Пікір • 09 Қаңтар, 2026

Әділеттілік және трансформациялық көшбасшылық

160 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Turkistan» газетіне берген ауқымды сұхбаты қоғамда үлкен серпіліс туғызды. Президенттің биыл дәл осы басылымды таңдауы біз үшін, яғни киелі шаһардағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұжымы үшін айрықша мәнге ие. Түркістан мен Ясауи есімі – бүкіл түркі әлемінің рухани темірқазығы. Сондықтан бұл қадамды Президенттің түркі интеграциясына, ортақ тарих пен болашаққа деген ерекше құрметі деп түсінеміз.

Әділеттілік және трансформациялық көшбасшылық

Сурет: Айгерім Бегімбет

Сұхбатты мұқият зерделей отырып, онда қысқа мерзімді науқан­дардың емес, ұзақ жылдар бойы жүргізілген жүйелі реформалар мен терең аналитикалық талдау нәти­жесінің жатқаны аңғарылады. Мем­лекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан» концепциясы – жай ғана ұран емес, қоғамның әрбір саласын қамтитын ауқымды трансформация. Алайда мұндай терең өзгерістерді жүзеге асыру үшін тек саяси ерік жеткіліксіз, трансформациялық көшбасшылық қажет.

Трансформация дегеніміз – үйреншікті ескі жолдан бас тартып, бұрын ешкім жүріп өтпеген жаңа соқпаққа түсу. Бұл – мәселені жасырмай, шынайы ахуалды ашық айту және ел болашағы үшін табандылық таныту. Мемлекет басшысының сұхбатынан біз дәл осындай жауап­кершілікті сезіндік.

Мен облыстық мәслихат депутаты ретінде өңірлерді аралағанда халық­тың мұң-мұқтажын жиі тың­даймын. Тәуелсіздіктің отыз жылында қордаланған инфрақұрылымдық мәселелердің бүгінде кезең-кезеңі­мен шешіліп жатқанына куәмін. Президент ықпалды топтардың арзан ұрандармен жеңіл жетістікке жету әрекеттерін сынға алды. Шын мәнінде, нақты жұмыс ұзақмерзімді қажырлы еңбекті талап етеді.

Мұндай жағдайды біз өз универ­ситетіміздің мысалында да көр­дік. Қызметке келген кезімізде оқу орнының материалдық базасы мен инфрақұрылымы әбден тозған еді. Кейінгі бес жылда жүргізілген жүйелі жұмыстың нәтижесінде 15 ғимараттың шатыры жаңартылып, қазандықтар ауыстырылды, ботани­калық баққа тас жол төселіп, қала­шық аумағындағы асфальт жаңар­тылды. Бұл өзгерістер елдегі жаңа сая­­­си ұстанымның, мемлекеттік ме­ке­ме­­лер тарапынан көрсетілген шы­на­йы қолдаудың арқасында жүзе­ге асты. Халықпен кездесулерде «бәрі­бір орындалмайды» деген күмән­мен қараған азаматтардың бүгінде нақ­ты нәтижені көріп, сенімі оян­ға­нын көру – біз үшін үлкен мәртебе.

Президент 2026 жылды «Цифр­ландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялауы тегін емес. Бұл – заманауи технологиялар ар­қылы экономикалық трансформа­ция­­ны жеделдетудің төте жолы. Ясауи университеті де бұл бағытта қалыс қалмай, жасанды интеллект са­ласында іргелі жобаларды бас­тап кетті. Өңірдегі мекемелер­мен жа­салған меморандумдар ғылы­ми зерт­теулердің практикалық қолда­нысқа ие болуына мүмкіндік беріп жатыр.

Қорыта айтқанда, бұл сұхбат бізге тек ақпарат беріп қоймай, үлкен сенім мен жігер сыйлады. Әділетті жүйе құру жолындағы реформалар сабыр мен қоғамдық қолдауды қажет етеді. Егер бұл жол жеңіл болса, оны әлдекімдер әлдеқашан жүріп өтер еді. Қазіргі міндет – күнделік­ті ақ­па­раттық шуға ермей, елдің страте­гия­лық мақсаттарына жұмылу. Өткен­нің қателігінен сабақ ала отырып, болашаққа нық қадам басу – Әділетті Қазақстанның басты бағдары болмақ.

 

Жанар ТЕМІРБЕКОВА,

Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры

Соңғы жаңалықтар