Зерде • 25 Желтоқсан, 2025

Азаттық күрескерінің ағартушылық жолы: Қоңырқожа Қожықовтың туғанына – 145 жыл

90 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Ұлт-азаттық қозғалысының белсенді қатысушысы, биыл туғанына 145 жыл толып отырған Қоңырқожа Қожықұлы ең әуелі өзін жаңашыл мұғалім, табанды жәдитші ретінде танытқан-тұғын. Ол 1880 жылы Ресей империясына қарасты Түркістан өлкесі Перовск уезінің Хан ауылында (қазіргі Қызылорда облысының Сырдария ауданында) дүниеге келген.

Азаттық күрескерінің ағартушылық жолы: Қоңырқожа Қожықовтың туғанына – 145 жыл

Ауылында мұсылманша, 1892 жылдан Перовскіде (қазіргі Қызылордада) қазақ-орыс мектебінде, қалалық училищеде, 1900–1904 жылдары Ташкент мұғалімдер семинариясында оқыған. Самарқан облысындағы Үргіт ауылында, Сырдария облысындағы Хан ауы­лында, Перовск, Қарнақ, Ән­дижандағы империялық орыс-тузем мектептерінде мұға­лім, меңгеруші болған. Перовск қала­сындағы теміржол жұмыс­шылары мектебінде Бірінші орыс революциясы оқиғалары жөнінде еркін пікір айтқаны үшін полиция қадағалауына іліккен. Ол – қазақ балаларына қазақ тілінде сауат ашқызу мәселесін ұдайы назарда ұстаған, сол мақсатта алғашқы қазақ әліппесін жасаған педагог.

Жәдитшілер қозғалысының өрістеуіне орай, мектеп-медреселерде, ауылдардағы мешіттер мен мектептерде құранды үйретуге негізделген бағдарламаны қарас­тырып, қазақ балаларының сауа­т ашу тәжірибесін зерттей келе, ағарту ісіндегі көп кемістіктің қазақ тілінде арнайы жазылған сауат ашу кітабы жоқтығынан екеніне оның көзі әбден жетеді де, сол жоқтың орнын хал-қадерінше толтыруға тырысады. Алғашқы қазақ әліппесін жасап, араб-парсы әліпбиіндегі әріптермен әр қазақы дыбысты жеке әріппен белгілеу жолын ұсынады. Бір дыбысты бір әріппен таңбалау әдістерін мысалдармен жүйелеп көрсетеді. Өзі мұғалімдердің пайдалануына ұсынып отырған осы «қазақ әліппесінен соң құран әліппесін оқыса», балалардың «басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі артатынын айтып, әліппенің хрестоматиялық бөліміне әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді жаңа әдістеме арқылы оқуға лайықтап топтап береді. «Біздің қазақ балалары мектепте аз болса екі жыл, үш жыл, озса онан да көп оқып, зордан хат танып қағаз жазатын болып шығады... Мұның себебі... қазақтың өз тілінде сауа­т мектептеріне жазылған әліппе кітабының болмағандығы. Әр істің өзіне лайық аспап-сайманы болмаса, жарақсыз барып жаулау мүмкін бе. Қолдарында қазақша кітаптары болмаса, қазақша жазуды балаларға молдалар не қылып үйретер?» дейді ол құран мен оның ұғымдарын оқытатын молдаларға, мұғалімдерге 1912 жылғы 27 нау­рызда жазған арнауында.

Ол қазақша сауат ашу кітабында бір дыбысты бір әріппен белгілеу әдістерін жүйелеп көрсетеді де, шәкірттер «күніне бір сыныптан алып тұрса, үш аптада әліппені тамам қылып, жазуды түсініп қалса керек» деген ой айтады. «Қазақ әліппесінен соң құран әліпппесін оқыса», балалардың «осы екі әліппе арқылы басылымдар жазуын тану» мүмкіндігі ұлғаятынына сенім артады. Сондай мақсатпен, әркім білуге тиіс түрлі мағлұматтар, әңгімелер, өлеңдерді топтап әліппенің хрестоматиялық бөліміне береді. Өзінің ұсынып отырған әліппесі «тәжірибе-дүр», «көрмеген жердің ой-шұқыры көп деген сөз бар емес пе», сондықтан мұғалімдердің сабақ беру үдерісінде кездесуі ықти­мал, олардың оқулықты «жатсынатын жерлері» жайында тыңдауға әзір. «Егерде біздің алашқа ұсынған жәдитіміздің не артық, не жетпеген жерлері болса», ой-пікірлерін тікелей не хат арқылы білдіргендерге «көптен көп алғыс айтамыз», дейді ол. Ағартушы Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне арналған «Әліппе» кітабы Түркістан генерал-губер­наторлығының оқу бөлімінде арнайы қаралып, бастыруға ресми рұқсат берілген.

