалімдердің әкімшілік жүк­темесі азайды, олар бала оқытуға және ата-аналар­мен жұмысқа көбірек уақыт бөле бас­тады. Нәтижесінде, мұғалімдердің маман­дығымен және еңбек жағдайымен қана­ғаттану деңгейі де айтарлықтай өсіп, мұға­лімдердің 95%-ы жұмысына көңілі тола­тынын хабарлаған.

Педагог мамандығының қоғамдағы беделі де нығайды. Отандық педагогтер­дің 82%-ы өздерінің еңбегі қоғамда бағала­нады деп санайды, ал 73%-ы өз еңбек­терін бұқара­лық ақпарат құралдары, 58%-ы с­ая­­­сат­керлер бағалайды деп есептей­ді. ­Соны­­мен қатар елімізде магистр дәрежесі бар педа­гог­тердің үлесі үш есе өсіп, ­11%-ға жетті. Халық­аралық зерттеу мектептегі ­кли­­мат­тың жақсарғанын да ерекше атап өткен.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұстаздарға қамқорлығы ерек­ше. Президент білім саласындағы ғы­лымның рөлін айқындай отырып, педа­гогтердің кәсіби мәртебесі мен сапалық құрамын жүйелі қалыптастырудың стра­­тегиялық маңызын үнемі алға тар­­тады. Қазір мұға­лімдердің біліктілік санаты, аттес­тат­тау, білім сапасы ережелеріне талдау жүр­гізу, зерделеу жұмыстары жалғасып жатыр. Білім мазмұнын еңбек нарығына сәйкестендіру үшін мұғалімнің білім сапасын жақсарту бағытында кешенді сараптама жұмысы басталды.

Бүгінде республикада 23 мың­ға жуық білім ұйымында шамамен 600 мың педагог жұмыс істейді, 5 мил­лион 900 мыңнан астам бала білім алып жатыр. «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданғаннан бері мектеп мұға­лімдерінің жалақсы екі есе өсті. Мектепке дейінгі ұйымдардың педагогтерінің жала­қысы 30% артты. Колледждердегі өнді­рістік білім бе­ретін шеберлердің жалақысы 35% өсті. Сонымен қатар қосымша ақы, бір­жол­ғы төлемдер енгізілді. Мұғалімдердің еңбек демалыстары 45 күннен 56 күнге ұзартылды. Президенттің қолдауымен 5 ұстаз «Қазақстанның Еңбек Ері», 95 ұстаз «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағына ие болды.

Еліміздегі педагогтердің сапалық құрамы 45,8%-ды құрайды. Бүгінгі күнге педагогтерге жалпы қажеттілік 5 мың 413-ті құрайды, оның ішінде 2506 немесе 54% мұғалім ауыл мектептеріне жетпейді. Бүгінде білім саласында математика (1069) бастауыш сыныптары (751), орыс тілі және әдебиеті (635) физика (382), химия (340) пәндерінің мұғалімдері­не деген қажеттілік бар. Оқу-ағарту министрлігі­нің алдында тұрған реформаларда енді осы мәселеге екпін салынатын болады.

 

Жасанды интеллект жобалары

Биыл орта білім стандарттарына жасанды интеллект элементтерін енгізу, құ­зыреттілікке негізделген тәсілдерді пайдалану және STEM бағыттарын интеграциялау жұмыстары басталды. Соның аясында жаңа оқу жылынан бастап оқу үдерісіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңі­мен енгізіле бастады. 1–4 сыныптар­дағы «Цифрлық сауаттылық» пәні «Цифр­лық сауаттылық және жасанды интеллект», 5–11 сыныптардағы «Информатика» пәні «Информатика және жасанды интеллект» пәндеріне трансформацияланып жатыр. Осы пәндердің оқу бағдарламалары қазіргі таңда сараптамадан өтіп жатыр. Орта білім жүйесінде жасанды зердені қолданудың этикалық стандарты да бекітілді.

