09 Шілде, 2010

ДЕРЕК ПЕН ДӘЙЕК

536 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
21 000 000 000 Бұл – Маңғыстау облысында осы жылы білім беру саласына бөлінген қаржы мөлшеріОсы сала қызметкерлері болса мол қаражаттың биік белестерге жеткізгендігін көрсете білді. Жоғарыда айтқанымызға айқын дәлел бар. Олай дейтініміз – облыстық білім беру саласы ҰБТ қорытындысына сәйкес осыдан төрт жыл бұрын республика бой­ынша соңғы орындардың бірінде қалып қойған еді. Ал соңғы үш жылда шырқай көтеріліп, әуелі алтыншы, содан кейін төртінші, ал осы жылы бірінші орынға табан тіреді. Төрт жыл бұрын “Алтын белгі” иелерінің саны 13 болса, биыл 54-ке жетті. Ұстаздар мен оқушыларды арнайы қабылдаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев “Алтын белгі” иелерінің барлығына ноут­бук сыйға тартып, “Ең үздік мек­теп” номинациясы бойынша бел­гі­ленген әрқайсысы 1 млн. тең­ге­лік жүлдені Ақтау және Бейнеу эко­номикалық лицейлерінің өкіл­деріне салтанатты түрде тапсырды. Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы. 8 500 000 000 теңге өңірді алдағы жылыту маусымына дайындауға бөлініп отыр Жетісу халқы өткен қыстың қаталдығына сыр бермеді. Өйткені, өңірдегі коммуналдық сала ма­ман­дары өз міндеттеріне жауапкер­ші­лікпен қарап, көп қабатты үйлер мен әлеуметтік нысандар отыннан таршылық көрмесе, жылу жүйе­сінде ақау кездеспеді. Жаз бойы алдағы қысқа дай­ын­дықтарын бастайтын комму­нал­дық сала мамандары барлық жы­лы­ту қазандықтарын жөндеу­ден өт­кізуді қолға алып, жөндеу жұ­мыс­тарын жүйелі бастап кетті. Ал­дағы жылыту маусымына бюд­жет­тен 8,5 млрд. теңге бөлінді. Осы қаржының 5,5 млрд. теңгесі “Жол картасы” бағдарламасынан, 3,0 млрд. теңгесі жергілікті бюд­жеттен қарастырылды. Сондай-ақ, “Тал­дықорғанжылусервис” мемлекеттік кәсіпорны 477,0 млн. теңгеге қажетті көмір алатын болды. Осылайша көп қабатты үй­лерді қысқа дайындау, жөндеу жұмыс­та­ры қатар жүргізілуде. Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы. 2 500 000 000 теңге қаржы ауыз суға жұмсалды “Ауыз су” мемлекеттік бағ­дар­ла­масы шеңберінде Сарыкөл ауда­нына 175 шақырым су құбыры жүр­гізілмек. Бүгінге дейін оның жартысынан астамы төселіп, аудан­ның елді мекендері өмір нәрімен қамтамасыз етілді. Аудан тұрғындары осы кезге дейін ауыз суды қып-қызыл ақ­шаға сатып алып ішті. Ақшасы­мен қатар, оны алыстан тасудың өзі ауылдағыларға ауыз судың азабын еселеп жіберетін. Осыдан жарты ғасыр бұрын Есіл өзенінен ауданға тартылған су құбырының мерзімі әлдеқашан өтіп, тозып кеткен. Мемлекет бөлген орасан мол қар­жы бір ауданды ғана ауыз сумен қамтамасыз етуге жұм­салуда. Үш жыл бойы мамандар мен жұмыс­шылар өнімді жаңа техникалардың арқасында құбырлар желісін әр ауылға жақындатып келеді. Ал аң­қасы кеуіп отырған ауыл су құ­бы­ры жеткенде өзгеріп сала береді. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай облысы.