Қожықов «Әліппесін» 1912 жылы Орынбордағы белгілі қа­ламгер, саяси қайраткер және бас­пагер Фатих Каримидің баспасынан шығарды. Карими алғашқы орыс революциясы жылдары Петербор мен Төменгі Новгородта өткен мұсылман съездеріне қатысушы, сонда ұйысқан жалпыресейлік мұсылман саяси партиясы ор­талық комитетінің мүшесі болатын. Орынбор мұсылмандары губерниялық жиналыстарының тұрақты төрағасы ретінде халық мұң-мұқтажын терең білетіндігімен және баспагерлік, әрі «Құсайыния» медресесіндегі ұстаздық қызметімен қоса, «Уақыт» атты татар тіліндегі қоғамдық-саяси газеттің редакторы ретінде отар елді оятып, рухани жаңғыртуға елеулі үлес қосып жүрген және сол қызметтері арқылы жұртқа кең танылған тұлға болатын. Ол Қоңырқожа Қожықовтың қазақ мектептеріне жәдиттік оқу тәсілін енгізуді көздеген әліппесін баспаханасында тездетіп бастырып берді. «Әліппеcін» Қожықов кезінде әлемге танымал «Тәржіманның» бас редакторы, атақты ағартушы, жәдитші, қоғам қайраткері Ысмайыл Ғаспралыға сыйға тарт­­қан екен, сол кітап бүгінде ұлы пе­дагогтің Бақшасарайдағы музейін­де сақтаулы тұр.

Қоңырқожа «Әліппесін» бас­тыру үшін 1912 жылы Орын­борға барған сапарында Ахмет Байтұрсынұлымен танысады. Ол өзінің «Оқу құралын» және «Қазақ» газетін шығару шаруаларымен шұғылданып жүрген. Екеуі өзара жан-жақты пікірлесіп, өз елдеріндегі азаматтармен хабарласа келе, Фатих Каримиге аса маңызды өтініш айтады. Фатих оларды қолдайды да, ІІІ Дума жұмысын аяқтап, ІV Думаға депутаттар сайлау науқаны басталғалы тұрған шақта қазақтардың губерниядағы мұсылман қауымы сайлаушыларына арнаған ашық хатын «Уақыт» газетінде жариялайды. Ашық хатта 1907 жылғы «3 маусым төңкерісінен» кейін «азаматтық сезімдері жетіл­меген бұратаналар» ретінде Мем­думаға депутат сайлау құқынан айрылған Дала және Түркістан өлкелері қазақтарынан бір өкіл сайлау үшін татар-башқұрт бауырлар өздеріне бөлінген квотадан бір орынды қиып берсе деген өтініш білдірілген болатын. Редакцияға Қоңырқожаның түркістандық жерлестерінен ашық хат мазмұнын қуаттаған жеделхаттар келіп жатты. Алайда озық пікірлі татар азаматтары қолдау көрсеткенмен, сайлаудың басқа бір маңызды шарты орындалмағандықтан, бастама оң шешімін таппады.

1917 жылғы Ақпан революциясынан кейін Қоңырқожа Қожықұлы Ферғана өңіріндегі қазақтардың мүддесін қорғайтын «Көшпенді» атты ұйым құрып, оған жетекшілік етті. Таш­кенттегі мұсылман ұйымдары жұмыстарына белсене қатысты. Ол 1917 жылғы тамызда өткен Түркістан өлкесі қазақтарының съезінде Бүкіл­ресейлік Құрыл­тай жиналысына депутаттыққа кандидат ретінде ұсынылды. Ферғана аудандарының бірінде Уақытша үкіметтің комиссары болып қызмет атқарды. Қожықов өлке билігін Советтердің озбырлықпен басып алып, үкімет құрамына жергілікті халық өкіл­­­дерін кіргізбеуіне шамдану нәтижесінде шұғыл түрде шақы­рылған Қоқандағы ІV Төтенше мұсылмандар съезінде жария­ланған автономияның белсенді қайраткерлері қатарынан табылды. Ол Түркістан автономиясы Ұлттық кеңесінің мүшесі болып сайланған-тын.

