Үкімет • 26 Желтоқсан, 2025

Өнеркәсіп әлеуетін арттырудың алғышарты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Олжас Бектенов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау аясында арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар инфрақұрылымын дамыту мәселесі бойынша кеңес өткізді. Жиынға қаржы, өнеркәсіп және құрылыс министрлері, «Бәйтерек» холдингі мен Өнеркәсіпті дамыту қорының басшылығы қатысты.

Өнеркәсіп әлеуетін арттырудың алғышарты

Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігінің деректері бойынша елімізде 17 арнайы экономикалық және 66 индустриялық аймақ жұмыс істейді, онда жеке инвестиция көлемі 5,7 трлн теңгеден асатын және 57,2 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 860 жоба жүзеге асырылды.

Өнеркәсіп алаңдарының инвести­циялық тартымдылығын айқындау кезін­де инфрақұрылымның дайындығы маңызды мәселе болып отырғаны атап өтіл­ді. Осыған байланысты қосымша ин­фра­­­құрылымның, оның ішінде қосал­қы стан­салар мен көлік желілерінің құры­лы­­сы бел­сенді түрде жүзеге асырылып келеді.

Үкімет республикалық бюджетке тү­­се­тін жүктемені азайту үшін халық­ара­лық қаржы ұйымдарымен ынтымақ­тас­­тықты қоса алғанда, бюджеттен тыс қа­­ра­жат тарту бойынша шаралар қабылдап отыр.

2030 жылға дейін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы АЭА және ИА аумақтарында шамамен 200-ден астам жаңа жобаны жүзеге асыру жоспарланған, бұл жаңа жұмыс орындарын құруға, өңдеу өнеркәсібі­нің өсуін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 2025–2029 жылдар аралығында 140 жоба пайда­лануға берілмек.

Тұтастай алғанда, осы жобаларды жүзеге асыру өңдеу саласының жалпы қосылған құнын ұлғайту арқылы ел экономикасына үлес қоспақ.

Премьер-министр Ұлттық экономика, Өнеркәсіп және құрылыс, Қаржы министрліктеріне келесі жылы 15 қаңтарға дейін «Бәйтерек» холдингіне қаржыландыру көздері бойынша түпкілікті шешімді беруді, АЭА мен ИА-ға қажетті инфрақұрылымды жүр­гізу жобаларын жүзеге асыруға дереу кірісуді тапсырды. 

Соңғы жаңалықтар