Министрлік жанынан IT саласын­дағы сарапшылардың басын қосатын Білім саласына жасанды интеллектіні енгізу жөнін­дегі жұмыс тобы құрылды. Топ құрамына министрлікке қарасты ұйымдар, колледждер мен мектептердің сарапшылары ­IT-компаниялар мен стартап жобалар­дың жетекшілері, тәуелсіз сарапшылар кірді. Қазіргі уақытта жұмыс тобының қызме­тін ұйымдастыруға ар­налған жол картасы әзірленді. Енді жұмыс тобының мүше­лері салалық заңнамаға ұсыныстар дайын­дап, қанатқақты жоба­лардың тиімділігін ­талдайды.

Бүгінде Астана қаласындағы №107 ­мектепте жасанды интеллект негізін­дегі мектеп моделін енгізу бойынша қанатқақты жоба жүзеге асып жатыр. Мектеп әзірге «Alaqan», «Protector AI», «AI Mektep», «AI Kitap», «Roqed» сияқты жүйелермен жұмыс істейді. Матема­тика мен қазақ тілі пәндерінің 5 сынып­тағы мазмұны жасанды интеллектіге сәйкес зерделеніп жатыр. Жасанды интеллект мұғалімдерге әдіс­темелік құрал дайындауға көмектеседі. Қазір осы бағытта ұсыныстар жасалып жатыр.

Алдағы уақытта жоғары сапалы цифр­лық оқу материалдарын, онлайн курс­тарды және білім платформаларын жасау ісі қарқын алады. Ұстаздарға қажетті дағдыларды беру ісі де кешеуілдемеуі қажет. Осы мақсатта «Жасанды интеллект көмегімен оқыту: генеративті модельдер және промт-инжиниринг өнері» ­атты онлайн-курс дайындалды. Бұл курс – «Өр­леу» біліктілікті арттыру ұлт­тық орта­лығы» акционерлік қоғамы мен ЮНЕСКО-ның бірлескен өнімі.

Мектептегі оқу үдерісіне жасанды ин­теллектіні кіріктіру мұнымен шектел­мей­ді. Цифрлық ресурстарға қолжетімділік­ті қамтамасыз ету бағытында Оқу-ағарту министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып білім саласына қажетті стартап жобаларды саралайтын болады. Ұсынылатын стартап жобалар қауіпсіз­дік және білім ұйымдарының әкімшілік-басқарушылық үдерісін оңтайландыру шешімдеріне сәйкес іріктеледі.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Qazaq Digital Mektebi» жобасы аясында да бірқатар іс-шара кешені іске асырылады. Пилоттық өңірлер ретінде Солтүстік Қазақстан, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары анықталды. Жоба аясында мектептер үшін жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар­дағы негізгі пәндерді сапалы оқыту үшін цифрлық платформа дайындалатын болады. Оқу үдерісі жасанды интеллект тәрбиешілермен бірге жүреді. Ол үшін шағын жинақталған мектептер тиісті жаб­дық­тармен және интернет желісімен қам­тылады. Жобаны іске асыруды 2026–2027 оқу жылынан бастау жоспарланып отыр.

 

Бала қауіпсіздігі

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бала­лар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған жүйелі әрі нақты іс-шара­­лар қабылданып, бала құқын қорғауды кү­шейтетін 6 негізгі заң күшіне енді. Бұл заңдар балалардың өміріне, денсаулы­ғына, психологиялық саулығына төнетін қауіп-қатерлердің алдын алу тетіктерін заң­намалық деңгейде бекітті.

Соның ішінде кәмелетке толмаған­дарға қатысты ауыр және аса ауыр сипат­тағы қылмыстар үшін жауапкершілік күшей­тілді. Енді мұндай қылмыстық істерді татуласу арқылы тоқтатуға заң­мен тыйым салынды. Сонымен қатар балаларға қатысты жасалған ең ауыр қылмыстар үшін өмір бойына бас бостандығынан ­айыру жазасы енгізілді.