Автономия большевизмнің қарулы күшімен құлатылғаннан кейін Қоңырқожа Қожықұлы кеңестік оқу орындары мен меке­мелерінде түрлі қызметтер атқарды. 1921 жылы Түркреспублика Жер халкоматының мүшесі, содан соң Жер халкомының орынбасары болды. 1922 жылы Әулиеатада уездік жер басқармасында істеді, Жетісу облысында жер-су реформасын басқарды.

Оның қызметі жөнінде Бас хатшы И.Сталин мен Мемлекеттік саяси басқармаға (ГПУ) белгілі бір коммунистің 1924 жылғы сәуірде құпия жолдаған хатына былай делінген: Қожықов жер реформасын жүргізу кезінде «...жұрттың бәріне орыстарды «оңды соғудамыз» деп айтып жүрді. 1922 жылы жерге орналастыруды басқарды, қазір Жерге орналастыру басқармасында істейді. Қожықов Қожановпен бір пәтерде тұрады. Осы Қожықов, Қожанов, Асфендиаров, Тоқтыбаев – белгілі Лапиннің қыздарына үйленген, сөйтіп олар қазақ халқын ең алдымен осы туысқандық белгілері бо­йын­ша бірлесіп билеуде. Қожықов әлденеше рет ТүркЦИК мүшелігіне сайланды және «Қосшы» Орталық комитеті басшыларының бірі болып табылады. 1921 жылы Қожановтың және Асфендияровтың кепілдігімен, тіпті, партияға да кірді, алайда кейін шығарып жіберілді. Қазір тап осы Қожықов Қожановты билеп тұр (Ол өте тәжірибелі адам). Қожановқа қызметкерлер келгенде, оларды ең алдымен осы Қожықовқа мәселелерді келісу үшін жіберіп алады, түрлі үкіметтік және тіпті пар­тиялық хаттамалар да оған пі­кірін білу үшін жіберіліп жатады».

Бұл құпия жазбадан анық бай­қалатыны сол, Қоңырқожа Қожықұлы кеңес өкіметі тұсында да ұлт коммунистерінің бірқатары ақыл-кеңес сұрап тұратын, айтқан пікіріне сөзсіз құлақ асатын беделді қайраткер болған. Мұны Дінмұхамед Әділовтің 1928 жылғы 27 желтоқсанда ОГПУ тергеушісіне 1925 жылғы сәуірде өткен Қазақстан кеңестерінің V съезі кезінен берген көрсетуі де растайды. Ол Үкіметтің Ақмешіт қаласына көшіп келуіне байланысты қала атын өзгерту мәселесі съезд аяқталар күнгі түскі ас кезінде көтеріліп, ат ойластыра бастағандарын, Қызылорда деген атауды бірден Қожықов ойлап тапқанын, осылай атағанда «екі жақтан да» талас тумайды, өйткені «қызыл» сөзі революциялық түс ретінде большевиктерге ұнайды, ал «орда» – өзіміздің ұлттық атауымыз деп дәйектегенін, Қаз­өлкепарткомның екінші хатшысы Сұлтанбек Қожановтың оны кесімді түрде қолдап, съезде күн тәртібінде көзделмеген – халыққа тарихи «қазақ» аталымын қайтару, тиісінше «Киргиз Республикасына» «Қазақ Республикасы» деп қайта ат қою, Ақмешітті Қызылорда деп атау жөніндегі мәселелерді ұсынғанын, делегаттардың оларды бірауыздан қабылдағанын әңгімелеген.

