25 Маусым, 2015

Дарақылық та қоғамдық дерт

538 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
«Егемен Қазақстан» газетінің 13 нау­рызда шыққан санындағы ұлтымыздың мақтанышы, аса сыйлы ағамыз Төре­гелді Шармановтың «Құндылықтар құлды­рауы» атты мақаласын оқып, соншалықты ризашылық сезімге бөлендім, қалың мұңға батқандай да болдым. Риза болудың себебі – көптен айтылуға тиіс, қоғамның тағы бір дертіне айналған құбылысты қанын сорғалата отырып талдауы. Және бұлай айтуға тек осындай жаны да, ары да таза, еліне елеулі еңбек сіңіріп, хал­қын бас­қа жұрттарға лайықты көрсете білген, өмірден түйгені ұшан-теңіз нағыз ғалым­ның һәм ұлт азаматының моральдық құқы болса керек. Құдай-ау, автордың әр сөзі қорғасыннан құйғандай, әр саналы алаш баласының жанын жегідей жеген пайымдар ғой! Жанашырлықтан жанға батыра, әділін тілгілеп, кәдімгі Абайша айтылған тұжырымдар ғой! Жал­ған ғалымсымақтардың жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаулағанын көріп, Төрекеңнің «қазір көбінесе «академик» деген атақты есіміме қосып айтуға ұялатын дәрежеге жеттім» деуінің өзі неге тұрады?! Парасат тереңдігінің өлшемі осындай-ақ болар. Ана жылы соның алдында ғана ғылым кандидаты атағын алған бір танысымызбен диссертациясының мазмұны туралы жай ғана алыстан әңгіменің шетін қыл­титқанда, сонысының тақырыбын есіне түсі­ре алмай, «ауылды айнала шапқы­лағаны» бар-ды. Ал, енді, мақала ауанының мұңға батыратыны, жан күйзелтетіні – неге ғана ұлты­мыздың осындай дарақы мінез­ден арылуға өресі жетпейтіндігі? Сол баяғы «мәз болады болысың, арқаға ұлық қақ­қанға» қағидасынан туындайтын «дәстүрлі» діл ме, не болмаса атақ, дәре­же, төсбелгі арқылы ғана жұрттан асуға болады деген дүмбілез түсінік пе? Әрине, тойқұмарлық, түптеп келгенде, ілгерілеу үшін еш пайда бермейтін, құр атты шы­ғару даңғаза­лығы да бұдан алысқа кеткен жоқ, сонымен сабақтас. Иә, шынында да, дер кезінде жазылған, ешкімді бейжай қалдырмайтын, қоғамдық ойды қамшылар, өсер елдің санасын қалыптастыруға тиісті барлық тетіктердің құлағында отырғандарға үндеу іспеттес мақала болып шыққан. Ендігі жерде ғалым­дар, ақсақалдар, еңбек адамдары, жалпы дуалы ауызды қалың оқырман пікір­лесуге атойлап кірісер, құндылықтар құлдырауына тосқауыл қояр, сөйтіп кем­шілі­гімізді түзеп, ертеңімізді жарқын етер жол­дарды көп болып нұсқар деп күтудеміз. Ғосман ТӨЛЕҒҰЛ, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері. КӨКШЕТАУ.