Елімізде алғаш рет буллинг пен кибербуллинг үшін әкімшілік жауапкерші­лік белгіленді. Сондай-ақ педагогтер мен әлеу­меттік сала қызметкерлері кәмелетке толмағандарға қатысты заңсыз әрекет­терді уақтылы құқық қорғау органдарына хабарламаса, өздері де әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осы жылдың басынан бастап осы бап бойынша 404 іс тіркеліп, 238 жағдайда айыппұл салынды. Бұл – заңнаманың нақты іске асырылып жатқанын және қоғам тарапынан балалар қауіпсіздігіне деген жауапкершілік артқанын көрсетеді.

Биылғы алғашқы 11 айда «111» бір­ың­ғай байланыс орталығына 119 мың­нан астам өтініш келіп түсті. 20 өңірде Психо­логиялық қолдау орталығы құрылып, олар жыл басынан бері 35 мыңнан астам бала мен ата-анаға көмек көрсетті. Бас прокуратура­ның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің дере­гіне сүйен­сек, осы жылдың 11 айында балалар­ға қатыс­ты жасалған қылмыстық құқық бұзушы­лықтар саны былтырғы осы кезең­мен салыс­тырғанда 2,3%-ға, ал кәмелетке тол­ма­ғандарға (жыныстық) қатысты құқық­бұзушылықтар 17,9%-ға төмендеді.

Білім саласында балаларды қорғау ба­ғытында 1 қыркүйектен бас­тап барлық мектеп пен колледжде «ДосболLIKE» отандық антибуллингтік бағ­дарламасы енгізілді. Бағдарлама балалар арасындағы буллинг оқиғаларын азайтуға, білім ұйымдарында өзара сый­ластық, қолдау және қауіпсіз орта қалып­тастыруға бағытталған. Бала құқын қорғау мақсатында қамқоршылық органдарындағы қызметкерлер саны ­3,3 есеге өсті. Балалардың құқын қор­ғау­ға арналған жаңа басқармалар құрылып ­жатыр.

 

Әлеуметтік қолдау мен сапа мониторингі

Өңірлерде балалардың өмір сүру сапасын арттыру және қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін биылғы 1 қыркүйектен бастап балаларды тамақтандырудың жаңа стандарты қабылданды. Бұл стандарт халықаралық талаптарға сай және балаларға қауіпсіз, сапалы және теңгерімді тамақтануды қамтамасыз етуге бағытталған. Осы оқу жылында 1,7 миллионнан астам оқушы тегін тамақпен қамтылды. «Жалпыға бірдей білім» қоры арқылы осал санаттағы 500 мыңға жуық оқушыға 25,3 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Бұл қаражат есебінен балаларға оқу құ­ралдары, мектеп формасын алынды.

Баршаға белгілі елімізде орта білім тегін. Осы негізде жан басына шаққандағы қаржы механизмі енгізілді. Тіпті 900-ге жуық жекеменшік мектептер үшін де мемлекеттік тапсырыс жүзеге асырылады. Бастауыш сыныптарда оқушыларға бір мезгіл тегін ыстық тамақ беріледі. 1–11 сыныптарда балалар тегін оқулықтар­мен қамтамасыз етілген. Мектептерде қосымша сабақтар мен үйірмелер де тегін. Білім ордасында­ғы осы үйірмелер мен секцияларға биыл ­2,2 миллион оқушы қатысты. Кейінгі екі жыл ішінде бұл көрсеткіш шамамен 38%-ға өсті. Жыл сайын ата-аналардың тегін білім қызметіне деген сенімі артып келеді.

Елімізде мұғалімдердің біліктілігін арттыру да ақысыз негізде жүзеге асырылады. 5–11 сыныптарда оқитын 285 мың тұрмысы төмен шаңырақтардың баласы бір реттік ыстық тамақпен қамтылды. Қала мектептерінде мектеп оқушылары үшін қоғамдық көліктерде қатынау тегін. Шағын жинақты мектептерде баланың мектепке қатынауы тегін. Биыл мүмкіндігі шектеулі балаларға да лайықты көмек көрсетілді. 1–4 сыныптардағы 51 мың оқушыға, 5–11 сыныптардағы 44 мың оқушыға оқу құралдары, оңалтуға арналған техникалық құралдар берілді. Мұның барлығы – білім саласындағы нәтижелі әлеуметтік саясаттың көрінісі.

