09 Шілде, 2010

ҰРПАҚҚА ҰЛАҒАТ БОЛАР ШЕШІМ АЛАЙЫҚ

449 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Айтайын дегенім... Осы тақырып аясында ай­та­­рым­­ды қағазға түсірмек бол­ған сәтте  бұдан 7-8 жыл бұ­рын­ғы бір ке­лең­сіз жағдай көз алдымда көл­бең­дей тұра қал­ды. Еліміз тәуел­сіз­дігін алып, еңсесін тіктей бастаған тұста ел мен жер, қала мен ауыл, көше атаулары өзгеріп, ұлттық ру­хымыз асқақтай бастағаны белгілі. Әсіресе, Кеңес Ода­ғы кезінде ретсіз, жөн-жо­сықсыз берілген көше атау­ла­рын өзгерту үрдіс алды. Және де бұл заңды үрдіс еді. Айтайын дегенім, сол кезде арал­дық бір ақсақал Ұлы Отан соғысынан оралмаған бауы­рына қаланың қақ ортасынан көше атау­ын бергізуге  барын­ша ұмтылыс жасады. Аудан­дық ономастикалық комиссия мүшелері Отан соғы­сы­нан орал­маған, яғни із-түзсіз кет­кен азаматқа көше атауын беру­ге ешқандай негіз жоқ екендігін алға тартып, жылдар жылжып өтіп жатты. Десе де атышулы ақсақал аудан басшылығын ғана емес, облыс, қала берді респуб­ли­ка­ны дүр сілкіндіріп, көше атауын бауырына алып та берді. Қош делік. Осы бір ке­лең­сіз жағдайды, яғни ономас­ти­калық комиссияның негізсіз ше­ші­мін желеу еткен екінші бір азамат ел ішіндегі елеусіз бір бауырына да көше атауын алды. Сол кезде зия­лы қауым: “Біз осы қайда бара­мыз?” деп жағаларын ұстаған. Рас, атам қазақ: “Өлі риза бол­май, тірі байымайды” де­ген. Аруақ­тардың атын атап, түсін түстеуден бойымды аулақ ұстаймын. Есімдері елге та­нымалдарға көше атауларын бе­руге қос қолымды көтере­мін. Өкініштісі сол, есімдері елі­мізге танымал тұлғалар елеу­сіз қалып та барады. Бәлкім, олардың артында іздеу­шілері, ұлысты ұрпақтары қал­ма­ғандықтан да болар. Ал, керісін­ше, билік басындағылар мен қалта­лылар өздерінің ата-тектерін асқақ­татуды дәстүрге айналдырып-ақ бара жатқан сыңайлы. Ағымдағы жылы тағы бір азаматтарға Қызыл­орда қаласы мен аудан орта­лы­қ­тарынан берілген көше атаулары екіжақты пікір қа­лып­тастырды. Ащы да болса ашық айтқандар да бар. Сонда дей­міз-ау, ономасти­калық комиссия мүшелері айға қарап отыр ма?.. Сөз орайы келгенде тағы да атам қазақтың: “Судың да сұ­рауы бар”, деген аталы сө­зіне жүгінелік. Рас, басқаны қай­дам, Қызылорда қаласы мен Арал қаласында орыс ті­лінде мәнсіз де мағынасыз көше атаулары баршылық. Қа­раңыз – Водоканал, Степная, Порт, Судо­верфь, Папанин, Проле­тар, Куту­зов, Путевая, Мос­то­вая, т.б. көше атауларын есім­дері елге танымал тұл­ға­ларға беруге әбден болады емес пе? Беріліп те жатыр. Бірақ... Ономастикалық комиссия мү­ше­лері елді мекен, көше атауларын беруге байланысты сұраныстарға барынша байып­пен қарағаны абзал. Зерттеу ке­рек, зерделеу керек, содан соң барып ұрпақтарға ұлағат болар шешім қабылдануы керек. Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.