Фото: Ашық дереккөз
Мұнайлы астананың сәулеттік келбетін өзгертетін жаңа ғимараттың биіктігі 130 метрді құрайды. Жоба авторларының айтуынша, қаланың теңіз деңгейінен төмен орналасу ерекшелігіне байланысты, зәулім үйдің 32-қабатынан Каспий теңізін тамашалау мүмкін болады.
Кешен құрамында 600 нөмірлік бесжұлдызды қонақүй, 12 мың шаршы метрден астам коммерциялық алаңдар, 500 орындық конференция залы, сондай-ақ SPA, фитнес орталықтары мен мейрамханалар қарастырылған.
«TEXOL GROUP» директорлар кеңесінің төрағасы Шота Абхазаваның айтуынша, жобаның басты мақсаты – өңірдегі сапалы қонақүй инфрақұрылымының тапшылығын жою. Қазіргі таңда Атырауда халықаралық желілік бесжұлдызды қонақүйлердің жоқтығын ескере отырып, компания бұл олқылықтың орнын толтыруды көздеп отыр.
Жобаның ең ерекше тұсы – Атыраудың географиялық орналасуын айшықтайтын, Еуропа мен Азия құрлықтарының арасында жылдам өтуге мүмкіндік беретін зиплайн аттракционы болмақ. Сонымен қатар кешенде жасыл бақтар салынып, жаңартылатын энергия көздері пайдаланылады.
Қазіргі уақытта дайындық жұмыстары басталып кетті: 16 қарашадан бері ескі қонақүй ғимаратының артқы бөлігін бұзу жұмыстары жүргізіліп жатыр. «Ақ-Жайық» жобасы қаланы мұнай секторына тәуелділіктен арылтып, туризм мен бизнес саласын дамытуға бағытталған «Арман қала» концепциясының маңызды бөлігі саналады.