08 Шілде, 2010

ДАРХАН ДАЛАНЫҢ ДАРАБОЗ ТҰЛҒАСЫ

893 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
1998 жылдың 1 қарашасында киелі Мырзашөлде – шүлен тарқатқан дарқан даламызда, өскелең өлкемізде өткен Мақтаарал ауданының 70 жылдық мерейтойына арналған арнайы жиынға қатысқан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың жанында жеті сағаттай бірге жүріп, даналығы мен даралығынан алған әсерім әлі күнге дейін жанымда жаңғырып келеді. Сондағы Мақтаарал ауданы әкімі ретінде менің көңіл түкпіріне түйгенім мынау еді: стратегиялық ойлау ауқымды­лығы, проблеманы көру мен шешімін белгілеудегі тереңнен толғайтын реформаторлық көзқарасы мен ұстанымы, тығырықтан жол салып, тыңнан шешім қабылдай отырып ойға алған нәрсенің бәрін орындай білетін бастамашылдық әрі табандылық қасиеті, берген уәдесіне беріктігі, алда қиындықтарға толы ауыр жолдың жатқандығына қарамастан, ол жолдың түбі қайырлы болатындығын жұрттың бәрінен бұрын сезініп, халық жүрегіне сенім отын жаға білген тұғырлы тұлғаларға тән табиғи таланты, ерлік пен өжеттікке толы өр мінезі – міне, осының бәрі бір тұлғаның бойынан табылып жатқандығын көріп, ерекше тәнті болып едім. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдары айтылған сөздің, ұлы істердің бастауында тұрып, жасампаздыққа жолдама беретін ойдың бүгінгі таңда айна-қатесіз орындалып келе жатқандығының куәсі болып отырмыз. Елбасы оңтүстік өлке тұрғындарының мұң-мұқтажын мұқият тыңдап, оларды толғандырып жүрген мәселелерге жетер­ліктей дәрежеде көңіл аударды. Елбасы берген уәделерінің бәрі де толықтай орындалғанын айтудың өзі бір ғанибет! Елбасының тікелей бақылауында болған, Сырдария өзені арқылы Мақта­арал ауданына өтетін стратегиялық маңы­зы зор көпір құрылысының күрделілігіне қарамастан, қаржы көлемінің қайтары­мын халық мерейіне бағыштап еді. Сол көпір мерзімінен бұрын іске қосылып, ел игілігіне қызмет ете бастады. Президент өз уәдесінен шығып, сол көпірдің ашылу салтанатына қатысты. Жиылған жұрттың қуанышында шек болмады. Елбасы еліміздің қай түкпірінде болмасын өзінің мейірім-шапағатымен, биік беделімен бүкіл елді баурап алады. Келешек ұрпақ санасына соны серпіліс туғызады. Мырзашөл топырағына табаны тиіп тұрып Елбасы тебірене сөйлегенде: “Мақтааралдықтар Отан деген ұғымның мәнісін шынайы түсінеді деп ойлаймын. Өйткені, Мақтаарал өңірі өзіндік тарихының еске түсер ерекшеліктері бар қазақтың ішіндегі бірден-бір өлке” деген болатын. Бұл – кешегі кеңес заманында тарихи Отанынан біраз уақыт ажырап, солақай саясаттың салқынынан көрші елге өтіп, қайтқан “қыздай” қайта сағынысып табысқан елдің Отанына деген ыстық патриоттық сезіміне берілген шынайы баға еді. Елбасы өзінің биылғы жылғы халыққа Жолдауында Казақстанның 2030 жылға дейінгі даму стратегиясының жаңа онжылдығы, яғни 2020 жылға дейінгі даму кезеңі басталғанын айтты. Мемлекет Басшысы әртараптанды­рудың негізгі сегментінің бірі агро­өнеркәсіптің кешенінің дамуы болып табылатынын атап көрсетті. Оның дамуы үш негізгі бағыттар бойынша өтуі керек. Біріншіден, еңбек өнімділігінің өсуіне екпін түсірілуі керек. Екіншіден, еліміздегі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ісі ірі жобалардың негізінде кешенді түрде қарастырылмақ. Үшіншіден, Кеден одағы беретін мүмкіндіктерді молынан пайдалану, еліміздің экспорттық әлеуетін іске асыру. Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы бүкіл әлемдегі қаржы дағдарысы жағдайына байланысты міндеттерді алға қоюмен ерекшеленеді. Жолдауда халықтың көкейкесті мәселелерін шешуді, елді оңалту, оны жаңа белеске көтеруді көздеуімен қатар ауыл шаруашылығын дамыту, арзан азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, экспортты әртараптандыру, оның қауіпсіздігін сақтау мәселелерін көтергені көпшілікке жігер берді. Бұл ел алдында тұрған еңселі міндет­терді – ауылды алға бастырудың, ауыл шаруашылығын өркендетудің, түптеп келгенде Отанымызды түлетудің тарихи жолы, Қазақстанның ауыл шаруашылығы үшін жаңа кезеңге басқан құтты қадам, түбегейлі бетбұрыс деп түсінгеніміз абзал. Осылардың барлығы адамдардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталғанын ескерсек, міндеттердің маңыздылығы еселеп арта түсетіндігін байқаймыз. Еліміздегі бидайдан кейін екінші орын алатын экспорттық ауылшаруашылық дақылы – Оңтүстік Қазақстан облысында өндірілетін 350-400 мың тонна ақ мақта шикізаты 1 миллионнан астам адамның аузын аққа жарытып отыр. Қарапайым