Ал 2026 жылдан бастап елімізде балаларды қолдау мен дамытуға бағыттал­ған барлық іс-шараны біріктіретін «Қазақ­стан балалары» атты бірыңғай ұлттық бағдарлама іске қосылады. Бұл бағдар­лама баланың өмір жолының барлық кезе­ңін қамтитын кешенді ұлттық страте­гия­ға айналмақ. Білім алушылардың білім жетістіктерін мониторингтен өткізу – білім сапасын бағалаудың ұлттық жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі. Биыл да осы іс жалғасын тапты. Осы жылы 4 және 9-сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын, яғни білім мен дағдыларды нақты өмірлік жағ­дайларда қолдануын, сондай-ақ ана­литикалық және логикалық ойлауды дамытуды бағалау үшін мониторинг жүргізілді. Жалпы, мектептерде тестілеу жыл сайын оқу жылының екінші тоқсанында сауаттылықтың үш бағыты бойынша (оқу, математикалық және жаратылыстану сауаттылығы) электронды форматта өткізіледі. Мониторинг кезінде білім ұйымдарының 25%-ы қамтылды. Мо­ниторинг нәтижелеріне сәйкес мектептер әдістемелік көмек алады және білім сапасын жақсарту бойынша ұсыныстар әзірленеді.

Сонымен қатар Оқу-ағарту министр­лігі 2023–2024 жылдары мектеп оқушы­лары­на арналған ұлттық бағалау құра­лын жетілдіру мақсатында Халықара­лық сараптама және сертификаттау ғылы­ми зерттеу орталығынан (Research Centre for Examination and Certification RCEC, Нидерланд) халықаралық аккредитациядан өтті. Бұл ұйыммен екіжылдық ынтымақтастық барысында ұлттық баға­лау құралын аккредиттеудің жеті кезеңі жүзеге асырылды, олар бағалау жүйесін әзірлеуді, тест сұрақтарының базасын құруды, нұсқаулық әзірлеуді, цифрлық платформада тестілеуді әкімшіленді­руді, халықаралық стандарттарға сәйкес нәтижелерді талдауды қамтыды.             

 

Тобықтай түйін

Биыл еліміздің оқу-ағарту саласы үшін табысты жыл болды. Бұл жыл сан­дық көрсеткіштерімен қатар, сапалық өзгеріс­терімен де ерекшеленді. Мемлекет басшы­сының тапсырмасымен елімізде апатты әрі 3 ауысымды мектеп саны едәуір азайып жаңа мектептер ашылды, цифрлық инфрақұрылымды жаңғырту ісі басталды. Мұғалімдер мен оқушыларды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясаттың тиімділігі халық­аралық зерттеулер мен олимпиада нәтижелері арқылы дәлелденді. Біз үшін қазіргі басты міндет – білім мазмұны мен мектептегі тәрбиенің салмағы мен тереңдігін арттыру. Ұстаздардың көңіл күйі мен қоғамға ризашылығы олардың еңбегінің нәтижесіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан халықаралық жарыстарда оқушылар қол жеткізген жетістіктер білікті де ізденімпаз ұстаздар мен еңбекқор оқушыларымыздың жетістіктерінің бір парасы ғана. Біз келер жылы да білім жүйесін одан әрі жетілдіруге күш саламыз. Осылайша, барлық оқушы мен ұстазға тең мүмкіндік ұсынатын, білім мазмұны еңбек нарығына сәйкестендірілген білім экожүйесін құруға ұмтыламыз.

 

Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА,

Оқу-ағарту министрі

Соңғы жаңалықтар

Бал ашып байығандар көп

Қоғам • Бүгін, 18:17