Қоңырқожа Қожықұлы 30-жылдары бірыңғай ғылыми жұмыс­тармен шұғылдана бастаған. Профессор Санжар Асфендия­р­ов­пен бірге КСРО Ғылым акаде­миясының Қазақ филиалында қызмет етіп, Ұлттық мәдениет ғылыми-зерттеу институтының негізін қалаушылардың бірі болды. Жетісу өңіріне жиі экспедицияға шығып, көне қорғандар мен ескерткіштерді зерттеумен айналысты. Орхон жазуы, Қозы Көрпеш-Баян сұлу, Келіншектас, Ақтас мазарлары туралы ғылыми еңбектер жариялады, оларды мемлекет тарапынан қорғауға алу туралы мәселе көтерді. Ал Қазақ КСР-і мемлекеттік көпшілік кітапханасының (қа­зіргі Ұлттық кітапханасы) сирек кездесетін кітаптар мен қол­жаз­балар қоры бөлімінде қызмет атқарған кезінде, 1936 жылы Сүлеймен Бақырғанидің «Хикмет Хазірет Сұлтан әл-ғарифин» атты қолжазбасын Сайрамнан тауып әкеліп, қорға тапсырды. Профессор С.Асфендияровтың басшылығымен 1935–1936 жылдары жарық көр­ген екі томдық «Қазақстанның өткендегі тарихы туралы деректер мен материалдар» атты жинақты құрастырушылардың бірі болды. Қожықұлы араб, парсы, шағатай тілдерін жеткілікті меңгергендіктен, осы тілдердегі жинаққа кіретін тарихи және әдеби шығармаларды қазақшаға аударды.

Қоңырқожа Қожықұлы 1938 жылғы 27 қаңтарда тұтқындалып, НКВД-ның Алматы облысы бойын­ша Басқармасы «үштігінің» 1938 жылғы 15 ақпандағы үкі­мімен жазаның жоғарғы шарасына кесілді. Түркістан Әскери округінің әскери трибуналы 1957 жылғы 23 желтоқсанда, қылмыс құрамы дәлелденбегендіктен, Қо­жықовты ақтап шығарды. Тәуелсіздік дәуірінде Қоңырқожа Қожықовтың өмірі мен қызметі жөнінен еске алу жиындары, дөңгелек үстелдер, конференциялар өтті, еңбектері қайта басылды. Қайраткердің туғанына 145 жыл толуына орай, Өзбекстан ғалымдары Ташкентте халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіп, Қоңырқожа Қожықұлының бел­сенді қоғамдық-саяси қызме­тімен қатар жәдитшілік еңбегін ерекше атап көрсетті.

Қоңырқожа Қожықов – ғылым мен мәдениетте өзіндік із қалдырған тұлға. Сонымен қатар ол қазақ өнері тарихында ерекше орын алатын тұтас бір өнер қайраткерлері әулетінің басы: жұбайы Ләтипа – қазақ кәсіби театрының тұңғыш сахна жасақтаушысы, 1936 жылы Мәскеудегі қазақ әдебиеті мен өнері декадасында өнер көрсеткен жетекші әртістер үшін ұлттық киімдер тіккен ісмер, қазақ қыз­дарынан шыққан тұңғыш КСРО Суретшілер одағының мүшесі; үлкен ұлы Қоңырқожа – тұңғыш суретші-график (ол да әкесінің артынша репрессияға ұшыраған), ортаншы ұлы Құлахмет – бірінші театр және кино суретшісі, үшінші ұлы Нұрахмет – монументалист-мүсінші, кенже ұлы Сұлтанахмет – «Қыз Жібек» фильмімен әлемді аузы­на қаратқан әйгілі кинорежиссер.

Отағасының «халық жауы» атануы кезінде отбасы мүшелерінің еңбек жолында көп кедергілер мен қиындықтар туғызғаны түсінікті. Бүгінде қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған Қожықовтар әулеті хақындағы ақиқат біртіндеп ашылып, көпке таныла түсуде. Бұл ретте Қоңырқожа Қожықұлының немересі Сәуле Құлахметқызы Қо­жықова (Ходжикова) осынау өнер әулетінің шын мәніндегі шырақ­шысы қызметін атқарып келеді. Ол әкесінен мұраға қалған отбасылық архивті өзінің зерттеушілік ізденістерімен толықтыра отырып, атасының өмір жолын жаң­ғыртты, оның жәдитшілік қоз­ғалыстағы еңбегін туысқан өзбек ғалымдарының терең тануына түрткі болды, әулет мүшелерінің әлденеше тақырыптық көрмелерін ұйымдастырды. Қожы­қовтар әуле­тінің қазақ өнері тарихында өзіндік мәртебелі орында тұруына лайық екенін дәлелдеді. Әулет басы мен мүшелерінің есімдерін мәңгі есте қалдыру шараларын ойластыру, әрине, алдағы уақыт еншісінде.

 

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,

жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты,

«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының орынбасары

Соңғы жаңалықтар