диқанның шаруасын шайқалтпайтын, келешекте ешкімге жалтақтамай мақта өндірісін дамытып, басқа да осы салаға байланысты өндіріс орындарының толық­қанды жұмыс істеуіне жағдай туғызатын “Мақта саласын дамыту туралы” заң іске қосылды. Тоқсаныншы жылдары елімізде өндірілетін 145-150 мың тонна мақта талшығының 93-95 пайызын сыртқа шикізат күйінде шығарып келдік. Бір ғана дақылдың өзінен басқаларға қаншама жем болдық. Бұл өз кезегінде бізді әлемдік бағаға тәуелді етті. Өйткені, мақтаны тереңдете өңдейтін өндіріс ошақтары елімізде әлі жеткіліксіз еді. Міне, осы тұста, ел экономикасындағы толғағы жеткен мәселелерді терең түсінетін ел Президенті ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде және өңдеуде кластерлік жүйені белсенді пайдалану қажеттігін баса айтты. Жаңа тәсіл мен инновациялық-индус­триялық технология негізінде бәсеке­лестікке төтеп беретін өнім шығаруға, ауыл шаруашылығы ғылымын, оның ішінде қолданбалы аграрлық зерттеулерді дамытуға басты назар аударды. Кеңес Одағынан қалған солақай жүйенің кесірінен ауыл шаруашылығында жүргізілген реформаның алғашқы ке­зеңінде-ақ мақта өндірісі тұйыққа тірелді. Мақташы диқандар өңдеу кәсіпорында­рына тәуелді болды. Ендігі тіршілікті кластерлік жүйе арқылы қалыптастырсақ, мақтаны тереңдете өңдейтін, жіп иіретін, мата тоқитын, дайын бұйымдар мен киімдер шығаратын өндірісті дамытсақ, халықтың тұрмыс деңгейінің жоғарылауы­на, әл-ауқатының бұдан да жақсара түсуіне мүмкіндік туады. Бір қуаныштысы сол, Оңтүстік Қазақстан облысында еркін экономикалық аймақ құрылып, Қазақ­станның мақта-тоқыма кластерінің алғашқы қазығы қағылып, жаңа жобаның жұлдызы жанды. Қазір Елбасы ұсынған ұлы мақсаттың іске асқанын көріп отырмыз, өйткені қазірдің өзінде өндірілген мақта талшығының 27-30 пайызын өз елімізде өңдеп, жақсы нәтижеге қол жеткіздік. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке идеясының арқасында жүзеге асатын бұл алып құрылыстың – жіп иіретін, мата тоқитын, дайын бұйым шығаратын фабрикалардың соңғы нүктесі қойылғанда ел мерейі тасқындап, Елбасымен бірге қуанып, қауышатын күннің алыс емес екенін жақсы түсінеміз. Қазақстанның мақта шаруашылығы саласы Президент Нұрсұлтан Назарбаев­тың қамқорлығынан ешуақытта кенде қалып көрген емес. Ол қашанда мақташы диқан қауымды көз аясында ұстап келеді. Меншігінде жері бар, тәуелсіз елі бар, халқының қамын ойлайтын Президенті бар қазақ қандай бақытты, қандай қиын­дықты болса да жеңеріне дау жоқ. Ел­басының тікелей араласуымен мемлекет­аралық Сырдария өзені арқылы ағын су мәселесінің шешілуі, Шардара су қой­масынан Мақтаарал ауданының диқан­дары келешекте ағын судан тапшылық көрмеуі үшін қосымша 4 сусорғыш орнатуы, мелиорация жұмыстарына қаржы бөлінуі бәсекелестікке қабілетті мақта тазалайтын және тұқымдық шит дайындайтын зауыттардың салынып жұмыс істеуі, өмір өзегі – жол, тағы басқа толғауы тоқсан түрлі түйткілдердің өз шешімін уақтылы табуы қалың жұртшылықтың Елбасына деген ыстық ықыласын арттыра түсті. Қазақ мақтасы дүниежүзілік рейтинг бойынша 68 мақта өндіретін мемлекеттің арасында 1997-98 жылдары 23-24-ші орынды иеленсе, қазіргі уақытта 15-16-шы орынға көтерілді. Ендігі басты мақсат – Қазақстанның мақта өндірісі өз орнын аймақ бойынша ешкімге бермеуі керек. Қазіргі таңда ауыл шаруашылығы саласы мен құрылымдарын реттейтін заңдық жобалардың негізі қаланды. Жер, Су және Орман кодекстері, асыл тұқымды мал шаруашылығы, ветеринария, өсімдікті қорғау т.б. көптеген нормативтік заңдық актілер халық игілігіне қызмет етіп жатыр. Аграрлық өнеркәсіптік комплекске мемлекеттік қолдау жылдан жылға артып, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне салық жеңілдетіліп, өсімдік зиянкестері мен мал ауруларына қарсы күрес мемле­кет есебінен жүргізіліп, тұқым, тыңайт­қыш, гербицит, ағын су бағасы төменде­тіліп, бюджеттік өсімсіз несие беріліп, ауылшаруашылық техникаларын лизинг жүйесі арқылы алуға қол жеткізіліп отыр. Ұлы даланың бойында тіршілік кеш­кен данышпан бабаларымыз бен даңқты батырларымыз өткен тарихымыздан сыр шертсе, бүгінгі өркениет дәуірінің озық ойлы перзенті, адамзаттың дарабоз азаматы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты сол ұлылықтың үзілмес үлгісі деп танимыз. Ибадулла ҮМБЕТАЕВ, Қазақ мақта шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институтының  бас директоры, ауыл шаруашылығы  ғылымдарының докторы,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.