Саясат • Бүгін, 08:58

Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктері

20 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин «Amanat» партиясы жанындағы Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі үйлестіру кеңесінің бірінші отырысына қатысты.

Кәсіпкерлікті қолдаудың тиімді тетіктері

Қазір мемлекет бизнесті қолдаудың 117 құралын іске асырып отыр. Оның 76-сы қаржылық, 38-і қаржылық емес, 3-еуі мүліктік қолдау тетіктері. Кейінгі бес жылда тіркелген шағын және орта бизнес субъектілері саны 40%-ға
артып, 2,3 млн бірлікке жеткен. Осы салада 4,5 млн адам жұмыспен қамтылған.

«Атамекен» ұлттық кә­сіп­кер­лер палатасы Өңдеу өнеркәсібі комите­тінің төрағасы Қанат Ибраев отандық тауар өндірушілер тізілімін жасақтау тетігін жетілдіре түсу мәселесін көтерді. Жүйе әзірге пилот­тық режімде жұмыс істеп тұр. Бизнес тарапынан оған қатысты әдіснамалық және техникалық мәселер әлі де бар. Ал тізілім келесі жылы 1 қаңтардан бас­тап мемлекеттік сатып алу кезінде қолданылғалы отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі мен Қаржы ми­нистрлігінің өкілдері тізілімнің тәжірибелік пайда­лануға енгізілгенін хабарлады. Қорда бұған дейін «отандық тауар өндіруші» мәртебесі барын растаған, қолданыстағы индустриялық сертификаттардың иелері саналатын 1 868 кәсіпорын тіркелген. Олар енді мемле­кет­тік сатып алуларға қатысу құқығына ие.

Техникалық және әдіс­намалық мәселелерді жою жұмыстарын жү­йенің тех­никалық операторы – «Элек­трон­дық қаржы орталығы» жал­ғастырып отыр.

Сауда желілері одағының өкілі Эльбеги Әбдиев тұтыну­шылық кредитті қысқарту шарасы шеңберінде бөлшек сауданың, әсіресе азық-түлікке жатпайтын тауар сег­ментінде өсу қарқынының баяулағанына назар аударды. Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының баға­лауынша, сауданың ІЖӨ-дегі үлесінің жоғары болуы және ондағы шағын және микробизнесте жұмыспен қамтылғандар санының мол екендігі, сондай-ақ  бөлшек саудадағы сұраныстың азаюы кәсіпкерлердің өнімдерін өткізуге тікелей әсер етуі мүмкін.

Серік Жұманғарин бұл сауалға жауап бере келіп, кейінгі жылдары тұтыну­шы­лық несие берудің артуы корпоративтік кредитке кері әсерін тигізгенін атап өтті. Ал 10 жыл бұрын жағдай керісінше еді. Бұл ретте сауда өзара байланысты салалар мен жұмыспен қамтудағы маңызды драйвер болып қала береді. Мемлекеттің міндеті – тұтынуды төмен­детпей, ІЖӨ-нің өсуі есе­бінен тұтынушылық несиелеу үлесін қысқартып, қалыптасқан жағдайдан ақы­рындап шығу. Бұл мін­дет­тің шешімі екінші деңгейдегі банктермен, Қазақстан қар­жы­герлері қауым­дас­ты­ғы­мен, Ұлттық банк­пен және басқа да реттеу­ші­лермен бірлесіп әзірленеді.

«Қазақстан фарммединдустрия» фармацевтикалық және медициналық өнім өндіру­шілер қауымдас­ты­ғы­ның президенті Руслан Сұлтанов шикізат пен субстанциялардан дайын дәрі-дәрмек, медициналық бұйым, қызметке дейінгі тіз­­бек­тің барлық кезеңінде денсаулық сақтау саласына бірыңғай 5% ҚҚС мөлшерлемесін  енгізуді ұсынды. Ол келесі жылдан бастап медициналық өнімге салық салу жүйесі көп дең­гейлі және күрделі болатынын атап өтті: шикізат пен жабдық – 16% ҚҚС, ТМККК және МӘМС аясындағы дәрі-дәрмек – 0%, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар импорты және өткізу – алдағы жылдан бас­тап 5%, 2027 жылдан бастап 10%.

Саладағы мұндай үлгі отандық препараттардың әкімшілік шығыны мен құнын арттырады. 5% ҚҚС бірыңғай мөлшерлемесі әкімшілендіруді жеңілдетуге, тең бәсекелестік жағдайына және бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді. Серік Жұманғарин жаңа Салық кодексін енгізудің алғашқы нәтижесі белгілі болған соң, келесі жылы екінші жартыжылдықта бұл мәсе­­ле­ні қайта қарауды ұсынды.

Сондай-ақ отырысқа қа­тысушылар әлеуметтік маңы­зы бар азық-түлік та­уары тізбесін кеңейту, оның шағын және бөлшек бизнес қызметіне, сондай-ақ импорттық өнім бағасына әсерін талқылады. Сауда және интеграция министрлігі Сауда комитеті бизнестің бірқатар ұсынысын ескер­гені атап өтілді. Олар – ло­гистика мен сақтауға жұм­салатын шығыстар ше­ге­рімге енгізіліп, ӘМАТ-тағы жаңа позициялар тіз­бесі қысқартылды. Мал шар­уашылығын дамыту, мұнай сервистік компанияларда жұмыспен қамту, өңдеу өнер­кәсібіндегі тариф белгілеуде сараланған тәсіл енгізу мүм­кіндігі өз алдына бөлек қарас­тырылды.

Отырыс қорытындысында Үйлестіру кеңесінің жұмы­сын Үкімет тарапынан Ұлт­тық экономика министр­лігі қадағалайтыны туралы шешім қабылданды. Бар­лық айтылған ұсыныс, проб­лемалық мәселе түйін­деліп, мүдделі мемлекеттік органдардың, «Amanat» партиясы мен «Атамекен» ҰКП-ның қатысуымен одан әрі пысықтауға Үкіметтің бақы­лауына алынады. 

Соңғы жаңалықтар

Бішкекте бес жүлде бұйырды

Спорт • Бүгін, 19:18